Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 6563 8 пікір 21 Мамыр, 2019 сағат 11:31

Қуандық Шамахайұлы. Депутат

(Әңгіме)

Төменгі палатаға депутат болып, мандат алған күннің ертеңінде әдеттегі жұмыс күні басталды. Көмекші жігіт әлдеқашан келіп алған, ауызғы бөлмедегі үстелінде әлде бір папкілерді реттеп отыр екен. Мұны көргенде орнынан ұшып тұрып, сәлемдесті де:

-Кешіріңіз, жүргізуші маған хабарламады. Сізді бірінші қабаттан өзім күтіп алатын едім ғой.

- Өйтіп әуіре болмай-ақ қой! Лифтіге өзім мініп келе аламын, адасып кетеді деп пе едің?

-Жоға, ол не дегеніңіз, аға! – деп, сыпайы ғана үн қатқан биязы

көмекші: -Шай әлде, кофе? – деп, сұраулы жүзбен көз салды.

-Ештеңе керек емес, мәжіліс залына апаратын құжаттарды дайында!

-Бәрі дайын, басеке! Отырыс басталардан бес-он минут залға өзім апарып, үстеліңіздің үстіне қойып беремін.

Кабинетіне кіріп жайғасқан соң сағатына қараса, отырыс басталуға әлі бақандай бір сағат бар екен. Кеше абыр-сабырмен келіп, кабинетін жақсылап көре алмаған еді. Енді, жан-жағына қараса, ат шаптырым кең болмаса да, бір адамға лайықталған әжептәуір жайлы орынжай екен.

Қабырғаның ортасындағы үлкен айнаға барып қарады. Кеше ғана қаладағы ең атақты да ірі сауда орнынан тоғызжүз мың теңгеге сатып алған герман костюмі денесіне қонып тұр. Жарасымды көрінеді. Бір жағына қарай сәл қисайып кеткен галстугін түзеп қойды. Онсыз да сиыр жалағандай болып басына жабысып тұрған селдір шашын бейне бір үрпиіп, ұйпа-тұйпа болып кеткендей-ақ тарап-тарап алды.

Сәлден соң көмекші жігіт кіріп, газет-журналдардың жаңа сандарын үстелінің үстіне қойды. Компьютерін қосып, кешегі бірлескен отырыс туралы репортаждар жариялаған электрондық ақпарат құралдарының парақшаларын ашып беріп кетті.

Газеттердегі және интернеттегі мақалаларға көз жүгірткені болмаса, оқыған да жоқ.  Негізінен оларда жарияланған фотоларға шұқшия қарады. Бір қатар депутаттардың жалпы отырыстағы суреттері өте анық көрініп тұр. Өзі отырған қатарда дәл қасындағы әріптесінің фотосы ірі планда тұр да, мұның иығы ғана жылтиып, түрі түсірілмей қалыпты. «Ой, атаңа нәлет, сәл ғана шегініп, мені де толықтай түсіре салса, қайтеді екен» - деп іштей боқтады да, газетті бұрышқа қарай лақтыра салды. Сайт, портал парақшаларындағы фотоларды түгелдей сүзіп шықса да өз бейнесін кездестіре алмады.

Отырысқа он минут қалғанда көмекші жігіт бас сұғып, жиналыс залына баруы керек екенін хабарлады. Жиынның күнтәртібі, заң жобасының қағаз түріндегі нұсқасы секілді бір құшаққа таяу құжатты көмекші жігіт көтеріп бірге жүрді. Айналасына қараса, жалпы қалыптасқан үрдіс тым тосындау секілді көрінді.

Залдың іші абыр-сабыр. Алдыңғы бірнеше   шақырылымда әрбірін дерлік жібермей қайта-қайта сайланып келе жатқан ескілікті мәжілісшілер құшақтасып амандасады және азғана әйел депутаттар сәлемдескенде міндетті түрде беттерін ұсынып, еркектер оларды шөпілдете сүйетін біртүрлі дәстүрлері бар екен. Бұрын ірі лауазым иесі болған, түр тұлғалары елге аса танымал бірнеше әріптесіне сәлем беріп еді. Олар сәлемін алмады, тіпті, тым құрығанда бас иземеді. «Енді, мынандай ұсақ-түйектерге де мандат беретін болған ба? Жетпегені осы ма, енді, бұлардың мына менімен теңесуі қалып еді, қарай гөр өзін, сәлемдесіп қояды, тағы...» дегендей сыңай танытып, тыжырына қарады да кердең қағып өте шықты.

