Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 6250 4 пікір 19 Наурыз, 2019 сағат 12:29

Димаштың динамикалық консерватизмі

Бүгінде әлемдік дәрежедегі алғашқы қазақ әншісі атанып жүрген Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейге көтерілгеніне екі жылдан артық уақыт өтсе де, ол туралы ақын Оңайгүл Тұржанованың кітапшасынан басқа тереңнен қузаған тиянақты дүние, тіпті Қазақстан көлемінде музыкатанушылық мақала жазыла қойған жоқ. Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітап жазып бітірді. Біз оқырман назарына сол кітаптың қазақ тіліне аударылған «Жер әлемді шарлаған қазақ әні» дейтін тарауын ұсынуды жалғастырамыз. 

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: «Бағы бармен таласпа»Теңіз түптен тебіренеді, Димаштың дауысы және әлемнің 47 еліндегі бейтаныс таныстар).

Кеңінен орағанда, біз Димаштың концерттік бағдарламаларындағы ұлттық контентті есепшотқа салып қағудан бұрын яки оның қазақша ән айтқанын сүйіншілей бергеннен гөрі Димаш феномені қоғамымызға аз ғана уақытта қандай мультипликациялық тиімділік берді деген мәселені көбірек назарда ұстауымыз керек.

Біріншіден, Димаш қазақ қоғамдық пікіріне конвергенттілікті, қазақ тыңдармандарына фан-мәдениетті, фандрейзингті әкелді. Шын мәнісінде, қазақ жастары Singer-ден берменгі уақытта коммуникативтік құралдар мен арналарды компьютер жүйесіне кіріктіруді, мультимедиялық тарих жасауды кәдімгідей үйреніп қалды, фан-қоғамдастық құру арқылы бұрынғы пассив тұтынушыдан актив қатысушыларға айналды. Мұның екеуі де объективті түрде біздегі өзге эстрадалық орындаушыларға, соның ішінде той әншілеріне де ой түсірмей тұра алмайды. Үшіншіден, Димаштың жеке басының сапалық қасиеттері, үлкен-кішіні бірдей өзіне құрмет еткізетін дегдарлығы ата-аналар өз балаларына өнеге етіп ұсынар этнопедагогтік этолон-үлгіге, ал ене күткен, ата күткен ақ келін — анасы, асқар таудай әкесі, айналасына нұр шашқан атасы мен әжесі ересектер үшін үлгілі қазақ отбасының мысалына айналды. Сонымен бірге жұртшылық бұл күнде ұмытылуға айналған қазақтың «аталық» дәстүрімен — ежелгі үлкен нуклеарлық отбасында баланың үлкенін кейін өзі әулеттің үлкеніне айналғанда сол әулеттегі дәстүрді жалғастыруы үшін атасы мен әжесінің бауырына салатын әдемі салтпен қайта табысқандай болды. Мұндай отбасында ұлттық, отаншылдық сезім күшті болатынын, еңбекқорлық, иба-инабат, ынсап категория дәрежесіне көтерілетінін, ал онымен бекемделген берік, ынтымақты үй-іші өмірдің қандай қиыншылықтарына да бірлесе төтеп беретінін және әдетте баланың балауса арманына онымен бірге сеніп қиялын ұштап, сол арманға бірлесіп қол жеткізетінін аңдап, іштей қазықбау шалды (әсіресе ми қыртыстарында қалайда отбасылық өмірдің базалық сәттері тұратын әйел адамдар). Өмірлік кредосы өздері айтатын: «Халық сенің түріңді таңдамайды, ізгі жанның бәріне тең қарайды, талантпын деп халықты алдамасаң, халық сені ешқашан алдамайды» деген нақылмен тұжырылатын ата-ананың ақылын алған соң да Димаштың бүгінде осыншалық дәрежеге жетіп, көптің батасына ие болып отырғанын, ал баталы ердің арымайтынын, себебі мыңдардың, миллиондардың қателесуі мүмкін емес екендігін көбіміз ағатсыз түйсініп отырамыз. 2018 жылғы қазан айында Интернетте дүние жүзі бойынша Димаштың 7 миллион фанаты бар деген ақпарат болды, алайда Қытайдың Gina Weibo әлеуметтік желісінде ғана әншінің 10 млн-нан аса фаны тіркелгенін, оған Димаш талантын құрметтеушілерді әндерін ұдайы таңдайтындарды қосқанда жалпы әлемнің 47 елінде әншінің 147 фан-клубы құрылғанын ескергенде, Димаш өнеріне ынта қоюшылардың жалпы саны шамамен 100 млн-ға жуықтап қалды деуге ауыз барады. Қалай болғанда да осы орайда мына бір фактіні орағытып кете алмаймыз: 2017 жылғы қаңтар — 2018 жылғы қыркүйек аралығында жоғарыдағы Welbo желісінде Димаш әндері бойынша қаралым саны 10 млрд 96 млн-ға жеткен, білетіндердің айтуынша, мұндай жағдай Жер планетасында бірінші рет болып отыр. Сондай-ақ әлемдік музыка тарихында әнін еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бірдей таңдайтын әнші өте сирек кездеседі, ал Димаштың аудиториясы теледидар алдында оған қосылып бэлтингпен «шырқайтын» төрт-бес жасар балалардан бастап жасы тоқсаннан асқан аға ұрпақты қамтиды (оның ең кексе фанаты Францияда әншінің фан-клубын құрған 97 жастағы Жоржетта Рекко болып сналады). 