Сәрсенбі, 23 Қазан 2019
Талқы 3079 13 пікір 9 Шілде, 2019 сағат 15:24

Арандатқыштар аруақтан да қорықпайды

Таяудан бері әлеуметтік желіде «Компания Ас-Ай ЛТД» ЖШС айналасында арандату сипатындағы өсек-аяң тым көбейіп кетті. Отқа май құйып, өсек-аяңды қарша боратып жүргендердің басында 2 жылдан бері ел ішін ала тайдай бүлдіріп ағайынды араз, жақын жауластырып, арандатуды кәсіпке айналдырған аты шулы ұйым мен жағдайдың байыбаны бармай дүрмекке ілесіп, айғайға аттан қосушылар жүрді. Әрине, осындай өтірік пен өсекті жүндей сабайтын суайттардың қай өтірігін елеп-ескереміз деп мән бермеуге де болар еді. Бірақ, мәселе марқұм досымыз Асқар Жакулиннің отбасы және ол негізін қалаған «Компания Ас-Ай ЛТД» ЖШС туралы болған соң, үнсіз қалуға төзе алмайды екенсің.

Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры демекші мәселе компанияның бұрынғы қызметкері Салтанат Құсманқызы мен «Компания Ас-Ай ЛТД» ЖШС ортасындағы дауға байланысты екен. Жағдай құқық қорғау орындарының бақылауында. Сот жарты жылдан бері жалғасып жатыр. Іске нүкте қоятын күн де алыс емес. Әрине, даудың төрелігін сот айтады. Ал бұған бізде құқық қорғаушылар мен әділ сот атымен жоқтай-ақ, кейбір ұйым сымақтар өз бетінше төрелік айтып үкім шығармақ болады. Оған айғайға аттан қосушылар өре түрегеліп, марқұм Асқар Жакулиннің жұбайы мен «Компания Ас-Ай ЛТД» ЖШС-на адам ауызы бармайтын ауыр айыптар тағады. Олардың ең басты уәжі - марқұмның жары Жайна Жакулинаның ұлтының қытай болғандығы. Бұл туралы сөз сәл кейінірек.

Әңгімемізді осы арадан доғара тұрып, марқұм Асқар Жакулин кім еді және ол негізін қалаған «Компания Ас-Ай ЛТД» ЖШС қандай ұжым деген сұрақтың басын ашып алайық. Мен досым Асқармен 1984 жылы Бейжіңде таныстым. Ол бізден 2 жыл кейін Бейжіңдегі Қытайдың ең атақты оқу орыны Шинхуа университетіне қабылданған болатын. Асқар ол кезде өз қатарластарынан ойы бөлек, толысқан, ересек ақыл иесі болып көрінетін. Сонымен қатар, бойында жастық жалын мен ақыл-қайрат тасып тұратын еді. Сол кезде Бейжің қаласындағы жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерінің тұңғыш ұйымын басқа мұраттас достарымызбен Асқар екеуіміз бірге құрысып, қатар еңбектендік. Ұйымның жарғысы мен басқа да құжаттарын көбінде Асқар екеуіміз дайындайтынбыз. Сол достық пен сыйластық Асқар өмірден өткенге дейін үзілген жоқ. Себебі біреу ғана. Біздің өз ұлтымызға деген шексіз адалдығымыз әрқашан бізді бір-бірімізден алыстауға жол бермейтін.

Асқар Жакулин жоғарыда аталған университетті «Электрондық инженерия» мамандығы бойынша табысты аяқтап, үздік бітіріп шықты. Ол 6 елдің тілін еркін меңгерген ғұламалық деңгейдегі білімді азамат болып қалыптасты. Асқардың бір басында білімділік пен дарын, тектілік шебер тоғысқан. Атасы Жакула Күшікұлы Дала генерал-губернаторлығының орталығы Омбы қаласында еуропалық деңгейде медициналық білім алған (1881-85 ж.ж.), Жетісу жерінде дәрігерлік (1885-1909 ж.ж.), Семей өңірінде болыстық қызмет атқарып (1909-1920 ж.ж.), саяси тұлға ретінде ұлт-азаттық күреске араласып, «ұлттық партия құруымыз керек» дегені үшін (1913 ж.) Ресей империясы тарапынан қуғындалса, «Алашқа ниеттес» болғаны үшін большевиктер тарапынан кәмпескеге ұшырап, қуғын-сүргін көріп, Қытай асқан. Бұған қоса, Варшава университетін 1917 жылы бітірген інісі Әбілмәжін Күшіковтің «Қапланбек Алашордасы» ұйымын құрғаны үшін 1937-де атылған. Ал өз әкесі Әнуар Жакулин мен Мағауия Жакулиндер Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының белді қайраткерлері еді. Нағашы жұрты атақты Ақтайлақ биден тарайды.

