Жұма, 29 Наурыз 2024
Анық 7780 36 пікір 26 Маусым, 2019 сағат 14:20

Халық сайлаған Тоқаевті жалпы қазақ болып қолдау керек

Президентті  ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған елімізді тығырықтан шығарудың 10 бағыты туралы және саяси-әлеуметтік салада жүргізген өз зерттеулеріміз төңірегінде  көкейге түйген кейбір өзекті мәселелер  жөнінде оқырманмен ой бөлісуді жөн көріп отырмыз.

Иә, еліміздегі қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуал аса күрделі.  Көпбалалы аналардың биыл бірнеше рет Үкіметке қол жайып, көмек сұрап, көшеге шықты. Бұл бұрын болмаған әдет. Ал сайлау тұсындағы 9-13 маусым күндері еліміздің басты қалаларында рұқсат етілмеген митингіге шығып, ешқашан болмаған  төрт мыңға тарта адам наразылық білдірді. Кез келген саяси-әлеуметтік жағдайды терең талдап үйренген   Қасым-Жомарт Тоқаев бұл екі сауалдың да түп-төркіні: «қарапайым  халықтың кедейшілікке ұшырауынан» екенін ашып айтты. «Билік естіді. Іске кірісеміз!» деп уәде берді. Бұл жоғары биліктің алғаш рет мойындауы...

Жұрттың әбден зығырданын қайнатқан сыбайлас жемқорлықпен күресті шұғыл күн тәртібіне қойды. Еліміздің болашағы жастарға қолдау көрсету, көбірек қызметке тарту басталып та кетті. "Менің тапсырмам бойынша, Президенттің кадрлық резерві құрылып, оған 300 жас маман енгізіледі. Әкімдердің міндеті-резервке ең дарынды және келешегінен үміт күттіретін жас басқарушыларды іріктеу" деді Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл қуанышты, әрине.  Бірақ іс мұнымен біте ме?

Әдетте, мемлекет бір даму формациясынан екіншісіне өтердегі өліара кезеңде туындайтын әлгіндей көп проблеманы түбегейлі шешу үшін Елбасы өз еркімен кейінгі жаңа толқынға жол беруі әлем алдында биік парасаттылықты пайымдатты. Әйтсе де, жаңа Мемлекет басшысы алдында тұрған міндет те осал емес екені кәміл.

Мемлекет басшысы: «Ашық және әділ жұмыс істейміз. Қоғамда қордаланған кез келген мәселеге қатысты ұсыныс енгізіңіздер, қарастырамыз, бірлесіп шешім қабылдаймыз» деді. Ашықтық-басты ұстанымы екенін кейін де қайталап айтты. Бұл бір кездері тығырыққа тірелгенде  бар қиындықты халқына ашып айтып, қоғамды қолдауға шақырған  Оңтүстік Корея билігі тәжірибесін де еске салады.

Ал, дана халықымыз:«ауруын жасырған өледі», «мін түзелмей, сын түзелмейді» демеді ме. Шындығына келсек, халық қазір ашынған. Бұрынғы «қалғыған» қазақ аз. Мұны кешегі сайлау тұсында да көрдік. Ашынуына объективті де, субъективті де себеп көп. Соның үшеуіне ғана тоқталайын.

Бірінші себеп. Тәуелсіздігіміздің сонау таң сәрісінде Елбасының: «...Кувейттен де бай тұратын ел боламыз. Араб Әмірлігінде дүниеге келген әрбір нәрестенің есеп шотана   $ 20 мың салса, біз олардан жиырма  есе көп саламыз, өйткені олардың мұнайы ғана бар, бізде Менделеевтің 92 элементінің бәрі бар» деген оң ниеті неге орындалмады? Бұл сауал әлеуметтік желілерді кезгелі қашан?. Осыншама байлықтың үстінде отырып неге әлгіндей  кедейшілікке ұрынамыз? Осыған ой жіберіп көрелікші, кәне. Билік пен халықтың арасына  сына боп қағылған сауалдың бірі осы.