2017 жылғы тамызда Алматыда өткен «Гәкку» музыка фестиваліне хэдлайнер ретінде қатысқан Димашты тыңдауға қаланың Астана алаңына 150 мыңдай адам жиналды. Бұл — еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Салыстыру үшін айта кетейік: қателеспесек, бұған дейін музыкалық шоуға ең көп адамның қатысу фактісі 1970-жылдардың басында Бразилияның 190 мың орынды «Маракана» стадионында өткен атақты Пол Маккартнидің концертінде тіркелген болатын. Яғни бұл — Димаш бір кездегі «Битлз» тәрізді қысқа мерзім ішінде мыңдаған, миллиондаған жанды жоғалуға, өшуге айналған музыкалық талғамымен қайта табыстырып отыр деген сөз. Кеңінен алғанда, осының өзі димаштық «ағарту арқылы тәрбиелеу» бағдарламасының, дәлірек айтқанда музыкалық ағартушылық бағытының бір ғана бөлігі деу жөн. Бұл жердегі гәп заманауи өнердің күнделікті өмірде жетпей жататын эстетикалық рахаттанудың орнын толтыратын компенсаторлық атқарымында ғана емес, талғам қалыптастыратын, өмір шындығын әсемдік заңдары негізінде туындататын эстетикалық атқарымында. Музыкалық өмірдің қалтарыс-құпияларынан бейхабар көпшіліктің Димаш шығармашылығын қадағалай ізерлеу барысында бірте-бірте әннің шығарылуынан бастап түсіріліміне дейінгі музыкалық көкинәға тартылып, вокалдық сауатын аша бастағандары анық. Шынтуайтында Димаш бұқараның сапалы, рухани мағыналы әндерге ықыласын оятып қана қоймай, өзінің операпоп стилімен, яғни «демократиялық» тәсілімен көпшіліктің классикалық музыкаға деген ынтасын арттыра бастады. Ресейлік эстраданы ғана малданып жүрген жұрт Димаш арқылы әлемде Пугачёвалардан да басқа ғажайып музыка ошақтары бар екендігін, мақтаулы Батыстың музыка өнері даңғырлақ безектеме поп-әндерден яки Майкл Джексоннан ғана тұрмайтынын, онда Фрэдди Меркьюри, Ланиель Ричи, Лара Фабиан, Лемаршаль, Бруно Марс, Балавуан, Джесси Джей сияқты тамаша орындаушылар бар екендігін, адамзаттың бестен бір бөлігі тұратын мемлекетті айтпағанда одан да зор, төлтума Азия музыкасы бар екендігін таңдана отырып жаңалық түрінде ашты. Шынтуайтында Димашты ұлттық дәстүрлі ән өнерін жалғастырушы деу жөн. Ол біздегі «попса» кезеңіне нүкте қойып, ән айту өнеріне ырғақ, әсемдік, үйлесімділік дамыту арқылы романтик әншілер дәуірін бастап беріп отыр, яғни бір есептен оның бұл бағыты ұлттық ән мәдениетін жаңа жағдайда жалғастырған ретро бағыт. Ең бастысы, Димаш көпшіліктің өзі өкілі болып табылатын халықтың мәдедениеті мен өнеріне жаңа тұрғыдан көз тастауына мұрындық болып отыр. Бірақ әншінің ағартушылық жосығының бұл қыры, басты қыры туған халқының рухани мәдениетін құр насихаттап қана қоймай, оны адамдардың рухани мәдениетінің негізінде жатқан гуманитарлық білім аясына енгізе білуімен құнды. Димаш әндерінің айрықша стилистикалық құрылымының негізінде күрделі өмір мәселелері жайлы философиялық толғау интонациялы баяндаулардың, тұтас алғанда қазақтың ән мәдениетінің жосығы жатқаны, әсіресе оның шығармашылығының қолқа-жүрегіндей импровизациялар (бір әнді әр орындаған сайын өзгертіп, құбылта орындау, іште құлта қалдырмай, ақтарыла айтатын эмпатия, долэнте таза қазақ әншілері мен жыршыларына тән creativ эмоциональдық орындаушылық типінен бастау алатыны, мұның бәрі оған ананың сүтімен, атаның күшімен берілген ұлттық ән мәдениетінің, ұлттық эпик білімнің кодтары екені талас туғызбайды. Бір комментатор жазғандай, Димаштың дауысының асыл құпиясы оның қазақ екендігінде, ал қазақ ұлтының дүниедегі қаны сұрыпталған таза да текті ұлт екендігінде. Бұдан да тереңдеп айтсақ, шынтуайтында, Димаш — ұлттық дәстүрлі ән өнерін жаңа жағдайда одан әрі жалғастырушы. Ол біздегі жасанды «попса» кезеңіне нүкте қойып, эстрада жанрына өзгеше ырғақ, күшті, жоғары дыбыстар, әсемдік үйлесімділік беру арқылы сахнаға бұрынғы романтик әншілер дәстүрін қайта әкеліп отыр. Бұған қоса әнді өзі шығарып, музыкалық аспапта өзі ойнап, өзі шырқайтын өнердің синкреттік үлгісін жаңғыртуда. Яғни Димаштың соны ұлттық operapop бағытын жаңа деуден бұрын ең алдымен ретро бағыт десе лайық. Сөйтіп «Вокал — өткен шақтағы етістік» дейтін метафора Димаш шығармашылығына өзек болып тартылған.