Қытай қазақтарында тұңғыш рет «Ауыл» атты ғаламтор сайтын ашып, Қытайдағы қазақ жастарын топтастыра білген де Асқар Жакулин еді. Ол Қытайдың өзінде табысты кәсіпкерге пйналған болатын, 2001 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Асқарды жеке қабылдап, елге шақырды. Ол елге оралысымен Бейжіңдегі бизнестен қол үзіп, Алматы қаласында екінші рет кәсіпкерлік жолын бастап, өзінің азат Отанында үлкен табысқа жеткен беделді кәсіпкерге айналды. Бірақ, байлыққа мастанған жоқ. Айналасына мейірімді, халқына қайырымды еді. Онымен бірге жүріп сұxтасу, дастархандас болып әзілдесу кісіге ерекше көңілділік сыйлайтын. Ол Бейжіңдегі кездің өзінде қазақ студенттерге көмегін аямайтын. Елге оралған соң да сол жомарт мінезінен айныған жоқ. Шеттен келген оралман жастардың оқуға түсуіне, жұмысқа орналасуына, баспана сатып алуына көмек көрсетуден жалықпайтын. Ол көзінің тірісінде орта мектеп оқушыларының арасында химия-биология пәндері бойынша Жакула Күшікұлы атындағы олимпиада ашқан болатын. Қазір осы олимпиада Шығыс Қазақстан облысы бойынша ең ірі жарыстардың бірі болып қалыптасты. Асқар өз қол астындағы қызметкерлерге ерекше қамқорлығымен қолдау білдіріп отыратын. Үздіктеріне еңбегіне қарай баспана, көлік сыйлайтын. Марқұмның еңбекқорлығы, Отанға, ұлтқа деген шексіз сүйіспеншілігі, жомарт мінезі оны өз ортасында үлкен бедел мен сый-құрметке бөледі. Асқар 2016 жылы ақпан айында Бейжің қаласында ауыр науқастан қайтыс болды. Марқұмның денесі Алматы қаласына жеткізілген кезде қарсы алуға шыққан көліктің көптігі бас-аяғына көз жетпейін алып керуенге айналды. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға келген жұрттың қарасында есеп болған жоқ. Ол қайтыс болардан бұрын жұбайы Жайна Жакулина және балалары Айдана мен Айқұтқа жазған өсиет хатында: «...менің сырқатымның сыры бәріңе мәлім. Өмір үшін арпалысып, бар жігеріммен күресіп жатырмын, десе де өмірім өз қолымда емес екенін білемін. Бұл хатты жазып отырғаным, менің өмірден күдер үзгенім емес, жауапкершілікті сезінгендігімнен. Ал өмір сүруге деген құштарлығымды тоқтатпаймын. Осы жарты ғасырлық өмірімдегі мен үшін ең керемет, ұлы оқиға Қазақстанның тәуелсіздік алуы еді. Ал, өз өмірімдегі үлкен шешім ол менің Қазақстанға қоныс аударғандығым болды. Осы жерде жан-жарыма алғыс айтамын. Ол әрқашан менің қасымнан табылды, таңдауыма кереғар кезі болған емес. Егер оның қолдауы болмағанда, өмірімнің қаншалықты қиын болатындығы беймәлім еді. Біз Қазақстанда, осынау тарихи Отанымызда, бабаларымыздың ата-қонысын таптық. Және шаң басқан мұрағаттар ішінен аталарымыздың тарихын, іздерін аршып алдық. Бұл біздің әулет үшін аса бағалы рухани байлық. Оны ерекше қастерлеуіміз керек. Менің балалық шағым қиындықта өтті. 10 жасымда әкем дүниеден қайтты. Және сол 10 жылдың өзінде әкем түрмеде болды. Әке махаббатына бөлену былай тұрсын, тіпті, әкеммен түскен бір жапырақ естелік сурет те қалмапты. Аяулы анам әке орнына әке, шеше орнына шеше болып мені ержеткізді. Анам маған әкемнің жоқтығын білдірмеді. Маған өз бойындағы биік рухын беріп, мені елім деп еңірейтін нағыз ер-азамат болып шығуға тәрбиеледі. Осы сырқатқа шалдыққаннан бері, мен өмірге жаңа көзқараспен қарай бастадым. Сендерге айтарым: өмірлеріңнің әрбір күнін бағалай біліңдер, әрбір татқан дәмнің қадірін біліңдер, туыс-туған, дос-жаран, бауырларды сыйлап, аялай біліңдер. Өмірдің бар мағынасы сонда. Жайна екеуіміз құлшына еңбек еттік. Біраз байлық та жинадық. Мұның бәрі екеуіміздің қажырлы, берекелі еңбегіміздің жемісі. Жайнаның осы кәсібімізді жалғасытра дөңгелете беруін армандаймын. Қандай да бір адамдарға орынсыз сенім білдіріп, опық жеп қалмаса екен деймін. Балаларымызды жақсы тәрбиелеуін тілеймін. Ең бастысы, 2 баламыздың нағыз қазақ болып ер жетуін, Қазақстанда өмір сүріп, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуын, қызым қазаққа тұрмысқа шығып, ұлым қазақтан келін алуын, әулетіміздің түтінін өшірмеуін тілеймін. Бұл мен үшін бәрінен маңызды...» деп жазыпты.