Екінші себеп. Қазақ қашаннан анасына әулиедей бас иген, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел едік қой. Аналарымыздың жәрдем сұрап шеруге шығуы бұрын қазақта болмаған әдет. Оларды мұндай қайыршылық күйге түсірген не? Ол - жұмыссыздық, жалақының аздығы. Бұл Президенттікке үміткерлердің сайлауалды кездесулерінде көтерілген мәселе. Самсатып цифрлар келтірмей-ақ қояйық. Бірер мысал. Мынау Алматыға қараңыз! Өткен 80-жылдары тұрғыны миллионға жетпеген Алматыда жұмыс істеген оннан астам алпауыт зауыт пен фабрика,  сан  мың қыз-келіншек еңбек еткен  Мақта-мата комбинаты, жалпы саны 20-дан астам ірі-ірі  өндіріс орындары келмеске кеткен. Жұрттың бәрі бірдей бюджеттік қызметкер емес, сонда бүгінде 2 млн.-ға жуық Алматы тұрғындары немен күн көріп отыр?

Немесе, кезінде жарты миллионның маңында ғана тұрғыны болған Ақмоладағы кеңестік  аумағы ат шаптырым «Целинсельмаш», «Казсельмаш» тәрізді алыптар бастаған онға тарта өндіріс орындары бүгінде байырғы тұрғындардың түсіне ғана кіреді.. Олардың орнын басар қандай  ілкімді кәсіпорын  сала алдық? Еліміздің өзге қалаларындағы ахуал да осы.

Егер  елімізде орта кәсіпкерлік, шағын өндіріс орындары әлі де дами қоймағанын еске алсақ, жалақының неге мардымсыз екенін, қаншама әйелдер мен қыздарымыз, дипломды жастар жұмыссыз жүргенін ойлап көріңізші... Оған дәлел - жылына мыңдаған жас жалақы куып Оңтүстік Кореяға, т.б.елдерге аттанатыны. Соңғы бірер жылда ғана 38 мың адам елден көшіп кеткен.  Ал, отбасының жиі ажырасуы, өз-өзіне қол салу, діни жат ағымға ілесу, түрлі азғындық қылмыстардың дені ең алдымен, тұрмысы наршарлықтан туындайды екен...

Мемлекент басшысы 12 маусым күнгі әкімдермен кездесуінде: «Әкімдердің қызметі жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталуы керек екенін» қадап  айтты. Бұл әкімдер жұмысының басты көрсеткіші болуға тиіс» деген міндет жүктеді. Демек, аталған проблема  басты назарда. Енді ауыр да болса ауыл жайына сәл тоқталсақ...

Иә, ауыл дейміз. Ауыл біздің генофондымыз, қазақы қасиеттеріміздің - талбесігі. Қаншама ән, өлең-жыр арнадық. Ал сол ауылда қалған жұмыс түрі мынау: мектеп мұғалімдері, әкімдіктегі 3-4 қызметкер, медпунктегі 1-2 медбике... Ал, екі-үш қана созылатын орақ, шөп шабудан басқа уақытта ауылдың бүкіл жастары жұмыссыз отырады. Әр колхозда болған МТС-тар  жоқ, техника нашар. Жұмыс жүрмейді. Мәдениет үйлері сатылып кеткен. Дипломмен  ауылға бар деудің өзі ұят! Ауылда мал баға алмағандар, жан бағу үшін қалаға ағылуда. Бұл өркениетті елдердегідей мәдениетті урбанизация емес, «жабайы урбанизацияға» айналып кетті.

Үкіметтен пәтер, жәрдем сұрап жаппай  әкімдіктерге, митингіге шығып жүргендердің де  басым көпшілігі  сол ауылдан көшіп келгендер. Бұл жыл басында елімізді аяғынан тік тұрғызған бас қаламызда  өртеніп кеткен бес бала оқиғасынан кейін басталды. Елбасы өткен жылы 130 ауыл мектебі жабылғанын айтты. Ол мектептер ауылда адам қалмаған соң жабылған.

Үшінші себеп.: «Еліміздің бай  табиғи ресурстары орынсыз жемқорлықпен талан-таражға түсіп, ірі кен орындары қытай инвесторларының қолына өтуде» деген сөз отқа май құйып отырғаны  және биліктің халықпен санаспауынан өрбіген өзге де өзекті факторлар бар... Осы жайттар дауыл алдындағы теңіздей  күйге тіреп, бұдан жүз жыл бұрын қайран Алаш арыстары  көтерген «Оян, қазақ!»  ұраны қайта оралтып, жер-жерде толқындай теңселтіп тұр.

