Жұма, 29 Наурыз 2024
Саңлақ 5020 3 пікір 22 Наурыз, 2019 сағат 01:22

Елордадан кезекті сенсация! Қазақстан құрамасы Шотландияны ірі есеппен ұтты

“Ұлттық құрамамыз бәлкім осы жолы сәтті өнер көрсетер” - деген тағы бір үміт оты тұтанған сәт. 2020 жылы өтетін Еропа чемпионатының ірктеу кезеңі басталды. Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр, Сан-Марино құрамаларының арасынан кем дегенде екінші орынды иелену біздің жігіттердің қолынан келе ме? Әр жолы ұлттық құрамамыз ірі турнирдің іріктеуіне қатысқанда үйде отырып тақымымызды қысамыз, өкініштісі, үмітіміз әлі ақталмай келеді. Бәлкім осы жолы жолымыз болар...

Бүгін, яғни 21 наруыз күні бас командамыз «Астана Аренада» Шотландия құрамасын қабылдады. Қазақ жанкүйерлері бұл ойынды асыға күткені бекер емес екен. Еуропа футболының байырғы құрамаларының бірі біздің елде масқара жеңіліске ұшырады. Есеп - 3:0. Қалай десек те, бүгін қазақ жанкүйерлерінің қуана беруіне себеп жеткілікті.

FIFA рейтингісінде 38-ші сатыда тұрған команда мен 119-шы сатыға жайғасқан құраманың қайсысының мықтырақ екенін жақсы білетін жұртшылық қонақтардың қиналмай үш ұпай алатынына анық сенген болатын. Олар тіпті Қазақстан құрамасының ойынды өз алаңында өткізетіні де көмектесе алмайды деп ойлаған. Бірақ, ақиқат бәрін жоққа шығарды. Алаң иелері айық жеңіске жетті.

Салыстыру үшін айта кетейік, Германияның атақты transfermarkt сайтының мәліметінше, шотландиялық футболшылардың трансфер нарығындағы жалпы құны 143,9 млн еуроны құрайды. Ал Қазақстан футболшылары бар болғаны 28,43 млн. Шотландия құрамасындағы бір Эндрю Робертсонның өзі бүкіл Қазақстан құрамасынан екі есе қымбат (Бұл ойыншы Қазақстанға келген жоқ). Осыған қарамастан біздің жігіттер сенсация жасап отыр. Соңғы бір аптада елодадан тек сенсациялы жаңалықтар естіп жүрміз...

Ойынның 6-минутында Александр Меркель әріптесі Юрий Перцухқа әдемі пас шығарып, оның есеп ашуына мүмкіндік жасады. Арада төрт минут өткенде құрама капитаны Исламбек Қуат та дәл осындай өнерімен көзге түсті. Қуаттың керемет пасынан кейін Ян Вороговский ойындағы екінші голды соқты. Бірінші тайм осылай аяқталды. Ал екінші таймның басында Ресейдің «Ростов» командасында ойнап жүрген Бактиёр Зайнутдинов үшінші голды соқты. Оның гол соғуына бүгінгі ойынның үздігі Ғафуржан Сүйінбаев көмектесті.

Осылайша, «Манчестер Юнайтед», «Ливерпуль», «Фулхэм», «Саутгемптон», «Астон Вилла», «Селтик» сынды алпауыт командаларда ойнайтын футболшылары бар Шотландия құрамасын жерлестеріміз оп-оңай ұтып кетті.

Жеңіске жеткен әрине жақсы. Бір өкініштісі, бүгін біздің құрама сапында бар болғаны екі-ақ қазақ азаматы негізгі құрамда шықты. Үшеуі қосалқы құрамнан қосылды. Бұдан бөлек, негізгі құрамдағы 11 ойыншының төртеуі легионер. Қақпашы Дмитрий Непогодов, қорғаушылар Сергей Малый мен Евге́ний Постников "жаңа қазақтар". Алғашқы екеуі Украинада, соңғысы Ресейде дүниеге келген. Ал жартылай қорғаушы Александр Меркель Алматыда туып, алты жасында Германияға қоныс аударған азамат. Неміс құрамасына кіре алмаған соң бұрынғы отанының атынан доп теуіп жүр.

Еуропа чемпионаты - 2020. Іріктеу кезеңі.

Қазақстан — Шотландия 3:0 (2:0)

Гол: Перцух 6 (1:0), Вороговский 10 (2:0), Зайнутдинов 51 (3:0)

Ескерту: Меркель 38 — Шинни 83

Қазақстан: Непогодов, Малый, Ерланов (Ахметов 81), Постников, Қуат, Перцух, Вороговский, Мұртазаев (Тұрысбек 68), Сүйімбаев, Зайнутдинов (Мужиков 84), Меркель

Шотландия: Бейн, Палмер, Шинни, Макгинн (Мактоминей 70), Бейтс, Маккена, Форрест (Макналти 81), Макгрегор, Макберни (Расселл 61), Армстронг, Берк

Бас төреші: Срджан Йовановия (Сербия)

21 наурыз. Астана. «Астана-Арена» 27 641 көрермен.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616