Сонымен бірге Димашта елге гуманитарлық білім беру ісінде музыканы сөз өнерімен ұштастыру талабы байқалады. Жас әнші, әдебиетшінің ұлы бүгінде музыканы ХХІ ғасырдағы негізгі тұтыну нысаны ретінде өнердің өзге түрлерінің, соның ішінде поэзияның алдына шығарып жіберу ағаттық екенін түйсігімен сезінетін тәрізді. Осы орайда әншінің бейнероликтерде Абай мен Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқуы назар аударарлық. «Түйе үстінде төрт ауыз өлеңі бар» мұқым қазақтан бұл екеуінің бөлектеп алынуы тегін болмаса керек. Алдымен жас әнші үшін Абай бейнесі Ыбыраймен бірге қазақта алғаш ағартушылық негізін қалауымен тартымды болмақ. Сонан соң Абай поэзиясында бұрынғы қазақ өлеңін жаңарта отырып қазақ шындығын айту, яғни рух сыны бірінші орында тұр. Дәл сол сияқты халық үшін Мұқағалидың да орны алабөтен. 1960-70-ші жылдары қазақ ән өнері Әбілахат Еспаев, Сыдық Мұхамеджанов, Дүнгенбай Ботпаев сияқты аса дарынды композиторлардың есімдерімен айшықталды, сөйтсе де ел әліге дейін осылардың ішінен Шәмшінің атын ауызынан тастамайды. Осы кезеңдегі поэзиямызда ақиық ақындар шоғыры одан да көп, десе де халық алдымен Мұқағали өлеңдерін құмарта оқып, тыңдайды. Мұндағы гәп бұл екі тұлғаның өз өмір тақыреттерін сол кездегі үстем көзқарастар талабына лайықтап құрғысы келмеген күрескерлік табандылығында, азаматтық қыжылында жатыр ма дейміз. Димаш осы формуладан, яғни өнерде де, өмірде де ар алдындағы адалдықты сақтау тақыретінен өз қолтаңбасына тән құпияны іздейтін тәрізді және Аллаға шүкір, бұл жағынан әл-әзір өзі түйсігімен тапқан сол нәрсесінен тана қойған жоқ. Ертай Ашықбаев жазғандай, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтару» бақыты өз тұсындағы көп талантты ақындардың арасынан Мұқағалиға ғана бұйырса, әншілер арасынан Димашқа бұйырып тұр десек асыра айту бола қояр ма екен?! Димашқа деген бүкілхалықтың махаббаттың елеулі бір себебі осында ма дейміз. Жоғарыда айттық қой, ол орындаған қазақша әндерді шотқа қағып, есеп-қисабын шығару өнімсіз тәсіл деп, сөйтсе де көлді көлге қоссаң да көздеріне көрінбейтін шолақ белсенді базбіреулерге танық болсын деп айтайық, Димаш — үйдегі үлкен анасы, алтын құрсақ кіші анасының етегінен қағып алғанда алақанына қазақша өлең айтып «іңгәлап» түскен бала, ал бертінірек репертуарын еуропалық, ресейлік операларға емес, Естай шығарған «Хұсни-Хорлан», Үлебай әнші Мариям Жагорқызына шығарып берген «Дударай», Ақан сері айтқан «Қараторғай», Кенен шырқаған «Ойжайлау», Халық әндері «Бір бала», «Япурай», «Айқаракөз», «Дайдидау» (алексикалық атына қарағанда әуені халықтікі, сөзі Мағжандікі болуы мүмкін), Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әндеріне құраған. Сонымен қатар оның репертуарынан әкесі, тамаша композитор Қанат Айтпаевтың әндері, кейінгі мелодияшы композиторларымыз Иса Байзақовтың «Желдірмесі», Сейдолла Бәйтерековтің алғаш эстрадамыздың примадоннасы Роза Рымбаева орындаған «Әлия», Кеңес Дүйсекеевтің «Қарағым-ай», Ұлықпан Жолдасовтың «Қазақстан», Мұхтар Шахановтың «Туған күн кешінде», Қалдыбек Құрманәлиннің «Кірмеші жиі түсіме», Тельман Ермағамбетовтің Семей полигоны тақырыбына арналған «Қалдайбек қасіреті» тәрізді әндер мол орын алған. Бұл әндерді Димаш бозбала кезінен айта бастаған және сол шақта-ақ талант түйсігімен ұлттық музыкалық ландшафт бояуларын дәл түйсініп, халықтың әлеуметтік өмірінің сан қырлы реңктерін орта септимадағы қазақы қоңыр дауыспен қатар үлкен октавадағы – соль нотасына жететін жоғары регистрлі дыбыстармен де бере бастайды. Он төрт жаста әлгіндей нотаға жету феномен болып саналады. Сонымен бірге жас әнші бір кезде Құрманғазы күйлерінің еуропалық оркестрге сұранғаны сияқты, «Хұсни-Хорландай» ариоза әннің, «Желсіз түнде...» тәрізді романс әннің классикал кроссоверге сұранып тұрған табиғатын дөп басады. Мұның өзі Димаш қазіргі микстік ән айту стилінің негізін осыдан он жыл бұрын және басқа емес, қазақ музыкасы, қазақ әндері негізінде қалыптастыра бастағанын көрсетеді және жап-жас әншінің бұл қадамы ұлттық әдебиеттің, бейнелеу өнерінің реалистік дәстүрді модернизммен, постмодернизммен күшейткен алға жылжу бағытымен бір ізді басатындығы әдемі таңдандырады. Дегенмен бұл гибридтік бағыт алдыңғы екеуін қазақ әнін бүгінде Димаш көтеріп отырған деңгейге жеткізе алмады, ал енді бар ма, дәл осыны, әлгі жоғары деңгейге шығаруды қылқандай жігіт жалғыз өзі айналдырған екі жылда жасап шықты. Дәлел, керек пе, мінекейіңіз және қазақтың емес, «Қарағым-ай» әнін көзінен жас тамшылап отырып тыңдайтын американ Патрис Грулион секілді жүздеген, мыңдаған шетелдік тыңдаушылардың ортақ пікірі:

