Сәрсенбі, 17 Шілде 2019
Әдебиет 1391 0 пікір 8 Шілде, 2019 сағат 12:48

Арман Әділбек. Жоғалған бөлмелер (әңгіме)

Ол таңертең ояна сала өзінің өліп қалғанын сезді, өйткені кірпіктерін аша алмады, қыбыр етер әл жоқ, саусақтары әлденеше тонналық әлденеге айналып кеткен сияқты, десе де, жаны әлі тәнінен ажырай қоймағандай, түйсігі ояу, санасы тірі қалпы, терезе алдында жапырағы желпініп тұрған дарақтың жүгенсіз кеткен бұтақтарының арасында құлшына, құмарлана сайраған торғайлар үнін естіп жатыр, тыныштығын бұзған осынау қаптаған қалың аспанның құрттарына жақтырмай көз салып, тыжырынғысы келіп еді, онысы бос әуре болды, мойын бұрып қараудың өзі мұнан былай сандалбайлық екенін анық ұғынды.

Бұл жолы шынында өлген екен, шынында деп қосуымыздың өз себебі бар, дегенмен бұл арада оның өз тәжірибесі түкке тұрғысыз екені де айқын еді, өлу турасында ойлауға болатын шығар, қалайда өлуге үйрену қиындау сияқты. Кімді, нені қимайтыны белгісіз, әйтеуір өзегіне ащы бірдеңе тығылды, жоқ, ештеңе тығылмапты, ештеңе сезбеді, кеудесінде, тәнінде шайқалып жататын күйге қош айтқаны рас болды, ояу сана үйренген дағдысымен тәнге соқтығып далбасалағанымен, оның да тез арада жетекке үйренген асаудай шапшуын тоқтатарында гәп жоқ. Иә, сонымен өліп қалған соң кісі дегеніңіз артында қалған мынау дүниемен ісі жоқ екенін, жұмысы болмауы керектігін ұғынуы керек емес пе? Әрине, ауыр, мұндай күйді ешкіммен бөлісе алмайсың, тірлігіңде де бөліскенің шамалы, енді тіптен қой-ақ қой. Ол аздап бұл жайында ұққандай болды да тез арада тыныштала бастады. Сәлден соң адамдардың күбір-сыбырына құлақ түрді.

– Ол өліп қалған ба? – бұл әкесінің дауысы.

– Иә, өліп қалғанында гәп жоқ. Бұл анасы, әрине, анасынан артық баланы кім түсінер, жатқан жатысына бір қарап-ақ ұлының өлі-тірісін ажырата алады, көрмейсің бе, әкесі өз сөзіне күмәнді. Әкесі тағы да сенімсіздігін сездірді:

– Біз әбден анықтап алайық, егер ол тірі болса, ренжіп қалуы мүмкін ғой? – деді де оған жақындап келгендей болды, осы кезде ол:

– Әкем сөзсіз тамырымның соғуын немесе тынысымның бар-жоғын тексереді, өлгеннен соң денеме басқалардың қолы тигені қалай сезілер екен, ә? Әсіресе, әкемнің жып-жылы салалы саусақтары…– деп ойлап үлгірді, бірақ, анасының сөзі шырық бұза шықты.

Оның есіне анасының ағалары өлгенде де міз бақпаған сабырлы қалыпы түсті.

– Болды, маған сенбегенде, сен нені біле қоярсың? Онан да барып шәйімізді іше отырып жедел жәрдем шақырайық, бәрібір олар келсе, қарбаластықтан титықтаймыз, ұлымыз өлген күні бізде қайбір тыныштық болсын? Қайбір жөнді демалыс бұйырады дейсің? – анасының үнінен кейігендігі байқалды, ол да өзінің шындығында, беймезгіл уақытта өлгеніне қынжылды, десе де, өлім айтып келмейді ғой, бұл оларды соңғы рет әурелеуі, ендігәрі бұлай болмайтынына нық сенді, бұл сөздерді ой елегінен өткізіп жатып ептеп көңіл-күйі орныққандай болды, оның үстіне әке-шешесінің қайратты жандар екенін біледі.

