Сәрсенбі, 13 Қараша 2019
Әлеумет 1937 0 пікір 7 Маусым, 2019 сағат 14:59

Қызылордада атаулы әлеуметтік көмек тұрақты түрде беріледі

Қызылорда облысында атаулы әлеуметтік көмек беру алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов мәлімдеді, деп жазады Абай-ақпарат.

Биыл ақпан айында өткен "Нұр Отан" партиясының XXVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі көмекке мұқтаж көпбалалы ата-аналар мен аз қамтылған отбасыларға жәрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырған болатын.

Елбасының тапсырмасымен елдегі көп балалы және аз қамтылған отбасыларға тағайындалып жатқан әлеуметтік көмек халықтың қарсы алуына бөленіп отыр, Бүгінгі таңда жәрдемақы алуға Қызылорда облысы бойынша 40 мыңнан астам көп балалы, аз қамтылған отбасылар жүгінген және алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасады дейді облыс әкімінің орынбасары.

- Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде «ҚР Президенті сайлауынан кейін атаулы әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылады» деген алыпқашпа әңгімелер таратылуда. Бұл - жалған ақпарат, - деп атап өтті Қ.Ысқақов.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, 1 сәуірден бастап облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 40285 отбасы жүгінді, 19721 отбасынан өтініштер қабылданып, 20564 жанұяға кеңестер берілді. Облыс бойынша сәуір айында 16193 отбасындағы 79004 адамға 2,1 млрд. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек берілді. Мамыр айында 6755 отбасының өтініші қабылданды. 4332 жанұяға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, оларға 189,4 млн.теңге төленді.

- Қазір маусым айы үшін төлемдер жүргізіліп жатыр. 20 маусымға дейін 100 пайыз төленетін болады, - деді аймақ басшысының орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 5 сәуірінде «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізіліп ҚР Президентімен қол қойылған.

Abai.kz

0 пікір