Жұма, 29 Наурыз 2024
Саңлақ 4308 7 пікір 9 Шілде, 2019 сағат 14:51

Қанатты ұлттық құрамаға кеңесшілікке шақырса ұтымды болар еді...

Өткенде белгілі боксшы Қанат Ислам Алматыда кезекті жекпе-жегін өткізді. Бұл кездесуді жекпе-жек деуге келсе, әрине. Өйткені, жұрт жекпе-жек көрген жоқ. Шаршы алаңға шыққан сәттен тұп-тура 14 секунт өткенде доминикандық қарсыласы құлаштап ұрған жалғыз соққыдан сұлап түсті. Серейіп біраз жатты. Дәрігерлік көмек те көрсетілді.

Бокс кеші Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Қазақстандық боксшы Қанат Ислам (26-0,21КО) мен оның доминикандық қарсыласы Хулио де Хесустің (27-2,25КО) кездесуі кештің басты жекпе-жегі еді. Ай бұрын жарнамасы жасалып, жұрт асыға күткен кездесу осылайша басталмай жатып аяқталды. Сөйтіп, Қанат Ислам орта салмақтағы WBO Inter-Continental белдігін тақты.

Айтпақшы, бұл Қанат Исламның екі жылдық үзілістен кейінгі шаршы алаңға алғаш шығуы еді. Оның қарсыласы өз елінен сыртқа шықпапты демесеңіз, нәтижесі тым төмен спортшы емес. 28 кездесу өткізген. Оның 27-інде жеңген. Тіпті 25-ін нокаутпен жеңіпті.

Алайда, Қанат Исламның бұл жолғы кездесуі – оның екі жылдық үзілістен кейінгі қарым-қуатын, мүмкіндігін көрсете алған жоқ. Себебі, жекпе-жек өткен жоқ. Жалғыз соққы. Жойқын нокаут – Қанат Исламның барлық понтенциалын көрсетуге жеткіліксіз деген ауандағы пікірлер әлеуметтік желіде көптеп айтылды. Осы ретте біз Қанат Исламның осы жолғы кездесуіне қатысты белгілі спорт журналисі Руслан Меделбекпен әңгімелескен едік...

Руслан Меделбек:

-Негізі Қанат бұл жекпе-жекте өзін толық көрсете алған жоқ. Қарсыласы кездесуге дайын болмады. Билет алып, басты жекпе-жекті, Қанаттың жекпе-жегін көруге келген көрермендерге обал болды. Өйткені олар ештеңе көрген жоқ. Кәсіпқой бокс бір жағынан – шоу. Ал Қанат келген адамдар мен телеэфир алдында шоу жасауы керек еді. 

Екіншіден, бұл боксшы Қанаттың деңгейі емес. Бір жағынан келісіп үлгернгені де осы болуы мүмкін. Себебі, қазір Қанат үшін басқа қарсыластармен келісу өте қиын. Себебі, кез келген боксшы перспектива іздейді. Ақыры жекпе-жек өткізгеннен кейін рейтинг немесе бедел алып келетін қарсыластарға мән береді. Ал Қанат жарақатына байланысты 1,5-2 жыл уақытын өктізіп алды

Ашығын айту керек, Қанаттың Қазақстанға келгендегі негізгі үміті ақталмады. Ол Олимпиада ойындарына қатысу еді. Екіншіден, оның промоутері өте сәтсіз таңдалды. Латын Америкасы елдерінен шыққан, АҚШ-та базасы бар. Өкінішке орай бұл промоутерлік компанияның беделі аса жоғары деуге келмейді. Себебі, чемпион шығарғанын естімедік. Сондықтан бұл Қанатқа баспалдақ болуы керек еді. Бір-екі жыл жұмыс істеп, беделі болып тұрған кезде басқа промоутерлік компанияға ауысып кетуі керек еді.

Қанатың командаластары сын айтқандарға, «әй, бұлар отырып алып айта береді» деуі мүмкін. Бірақ, осы жолғы жекпе-жектен байқағанымыздай халықта анау айтқан ажиотаж болған жоқ. Себебі, Қанат халықтың есінен шыға бастаған екен. Осыған дейінгі жекпе-жектерінде қатты ажиотаж болып еді. Осы жолы ажиотаж болған жоқ. Ажиотаждың өзі жаңағы сыни пікірлер ғой. «Не болып кетті, өзі» деген әңгімелер ғана.

Қанат Олимпиаданың қолa жүлдегері. Олимпиаданың қолa жүлдесін алу кез келген боксшының қолынан келмейді. Өте тәжірбиелі. Кәсіпқой бокстың нарығын, әуесқой бокстың қыр-сырын білетін адам. Енді шәкірт тәрбиелесе дұрыс болар еді. Сол шәкірттері арқылы Олимпиада алтынына, кәсіпқой бокс чемпиондығына ұмтылса дұрыс. Бұл шынайы тілек. Өйткені өте қиын болады. Кәсіпқой бокс аямайды. Чемпиондық белбеу алу үшін Қанатқа 2019 жыл бітпей жатып тағы 3-4 кездесу өткізу керек. Сол кезде ғана Қанатта 2020 жылы мықты-мықты қарсыластар алуға мүмкіндік болады. Ол үшін биыл кем дегенде 3-4 кездесу өткізу керек. Ол өте қиын. Ал бірден чемпиондық атақ үшін Қанатпен кездесуге Альварес, Джейкобстардың келісе салуы екіталай.

Қанатта, ашығын айтайық, кәсіпқой бокста қандай да бір жетістікке жетуі қиын. Бұл - менің ойым. Егер ертең «Канеломен» кездесетін болса, жеңуі қиын. Бірақ бұл Қанат әлсіз дегенді білдірмейді. Өте тәжірибелі, жас боксшыларға берері көп. Тіпті оны ұлттық құрамаға кеңесші етіп шақырса да ұтымды болар еді...

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3546