Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3087 0 пікір 18 Мамыр, 2009 сағат 05:40

Қазақта – «оралман», қырғызда – «қайырылман»...

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнде шетелдерден көшiп келушi ұлты қазақ ағайындарға байланысты қолданылатын «оралман» сөзiнiң баламасын талдау мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталған министрлiктiң көшi-қон саласы өкiлдерi, Парламенттiң қос Палатасынан келген «халық қалаулылары» және тiл мамандары қатысқан басқосуда әп дегеннен қызу пiкiрталас басталып кеттi де, «даудың басы» «оралман» сөзiн өзгертудi кейiнге қалдырумен аяқталды. «Өспес елдiң баласы өнбес дауды қуалайды» дегендей, тақырыптың «маңыздылығы» төмендегi жәйттен аңғарылады...

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнде шетелдерден көшiп келушi ұлты қазақ ағайындарға байланысты қолданылатын «оралман» сөзiнiң баламасын талдау мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталған министрлiктiң көшi-қон саласы өкiлдерi, Парламенттiң қос Палатасынан келген «халық қалаулылары» және тiл мамандары қатысқан басқосуда әп дегеннен қызу пiкiрталас басталып кеттi де, «даудың басы» «оралман» сөзiн өзгертудi кейiнге қалдырумен аяқталды. «Өспес елдiң баласы өнбес дауды қуалайды» дегендей, тақырыптың «маңыздылығы» төмендегi жәйттен аңғарылады...

