Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 6937 11 пікір 2 Сәуір, 2019 сағат 11:31

Таудай талаптан – бармақтай бақ

Бүгінде әлемдік дәрежедегі алғашқы қазақ әншісі атанып жүрген Димаш Құдайбергеннің халықаралық деңгейге көтерілгеніне екі жылдан артық уақыт өтсе де, ол туралы ақын Оңайгүл Тұржанованың кітапшасынан басқа тереңнен қузаған тиянақты дүние, тіпті Қазақстан көлемінде музыкатанушылық мақала жазыла қойған жоқ. Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Димаш. Когда жаждут крика» атты кітап жазып бітірді. Біз оқырман назарына сол кітаптың қазақ тіліне аударылған «Жер әлемді шарлаған қазақ әні» дейтін тарауын ұсынуды жалғастырамыз. 

(Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: «Бағы бармен таласпа»Теңіз түптен тебіренеді,Димаштың дауысы және әлемнің 47 еліндегі бейтаныс таныстар), Димаштың динамикалық консерватизмі, «Қыр баласы қол созады аспанға», Димаш және қазақ мәдениетінің интегративтік моделі...

Бүгінде Димаштың Қытайға алғаш тап болуы жөнінде ішінде қисынды-қисынсызы бар бірталай әңгіме айтылып жүр. Сингер байқауы жүріп жатқан кезде латынның вини, види, вициіне (барды, көрді, жеңді) ұқсас хикаяттар айтылғанымен, одан кейін жария болған материалдар жағдай бұдан басқашарақ өрбігенін көрсетті. Соның ішінде кейін қытай тілін білетін журналист Ертай Нүсіпжанов берген сұхбаттар қытай жағының қазақ әншісін өздеріне ұзақ аңдап, терең барлап барып шақырғанын, Димаш өз елінде және бірнеше халықаралық конкурстарда жеңіске жеткеннен кейін ғана, онда да әншінің өзі бір сұхбатында айтқандай, тек танылған, атақты артистер ғана қатысатын Singer-ге жас әншіге эксперимент ретінде шақыру жөнінде шешім қабылдағандарын айғақтайды.

Шынында да Димаш Қытайға барғанға дейін-ақ өз елінде кейін Чаншада орындаған S.O.S. «Дива Данс», «Опера-2», «Дайдидау», «Ұмытылмас күн» әндері арқылы танылып, турне-концерт өткізіп, халықтың қошеметіне бөленіп үлгерген еді және 2015 жылы оған жалпыұлттық интернет-дауыс берудің қорытындысымен «Халық сүйіктісі» атағы берілуі сол ықыластың нәтижесі болатын. Сонымен бірге Димаштың өзі де Қытайдағы конкурсқа ыссылай сұғынбай, байқап, ұзағырақ дайындалып келгені байқалады, тіпті содан бір жыл бұрын қытайлық әнші қыз Коко Ли бірінші орын алатын Сингерге арнайы барып, сырттай шолу жасап қайтқан сияқты. Қазақ ондай кезде «сәтін күтті» дейді.