Сонымен заң жобасын талқылау басталып кетті. Жобаны таныстырған министрге бірнеше әріптесі сұрақ қойып үлгерді. Бұл да өзінше бір маңызды сұрағын дайындап отырған еді, қырсық қылғанда дәл соны артында отырған басқа бір депутат қойып кеп жіберді. Дереу райынан қайтуға мәжбүр болды. Келесі сұрақты ойлана бергенде:

-Сұрақтар қойылып біткен болса, енді, талқылауға көшейік! – деп, спикер әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді.

Жобаны жілікше шағып, суырыла сөйлеп жатқандар көп-ақ. Біздің депутат әрбірінің аузына бір қарап, шынымен де таңданып қалды. Сөйлейтіндердің көбі ежелден келе жатқан сақа депутаттар екен. Біреулері заң жобасындағы бір сөйлемнің өзінен адамның ойына кіріп шықпайтын орасан бір қате тауып, баяндамашыны састырып, спикерді қуантып тастайтынын қайтерсің. Қай депутат сөз алса, бүкіл телеоператор атаулы соның маңына келіп, үймелеп, сарт-сұрт түсіре бастайды екен.

Біздің депутаттың қасындағы әйел әріптесі сөз алып еді, қаптаған операторлар сол қатарға қарай лап қойды. Әлгі әйелдің әр сөзін тамсана тыңдап, бет-жүзінің қимылын да қалт жібермей қарап ол отыр. «Е, осылай сөйлеу үшін де біршама батылдық керек екен ғой» - деп іштей ойлап қойды.

Сонымен отырыс аяқталып, бәрі залдан шығуға ыңғайланды. Көмекшілері залға лап қойып, құжаттарын жинастырып, әрқайсы депутаттарының қасынан бір елі қалмай зыр жүгіріп жүр. Дәлізге шықса қаптаған журналистер. Әлгінде ғана сөз алған санаулы депутатты ана бұрышта бір, мына бұрышта бір ортаға алып, микрофондары мен диктафондарын ауыздарына төсеп, сұрақтарын жаудыртып жатыр.

Біздің депутат әлгі әріптестеріне қызыға да, қызғана да  көз тастады. Өзіне қарай бірлі-жарымы мойын бұрып қала ма деген есек дәмемен жүрісін баяулатып, жалтақ-жалтақ қарап қояды. Бірақ, оған көз қырын салған тірі жан болмаған соң еріксіз кабинетіне кірді де:

-Қанеки, шай әкелші! – деп, көмекшісіне бұйыра тіл қатты.

Депутаттықтың бір тәуірі, түскі үзіліс екі сағатқа созылады екен. Шай ішіп алған соң ол кетуге ыңғайланды. Көмекшісі оны көлікке дейін жеткізіп салу үшін бірге шықты. Дәлізде келе жатыр еді, қарсы алдынан кездескен бір жігіт өзін журналиспін деп таныстырып, сұхбат алуға рұқсат сұрады. Қасында телеоператор көрінбегеніне қарағанда, телевизия тілшісі болмаса керек. Оған аздап қомсынып қалды да:

-Қай газеттен едің? – деп сұрады.

Өзі білетін екі-ақ газет бар еді, оның ешбірі емес. Сосын, «қай бір танымал газет дейсің, бас қатырмай-ақ қояйын» деген ойға келді де:

-Айналайын, менде уақыт жоқ! – деп, үзілді-кесілді бас тартты. Сол сәтте қастарынан өтіп бара жатқан байырғы депутаттардың бірі:

-Ой, амансың ба, інішек? Мен сұхбат берейін, жүр біздің кабинетке! – деп, жата жабысқанын көргенде тағы да ойланып қалды. Бірақ, енді кеш еді.

Ол ойын растағандай тысқа шыққанда көмекшісі:

-Басеке, жаңағы тілшіге интервью беруден бекер бас тарттыңыз.

-Неге?