Евгения Maestro: «Где-то я прочитала, что слушая эту прекрасную песню «Қарағым-ай», каждый «слышит» свою историю. Так и есть. Сегодня я – о своём «Қарағым-ай» (бейнеблогердің ролигіндегі баблдан);

Эльвира Ашкрумова: «... Организм мой тоже странно реагирует на эту самую мою любимую песню («Қарағым-ай»), физическое изменяет химию. Очень-очень, так, что пугалась поначалу... Певец делится настолько интимно личным...»

Liza B: «Песня «Қарағым-ай» бередит душу. Кто терял родных плачет, потому что сколько бы не прошло времени, тоска не покидает. И хорош, что есть такая песня, которая напоминает нам о глубоко личном и дорогом».

Елена Тихонова: «Сегодня моему папе исполнилось бы 90 лет. Его уже давно нет с нами, но пока длится эта песня, он здесь. Словно Димаш обеспечил канал связи с тонким миром. Спасибо Проводнику».

Елена Шумкова: «Моя внучка 1,5 года постоянно просит одну и ту же песню – «Қарағым-ай», она под неё танцует, а мама, – ей 78, – попросила на телефон ей закачать песни Димаша и поставить на рингтон».

Міне, солай. «Қарағым-ай» бүгінде сан түрлі ұлт өкілдерінің санасындағы жиынтық бейнеге – амальгамаға айналған. Бізде «Менің әкем – ең жақсы адам», «Қызыма», «Ақ ботам», «Әке-ана» сықылды кез-келген қазақты жылата алата әндер аз емес қой, десек те дәл Димаштың орындауындағы «Қарағым-ай» ғана қазақша дым түсінбейтін барлық ұлтты бірдей жылатады. Бұл құбылыстың сыры Димаш әндері қай тілде шырқалса да өзінің таза вербальдық (мәтіндік) сипатынан асып кететіндігінде, дұрысы, әлгі сипаттың әуенге жіксіз жымдасып, біте қайнауында, музыкалық, сырттай тұтас, іштей вербальді тарам-тарам мән-мағынаға тармақталып кетуінде ме дейміз. Әдетте «сөзі жоқ, тек эмоция» деп жататынымыз да осы болуы керек. Бірқатар тыңдаушылардың бұл дауысты жоғары мен төменді, арсы мен күрсіні байланыстырушы мұхаррап яки мәләик періштелердің әуезіне ұқсастыратыны да содан шығар. Мұндағы мұхаррапты батыстық тыңдаушылар қоңыр әуезді төменгі мақпал ноталармен шендестіретін дәнекер архангел үні десек, мәлаик үні жоғары кернеулі әуезбен жоғарыдан уахи жеткізуші ангелге келіңкірейді. Ресейлік бейнеблогер Зилков сияқты мамандар «періште дауысты» анықтайтын ешбір өлшеу жоқ, мұның бәрі есі кеткен фанаттардың әсерлеуі ғана» десе, Ryan Wilde: «Голос Димаша не ангельский (как бы не вопили шизанутые фанаты), а вполне человеческий и довольно распрастранённого тембра. Но как он им пользуется – это просто фантастика!» деп жазады. Солай-ақ болсын дейік, мұның барлығын жас әншінің өз дауысын саналы түрде бес жасынан тынымсыз жаттығулар арқылы үнемі жетілдіруі, шынықтыруы арқылы жеткен жетістігіне балайық, бірақ Димаштың финалда шығанға бет алғанда өзін өзі ұмытып, тіпті ессізденетіндігін және дауысының музыка аспабы үніне ұласып, яғни басқа өлшемге ауыса бастайтынын немен түсіндіруге болады? Мұның сырын жоғарыдағы ресейлік блогерлер де, тіпті олардың көкесіндей мамандар түсіндіріп бере алмай отыр, тіпті Aptalik сияқты музыкасауатты блогерлер осы орайда оны «адам санасы жете алмайтын магия, тылсым» деп тауып, музыкалық каучтармен тым әуестенудің қажетсіздігін ескереді. Осы пікірді әншінің жоғарыдағы мыңдаған фанаттары да қолдайды. Бір назар аударатын жағдай, Димашты адам кейпінде жүрген періште, бірақ мұны оның өзі де білмейді деп сенетін бұл топ түгел – толайым метафизикалық қабаты күшті өзге нанымдарды ұстанатындар, соған орай олар Димашты талай заманнан бері бос тұрған хауарилік (апостолдық) кеуекті толтыру үшін арнайы даға-мессиямен жіберілген ерекше тұлға ретінде қабылдаудан да кет әрі емес. Әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын мыңдаған жанның бір мезетте «дүниеге әлемдік Димашты сыйлаған шағын халықтың» тіліне, мәдениетіне, тұрмысына құмарта қалуының терең қойнауында