Осындай психологиялық әзірліктен соң ғана бір тоқтамға келіп, кейін үлкен анасы Миуа апай айтқандай, «жыртам ғой ол жақты» деп тас-түйін күйде аттанады, бірақ соның өзінде де осы сапарда алдына «Айды аспанға бір-ақ шығарам» деген мақсат қоймайды, өзі кейін айтқандай, негізгі жоспар орта жолға дейін барудың төңірегінен аспаған. Әрине, бұл сапарға бармақтай бақ бастап тұрғанын өзі де білмеген. Бірақ өзінің дәл сол сәтте үлкен конкурсты тілеп, қол-аяғын бауырына алып жүргенін және Сингерге кастинг өтетін 2016 жылдың аяқ шенінде нағыз әншілік бабына келгенін іштей сезген болуы. Яғни Димаштың Қытайда бағы мен бабы қатар шапқан дейміз. Қалай болғанда да Singer-дің музыкалық жағына жауап беретін қытай мамандары кастинг кезінде бұрын өздеріне онлайн түзімі арқылы таныс әншіден анағұрлым басқа, анағұрлым артық артисті, әсіресе бұрыннан бар шырқау дауысы шыған dolplin дыбыстарға ұласқан экстрим әншіні және жап-жас басымен get control деңгейлі жоғары кәсіби дайындығы бар орындаушыны көріп, қайран қалады. Соның өзінде де Хон Тао бастаған қытай продюсерлері қазақ әншісі бірінші әнімен-ақ адам айтқысыз шу туғызады деп ойламаған, сингерлік «музагеттердің» Димаштан бар сұрағаны залда отырғандарды орындарынан дүрк көтеріп, ду қол шапалақтату болатын, ал оның орнына S.O.S. орындалған күннің ертесіне жарты Қытай қазақ әншісінің аяғының астына жапырлай құлағанын көріп, ауыздары ашылып қалғаны сол алғашқы күндері берген интервьюлерінен, әсіресе Димашпен тікелей жұмыс істеген музыкалық продюсер Хонг Шиаодың таңғалысты сөздері мен шынайы бет құбылысынан байқалады. Қытай жағы әліге дейін мұны жұмбақ уақиға, кісінің өңі түгіл түсіне кірмеген ғажайып, бір керемет жағдайға балайды. Бірақ Димаштың сол кезеңдегі тамаша вокалдық бабына және екі жағдай үйлес түскенін ханзудың өзі де аңғара бермейтіндей.

Оның біріншісі – Қытайда шоу-бағдарламаларды ұйымдастырып, өткізудің аса жоғары деңгейі. Соның ішінде Hunan TV-де жасалатын музыкалық өнімнің сапасы және оның телевидение арқылы берілуі Голливудтан бір де кем түспейді деп нық сеніммен айта аламыз.

Singer өтіп жатқан күндері экраннан 21-ші нөмірлі телекамераны байқап қалдық, бұл реалити-шоуды түсіруге осыншама камера бөлінді деген сөз. Олар жұмыс істейтін түсірілім локациялары алуан түрлі, сан қырлы. Ал көрсету кезінде ең жаңа технологиялық жетістіктердің бірі – голографиялық камера да пайдаланылады. Singer конкурсы ең мықты аппараттармен жабдықталғанын бір сөзінде Димаштың өзі де атап айтты, шынында да Қытай телевидениесінің түсіру залдарындағы акустикаға, дыбыс тазалығына батыстық саунд-продюсерлердің өздері қызыққандай: Singer турлары өтетін сахна-студия кәдімгі лазерлік сәулелер көмегімен нұрға шомылдырып қоюын айтпағанда, ондағы дыбыс барынша теңдестірілген, архитектуралық акустика, одан туатын реверберация дыбыстың көркемдік-эстетикалық әсеріне одан әрі өң бере түседі. Ал оркестр, ансамбль және бэк-вокал мен хор – өз алдына бір ән. Қытайда жалпы фонограмма орындауға тыйым салынған, соның ішінде вокалдық конкурстарда соло орындау да, бэк те тек жанды дауыста айтылады. Оркестр мен ансамбльдің аспаптық сүйемелі, олардың аспаптық үйлесімі (инструментовка) және партитуралық принциппен оркестрге түсірілуі өте сауатты жасалатынын байқадық. Көптеген оркестр сүйемелінде музыкалық аспаптардың дыбысы әншінің дауысын басып кетіп, солист содан дауысын асырмақ болып, салдарынан дыбыстар қатайып (форсировка) және интонациялық тазалығынан айырылып, өңі тайып жатады ғой, ал хунандық оркестранттар керек шаманы біледі, арақатынасты мүлтіксіз сақтап отырады. Тұтас алғанда конкурста заманауи дыбыстық эффектілер мен құрылғылар пайдаланылмайды демейміз, бірақ жалпы қытай мамандарының әнді ажарлауы мен өңдеуіне тән ерекшелік – телетүсірілімді телетрансляцияға әзірлеу кезінде бұл істің жоғары кәсіби деңгейде жүргізілетіндігі. Яғни нөмір орындалғаннан кейін ол студияда оркестр, бэк (кейде хор) және соло орындауға бөлініп, әрқайсысы жеке жолақ ретінде жазылады, бірақ бұл оркестрдің дыбысы яки әншінің, бэктің дауысы компьютерлік плагин программамен арнайы өңделеді деген сөз емес, эквалайзерлер көмегімен соло дауыс, бэк-вокал және соло-аспаптың дыбысталуы көлденең дыбыстардан, залда адамдардың демімен толқын-толқын түзілетін бөгде шудан, гуілден тазартылады, таза дыбысталу мен күңгір дыбысталу өзара теңгеріледі. Соның өзінде де әнші дауысы моножолақ ретінде бірінші тұрады және қайталап айтамыз, дауысты бұлай өңдеу тіпті де студиялық пререкордқа жатпайды. Біздің Қазақстанда әншілік өнер, вокал және симфониялық музыка күшті дамыған, мұны шетелдіктер де тамсана айтып отыр, бірақ осы қолда барымызды Қытайдағыдай ажарлау, түсірілімдік, трансляциялық жеттіктіру жағы кемшін.