-Себебі, ол біздің парламент басылымының тілшісі. Сонымен қатар өте тәжірибелі журналист. Бірдеменің шет-жағасын айтып, сәл емеурін білдірсеңіз болды, қатырып жазып, керемет етіп жариялайды. Тіпті, заң шығарушы биліктің ішкі қыр-сырын бүге-шігесіне дейін біліп алғаны соншалық, майын тамызып жазған мақалаларын біздің спикердің өзі мақтағанда, аузын ашып, көзін жұмып тамсанады. Өткен шақырылымда маған басшы болған депутат жаңағы тілшінің арқасында талай рет сұхбатқа шығып, өзінің жағымды имиджін сол тілші жігітке жасатты да, мандатын вице-министрдің креслосына айырбастап ала қойды. Негізі, мұндай мүмкіндікті босқа жібермегеніңіз жөн болады – деді, көмекшісі.

Әлгінде ғана дәлізде кездескен әріптесінің жылп ете қалуының сырын депутат енді ұққандай болды. Іштей «қап, әттеген-ай» деп қатты өкінсе де, онысын көмекшісіне білдірмеген сыңай танытып:

-Қазір түскі тамақ кезінде бір маңызды кездесуім бар еді, соған асықтым – дей салды. Шын мәнінде, үйіне барып, семіз жылқының етіне тойып алған соң бір сағат мызғып алудан өзге маңызды ештеңесі де жоқ еді.

Түстен кейінгі жұмыстары кәкір-шүкір отырыстардан тұрады екен. Комитет жиыны, жұмыс тобы дегендей бірдемелер. Дегенмен, жұмыстың қызатын тұсы да осы жерде секілді. Жаңадан келіп түскен заң жобаларын бүге-шігесіне дейін талдап-таразылап, талай құнды ұсыныс, пікірлер осында айтылатынға ұқсайды. Жалпы, отырысқа шығарылғанда айтылатын әңгімелерді осында пысықтап алуға болатын сияқты.

Сонымен бірге жалпы отырыста не айтатыныңды, кімге қандай сауал тастайтыныңды да, фракциясы бар, басқасы бар, осы жерде кесіп-пішіп береді.

Ал, баспасөзге сұхбат беретін, маңызды кездесулері болса, оған комитет төрағасы да қолдау көрсетіп, арнайы уақыт бөлетін көрінеді. Негізінен, қоғамдық пікірдің кез келген мүмкіндіктерін барлығы да  қалт жібермейтіндерін көргенде түскі үзілістегі  әрекетіне өкініңкіреп қалды.

Өкінгеннің көкесі екі күннен кейінгі отырыста болды. Жиналыс залына кірсе, барлық әріптестері әлгі дәлізде кездескен депутатты қызу құттықтап, мәз-мейрам болысып жатыр. Әр үстелдің үстінде әлгі газет. Оның айқара бетінде әріптесінің көрнекті фотосымен бірге жарияланған көлдей сұхбат. Жиын басталардың алдында спикердің өзі мәні мен мазмұны терең сұхбат берген әлгі депутатқа алғыс айтып, барлығы ду қол соққанын қайтерсің. Бәрінен бұрын кешкісін көрші облыста тұратын балдызының телефон соғып қыжыртқаны әбден зығырданын қайнатты:

-Жездеке-ау, депутат болған екенсің баспасөзде бір көрініп, бізді қуантып қойсаңшы! Теледидар жаңалықтарын күнде қараймыз. Тым құрығанда, бір пікір білдірмейсің, жалқы сұрақ та қоймайсың. Ана жолы бір рет қана теледидардан жылт еттің. Оның өзінде қасыңдағы әйелге көзің түсіп, соның аузына кіріп кетердей өліп-талып отырсың! – деп, қарқылдап тұрып күледі.

-Әй, кетші-ей! – деп, телефонын үзе салғаннан өзге амалы қалмады.

Кезекті отырыстардың ешбірі телевизияның түсірілуінсіз өтпесе де, қаптаған телеарналар операторларының бірінің объективіне іліге алмай жүргенде жарты жыл зу етіп өте шықты. Енді, азғана уақытта каникул басталады. Ауылға бара қалса, «теледидарда бір рет те төбе көрсетпеген сені де депутат дейді-ау» деп, мазақ ететін ыржақай құрдастары да жеткілікті. «Достың күлкісі, дұшпанның табасына» қалмау керек. Азғана мерзімде үлгеріп бірдеме жасау керек. Оның ішкі ойын айтқызбай-ақ білгендей көмекшісі оған бірде былай деді:

-Басеке, телеоператорлардың қолына бірдеме ұстатпасаңыз, олар сізді «крупный» тұрмақ «дальный» планға да іліктірмейді. Солар арқылы тілшілерге шығып, алдымен, синхрон, одан кейін сұхбат та беріп жіберуге  болады.