сондай бір мессиялық, метафизикалық көңіл-күй жатуы әбден мүмкін. Қалай болғанда да бұл санаттағы адамдардың қазақ еліне деген ынта-ықыласы заманауи мәдениеттерге қызығушылық танытып, тіл үйреніп жүретін әдеттегі second public-тен («екінші жұрт») басқашарақ қалып танытады. Және олардың қатарында кеңес тұсында туысқан республикалардан шыққан әншілерге жоғарыдан паңдана көз тастауға үйреніп қалған орыс ұлтының, славян халықтарының өкілдері де аз емес. Тұтас алғанда осы қалың фанаттар армиясының күш салуымен әлем елдерінде қазақ тілін үйренетін «Димаш» клубтары ашылып жатыр, Қытай, АҚШ, Түркия сияқты елдерде Димаш орындайтын қазақша әндер сол мемлекеттердің тілдеріне аударылуда. Сочиде тұратын Ростислав Свиридов сияқты кейбір блогерлер өз комменттерін қазақ тілінде жаза бастады. Осы Ростислав және ұлты португал әнші қыз Лара Олейхо «Ұмытылмас күн» әнін таза қазақша айтады. Домбыра Ди фанаттарының әуес көретін аспабына айналды, оны үйренушілердің қатары күрт артты. Шетелдіктердің қай-қайсысы да қазақ әуендерінің құлаққа жағымды тиетін ерекше әуезділігін, үйренуге өте ыңғайлы екендігін айтады. Мысалы, бейнереакция жасаушы Smylyface есімді американ әйел Димаш айтатын «Көркемім» әнін караокемен қазақша мүлтіксіз дерлік шырқаса, Димаштың Еуразиялық фан-клубының бір топ мүшесі Димаш қатысқан «Жыл әні – 2018» телебағдарламасы қарсаңында Ресейдің түкпір-түкпірінен Мәскеуге жиналып, Қызыл алаңда бәрі қосылып «Махаббат бер маған, тағдыр» әнін әп-әдемі етіп айтып шықты. Украиналық Елена Бардус құрбысының туған күнінде Днепр жағасында қазақ музыкасына билегендерін жазады және Димаш айтатын «Желсіз түнде жарық айды» тыңдай келіп: «Всё-таки, настолько красивый казахский язык – жила я себе, жила и не подозревала, что когда-нибудь влюблюсь по уши» деп, өзіне-өзі таңқалады, ал Elena LimonQ болса: «Из-за Димаша весь мир узнал про Казахстан, что есть такая страна. Я уже отдельные слова по-казахски запомнила: керемет и рахмет улкен», – деп мақтанады. Ирина Светлая: «Я украинка, и для меня Димаш открыл окно в мир под названием КАЗАХСТАН! Как круто, что в современном бешенном мире вы бережёте традиции предков». Planeta Zemlч: «Услышав Димаш, я тоже заинтересовалась казахским искусством, читаю, слушаю, смотрю. Очень близко стала чувствовать казахов». Григорий: «Каждый раз ловлю себя на том, что абсолютно не знаю этот язык, но подпеваю как на своём родном. Браво, Димаш!». Елена Антипова: «Скоро казахский язык станет интернациональным благодаря Димаша. Весь мир подпевает ему. Вот на практике что может сделать для мира и взаимопонимания один единственный человек». Алла Базаревич: «Я врач и на данный момент в командировке в очень жаркой стране. Моя мечта – это Казахстан. Димаш перевернул мой мир!» Angelina Karakeyan: «В этот день я слышала и видела всё в живую – «Грешнюю страсть». До этого я не знала кто это, но когда он вышел и начал петь, просто офигела, было очень круто и я влюбилась в его голос. Пришла домой и всё время говорила, что мне нужно в Казахстан...». Марина Мотыгина: «Где же я была до сих пор, как я такое пропустила? Это что-то бесподобное! У меня нет слов – плачу, эмоции переполняют! Так хочу в Казахстан на экскурсию, жаль, туго со средствами, но мечтать не перестану. Казахи-талантища, самое приятное открытие нашего времени! (Айта кетейік, соңғы кезде Қазақстанға Димаш елін көру үшін арнайы ат басын бұратындар саны көбейді: танымдық және медициналық туризм мақсатындағы, -иә, дәл солай, «доктор Дидің» психотерапиясын іздеп келетіндер де бар, - бұл сапарлардың бір ерекшелігі ол табиғатты маусымдық жағдайларына қарамайды, яғни жыл он екі ай толастамайды, соған орай «Қазақтуризм» ұлттық компаниясы «Димаштың туған жері» секілді арнаулы жобаларды қолға алып отыр).