Жоғарыда Асқар Жакулиннің 2002 жылы серіктестік бастап «Компания Ас-Ай ЛТД» ЖШС және «Минметалс Казахстан» ЖШС компанияларын құрғанын айттық. Табысты кәсіпкер болу мен мемлекет алдындағы өз міндеттемелерінен бас тартпайтын адал кәсіпкер болу үнемі бір арнаға тоғыса бермейді. Бірақ, біздің досымыз адал кәсіпкер, белсенді салық төлеуші болды. Ені сандарды сөйлетейік. Компания  Түркісіб ауданы бойынша салықты ең көп төлейтін кәсіпорын еді. Тек қана 2014 жылғы тапсырған кедендік  салық пен ҚҚС (қосылған құн салығы) 3 000 000 000 теңгеден асып түскен болатын. Тапсырған табыс салығының өзі 130 000 000 теңге болды. 2018 жылы экономикалық жағдайы қиын болған тұста да, жұмысшыларға төленген жалақы 400 000 000 тенгеден асты. Кеден салығы мен ҚҚС (қосылған құн салығы) на 2 500 000 000 теңге, табыс салығына 85 000 000 теңге көлемінде тапсырыпты. Көпшілікке түсінікті болу үшін айта кетейін, 2014 жылғы 1 жылда төленген салықтың өзі Алматыдан 1000 орындық мектептен төртеуін салуға қаптал жететін ақша. Осындай айқайлап тұрған айғақтарға қарамастан арандатушы, пәлеқорлар компания салықтан жалтарды, қаржылық қитұрқылықтар жасады дегенді ашық та ишаралап та айтып жүр. Асқар іргесін қалаған аталған еңбек ұжымы шаңырақ көтерген 2002жылдан бері құзіретті мекемелер тарапынан талай мәрте тексерістен өтті. Құдайға шүкір марқұм досымыздың және ол басқарған ұжымның менлекетіміз алдында жүзі жарқын, мерейі үстем болды. Тексерушілерге ілік болатын ешқандай заң бұзушық табылған жоқ.Бір ақылмандар оралмандар елге аламын деп емес, беремін деп келу керек деп ақыл айтады. Мемлекетке үлес, қолдан келгенді беру Және отанға деген қалтқысыз адалдық деп осыны айтады. Компания белсенді салық төлеуші ғана емес, әлеуметтік-қайырымдылық шараларын да ерекше жомарттықпен жалғастырып келеді. Асқардың жары Жайна Жакулинаның ұлты қытай болғаныдығы себепті тырнақ астынан кір іздеп, оны күстаналап жүргендер мына бір шындықты да білу керек деп есептеймін. Асқар қайтыс болғаннан кейін оны еске алып отыру үшін   және осы бір аты өшкір науқас онкологиялық аурулармен күресу үшін,  2016 жылы 14 наурызда Жайна Жакулинаның тікелей басышылығымен "Асқар Жакулин атындағы жеке қайырымдылық қоры" ашылды. Оның мақсаты онкологиялық аурулармен ауыратын балаларға көмек көрсету және балалар емханаларына  қайырымдылық  бағдарламаларын іске асыру болып табылады.  Бүгінгі күнге дейін қор "Қатерлі ісікке шалдыққан балаларға көмектесу, балалар емханаларына медициналық қондырғылар сыйлау" , одан басқа да қайырымдылық іс-шаралармен айналысып, жалпы құны 130 000 000 теңгеге тең болатын қайырымдылық қаржысын жұмсаған. 2017 жылы сәуір айында қордың көмегімен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетінің "Ақсай" балалар клиникасының құлақ, мұрын, жұтқыншақ бөліміне жарық сәулесімен ота жасайтын СО2 инновациялық лазерлік аппарат қондырылды. 2018 жылы ШҚО, Семей қаласындағы ядролы медицинасы мен қатерлі ісік емханасына "Провайдер төсегі" (кескіндеу тәсілімен жақын аралықтан сәуле жіберіп емдейтін стол) табысталды. Осы екі іс-шарамен Қазақстан медицинасындағы бостықтың орнын толтырды. Барлық шығындарын төлеп дәрігерлердің білімін жетілдіруде арнайы мекемелерге жіберіп, Ресей мен Қытайдан мамандар шақырып, Қазақстандағы мұқтаж балаларға оталар жасатып, науқас балаларды шетелдерге жіберіп емдету сияқты қор жарғысындағы көрсетілген міндеттер өз деңгейінде жалғасын табуда. Бұлардан тыс, жетінші рет Жакула Күшікұлы атындағы олимпиада  биыл сәуір айында Өскемен қаласында өз мезгілінде, өз деңгейінде өткізілді.