-Айналайын-ау, соны баяғыдан бері неге айтпай жүрсің?

-Алғашында мен сізді публикаға шығуға аса әуестігі жоқ адам шығар деп ойлап қалдым...

-Жарайды, ештен кеш жақсы. Ал, мен мына депутат басыммен қайдағы бір операторға қалай енді, неғылып...

-Оған еш қам жемеңіз, аға! Маған берсеңіз, өзім бәрін реттеймін.

Көмекші расымен де қатырып тұрып реттеді. Депутат апта бойы бірнеше телеарнаның басты жаңалықтарында ірі планда көрсетіліп қана қоймай жалпы жиналыстың үзілісінде синхронға шықты. Оны сол күйінде елдегі оншақты телеарнасы бірінен соң бірі алма-кезек көрсетіп шықты. Жаңадан келіп түскен заң жобасы бойынша айтқан пікірі мен әлеуметтік мәселелер жөнінде үкіметке жолдаған сауалы айналасы екі аптаның ішінде эфир арқылы бірнеше рет беріліп жіберді.

Осыдан кейін жағдай жағымды жағына қарай біртіндеп өзгере бастады. Әлгі өздерінше кердең қағып, берген сәлемін алмай бес қап болып жүретін әріптестері бас изейтін болды. Кейбірі ернін жыбырлатып, «сә...» дегендей бір өшкіндеу болса да әлде бір дыбыс шығарып, ұсынған қолына саусағының ұшын тигізіп қояды. Кездесе қалғанда спикердің өзі күлімсіреп қарайтыны, көңіліне қуаныш ұялатады.

Бірнеше қоғамдық бірлестік оны өздерінің дөңгелек үстелдері мен конференцияларына шақырып, құрметті мейман етті. Олардың жиындарында көсіліп ұзақ сөйлеуіне мүмкіндік аса зор көрінді. Ондай оқиғалардың бәрі де баспасөздің назарынан тыс қалмайды екен. Газет беттерінен, эфир жаңалықтарынан депутат осылайша орын тауып жатты. Өзі де әжептәуір марқайып, көңілі өсіп, жадырап қалды. Әлгі облыста тұратын балдызы:

-О, жездеке! Бәрекелді, жарап тұрсың. Нағыз саяси қайраткерге айналдың! – деп, бірде мақтауын асырып, көңілін көтеріп тастады.

Жақында атағы дардай бір мекеменің мерейтойы дүрілдеп тұрып өтті. Оған шақыру берген мекеме басшысы аталмыш іс шараны белгілі телеарна түгелдей түсіріп, кейін жарты сағаттық арнайы бағдарлама жасалып, эфир арқылы көрсетілетінін ескертті.

«Қораға келген төбелестен құр қалма» демекші, мұндай мүмкіндікті бос жібермеуді алдын ала ойластырған депутат барын киіп, сөйлейтін сөзін айнаның алдына тұрып алып дайындалып алған соң сақадай сай күйінде жетіп барды.

Мекеме басшысының қысқа ғана сөзімен іс шара ашылды да, дүркіреп жалғасып кетті. Шақырылған қонақтар да өңшең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей-ақ, кілең марқасқалар екен. Мәжілістің білдей бір депутаты болған соң ол да жай бір қаратабан біреу емес қой. Төрдегі бас алқаның қатарында қасқайып отыра кетті. Арнайы бағдарлама жасалатыны рас болса керек, екі бірдей телеоператор жанталаса түсіріп, журналист пен режиссер де екі иығынан дем алып, зыр жүгіріп жүр.