Тұтас алғанда Димаш мысалында әлем халықтарының санасында «қазақтар – дүние жүзіндегі ең әнші халықтардың бірі» деген түсінік қалыптасып келеді. Александр Сорокин дейтін желі пайдаланушы осы орайда Димаш пен Әлішер Кәрімовтың орындауындағы «Айқаракөзді» тыңдай кеп: «У казахов вообще голоса обалденные! Очень красиво!» деп ішегін тартса, тағы бір ютуберші Елена Вятушка ресейлік вокал педагогы Вероника Воршиптің Димаш пен Дариға Назарбаеваның вокалын талдаған бейнеролигін көргеннен кейін: «Просто божественно! Казахстан, раскройте секрет: у вас школа такая высокая или генетика?» деген сұрақ қояды. Garnet Garnet ютубтан Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы «Дариға дәуренді» естіп: «Вот нашла ещё одного исполнителя и песню, - деп қуанады, — и всё благодаря нашей звёздочке, уже можно сказать, звезде мирового масштаба Димашу Кудайбергенову. Это он заставил нас обратить внимание именно на казахские песни. Огромная ему благодарность». Бірқатар комменттер ақтаулық әнші бала Нұрмұхамед Жақыпқа байланысты айтылған. Мысалы, Alena Cotovceva: «Как же богата талантами Казахстан! Какие певцы! Какие дети! Одно восхищение! Мечтаю побывать в этой удивительной стране!». Gulnara Rafikova: «После Димаша стала интересоваться казахским исполнителями. И случайно наткнулась на трио Made in Kazahstan. Великолепно, слов нет! Как совсем по иному звучит домбра!.. сначала залипла на Димаше – теперь и они. Дочка смеётся, говорит: «Такое впечатление, что живём в Казахстане – с утра до вечера казахские песни и звучит домбра». Говорю: «Приучаю внуков к прекрасному искусству». Юлия Назарова: «Казахи, какие же вы талантливые, красивые и светлые люди! Знакомлюсь с культурой Казахстана, и я просто в восторге от вас! Если на казахской земле рождаются такие уникальные таланты, значит эта земля любима Богом...». Линара Крылова: «Казахи, не перестаю вами удивляться».

Ең соңында ортақ тұжырым: «Казахи в лице Димаша объединят мир».

Бәрі де Алланың құзырында, қалай боларын уақыт төреші көрсетеді, жоғарыдағы ой-пікірлерді түйіндей келе әзірге айтарымыз: шынында да жан саны елу мыңға жетпейтін Форрел аралдары өздерін футболымен әлемге танытқаны сияқты арнайы мемлекеттік бағдарлама жасап, қолда бар ресурстарды бір нүктеге жұмылдыру арқылы он сегіз миллион халқы бар Қазақстанның өзінің музыкасымен, вокал өнерімен ғана дүние жүзіне танылуына қазірдің өзінде мүмкіндік бар. Бір ғана шартпен – ұлттық негіздегі заманауи өнерді дамыта отырып. «Қазақтың таланты қазақтың әнінде ғана барынша жарқырай ашылады» – белгілі музыка маманы Ольга Донская өзінің бір талдау хабарын Димашқа бағыттаған осындай ақыл-кеңесімен аяқтаған еді. Әншінің өзге фанаттары да осыны айтып отыр және олардың ортақ түйіні бойынша Димашты Димаш қылып тұрған оның тәнінің де, жанының да, рухының да қазақтығы: «Димаш, певец с душой, одетой в любовь, стал носителем казахского духа», «Димаш – звезда казахского искусства мирового уровня»; «Уважаю Димаша за то, что он так любит свою родину Казахстан!»; «Димаш за свою короткую жизнь возвысил Казахстан до небес, не прося ничего».

Өзге жұрттың аузынан шыққан салмағы қорғасындай соңғы бір ауыз сөз жүректі еріксіз ысытады: қылқандай жап-жас жігіт еңбегінің өтеуіне ештеңе сұрамастан елін сондай деңгейге көтеріп отыр, сендер, қазақтар, осыны әбден ескеріңдер, өз халқының қолдауы Димаш үшін айрықша маңызды деген мағыналы астар жатыр бұл сөз саптауларда. Ал біз болсақ «Ие, Димаш негізінде атаққа лайық, бізде қандай атақтар бар еді, өзі... «еңбек сіңірген қайраткер» ме еді?!» деп міңгірлейміз. Есіңізге сала кетейік, Ринат жолдас, кезінде Күләш Байсейітова КСРО Халық артисі атағын аты даңды Нежданова, Барсовалармен бірге осы Димаштың жасында – дәл 24 жасында алған.

Бұл атақты, бұл даңқты Күләш бүгінгі Димаш сияқты абыроймен алып жүре алды, соның өзінде апамызды өнер айналасында болмай тұрмайтын көре алмаушылық ақыры 45 жасында мәңгілікке сындырып тынды, енді біз соны тағы қайталауымыз керек пе?! Тарихтан сабақ алып, қорытынды шығармасақ, іші тар қызыл қызғаныштың өрісін дер кезінде кесіп, әділдіктің иығын өсіріп отырмасақ, онда тарихты зерттеп керегі не?! Менен басқа адамдар неге жақ ашпайды?! Әлде әділеттің атасы өлді дегенді естіп пе едік?!