Екінші жағдай қытай халқының Димаш өнерін қалай бағалағанына байланысты. Бұл тақырыптың шетіне шығу қиын, себебі, Димаштың қытайлық көрермендері Димаштың өзі секілді құбылыс және біздің қабылдауымызға онша сыя бермейтін жосын құбылыс. Жалпы ханзу халқы демала білетін және сондай эстетикалық демалыстар кезінде эмоциясын, әсерленуін қымтап ұстамайтын, қайғырса шындап қайғыратын, шаттанса шындап шаттанатын және бірдеңені ұнатпаса, тістеген жерінде тісі кететін, қытымыр, ал жақсы көрсе тұла бойы омырылып түгел жақсы көретін ақжарқын, бір сөзбен айтқанда сырт көзге екіжақты, ал арғы түбінде шынайы халық екендігін Димаш мысалында байқадық. Сингер – 2017 кезінде залда әртүрлі жастағы, әрқилы мамандықтағы, бірақ музыкалық талғам-тұщымы ұқсас бес жүз адамнан тұратын эксперттік топ отырды және солардың қай-қайсысы да жақсы ән, сапалы музыка естісе балаша қуанатын, сәбидей аңғал бет құбылыстарынан тіпті де қысылып-қымтырылмайтын шынайылығымен есте қалды. Өткір тілді бір комментатор «дауыс беруші КВН» деп атаған мұндай ерекше орта кейінгі сингериадаларда көп байқала қойған жоқ. Оның елеулі бір себебі Димаштың биік, шырқау дауысымен байланысты ма дейміз. Ханзу халқында ондай дауыс иелері бұрынырақта қатты құнтталған: қазақ сияқты ауызша дамыған өнерімен де мәшһүр ханзудың жыршылық дәстүрінің тарихында дауысын екі минут бойы (!) бір деммен және шығандай созып тұратын жыршылар болған (оны тыңдағандардың құлағынан әлгі гуіл ұзақ уақыт кетпей тұрып алады екен). Жазба мәдениеттің бел алуымен жыршылық өнер тарих еншісіне өткенімен, шырқау дауысты жыршылық саз – әлгі гуіл халықтың жанында, қанында қалып қойған. Димаш сахнаға шығып, сондай биік регистрге шырқап салған кезде ханзудың зәузатында бұйығып жатқан сол бабалар үні қайыра бас көтерген. Мұны залда отырған кейбір тыңдаушылардың трансқа енбегенімен де сондай жағдайға жақындап барып қалғанынан да байқауға болар еді. Халық негізінде осындай әншіні күтіп жүргенде болуы керек бірақ ондай талант белгілі бір себептермен ханзудың өз ішінен шыға қоймаған тәрізді. Миллиарджарым қарақұрым адам мұхиты бере алмағанымен, бүкіл халқын жинағанда бір Бейжіңге сыйып кететін қазақ шығарған ондай талантты құдайдың құдіретімен. Бірақ әлгіндей ерекше дауысты өзінде бұрын бар болғандықтан ханзу түйсігімен күтсе де, ондай дауыстар өзінде әбден болған қазақ әлденеге күтпеген, іздемеген, бұл жағдайды Наушагүл есімді комментатор қандасымыз: «Китайцы обожают такой ор, а мы любим нормальным голосом когда поют, где нам, простым казахам понять такой крик, разве что новомодные казахи да больше богема понимают...» деп фельдфебельдік туралықпен айтып салыпты. Тегінде осы сөз рас, себебі біз бір кезде жұмысқа ақырып-жекіріп шығарған жұмысты боқтап-боқтап жасатқан буынның нәсіл-несібіміз ғой, содан да болар Димаш кейін Астанада өткерген «Бастау» концертінде көрермендерден әншіні қолдап отыруды қанша өтініп сұрағанымен, фан-аймақтағы «dears» пен «богема» отырған тұстан өңге стадион толы халық тас мүсін күйінде