Өлім деген – адамға аса бейтаныс дүние емес секілді, өлмей тұрғандағы үрейі тірі жанның жүрегі қабылдамас сұмдық, ал, өліммен құшақ айқастырған соң-ақ бәрі өз жөнін табатын сыңайлы, жаңағы үрейдің, қимастықтың сірәда болған, болмағанын білудің өзі қиын. Иә, үрей, өлімге деген үрей адамға қай есікті қақтырмады?! Қай жолға бастамады?! Соның барлығы өлімнің бізбен қойындасып өзі де өмір сүріп жатқанын мойындай алмаудан шығар, ал, өлім өзі қашан өлерін кім білсін? Мүмкін…үрей мен еркіндіктің күресі біткенде бір жауабы табылар. Қазір ол шынында үрейден кешкен, бірақ, оны үрей үңгірінен суырып алып шыққан өлім емес екенінде гәп жоқ.

Әке-шешесі бөлменің есігін жауып шығып кете салып, терезе түбіндегі әлгі атың өшкір дараққа бір топ қарға қонды, қарғаның есімі ойында қалайша сақталып қалғанына аздап таңданғанымен, сол қарғалары барқ-барқ етіп шулай бастасымен-ақ, оның зықы шыға бастады, тіпті, біреуінің дауысы тым жақыннан естіледі, шамасы, бұтақты місе тұтпай терезенің жақтауына қонып алып, жайлана қарқылдап отырса керек. Барынша өзін сабырға жеңдіріп, ертерек қайда болсада жәйлі сезіммен аттануды тілеп ішінен дұға ма, әлде басқа ма, өзіне де түсініксіз бір ұзын-сонарлау сөздерді міңгірлеп жатып, құлағы сүйрете басып өз бөлмесіне жақындаған аяқ дыбысын шалып қалды, іле-шала есік шарық етіп қатты ашылды да, анасының ғазапты сөздері естілді:

– Тұқымың құрығырлар-ай, қайдан келе қалдыңдар бірдемелерің өлгендей шулап! Тыныш бір шәй де іше алмадық-қой, әттең, ұлым тірі болса, мені сандалытпай сендерді өзі-ақ үркіте қуып жіберер еді…

Есік қайта жабылды, анау ұзақтай шулаған өлімге көрінгірлердің де үні өшті, анасының айтқаны рас, тірі болса қарғаларды өзі-ақ қуып салар еді, қайтеді енді! Өліп қалған, қозғала алмайды, денесін көзге көрінбес тастай ауыр, тастай нығыз ауа басып, қымтап алған сияқты, еркіндік деген қымбат нәрсе екен ғой, көзін де аша алмай жатып жүгргісі келеді, қарғаларды аулаққа қуып жібергісі келеді, қозғалғысы келеді, неткен ауыр дене бұл? Жо-оқ, денесі бар ма өзі? Осыларды ойлап жылап алғысы да келді, мұндайда жасы құрығыр қайдан шыға қойсын, жанары құбының құмындай құрғап қалған секілді, әлде, жанар да, жас та мұнда жоқ болар.

Бұл шақта сырт жақ апыр-топыр болып әлденеге қарбаласып кеткен, әке-шешесі шәйлерін ішіп болмай жедел жәрдем жетіп қойыпты, зембілін есіктің жақтауына соғып алды ма екен тарсылдап-гүрсілдеген дыбыстар шығып жатты... Артын ала сұп-суық бір шытынаңқы дауыс естілді:

– Өліп қалды ма?

Әке-шешесі қатар:

– Білмедік, сіздерді күтіп отырмыз,– деп жамырай тіл қатты.

– Иә, өлген секілді, бірақ бақылау керек, кейбіреулер тіріліп кететіні бар, оның үстіне өлсе де қашан өлгенін, қандай себеппен өлгенін қазір тексеруіміз қажет.

