Жұма, 29 Наурыз 2024
Біздің шенеунік 5748 3 пікір 5 Наурыз, 2019 сағат 12:08

Архимедтің қойылым-есебіндегі есепсіз мадақ

Қазір жылына жер-жерде ауыл, аудан һәм қала әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулері өтетіні белгілі. Мұның соңы облыс әкімінің осындай бас қосуымен аяқталатыны тағы бар. Бұл және де жаңалық емес, жыл сайын қайталанатын құбылыс. Сондықтан да шығар, мұның өзі жергілікті билік тұтқасын мықтап ұстаған әкімдердің өздерін тек жақсы жағынан көрсетіп, жоғары жаққа ұнап қалуға тырысатын қалыпты дәстүріне айналып кетті. Біздің облыс әкімі Архимед Мұқанбетовтің де халықпен дидарласуы осындай таптаурын сарынмен, ескі дағдымен өтті.

Негізінен бұл халыққа есеп беру емес, өңірдегі керемет табыстар мен қомақты көрсеткіштерді жалаң баяндаудан ары аса алмайтын жиынға айналды. Облыстағы көптен бері шешілмей жатқан күрделі проблемалар  жайлы бұл кісі тіпті де жақ ашқан жоқ. Оның орнына әкімнің өзі билік басына келгеннен бергі тындырылған жағымды істер жіпке тізігендей етіп, әдемілеп, тігін жатқызып жеткізуге тырысты. Біз, әрине, облыс көлеміндегі атқарылып жатқан жағымды істерді жоққа шығарудан аулақпыз. Алайда, өмір дегеніміз тек жалаң цифрлардан ғана тұрмайды ғой. Мұндай кездесу ең алдымен халықты мазалап жүрген, алайда кейінгі кездері қиын түйінге айналған өзекті мәселелер қалай шешу керектігі жайлы кеңінен пікір алмасуға бағытталса ғана, өз міндетін орындамай ма? Әйтпесе, онсыз күн сайын жергілікті баспасөздерде айтылып та, жазылып жатқан әкімнің жетістіктері де жетпей ме? Ол үшін қаншама халықты жинап, кездесу өткізудің не қажеті бар?

Ал бізде қанша айтылса да әлі күнге дейін шешімін таппай жүрген жайттар жетіп артылады. Өзгесін былай қойғанда, тұрғындарды газбен қамту мәселесі ащы ішектей созылып, талай адамның жүйкесін жұқартып жүр. Мәселен, газ елді мекендерге құбыр арқылы тартылғанмен, ол нақты бір үйлерге жете алмай, адамдарды әуре-сарсаңға түсіріп, халықты қайтадан көмірге ауысуға мәжбүр етуде. Өйткені оны үйге тарту үшін атасының құнын сұрайды. Соның нәтижесінде, мәселен, облысымыздың Қашар секілді 12 мың адам тұратын елді мекенінде газды небәрі 283 адам ғана тұтынады екен. Бұл дегеніңіз осындағы халықтың 2 пайызы ғана. Мұның ешбір құпиясы жоқ. Газды үйге әкелу тым қымбатқа түсетіндіктен, адамдар одан амалсыз бас тартуға мәжбүр. Ал мұндай ауылдар облысымызда жетіп артылады.

Бір өкіншітісі, бұл кездесуде ондай мәселелер тіпті де ауызға алынбады. Оның орнына жергілікті жерде де шешімін табатын жайттар сұрақ түрінде қойылып, оған сол ауданның әкімдері ылдам-жылдам жауап беріп жатты. Мұның өзі жаңағы сауалдар алдын ала дайындалып, осы кездесуге әдейі әкелінді ме деген орынды күмән бас көтереді. Мәселен, шалғайдағы Қарабалық аудандағы Бөрлі ауылында халық ауыз судан зардап көріп отырғаны, оған қашан су құбыры тартылады деген сауалға аудан әкімінің жауабы да дайын екен. Бірден-ақ «Су болады. Ол үшін 890 миллион теңге бөлінді. Ол жұмыс биылдың өзінде басталады» деген тап-тұйнақтай жауап алынды. Ал тағы бір «Қостанай ауданындағы Надеждин ауылындағы мектеп әбден ескірген, ол қашан жөнделеді?» дегенге сол аудан әкімнің орынбасары Мейрам Сөкітбаев та мектеп оқушысындай дайын екен. «Бұл мектепте 147 бала оқиды. Оны жөндеу 361 миллион теңгеге түседі» деп қысқа да нұсқа жауап қайтарды.

Жалпы, мұндай сұрақтар бұл кездесуде аз болған жоқ. Бізді таң қалдырған ол емес. Тек бізге «мұның өзі алдын ала дайындалып, сұрыпталып, әбден пысықталып келген дүние емес пе?» деген күмәнді сауал маза бермей қойды. Әйтпесе әлгіндей проблеманы сол жерде шешуге неге болмасқа? Ол үшін кемі 300 шақырым болатын жерден осында келудің, бұл үшін облыс әкімінің есеп беруін күтудің қанша қажеттілігі бар? Бұл мәселе кезінде өткізілген аудан әкімінің есеп беру кездесуінде неге шешімін таппайды? Айтпақшы, санап отырсақ облыс көлемінде мұндай 575 кездесу өткізіліпті, оған 54 мың адам қатысып, өз сауалдарын алға тартқан. Мұны аз десеңіз, әр  әкімінің өз блогы тағы бар. Неге осыларға жүгінбеске?

Кездесудің аяқталуы өзіндік бір хикая. Бір ауданнан келген (дұрыс арнайы автобустармен әкелінген) көпті көрген, ақыл тоқтатқан дейтін ақсақалымыз микрофонға жетісімен облыс әкімінің істерін жер-көкке сиғызбай мақтасын келіп. Ойпырай, не деген сөзге жетік десеңізші. «Сіз біздің облысты адам сенбейтін биікке көтердіңіз. Бізді тастап ешқайда кетпеңіз. Сіз кетсеңіз мұндағылар мүлдем қараң қалады» деген сыңайдағы жалаң мадақ пен орынсыз мақтауға толы сөзінің бұл жерге қандай қатысы бар екенін мүлдем түсінбедік. Облыс әкімінің «Ақсақал, лебізіңге рахмет. Алайда мұндай мадақ бұл жерде орынсыз» деп тоқтау салмауына қарағанда, Архмиедтің жанына жайлы тиген тәрізді. Содан соң тағы бір ардагеріміз  «Енді бұл кездесу бір жарым сағатқа созылды. Осымен мұны доғарайық» деген үндеу тастады. Мұны жиналған жұрт ұзаққа созылған ду шапалақпен қарсы алды.

Бітті. Шымылдық түсірілді. Әкім кезекті міндетін орындап, көңілі жайланды. Жұрт тарады. Түйткілді мәселелер мен көңілді күпті еткен проблемалар сол күйінді қалды. Демек, келесі кездесуге дейін дін-аман болыңыздар!

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

    

 

 

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564