Сөз кезегі тигенде, біздің депутат тізгін-шылбырды жіберіп, көсіле ұзақ сөйледі. Регламентпен шектемейтін, орта жолдан сөзін бөлмейтін жерде аянып қалсын ба, біраз шапты дерсің. Жиналған жұрттың әлсін-әлсін қол соғып, оған сөзін қысқартуды, тіпті, тоқтатуды меңзеп отырғанын ол қайдан білсін. Сөзім тұщымды болып, жұрт разы болып отыр деп ойлап, қыза шабатын қазан аттай тоқтаусыз тарта берді. Ақыры, ду қол шапалақпен сөзін аяқтап орнына жайғасты.

Қос телеоператордың екі жақтан алма кезек тоқтаусыз түсіріп жатқанын көріп, бағдарламаның кем дегенде тең жарты уақыты өзінікі болатынына бек сенімді болды. Одан кейін де көп адам сөйледі. Оларға жұрттың қол соғып әуіреге түспегеніне қарағанда аса тартымды бола қоймаған шығар деп, біздің депутат топшылап қойды.

Іс шара соңында сол бағдарламаның эфирге шығатын мерзімін сағат, минутына шейін тілші мен режиссерден пысықтап сұрап алды. Күнтізбесін ашып қараса, келесі айдың басындағы аптаның соңы сенбіге келіп тұр екен. Дәл осы күннің уақытына сәйкестіріп, ол барлық туыс-туғандарын үйіне қонаққа шақыруды әйеліне тапсырды.

-Ненің құрметіне? – деп, әйелі таңдана сұрақ қойды.

-Депутаттың үйін көрсін. Сол күні мен теледидардан ұзақ уақыт сөз сөйлеймін. Мен қайраткерлігіме көз жеткізсін, осы қуанышымызды туыстарымызбен бөлісейік, бәріміз бірге арқа-жарқа болып отырып көрейік, оңаша қарағаннан гөрі әлде қайда көңілді ғой.

Әйелі дереу алыс-жақындағы туыстарына хабар беріп үлгерді. Ал, депутат межелі күнді тағатсыздана күтті.

Бір күні кезекті жиналыс залынан шығып келе жатыр еді. Анандайтын жерде әлгі парламенттік журналист жігіттің тұрғанын көріп қалды. Жүрісін баяулатып, қасына келгенде басын изеп амандасты. Ол да сәлемдесті. Бірақ, қасынан өтіп кетіп, артында келе жатқан өзге бір депутатты қолқалап ала жөнелді. «Ана жолы уақытым болмаған еді, енді, сұхбат беруіме болады» деп айтқысы келген. Алайда, ол жігіт те қырсыққан пәле екен. Жоламай қойды.

Көмекшісінің айтқаны шын екен. Депутаттармен жүргізген сұхбаттарын, талдау мақалаларын жиі оқып жүр. Жазуда қамшы салдырмайтын-ақ жігіт екен. Ақысын беріп, өз атынан бір кітап та жаздырмақ ой туды. Алайда, сөйлесуге де құлқы жоқ адаммен қалай тіл табысарсың.

«Туған ай – туралған еттей» демекші, сөйтіп жүргенде әлгі бір теле бағдарламаның да эфирге шығатын күні келіп жетті. Қонақтардың уақытынан бір минут та кешікпей келуін әйеліне тапсырғандығының арқасында туыстары үздік-создық болмай бір сәтте жинала қалды. Қонақтардың басы болып, қайынатасы мен енесі есіктен кірді. Аман-сәлемнен кейін енесі:

-Күйеубаланың киносы көрсетіледі деген соң ауылдағы мал-сұлды көршіге тапсырып, шал екеуіміз бері қарай тартып кеттік – деп, самбырлап отыр.

-Кино емес, апа! Теле бағдарлама ғана ғой. Мен жай сөз сөйлеймін. Бастысы, ол емес. Сіздерді сағындық. Келіп үйден дәм татсын дегеніміз – деп, депутат жуып-шайған болып қояды.

-Ауылда теледидар қарауға мұрша бола бермейді. Келін кейде жылан шағып алғандай ойбай салатыны бар, Ас-су әзірлеп жүреді де, сыртқы есіктен басын қылтитып алып: «Әне, теледидардан жезде ағаны көрсетіп жатыр!» деп айғайлайды. Шал екеуіміз даладан жүгіріп жеткенше бітіп қала береді, әлгі құрғыры. Осы жолы бір жайланып отырып көрейік – деп, енесі өзгелерді телеэкранға шақырғандай әңгімелеп қояды.