Міне, дәл осындай тығырыққа тірелген  тұста ел тағдырын, Мемлекет тізгінін кімге сеніп аманат еткен жөн? Сайлау науқаны басталсымен-ақ осы сұрақ халық көкейінде тұрды. Бір-бірін қаралап, Абай айтқандай «бас-басына би болған...» жұрт өзді-өзі қырқысып жатқан анау  «оппозиция өкілдеріне»  сенуі керек пе еді?

«Қазақ оппозициясы» дегеніміз кімдер?

Өзін оппозицияның жеке дара «көсемі» санайтын Мұхтар Әбілязов шет жайлап жүрген Ермек Нарымбай мен Әміржан Қосановтармен ұстасты. Бәріміз сыйлайтын Рысбек Сәрсенбай ағамыз  өнбес іс - байкот дегенді бастап, «өлгенде көрген» жалғыз Құрылтайдың қадірін кетіріп алды. Ал Қазақстан азаматтық қоғамы белсенділері (Ашаршылық,86-жылғы және 2011ж. Жаңаөзен қантөгісі, атадан қалған жер байлығы, шетел инвестициясына құл болмау тәрізді) әр қазақтың  жүрек мұңын қозғаған ең маңызды  ұсыныс-құжатты Ә.Қосановқа сайлау күніне бір жеті қалғанда ғана  тапсырғанын қалай түсінеміз?

Ең сорақысы, Әміржан Қосановты «қазақтың Зеленскийі» жасаймыз деген жастар жағы қатты ұрынды... Сенімдеріне орасан селкеу түсті. Бәрі «алтау ала болғанның» қандай болатынын өз көздерімен көрді.

 Бір қайран қаларлығы, М.Әбілязовтың өз мансабы үшін, өз жемқорлық аранын толтыру үшін неден болсын тайынбайтыны туралы Қ-Ж.Тоқаев «Беласу» кітабында (Алматы, 2003 ж.,195-197 б.) 2003 жылы-ақ атап көрсеткен екен. Айтса айтқандай, М. Әбілязов бастаған топ шетелдерде  әрқайсысы өз VouTube арналарын ашып алып, әсіресе, саясаттан алыс жастарды митингіге шақырып обалына қалуы, тіпті, рұқсат етілмеген митингілерге бағыт-бағдар беріп отыруы - олардың қаскөйлік әрекеттерінің қауіпті екенін толық аңғартты.

 Митинг мәселе шеше ме, әлем тәжірибесі не дейді?

Шындығына келсек, бірден он мың, жүз мың адамды алаңға шығара алатын саяси партиялары бар өркениетті елдерде болса мәселені басқа қырынан қарауға болар еді. Ал оппозициясының қауқары әлсіз Қазақстан жағдайында шеру деген аз ғана топты қақтығысқа, арандатушылыққа айдап салумен бірдей. Мұндай шерулердің арты сөзсіз қантөгіске әкелмей ме? Себебі, Қазақстан алпауыт  Украина да,  шағын Қырғызстан да емес. Қазақстан өзіндік күрделі геосаяси ерекшелігі бар ел. Әлемде жер  көлемі 9-шы орындағы, Менделеевтің элменттері түгел бар «алтын сандық» - Қазақстан, ғасырлар бойы аңдысқан - аюдай, ақырған, -айдаһардай ысқырған алпауыт державалардың  экспансиясына ұшырап, бір сәтте тістегенінің аузында, ұстағанының қолында кетпесімізге кім кепіл?.. Жүзден аса ұлт мекен ететін Қазақстан жағдайында қантөгіс қай кездегіден де, қай елдегіден де  қауіпті екені кімге болса да түсінікті.

Міне, осындай саяси жағдайымыз тым күрделі кезеңде елдің таңдауы әлемдік саясатта өз орны бар дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауғаны негізсіз емес. Бір кезде «үш оттың ортасында»  арпалысқан ұлы  Абылай да қысылғанда дипломатияға жүгінбеп пе еді?! Біз де сөйттік.

