Сәрсенбі, 17 Шілде 2019
саяси эссе 851 4 пікір 10 Шілде, 2019 сағат 11:35

Бәріне «бюрократия» кінәлі

Бүгінгі күннің басты тақырыбы «Арыс апатының» кінәлісін іздеу болып кетті. «Басы істейтіндер» де, «істемейтіндер» де соны жабыла іздеп бас қатыруда. Шын мәнінде, басты кінәлі «БЮРАКРАТИЯ»! Советтік жүйе күйрегенде басшылықтағы бұрынғы коммунистердің басында бұзылмай аман қалған бірегей тәсіл «бюрократиялық басқару» тәсілі.

Бұл тәсілдің қысқаша характерстикасы мынау:

Ең үлкен көсемнен кейінгі үлкен басқарушылардың әрбірі өзінен кейін тағы да үш-төрт орынбасар тағайындап алады, әлгі орынбасарлар да өзіне екінші, үшінші  орынбасар тағайындайды, орынбасардың орынбасарлары да өзіне бірнеше көмекші жасап алады, көмекшілердің өзі тағы да қолғанат көмекшілермен өзін қоршайды. Осылайша бюрократиялық берік шеңбер пайда болады.

Бюрократиялық шеңбер ішіндегілер біріне бірі тапсырма берумен айналысып ауыз билікпен күн өткізеді. Ең дөкейі бәрін жиып алып жиналыс жасап, сөзбен шешім қабылдап, қағазбен қаулы толтырады. Осылайша, әлгі үлкен жиылыс кіші жиналыстармен тынымсыз жалғасып жайлы кеңседе жылжыған күндермен алмасқан жеміссіз жылдар осылай өте шығады.

Осындайда, Совет заманынан есте қалған көп күлкілі әңгіменің бірі еске түседі. Аудкомнан бір дөкей бастық, асыл тұқымды қой өсіретін кеңшарға келіп жиналыс ашыпты. Басекең ең басты жаңалық ретінде «биылғы жылы саулық қойдың іш тастауы толық жойылатын болды», депті. Бастықтың аузын бағып тырс етпей отырған көпшілік ішінен кеңшардың зооведі ерлік жасап, «Сондай керемет дәрі шықты ма?» деген сұрақ қойыпты. Басекең, қабағын шытынып, байсалды да сенімді дауыспен, «Қайдағы дәрі, жуықта аудкомның кеңейтілген жиналысында қойдың іш тастауын жан-жақты талқылап, үзілді-кесілді тоқтатылсын деген қатаң қаулы шығарып тастадық» деген екен. Дөкей бастықтың өзі де, бұған сенетін болу керек, тек қана жиналысқа қатысып отырған бас шопан ғана «қаулыны қой байқұстар түсіне ме?» деп, ренжіпті.

Бюрократиялық жүйедегілер қолма-қол іс істемейтіндіктен басы ауырып, белі талмайтын «жайлы жағдайды» сақтап тұру үшін бір-бірімен үнсіз ымыраласқан «ауыз бірлікшіл» болады.

Бюрократиялық шеңбер ішінде ешбір пікір қайшылығы болмай, қол көтеріп, бас изеп қабылданып жатқан қыруар қарарларды өмірде қолма-қол іске асып жатқандай малданады, өздері де солай алданады. Қарсы пікір айтқан бірлі-жарымдар шыға қалса сындарлы саясатты қолдамаған «халық жауы» ретінде қудаланады.

Және бір күлкілі жағдай, ең жоғарғы көсем жоғарғы басшылықты түгел жиып ел тағдырын жан-жақты талқылаған кезде, әлгі ел танитын үлкен бастықтарды орнынан тұрғызып алып, ақсатқан жұмысы үшін оны сынап-сөгіп жатса да  бір ауыз сөз айтпай, сабақ білмейтін оқушыдан бетер басы салбырап тұра береді. Біршама жастағы үлкен адамдардың бұл аянышты халі «бюрократиялық тәртіптің» бір ерекше көрінісі.