қалды. Сонда қытайлар сияқты шаттанып эмоциясын шығармаса неге келеді екен концертке?! Халықтың қолдауы, көрерменнің ықыласы артист үшін айрықша маңызды нәрсе, әнші осыны сезген кезінде әннің пырағын ерттеп мініп өзінің табиғи кеңістігіне енеді де, ән қанатында мейілінше парлайды. Димаш Сингер конкурсы кезінде бейтаныс елдің соны музыкалық әсерлеріне бөленіп қана қоймай, өзінің талантына сай, ерекше вокал қабілетін бағлай білетін, содан адам айтқысыз әсер, қуат алатын алабөтен ортаны кезіктірген. Яғни керек кезде керек жерде бола білген. Ендеше Димаш бүгінгі биігіне музыкалық индустрияның техникалық жабдықталуының яки қытай мамандарының арқасында емес, ең алдымен ханзу көрермендерінің өзіне ерекше ықылас білдіруінің, құрмет-қошеметінің, яғни оларға ең керек нәрсенң тауып беруінің арқасында көтерілді десе лайық.

Мұның өзі Димашты екі елдің төбе тобының өзара келісуімен алдын ала әзірленген «жоба» екен немесе Ринат пен оның жақтастары айтатындай оны Қытай жағы саяси мақсаттарына пайдалану үшін Чаншаға әдейі шақыртқан екен деп келетін «бір әжей айтыпты» сөздерінің басына су құяды. Қолда бар фактілер жинала келіп Димаштың Singer жобасына кездейсоқ, сонымен бірге белгілі бір заңдылықпен тап болғанын көрсетеді. Басқаша айтқанда, Димаш – тағдырдың ретті кездейсоғы. Яғни жай кездейсоқтық емес, ішінде қазақ бар, қытай бар, жер шарының басқа да халықтары бар көптің сұранысымен туған өнерпаз.

Димашты Қытайда үздік техника, диарстар және осындағы продюсерлік компаниялармен арадағы ортамерзімдік контрактіден бөлек тағы бір нәрсе ұстап тұр деу жөн. Ол – репертуар проблемасы. Бүгінде театрда жақсы пьеса, кинода жібі түзу сценарий жетіспейтіні сияқты эстрадада тәуір ән қасқалдақтың қанындай қат. Жалғыз біздің елде ғана емес, жалпы әлем бойынша жағдай солай. Димашпен ынтымақтасуға бірден құлық білдірген танымал композиторлардан, тіпті атақты Уолтер Афанасьефтің өзінен әлі күнге бір дұрыс ән тамбай отырғанына қарағанда жағдай тым күрделі. Қытайдың да бұл жағынан шекесі шылқып тұрғаны шамалы сияқты. Осыны ескертіп, Димаштай сирек дауысты әншіні вокалдық ерекшелігіне, диапазонына лайықтап ән жасау бойынша қытайлық музыка мамандары бұл күнде тынымсыз ізденіс үстінде екені байқалады. Сингерден кейінгі кезеңде Димашқа арнап жазылған әндердің ішінде әзірге тізгінүздісі – американ суперстарларымен жұмыс істеп жүрген қытай композиторы Мугал әуенін шығарып, Рунион ағылшынша мәтінін жазған Skreaming болып тұр. Тағы бір ән Ward Peace («Соғыс және әлем»), оның да сөзі ағылшын тілінде, музыкасы қазақтікі, яғни композиция Димаштың дипломдық жұмысы болып табылады. Әнші бір сөзінде ән бұл дүние әлі де өңдеуді, ажарлауды тілейді деп қалды. Осы кезеңде, яғни 2018 жылдың жазында әнші көрермен назарына ұсынған Never Land (Никогда не приземляться) композициясының әуенін жазған Ұлықпан Жолдасов. Осы автор Димашқа арнап «Кім екен?» (Who is this?) және Moonlight Mama («Ана Айым») аталатын және екі ән шығарды. Бұл үш әннің мәтіні қытай тілінде, яғни