Қазір Тоқаев жөнінде әр түрлі қайшылықты пікірлер айтылып жүр. Қасым-Жомарт Кемелұлымен қызметтес, әрі  дипломатиялық іргелі еңбегі «Преодоление» («Беласу») кітабын қазақ тіліне тәржімалаған адам ретінде менің айтарым мынау: Кітап - автордың жан дүниесінің айнасы демей ме? Егер Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайраткерлігін білгіңіз келсе «Беласу» кітабын, егер аманатқа адалдығын білгің келсе оның «Әке туралы сөз» кітабын оқу керек. Әкесі Кемел: «Ең алдымен мемлекетіңе адал бол, екінші- кісінің ала жібін аттама» дегенді аманат еткен екен. Өзіне  үнемі сын көзбен қарау, ұлы Абай айтқан «сенбе жанға өзіңді тұрған мақтап!..» ұстанымы біз білетін Қасым-Жомарт. Тоқаевқа да тән қасиет.

Жаңа ұлт мүддесі дедік. Ғұмыр бойы қазақша оқыған Ә.Қосанов кезінде қазақ тіліне қарсы шықты дегенге  мен өз басым сене қоймаймын. Бірақ ғұмыр бойы орысша оқыған, қытайша, ағылшынша ағып тұрған Тоқаев, тек Қазақстан дипломатиясының негізін ғана емес, 2002 жылы Сыртқы істер министрі болып келгенде  бұрын ешқашан қазақ тілінде іс жүргізбеген, осы тілде бірде-бір кітап шығармаған мекемеде мемлекеттік тілдің де берік тұғырын қалыптастырғанын көзбен көрдік... Ісіміздің өрге басқаны соншалық кейін менің өзім осында қызмет істей жүріп, дипломаттардың көмегімен  екі және үш тілде төрт сөздік, екі аударма кітап шығаруыма тура келген...

Елбасы Н. Назарбаевпен бірге еліміздің сыртқы саясатын нығайту миссиясымен жүріп, экономикасы тұралап, сыбайлас жемқорлық жайлаған шағын аралдағы Сингапурды Лю Куан Ю президент қалай «таза ел» атандырып, өркениет өріне шығарғанын, ал ҚХР экономикасы қалай алға шарықтағанын, сондай-ақ төрткүл дүниенің небір  сұңғыла саясаткерлер, мемлекет қайраткерлерімен пікір алмаса жүріп, көп елдің  даму  жолдарын зерделеп,  кітаптар жазған Қасым-Жомарт Тоқаев, сол әлемдік озық даму  модельдері мен тәжірибелерін елімізді өркендетуге неге қолданбайды-дейтіндер де бар. Бұл да орынды пікір.  Себебі, дәл қазіргі таңда барынша  батыл саяси өзгеріс, шұғыл экономикалық реформа жасай алатын Президент керек деген талап барша  сайлауалды пікілердің ортақ қорытынысына айналып отыр.

Ал, сол айтқан  өзгеріс, реформаңыз басталып та кеткен жоқ па?

Тоқаев мемлекет басшысы болған небәрі үш айдай уақыт ішінде ғана бірқатар батыл шешімдер жасап, әсіресе, келелі жиынға басшыларын жинап, әбден бетімен кетіп, кешегі Шәкәрімді атқан Қарасартовтарға айналып бара жатқан кейбір полиция қызметкелеріне, бюджеттің әр тиынын үнемдеп, пайдасы жоқ бағдарламаны қысқарту жөнінде қатаң ескеру жасауы көптің көңілінен шықты.

Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ұмытқан әкімдерге: «Бастысы- халықпен диалог орнату. Билік халықты тыңдап, олардың талап-тілектеріне зейін қоюы керек. Шенеуніктер кабинеттерінде отырмауы керек. Тұрғындармен жұмыс істеуі керек. Әкімдер мемлекеттің саясатын азаматтарға түсіндіруі тиіс", деген нақты талап қойып отыр Тоқаев.

Иә, біз тарихи кезеңде тұрмыз. Президент сайлауымен бірге, «мың өліп, мың тірілген»  бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздігіміздің тағы бір  жаңа дәуірі бастау алып та  кетті! Болашақ бүгіннен, өзгеріс өзімізден басталады. Олай болса, Көк туымыз астына топтасып, өз үлесімізді қосайық, халық болып сайлаған Президентімізге енді халық болып қолдау көрсетейік, ағайын!

Болат Жәмкенов, дипломат-қаламгер

Abai.kz

 

36 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621