– Е, мақұл, құлыптасына жазу үшін бізге де керекті дүние ғой,–деген әкесінің шаршаңқы үні естілді. Шешесі де қалыспай:

– Туыс-туғандар да себебін сұрайды ғой, иә, тексеріңіздер, – деді үмітті пейілін жасырмай. Ал, ол болса өзінің шынында қашан, неліктен ажал құшқанын ұғуға асықса да, өлім алдында әдеп сақтап, тыныш жатыр, бір қараған адам расында мұның өлгеніне сенбеуі мүмкін емес, оның өзі де, біреу-міреу өлгеніне күмәнданса әурешілік боларын біліп, жаңағы арпалысқан ойлардың бәрінен тізгін тартып, бар бітім-күйімен өлінің сипатына адал ықыласта жатыр еді.

Жедел жәрдемнің көлігімен емханаға жеткізілді, жолда сықырлаған, шытырлаған дыбыстардан жалыққаны болмаса, уақыттың қалай өткенін де білмей қалды. Қазір тозақтың сұсын сездірер тастай суық мәйітханада жатыр, маңында және бір өлген адам бар сияқты, бұны қалай сезгенін білмейді, оның да, ішінен күбірлеп, қайсыбір жаққа асығулы екенін аңғарады, онымен әңгімелескісі келді де, мынадай сәтте не айта қоюға болатынын біле алмады. Дегенмен ұзақ та күткен жоқ.

Әлде бір уақытта бөлме ішіне шипагерлер, әке-шешесі, сосын сөз ләмдерінен полиция қызыметкерлері екені білінетін бір-екеу… Солай, барлығы келіп кірді. Сөзді бөтен дыбыс иесі бастады, шипагер секілді.

– Балаларыңыздың өлгеніне әлденеше жыл болған. Барлығын мына қағаздарға мөрлеп, жазып қойдық. Иманды болсын!

Осы кезде сөзге әкесі араласты, көзін аша алмаса да, шешесінің әкесін бүйірінен жеңіл нұқып қалған соң барып әкесінің тамағын қырнағанын елестетті.

– Иә, рақмет, өзі де сол қаншама жыл бойында сол өлген кісінің бейнесін әдеппен сақтап, бір ауыз артық сөйлеген жоқ, мүмкін, біз естімеген де болармыз (осы кезде ол өзінің әдетте көп сөйлейтінін, сөйлеуден рахаттанатынын есіне алды, қалайда, әкесінің сасқалақтап сөздерді алмастырып алғанына күмәнсіз сенбек болды, бірақ…), бірақ ортамызда жүрді, тіршілігін қылды, биыл жирма алты жаста ғой, сол жылы университеттегі оқуын тастады да, көп өтпей жанбағыс қамына кірісті, содан көп ұзамай баламыздың өлгенін байқадық, біз де, баланың шешесі екеуіміз де өлгенімізге талай жыл болған-ды, я, солай. Әкесі сөзін аздап күйініш аралас үнмен тоқтатты.

– Түсінікті, біздің де қашан өлгенімізді ұмытып қалатынымыз бар, мен сол күнді есіме сақтай алмағандықтан алаңдап күнделігіме түртіп қойғанмын, жә, мұндай жағыдай көп қой, тіпті, өліп қалғанын сезбей жүре беретіндерді де көп көрдік. Кәне, мына қағазда балаларыңыздың қайтыс болған нақты уақытын жазып, мөрімді басқанмын, алыңыздар.

Шипагердің сөзі аяқтала бере нығыздалып, сөзіне лайықсыз салмақ пен екпін үстеп біреу сөйлей бастады, аңғары жаңағы полиция қызыметкерінің бірі болса керек.

– Жақсы, барлығын шипагерден сосын өздеріңізден сұрап, хаттап-шоттап алдық, қалған жұмыстан қам жемеңіздер, айтпақшы, қайырын берсін!