путунхуаша. Композицияларды негізінен қытай мамандары әзірлеген, сәйкесінше ажарлау, аккомпонемент деңгейлері жоғары, ханзу музыканттары осы орайда экспериментке барудан да қорықпаған (мысалы, Never Land-да заманауи trap және электрон стилінің элементтері батыл қолданылған). Бұлардан басқа Димаш мандарин тілінде «Жасмин», «Таусылмайтын махаббат», If І Never Land Breathe Again, When You Believe, Restart My Love сияқты ханзу әндерін және бірнеше саундтрек орындап жүр. Осы есеппен келгенде негізінен қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілдеріндегі әндерден тұратын Димаштың репертуарында кейінгі кезде қытай тіліндегі әндердің үлес салмағы, әншіге осы жағдайды мін етіп тағушылар тілге тиек еткендей, шынында да біршама көп болып көрінеді. Алайда, ілгеріде көрсеткеніміздей, бұл әндердің төртеуі таза қазақша («Хұсни-Хорлан» мен Димаштың өзі шығарған «Өкініш» әні), және а Каппелла айтатын «Бір бала», «Дударай»), бірқатары әуені жағынан қазақ әндері, мәтіндері ғана мандаринге аударылған. Оның өзі де Димашқа ғана байланыстықолданылып отырған тәсіл емес, Қытай музыканттарында ежелден бар дәстүр: ноунейм тауарлар шығарудан алдына қара салмай отырған бұл ел басқа халықтардың әндерін өз тіліне аударып алып ремей түрінде, өзінікі етіп жіберу жағына келгенде де ғажап көшірмешілер. Яғни бұрын шығарылған әннің әуеніне жаңадан өлең сөз жазу бұл халықтың қанында бар. Дәстүр ХІХ ғасырдың аяқ шенінде еуропалық білім беру жүйесін қабылдай бастаған қытай мектептерінен, ондағы шетелдік дәстүрлерді өздеріне бейімдеп алатын Сюэ тан юэй гэ, яғни «мектеп әні» жүйесінен бастау алады. Кейін ол операға, эстрадаға ауысқан. Мысалы, ханзу музыканты Шень Синьгун американ композиторы Лоуэлл Мейсонның «Бұлақ» дейтін діни мағыналы әнінің әуенін пайдаланып «Көктемгі сапар» дейтін мүлдем басқа ән жазып шықса, қытайдың «Қиын жол» әнінің арғы түбі орыстың «Эй, ухнем!» халық әніне барып тіреледі. Біздің «Дудар-айды» да қытайлар мандаринмен өздерінің төл әні көріп шырқайды. Соған қарағанда еуропалық тілдерді, соның ішінде көпмағыналы, нәзік сипатты қазақ сөздерін қатқыл, шектеулі койнэ тіл путунхуа жеткілікті бере алмайтындықтан қытай ақындары түпнұсқа мәтінді өзгертіп, өздерінше кететін сияқты. Мәселен, «Кім екен?» құрамы негізінен алғашқы қыз махаббаттың тәтті дәмін күтумен өмір кешетін жас қыздардан тұратын Димаштың диарстарына лайықталып путунхуаша қайта жазылуы мүмкін. Өзге елдердегі фанат қыздардың мәтінді дереу орыс және ағылшын тілдеріне аударып алып, шулап айтып жүргендері де сол себепті болуы. Жалпы әншілер көп алдына шыққанда аудиторияның құрам-жасын, талғам-тұщымын, ұлттық белгілерін есепке алмай тұра алмайды. Димаш та қаласын-қаламасын дәп солай аудиторияның ыңғайына бейімделуге мәжбүр, содан да көбінесе өз елінде қазақша, Ресейге барса орысша, Қытайға келсе путунхуаша айтуға тырысады. Арасында ән мәтініндегі жекелеген сөздерді бірнеше тілде беріп отырады. Айталық, ағылшын тіліндегі Hello композициясын орындағанда «Мен сені