-Жездейге қозғау салған мен едім. Депутат болған соң саяси қайраткерге айналу керек қой. Теледидардан жиі көрінбесең, газеттерге сұхбат бермесең, қазір жұрт сыйламайды. «Қолбала депутат», «ұйқышы депутат», «Үндемес депутат», «Ләппайшыл депутат» деп неше түрлі ат қойып, айдар тағып тастайды. Өткір мәселелерді батыл көтеру керек – деп, көрші облыстан келген үлкен балдызы білгірсіп қояды.

-Ағам бала кезінде-ақ саясаткер болатыны білініп тұратын. Мұғалімдердің бәрі оның белсенділігін айтып мақтайтын – деп, қарындасы да қалысатын түрі жоқ.

-Артымнан ерген жалғыз інім ғой. Депутат болатынын осыдан екі жыл бұрын білген едім. Бір күні түсімде інім биік таудың басына шығып тұр екен. Көп жұрт таудың етегінде оған қарап тұрғанын анық көрдім. Ертеңінде мешітке барып, түс садақа беріп, депутат болуын құдайдан тіледім. Сол тілегім міне, қабыл болды – деп, депутаттың бірге туысқан әпкесі мақтанып отыр.

-Жиенім жаңадан тәй-тәй басып жүргенде көрші үйге бір депутат келген еді. Мен әдейілеп көтеріп барып әлгі кісіге: «Мына ұлдың аузына түкіріңізші, сіздей депутат болсын» деп айттым. Ол кісі де мың болғыр жақсы адам екен, дереу айтқанымды екі етпей аузына үш рет түкірді. Сосын, әпкем мен жездеме келіп айттым «мына ұлдарың кейін депутат болады». Міне, сол айтқаным келді. Қайран әпкем мен жездем осы күнді көрмесе де, қабір ішінде бір аунап түскен шығар – деп, нағашы апасы көзіне жас алды.

Әңгіме ұзаққа созыла бастағанда, телехабардың шығатын уақыты келіп жеткендіктен бәрі күрт доғарды да, экранға көз тікті. Белгілі мекеменің мерейтойына арналған салтанатты жиынның көріністері шыға бастағанда балалар жағы шуласа кетті:

-Әне, отыр!

-Міне, көрсетті!

Депутаттың төрде отырған бейнесін тілші мәтіні арасында және мекеме басшысының сөзі жүріп жатқанда бірнеше рет ірі планда көрсетіп қойды. Бір-екі ардагер сөз сөйлей бастағанда депутат:

-Мына кісіден кейін менің сөзім берілуге тиіс – деп ескертіп қойды.

Отырғандар дыбыс тұрмақ демдерінің өзін шығармай іштеріне тарта отырып асыға күтті. Бірақ, әлгі ардагерден кейін басқа бір адам сөйлеп кетті.

-Бұл қалай болғаны? Мына кісі менен кейін сөйлеген секілді еді ғой? – деп, депутат таңдана үн қатты.

-Ұмытып қалғансың ғой. Сенен бұрын сөйлеген шығар.

-Осыдан кейін сен шығатын боларсың.

-Телевизиядағы сөз сөйлегендердің ретін ауыстыра береді. Бұлар монтаж жасайды ғой – үлкен балдызы тағы да білгірсіп қояды.

Арасында, депутатты бірнеше рет көрсетіп қойды. Бірақ, оның сөйлеген сөзін бермеген күйі бағдарлама аяқталып кетті. Енді, депутаттың өзінен бұрын өзгелер ыңғайсыздана бастады.

-Жиналыста отырғаның сол қалпында жақсы көрсетілді – деп, қайын атасы еш риясыз пікір білдірді де:

-Қазіргі заман керемет қой. Үйіңде отырып-ақ кеше қатысқан оқиғаны көре бересің. Әй, өкімет-ай!

-Теледидарды сөндірмей тұра тұрыңдар! Жалғасы бар шығар – деп, нағашы апасы бәйек болып отыр.

-Техника болған соң бірдемесі болмай қалған шығар. Ондай-ондай ханның қызында да болады деген сөз бар. Қане, депутаттың денсаулығы үшін алып қояйық! – деп, үлкен балдызы әңгімені басқа жаққа бұрып, отырыстың  көрігін қыздырып әкетті...

Қуандық Шамахайұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1564
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3538