Жұрттың бәрі тарады, ол өзінің өлген уақытын әкесі мен шешесінің бірі дауыстап оқып жіберер деп қатты үміттенді, бірақ, олар мәйітті үйге алып қайтудың құжаттарымен әуреленіп сыртқа шығып кетті де, бұл тағы сол ызғар ұрып тұрған бөлмеде қалды, қанша ойланса да өзінің қашан өлгенін таба алмады, түбегейлі ұмытқан екен, жаңағы шипагер мүмкін осының өзін нұсқап айтқан шығар?! Қайсы ай, қайсы күн еді? Күнделігі де қолға түсе қоймайды, күнделігіне жазған-жазбағаны да есінде жоқ.

Үй іші, ұлар-шудан әбден мезі болды, кеш батып, жұлдыз бейуаққа иек артар шақта әзер тыныштық орнады, бірақ, үй толы күбір, әлде бір уақта шешесі бөлме есігін ашты-ау деймін, ақырындап қана өзінің мейірлі үнімен сөз бастады:

– Ұлым өлгеннен тартып үндемеді (ол осы кезде өзінің бала кезінде бұйығылау болғанын, қатты ұялшақ болғанын, сөзге тым сараң болғанын есіне алды.). Бірақ, тіршілікті тыңғылықты жақсы істеді, бұл жағы әкесіне  ұқсайтын, дегенмен, әкесі басқаша ғой, үйіміздің қарыз-құрызын түбегейлі жауып, бізге шалқып тұрмыс кешуге себеп болған осы балапаным еді. Кеше ұйқтардың алдында он жылдан бергі тұңғыш және өміріндегі соңғы сөзін айтып қалды, «жақсы түс көріңдер!» – деп. Қуанып қалып едік, Құдай да шаршағанын сезген көрінеді, бақұл бол, құлыным! Кешікпей біз де соңыңнан барамыз.

Бұл ықылас оның өмірінде естіген барлық сөздерді ұмыттырып жіберді, ол өзінің өлген уақытын таппақ ниетінен қайтты, өйткені анасының сөздерін естіп жатып, өзін таңертең ғана қайтыс болғандай сезінген еді. Мүмкін, ол осы нәрсені күтіп жүрген де шығар, қалайда, жаны шынында тынышталды, бағанағы үрей әлемінен жетелеп алып шыққан қуаттың үмітсіздік, ой әлемін шырмап алған мағынасыздық екенін де сезінген болар, деседе оның үреймен ешқашан күресін тоқтатпай келе жатқан еркіндікпен қандай байланысы барын Тәңірі өзі білер.

Оны жер қойнына берген соң әке-шешесі көп өтпей бөлмесін айнадай етіп жиыстырды да, ұлының барлық керек-жарақтарын отқа жақты, сосын бірнеше адам жалдап бөлменің есігі мен терезесін бекіттіріп, қабырғамен бірдей қылып сырлап, өрнектеп тастады.

– Бұл тұста бөлме болған екен-ау дейтұғын із қалмасын, – деді жұмыскерлерге шешесі.

Ұзамай-ақ бұл үйде бұрын осындай төрт бөлме болғанын ұмытып үлгірген қарттар:

– Біздің бала сүюге мүмкіндігіміз болмады, қараңдаршы, сөйтіп бар өмірімізді арпалыспен өткізгенде екі бөлмелі ғана үйіміз бар, өзге ештеңеміз жоқ, қубаспыз... – деп кездескен жандарға мұң шаға бастады, көрші-қолаңдары мен туыс-туғандары да сұрағандарға:

– Бейбақтар ғой, ғұмыр бойы шаршап-шалдыққанда артында түтін түтетер ұрпағы жоқ, шынында, бақытсыздық, дегенмен, біз де оларға жастау кездерінде балалы болу жәйінда көп айтқан едік, енді міне, жағыдайлары осы... – десті.

Төрт қабатты ғимараттың бірінші қабатының артындағы аласалау қара ағаштың бұтақтарында бір топ қарға қарқылдап отыр, бұрынырақта осында бір терезенің болғаны солардың ғана есінде қалса керек.

Арман Әділбек

Дереккөзі: «Қазақ әдебиеті» газеті. №21, 2019 жыл

Abai.kz

0 пікір