сүйемін» тіркесін ағылшыннан қытайшаға, сосын қазақшаға аударып айтты, сол арқылы әр түрлі ұлттағы тыңдаушыларының, әсіресе әлгіндей сөздерді бек ұнататын әйел адамдардың жүрек түкіпірінде жатқан сезімдерін тербетіп оятады. Бұл – орындаушылық есеп. Сол сияқты сол Hello-да шығыстық мақам қолдану және интросы мен ортаңғы бөлігінде ханзуға да, қазаққа да, азиялық өзге де халықтарға ортақ этникалық музыкалық аспап – сыбызғы ойнату арқылы бүкіл Азияның саз әлемін қойындастырып жібергендей болды. Hello-ны Димаш 2019 жылдың басында, Қытайдағы Көктем фестивалі кезінде Тенгримен дуэтте орындады). Бұдан шығатын қорытынды – Азия құрлығында, оның кіндігі Қытайда өнер көрсетіп жүрген Димашқа шығыстық, азиялық стихияны ескергені сияқты өз аудиториясының денін құрап отырған ханзу семантикасын, әсіресе оның тілін, музыкалық лұғатынескеріп отырмаса болмайды. Димаштың мұнысы, екінші жағынан, өзін көкке көтеріп отырған ханзу жұртына айтқан алғысы, сыйлық-жауабы. Оның үстіне тыңдаушы үшін ән мәтінінің түсінікті болуы өте маңызды. Қытайда ұзаққа жүрген артистер тұрмақ, қысқа уақытқа келіп кеткен әншілердің өзі сол елдің тілінде ән шырқап, өзі қонақ болып жүрген елге құрметін көрсетеді. Мысалы, моңғол әншісі Тенгридің, малай қызы Шила Амсахтың репертуарында қытайша әндер аз емес. Димашқа дейін Бейжіңдегі дәстүрлі Көктем фестивалі кезінде атақты Селин Дионның өзі жоғарыдағы Jasmine әнін путунхуамен шырқағанын да білеміз. Сонан соң басқа тілде ән салу, мұнымен бірге нотаға дәл түсіріп интонациясын келтіріп айту әрқандай әншіден шеберлікті талап ететін және шеберлікті ұштап отыратын үлкен мектеп. Жоғарыдағы Айша Ахмет Димаш жөнінде тағы да: «...Нағыз талант алдымен өз жерінде, халық арасында танылады, көбінесе өзге елдің өнерін насихаттайтын өнер адамдарын өз жерінде барша жұрт қабылдай алмайды», – депті. «Осындай сөзді Ринаттар да айтқан. Осы біз бүкіл қазақтың проблемасын өзіміз ғана шешіп отырғандай қазып, қажып, таусылып кесіп-пішіп пікір айтуды қояйықшы. Ат төбеліндей сіздердің ат түгіндей қазақтың атынан сөз сөйлеулеріңе әрбердесін моральдық хақыларың да жоқ қой. Кімсіңдер соншалықты көсемнің миссиясын мойындарыңа алатындай және осы жолда шала біліммен төрелік айтатындай?! Біле білсең, өзге елде жүрген өнер адамы – Димашты сіздер айтқандай «өз жерлерінде барша жұрт қабылдамай отырған» жоқ, керісінше, қазақстандықтардың, соның ішінде қазақтың да көпшілігінің тілегі ылғи-ыңғай қазақша ән салумен емес, бүкіл өнерімен, тұтас тұрқымен «Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені?! Мен – қазақтың баласы!» деп жүрген Димаштың үстінде. Әлеуметтік желілерді ашып қарасаңыз, «Диконтайымыз, ботақанымыз, құлыншағымыз, қазақтың атын жақсы жағынан шығарып қайда жүрсең де әйтеуір аман жүр» деп келетін жүрекжарды сөздерден көз тұнады. Ал өнер тұрғысынан келгенде, өмірлік жағдаяттардың біздің санамызға тап салып отыратыны сияқты көркемөнер де әлеуметтік, тарихи жағдайлардан тән алмай тұра алмайды. Солардың екпін-текпінімен өз елінен басқа жерде