Енді, бүгінгі күні «Компания Ас-Ай ЛТД» ЖШС және «Минметалс Казахстан» ЖШС-на жетекшілік етіп отырған марқұмның жары Жайна Жакулина туралы бірер сөз. Ол аталған компанияда еңбек ететін жүздеген қызметкердің ішіндегі ұлты басқа жалғыз азаматша. Адам пендесі өзінің қай жерде, қай ұлттың санатынан өмір есігін ашатынын таңдай алмайды. Тіпті, бұл өмірде кіммен бас құрап, отау көтеретіндігіңді де болжай алмайсың. Сол себепті де қазақ «Неке -  ғайып» деп бекер айтпаған. Сол ғайыптың жазуымен басқа ұлттың қызы қазақтың жігітін сүйіп, өз тағдырын соған тапсырды. Және оның ғұмырлық шешімдері мен тілегіне бірде-бір рет қарсы келіп, қиянат жасамапты. Асқар ауыр науқасқа шалдығын ауру төсегіне таңылған азапқа толы 17 айда Жайна оның қасынан бір сәтке де алыстаған жоқ. Міне сол "жат жұрттың қызы" марқұм күйеуінің жұмысын дөңгелетіп, соның өсиетін орындап, марқұмның аруағы риза болсын деп тапқан табысын ізгілік жолында қайырымдылық шараларына жұмсап келеді. Және марқұмның ізін жалғаушы ұлы мен қызын Қазақстанда қазақтың тілі мен салт-дәстүрінен алыстатпай, нағыз қазақ етіп бағып-өсіріп жатыр. Өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырған, өлсем осында жерлеңдер деп марқұм күйеуінің жанынан бақилық тұрағын дайындатып қойған сол қазақтың келінін істің байыбына бармай, ақ-қараны айырмай қаралап жатқандарға «Алла жазасын берсін!» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

13 пікір