Жоқ, талант — құнарлы топырақ қана. Топырақ өздігінен өнім бермейді, оған дән себу, оны күтіп, баптау керек. Осы қиындықты Ринат, сен білмегеніңмен, бүгінде сіздер орынды-орынсыз жамандай беретін кеңестік жүйе жақсы білген. Өнер өбекпен өседі, бірақ бұл жерде бір ескеретін нәрсе, өкіметтің қамқорлығынан бұрын талант бүкіл халықтың сүйіспеншілігі түріндегі өбегімен өніп-көктейді және биліктің халықтық талантқа әлгіндей бүкілхалықтық ықылас дүмпуімен назар аударып жататыны яки кейде таланттың өз елінен тысқары жерде алдымен бағаланатыны да содан. Күләш мысалында солай болған, Димаштың шығармашылығында да осы жағдай қайталанып отыр, тек бұл жолғы масштаб әлдеқайда ауқымды — әлемдік деңгей. Күләш өз өнерімен кеңестік этникалық қауымдастықты бекемдеуге үлес қосса, Димаш өз өнерімен әлемнің жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір, мойны озық, талғам-тұщымы жоғары бөлігін қауымдастырып отыр. Шын мәнінде дүние жүзі дегеніміз ағылшын ауылы , немесе алып бір фан-клуб қана екен. «Мен қазақстандықтар әлемге Димаш қаншалықты ықпал жасап отырғанын түсінсе деймін. Ол жынысына, дініне, саясатына, жасына, мәртебесіне қарамастан өмір сүру жосыны әрқилы мәдениеттерді біріктіруде. Біз бәріміз ағайынды кісілердей туыс болып кеттік. Себебі біз барлығымыз бір жас адамды және оның дауысын бір кісідей жақсы көреміз», — деп ағынан жарылады осы орайда Қазақстанға сонау АҚШ-тың Аризона штатынан сүйікті әншісін көрмекке арнайы келген Патрис Грулион. Димаштың өнері мұнымен шектелмейді, оның практикалық пайдалылығы Ринат Зайытовты жақтаушылар әншіге қойып отырған қатаң талаптың бірі - «өнеріңді алдымен еліңе, халқыңа арна, елдің мүддесіне қызмет еткіз», дейтін талапқа дәл келеді, себебі, Димаш өнері ел ауқымында алғанда іштегі базбір тарапты ашындыруымен де, енді бір жақты қамшылауымен де, біреулерді өз күшіне сендіре алуымен де бағалы. Әнші сол арқылы теткіп тұрған бөгеттің арнасын ашып жібермегенімен, ондағы жаңа өнер толқындарына белгілі бір дәрежеде серпін бергені, ең алдымен қазақ қоғамындағы ыдыратқы күштерді бәсеңдетіп, ұйытқы күштерді бекемдей түскені анық. Ол әкелген жаңа леп, жаңа тыныс Қазақстанның біртұтас мәдени кеңістігінің этникалық саналуандығын бұрынғыдан да бедерлей түсті, елдегі этникалық топтасуға елеулі үлес қоса бастады. өйткені оны республикада тұратын барлық этностар мен диаспоралардың өкілдері және ең маңыздысы, «нағыз» қазақтар да, «шала» қазақтар да, «ада» қазақтар да бірдей жақсы көреді. Бұлардың қай-қайсысы да Димаштың жетістігіне өздерінің титтей де болса үлес қосып отырғандарына мақтанады, мысалы, Waldemar Schleidowes пафос араластырып, бірақ шын жүректен: «Горжусь всегда тем, что родился в Казахстане! А с тех пор, как услышал «нашего Соловья», горжусь ещё больше!» деп мәлімдесе, Мария Август «Қарағым-ай» әнінен алған әсерін бөлісе келіп: «Моя любимая песня на казахском, когда устаю, слушаю Димаша, и именно эта песня помогает больше всего. Казахский язык знаю с детства, выросла в ауле»,- дейді. Calina G: «Я никогда не слушала песни на казахском языке, хотя живу в Казахстане, но Димаш, исполняя песни на родном языке, невольно заставляет в них проживать, пропустить через себя и влюбляться в казахские песни! Какие они душевные, искренние! Спасибо, Димаш!». Біздің «шала» қандастар да олардан қалыспайды, мәселен, Сауле Николаева есімді желі пайдаланушы: «Надрывы его песен: как стон моего народа...» деп жүрегі қарс айырылса, Димаштың ең белсенді фандарының бірі Галина Мамаханова: «После такой музыки чувствую себя заново родившимся натуральным казахом. Какой заряд небывалой энергии!» - деген жолдармен құлағы ашылып, бір жасап қалғанын жеткізіпті. «Личная миссия Димаша - познакомить культуру родного народа всему миру» дейтін In Short пікірін де осы қатарға қосуға болар. Ал, «Вклад Димаша в изучении казахского языка во всём мире превзошёл все ожидания. Димаш - это сила. Никто не смог, а он смог», - деп келетін бағалаудың иесі, сөз сыңайына қарағанда, атасы басқа халықтар үйреніп жатқан ана тілін қақпайтынына өлердей ұялған «ада» қазағымыз тәрізді.