уақытша өнер көрсетуге мәжбүр болып отырған әншіге қалайда өзге тілде ән шырқауына тура келеді. Өнерде мұны «сахналық идеология» дейді. Димашқа әлемдік үрдіс болып отырған осынау өнер шартынан бас тарт деу тар аядағы көрсоқыр сауатсыздықтан басқа ештеңе емес. Димаш Қытайда путунхамен ғана емес, ағылшын тілінде де Memory, Skreaming, «My Heart Will Go On», Hello, Over Here, Sing Different, We Are The World, Singleꞌs Day, Earth Song (қытай рэпері Виктор Ма және Коко Лимен дуэтте) қатарлы бірнеше ән айтып жүр, оның сыртында осы тілде саундтректер жаздырды. Сыншылар мұны неге көрмейді? Логика қайда, Ринат және К°? Сендердің қисындатуларыңа салсақ, мандаринмен айтып, Қытайдың «қолжабдығына» айналып, Қытайдың өнерін насихаттап отырған Димаш дәл солай ағылшынша айтқаннан кейін ағылшын-саксондардың да қолжабдығына айналып, Ранкер сияқты американ порталдары өткізген рейтингтердің қақ төрінен орын алуы керек еді. Олай болып отырған жоқ қой. Демек, бір халықтың тілінде ән салу қалайда сол халықтың мүддесіне қызмет етуді білдірмейді. Мұны қажет ететін өнердің өз шарттары бар. Бұдан басқаша ойлауды ғылым бабында «формальды логика» дейді. Яғни, «Қазақстанда түйе көп, ендеше түйе Алматыда да бар» деген сияқты, «Қытайға барып қытайша ән салса, Қытайға қызмет еткені» дейтін қарабайыр қисын, сырттан жобалап тон пішу.

Өз елінен басқа елде жүрген өнерпаздардың басы да, соңы да Димаш емес. Өнер адамдарды отандарынан шетке әртүрлі жағдайлармен кетеді және соған орай біреулері сонда қалып, енді біреулері оралып жатады. Іштерінде өз жерінде танылмай, басқа елде әлдеқалай атақтары шығып кеткендері де аз емес. Мысалы, бүгінде болгар эстрадасының примадоннасы боп отырған Лили Иванова көрші Румынияға бір концерттік топ құрамында барғанында жергілікті мамандардың көзіне ілігіп, солар арнайы жазған әндерді орындап, осы елдің «жұлдызына» айналған. Алғашқы альбомы да Румынияда шыққан. Өзінің алғашқы халықаралық жүлдесі «Алтын кілтті» де басқа елде – Братиславада алған. Туған Болгариясы Лилиананы содан соң ғана мойындаған. Дәл Димаштың шығармашылық жолының басы сияқты. Лили кейін отанына қайтып оралды. Қайтып келмегендері де бар. Айталық, белгілі грек музыканты Янни Хрисомаллис музыкант ретінде өзі ертеректе кетіп қалған АҚШ-та қалыптасты, бірақ араға жиырма жыл салып өзінің Yanni музыкалық тобымен Афиныға бір келіп кеткені болмаса, отанына ат басын бұрған емес. Бірақ солай екен деп гректер Янниден бас тартып отырған жоқ. Сол сияқты әзербайжан текті ирандық белгілі әнші Гугуш (Фаиге Атешин) өмір бойы өз елінде өнер көрсеткенімен, соңғы жиырма жылда АҚШ-та тұрады. Бірақ солай екен деп және фарси, әзербайжан тілдеріне қоса армян, ағылшын, итальян, испан, француз тілдерінде шырқайтын Гугуштен отаны бас тарту былай тұрсын, қайта Иран үшін ол заманауилықтың символы саналады, ал әзербайжандар «әзери бұлбұлы» деп алақандарына салады. Оның себебі, Гугуш әнді бірнеше тілде айтса да өзінің тамырынан ажырамаған әнші деп құрметтеледі (2002 жылы оның «Гариби-Ашина» композициясы ВВС-дің тануында Ортаңғы Шығыс елдеріндегі ең танымал ән мәртебесіне ие болды). Севара Назахан да Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі атағын ерте алғанымен, дүйім елге бертін, ресейлік «Голос» шоу бағдарламасы арқылы танылды. Қазір Англияда тұрады. Бірақ бүкіл өзбек оны «біздің Севарахон» деп әспеттейді. Оны өздеріне, яғни өзбек халқына алдымен танытқан да ағылшын музыканттары екендігін, әнші ретінде ендігі өсуі де сол жермен байланысты болатынын ала телпекті ағайын жудда хурсан түсінеді. Жалпы алғанда өзіміздің Тимур Бекмәмбетов, Марат Бейсенғалиев, Мария Мудряк, Лиза Қисықова сияқты ұл-қыздарымыздың Батыс елдерінде тұрақты тұрып жатқанына да, Геннадий Головкин, Илья Илин, Бахтияр Эюбов сияқты спортшыларымыздың көріне сала шетел асатынына да түсіністікпен қараймыз ғой, олар Батыстың өнерін насихаттап, спортын дамытып жатыр деп есептемейміз. Себебі, оларға үлкен сахнаға, үлкен рингке шығу үшін шығармашылық жағдай, қолайлы жаттығу жүйесі керек. Сол сияқты қазақтың бизнес элитасының дені Франция, Англия сияқты Еуропа елдеріне орнығып, шоғырымен кент болып өмір сүріп жатыр. Қытайдың таланттары жастары да әлемнің түкпір-түкпірінде, әр салада хуачияу болып жұмыс істеп жүр. Сол елдердің сойылын соғып яки мүддесіне қызмет етіп жүрген жоқ, өзі үшін білім-ілім іздеп, тәжірибе жинақтап жүр. Кейін елдеріне оралады. Бұл – бүгінгі күні бүкіл әлем бойынша үстем болып отырған циркуляция заңы. Яғни, қай жерде жұмыс істеп, отбасыңның нәпақасын айырсаң – сол жер саған қара орман өтен. Отан демей-ақ қояйық, Отан адамда біреу-ақ. Бірақ солай бола тұрса да балық судың тереңін іздейтіні сияқты, адам баласы да бұл дүние тіршілігінде жердің шүйгінін іздемей тұра алмайды. Олай болмаса, сол Ринаттың өзі туып-өскен ақ шаңылтақ Аягөзінде неге қала бермеді, кезбеленіп, бұралқыланып неге Алматыға келді?! Себебі, оған да жердің шүйгіні керек. Ендеше сыншылардың шетелде тұрақты тұрып жатқан «легионер» өнерпаздарымызды, элитамызды, «Болашақпен» оқып, сол жақта қалып қойған жастарымызды көрмей, екі елдің арасында жүрген, Қытайда уақытша контрактімен жұмыс істейтін және сол елде өзінің кәсіби өнер иесі ретінде өсуіне қолайлы жағдай тапқан Димашты таңдап тұрып, алабөтен шүйліккендігіне жол болсын. Хадисте «кул сиру феларзи фанзуру», яғни «Білімді Қытайдан болса да [әлемді кезіп] ізде» деген сөз бар. Сонда әлгіндей кінәраттауларды американдық Голливудтің атын шығарып, Ресейдің киноөнерін дамытуға үлес қосып жүрген, бірде-бір қазақ киносын түсірмеген Тимур Бекмәмбетовтердің адресіне айтпайды екенсіз де, қазақтығы жөнінде басқадай пікір болуы мүмкін емес екендігін шетел нығырта айтып отырған, «Қазақ» дегенде аузынан жалын шығатын Димаштың басына үйіп-төге беруге болады екен. Шетел ма, Димаш бойынша елден алабөтен ғана саясат қолданады екен де, жоғарыдағы шетелде тұрып жатқандар бойынша саясат қолданбайды екен. Тағы да логика қайда, шешендер?!

(Жалғасы бар)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3513