Еркеғали БЕЙСЕНОВ
Мәселен, 1997-жылы желтоқсанның 13-iнде қабылданған «Қазақстан Республикасының «Халықтың көшi-қоны туралы» Заңының 14-ші бабына сәйкес «оралман» мәртебесiн басқа елдерден көшiп келушiлерге беру шешiмi күшiне енген болатын. Одан кейiнгi арада бақандай он екi жыл өтсе де, әлi күнге дейiн лауазымды билiк өкiлдерi арасында биылғыдай «оралман» сөзiне балама iздеген ашық талқылау өткiзiлмеген. Тек атажұртқа оралған ағайынның өкпе-ренiшi мен отандық бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан жиi бой көрсетiп тұратын қарсылықтардың гу-гуi ғана толассыз болды. Қаптаған балама да ұсынып баққан баспасөздiң қатарында қисап жоқ. Соның бәрiн ескерiп, жұртшылық пiкiрiмен санасқаны шығар, әйтеуiр, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Уәлихан Қалижан әнеугүнi бiр сәтi түскенде, «оралман» деген атауды қолданыстан алып тастау керектiгi жөнiнде мәлiмдеме жасады. «Оралман» деген сөз – «қашқын», яғни кезiнде елден қашып кеткен деген мағына бiлдiретiн секiлдi» деп салды депутат. Сол кездегi Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев та: «Оралман» атын өзгертемiз. Бiрақ ол мәселенi бiр-ақ күнде жалғыз министрлiк шешпеу керек. Негiзiнде депутаттар ұсынған «қандастар», «отандастар», «туысқандар» деген баламалардың бiрiн таңдап, заңға енгiзген жөн» дегендi алға тартты. Бұл ұсынысты шетелдерден оралған ағайындар да қолдайтын сияқты. Дәлел ретiнде Қытайдың Үрiмжi қаласынан жолданған фольклорист-жазушы Байахмет Жұмабайұлының отандық баспасөздің бірінде жарияланған мақаласынан үзiндi келтiрейiк: «Бүгiнде қазақ ағайындардың қол жеткiзе алмай отырғаны – iшiнара бiрлiк. Рушылдық пен жершiлдiктi былай қойғанда, ат арылтып, шетелден келген ағайындарымызды қатты шеттететiнiмiз де жасырын емес. «Оралман» дегендi өз басым жақтамаймын. Себебi оралу – ежелгi мекенiне қайтып келу ғой. Олай болса сол «оралмандар» сөзiнiң орнына «отандастар», «қандастар» деген жөн бе екен деймiн. Шындап айтар болсақ, оралмандарда отаншылдық сезiм күштi».
Заңға енгiзу – орындайтын адам үшiн сонша бас қатырарлық ұстаным болмаса керек. Немкеттiлiктен шын ниеттiң басым тұрғаны жақсы. Ал «оралман» дегендi бәз қалпында қалдыруға тырысушылар қоңсы қырғыз тәжiрибесiне арқа сүйеген болар?! Бұлай дейтiнiмiз, қырғыз елi шетелдерден отанына оралған ағайындарын «қайырылман» деп атайды. Оларға бiрнеше жеңiлдiк жасау мақсатында арнайы «Қайырылман» бағдарламасы да бекiтiлген. Оған келiспейтiнiн айтқан бiздiң Уәлихан Қалижан ағамыз шешiм қабылдаушы тарапқа «этникалық отандастар» деген балама ұсынып отыр. Онысы да көршi елдiң «Тарихи Отанына оралған этникалық қырғыздарға мемлекеттiк кепiлдiк беру туралы» Заңымен үндес. Оларда – «этникалық қырғыздар», қазақ депутатының ұсынысы – «этникалық отандастар». Айырмашылығы қане?
Уәкеңнiң сенатор әрiптесi Әдiл Ахметов: «Этникалық отандастар» дегенiмiз дұрыс шығар, бiрақ, түбiнде олар бәрiбiр де «отандастар» болып қалады», - дегенi «өзіндік пiкiр» екенiн бiр қайырып тастады. 
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыпов тарихтың бастауынан төмен тартып, «оралман» сөзiнiң бас-аяғын бiр-ақ қымтайтын, ұзын-ырғасы жүз шақты сөзден тұратын күрделi концепция әзiрлептi. Өзi оның iшiнен «құтпан», «жұрағат», «елдар», «табысқан» дегендей «ақылға қонымдыларын» баламаға «үмiткер» етуде. Келiсесiз бе, келiспейсiз бе, Жантас Алтайұлы: «өз басым «оралманды» «елдармен» деп ауыстырғанды қалаймын» деп түйiндедi деректi сөзiн. Ал Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Заң институты Тiлдiк дайындық кафедрасының бастығы, профессор Шапағат Жалмаханов болса, шетелдерден келген ағайындардың «оралман» сөзiне неге ренжитiндерiн түсiнбей дал.
«Сөздi сол күйiнде қалдыру керек! Бәрiбiр атауды өзгерткен жаңа заң қабылдағанмен,  қарапайым адамдардың аузына ешкiм қақпақ қоя алмайды. «Оралман» сөзi үйреншiктi қолданыста қала бередi», - дейдi ол кiсi.
«Дайрабайдың көк сиыры» емес, тұтас әлеуметке қатысты атаудан шыққан өзара пiкiрталас барысында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Хабылсаят Әбiшевтiң сөзi әсерлiрек болды.
«Заңды өзгерту концепциясы әлi де жасалып жатыр. Бұл жиналыс – соның басы ғана. Үкiмет бекiткен «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша, жылына келетiн 20 мың отбасына небәрi 4 пайыздық үстемемен ипотекалық несие беру қарастырылып отыр. Мұның өзi 5 миллионға жуық жырақтағы қазақтардың тарихи отанына оралуына зор ықпалын тигiзерi сөзсiз. Ал «оралман» деген сөздi кезiндегi құқықтық-статустық ұстаным пайда болған сәтте қаулыға енгiзiп жiберген Өмiрбек Жолдасбеков ағамыз едi. Қазiр Сiздер айтып отырған «отандастар» сөзiн 1988-жылы «ханымдар мен мырзалар» дегеннiң орнына Горбачев қолданды да, біз сол күйi қабылдап алдық. Дегенмен әр сөздiң шығу тарихы бар ғой. Термин жасаудың да үш-төрт шартын орындауымыз керек. Сондықтан мына басқосуымызды Заң қабылдар алдындағы дайындық шараларының басы деп есептейiк!» - дедi Хабылсаят Әзiмбайұлы.
Сөз бәйгесi алдағы уақыттардың бiрiнде жалғасады. Iрiктеуден iркiлмей өтiп, соңғы мәре сызығына асыққан «репатриант», «оралман», «этникалық отандастар», «елдар» – төртеуi «ауыздығымен алысуда». Байқауымызша, орта жолда қалатыны – «оралман» мен «репатриант» болуы тиiс. Қалған екеудің «егескені» де теңескені емес. Қалайда біреуі шаң қабады.  

КЕРЕК ДЕРЕК
«Тәуелсiздiк алғалы елiмiзге бiр миллион ағайын оралды» деген жалпылама мәлiмет Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi тарапынан былайша нақтыланды: квотамен ресми келгендердiң саны – 651 мың. Оның 55 пайызы – еңбекке жарамдылар,  40 пайызы – 18 жасқа толмағандар, 4 пайызы – зейнеткерлер, 60 пайызы – орта бiлiмдiлер, 73 пайызы – баспаналылар.
Астанада тұратын 1242 ағайынның 565-сi жеке баспанаға ие. Қалаға алыстан келген ағайындар үшiн 250 орындық квота бөлу жөнiндегi мәселе үкiметтiң қарауында жатыр. Сонда бұларға қалған 349 мың қазақ қайдан қосылған? Демек, атауды айналшықтап, алашапқын бола бергеннен гөрі арнайы тiркеуден тыс, өз күшiмен келiп жатқан қазақтар санын, толық мәлiметiн, қоныстану жайын қолға алатын кез әлдеқашан жеткен бiзге!..

«Қазақстан Іскері», №9 (29), 8.05.2009

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610