Осылайша қоғамда бүгінде тарих еншісіне өтіп кеткен бір саяси партияның слоганы болған «Біргеміз. Берік іргеміз» дейтін қанатты сөз бір әншінің мысалында өмір шындығына айнала бастағандай. Оның шығармашылығы қоғамымыздағы, әсіресе титулды ұлттың өз ішіндегі ынтымақтасу процесіне септесіп, қандастарымыздың өзара жақындасуын шапшаңдата бастаған да еді. Елімізде бір ғана - біртұтас, бөлінбейтін халыққа тиесілі үлкен қазақ мәдениеті бар екенін, тағдырындағы сан қилы кезеңдерге қарамастан ол мәдениеттің әлі де болса өз күшінде тұрғанын, осы өреде бір-бірімізді патриотшылдығың жетіспейді яки «мәмбетсің» деп кінәлау әсте абырой әпермейтінін ескертіп тұрғандай еді. Дүниеде таза өнер, шығармашылық өнер, жекенің өнері және халықтық өнер түрлері болатынын, соңғы өнер түрі елге, Отанға қызмет етуден тұратынын сездіргендей-тін. Айтсаң, қыздырманың қызыл сөзі сияқты естіледі, бірақ ыңғайлы сол, жалпы Димаш өз интуициясымен тарихи қазақ зиялыларының ұлттық типі ретінде қалыптасып, жай әнші емес, азаматтық ажары айқын өнерпаз түрінде көріне бастаған сияқты. Ол туған мәдениетті өз жерінде ұлықтай бергеннен гөрі сырт елдерде көбірек және пәрменді насихаттау пайдалырақ болатынын, Иманғали Тасмағамбетов айтқандай, «әлемдік мәдениетке қарай біз өзіміз алдымен қадам басуымыз қажет» екенін бала да дана жүрегімен нәзік түсінетіндей. Тынық мұхиттағы алақандай атоллдарды іздеп тапқан мазасыз әлем жер аумағы жағынан алғашқы он елдің қатарына кіретін, Еуропаның жартысындай елді әліге дейін жете тани алмай отырғаны өтірік емес қой. Олар іздемесе, келмесе, біз өзіміз барайық, өзіміз іздетейік және осы жолда дәстүрлі өнеріміз бен заманауи танымал музыканың синтезіне қол жеткізіп қана қоймай, қазіргі замандық өнерге керек шығармашылық идеялардың және жаңа мұра жасаудың үлгі-өрнегі, қайнар көзі ретінде төлтума өнерді трансляциялаудың жаңа технологияларын іздеп тауып, талдап жасау арқылы өзімізге назар тіктетейік. Батысқа көзсіз еліктеу біз жүретін жол емес, себебі бүкіл дүниені өркениет дейтін атпен басып алған еуроамерикандық бұқаралық мәдениетті бәрібір жеңе де алмайсың, қуып жетіп, басып оза да алмайсың. Батыс бізге еркіндік сезімін әкелді, ал бұған жауап ретінде өзіндік жаңа сапалық қасиетті - қазақ болып қалу қасиетін ұсыну жөн. Жаһанданудың жүлік арбасынан ұлттық құндылықтардың арқасында ғана сыпырылып түсіп қалмайсың. Соның ішінде Димаш өзінің бүкіл шығармашылығымен ұлттық тіл әрқандай мәдениеттің, өнердің көптеген түрлерінің алтын қазығы екендігіне, оның үстіне аса бай айналайын ана тіліміз аса күрделі ұғымдар мен бейнелерді, сезімнің, эмоцияның ең нәзік реңктерін беруге әбден қауметті екендігіне бет нұсқап тұрғандай. ХХ ғасырда алашшыл зиялыларымыз өз тәжірбиелерімен қазақ тілінің өңге тілдер мен мәдениеттер туғызған сөздер мен ұғымдарды төл табиғатын, төл даму заңдылықтарын еш бұзбастан жоғары дәрежеде өзіне бейімдеп ала білетінін көзапара анық көрсеткен-ді, бүгінде жолсыз ұмыт болуға айналған сол тәжірибе араға ондаған жылдар салып, әлемнің екінші бір бұрышында мағжандық «Дайдидау» болып мүлдем басқа халықтың өкілдерін алабөтен өзгеше күйге түсіруде. Осы жәйітке байланысты бір комментатордың: «Айдаһарды жылатқан тұнық тілім!» деп жазғаны бар-ды. Айтса айтқандай, осы мысалдың өзі-ақ қазақ тілі оны дамытып, мемлекеттік тіл ретінде өрісін кеңейтуге әбден лайықты тіл екендігін, ал кеңірек алғанда қазақ тілі – қазақ халқының тағдыры, қазақ халқының болашағы екендігін айқын көрсетіп берді. Және бұл Димаш өзінің дара ақылымен, ой өресімен ғана жеткен нәрсе емес, алдымен қазақ халқының көптен бергі аңсарлы арманы ретінде жүзеге асырылғанын айту жөн.

(Жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3602