Сондықтан, мұндай бюрократиялық жүйе сырттай айтылған сын-сөгісті естімейтін міз бақпайтын дүлей адам сияқты не төменнен жоғары не жоғарыдан төмен сөз өтпейтін берік әкімшілдік қамалға айналады. (Алайда, мұндай сірескен жүйеде де жанкешті іс атқаратын адал басшылардың болатынын жоққа шығаруға болмайды, оларды саналы көпшілік жақсы біледі.)

Бұлайша қалыптасқан бюрократиялық топ жалпы қоғамның ахуалына алаңдаудан гөрі жүйенің тәртібіне назар аударады. Жүйедегілер өздерінің бас пайдасы мен орынтағын күшейтумен болады, сол үшін лидр-көсемнің  көңілін табуға барын салады, төмендегі проблемаларға бас қатырмайды, өздерінің жеке мүддесі үшін қоғамдағы ащы шындықты жасырады.

Ондайлар өздерінің лауазымын сақтау жолында қызметін көз алдаумен атқарады. Осының кесірінен қоғамның әр саласында шешуі қиын тығырықтарды туғызады, қоғам мүддесі ұмтылады немесе сөз жүзінде ғана қалады.

Яғни, бұндай жүйе жаңа ғасырдың киімін киген, орта ғасырлық пиғылдағы артта қалған жабайы жүйе деуге болады. Себебі, бюрократиялық жүйе өзіне қызметкер таңдағанда кәсіби білімді, іскер, ісіне адал кадрлар таңдағаннан гөрі, жоғарғы лидр-көсемнің көңіліне жаққан, соның айтқанынан шықпайтын орындаушыларды маңайына жинайды. Сөйтіп, әлгі лидр-көсем қоғамды керемет басқарып отырғандай көрініс жасайды.

Тіпті, бұл жүйе қоғамдағы руханиятты да жиналыс, жиындармен «дамытады». Әдебиетте жаңалық жасаудан гөрі  бұрынғы жаттандылықты насихаттайды. Ән өнерінде, бұрын-соңғы қазақ түсінігінде жоқ «жұлдыз» дегендер шығып, расында түнде жылтырайтын, күндіз дым қалмайтын жылтырауық қоңыз секілділер сахнаны түгел жаулап, халықтың мың жылдық әуен өнерін солардың сұрқай селі басып қалады. Бейнелеу мен мүсін өнерінде де бір-бірінен аумай «копиялар» көбейеді... Мұны бұрынғы қазақ «Сүйреп салған тазы түлкі алмас» дегендей, қоғамдық шабыт, әлеуметтік сұраныс  болмай тоқыраған елде қандай еркін шығармашылық болуы мүмкін!?

Мұндай жүйе демократия мен технократия үстемдік құра бастаған әлемдік үрдіске сырттай еліктеп, іс жүзінде бос сөз бен жалаң ұрандармен, жайма көрмелермен өзін алдаусыратады. Сондықтан бұл жүйе, біздің қоғамда ондаған жылдар бойы өктемдік жасаған кездегі келеңсіздіктерден кез-келген көзқарақты қоғам мүшесі жүздеген мысалдарды айта алды.

Солардан ел есінен ұмытылмай жүрген бір-нешеуін атасақ та аздық етпейді. Мәселен, екі мыңыншы жылдардың басында Денсаулық сақтау министріне витамин мен антибиотикті айыратын білімі жоқ экономис тағайындалғандықтан шетелден бақылаусыз алынған вакциннің кесірінен шымкенттік сәбилер «спидпен» ауырып бүкіл қоғам дүрліккен-ді.

Көші-қон комитетінде шетелдегі қандастармыздың жәй-күйінен хабарсыз, олардың жағдайына жаны ауырмайтын тек лауазым үшін ғана біреулер басшылық жасағандықтан, «көші-қон квотасын» көшіп келгендер емес, шетелде көшпей отырғандар алған масқара оқиғалар да болған. Мәселен, «посредник-аляқтар» мен көші-қонның «ымыраласқан жеменқорлары» үкіметтен бөлінген қаржыны бөлісіп, қара бастарының қамы үшін еліміздің демографиялық саясатына  кесір келтіргені әшкереленгені бар. Және, қазақ көші басталғалы отыз жылға таяса да, «Қазақ елім» деп, аңсап келген қандастарымыз бюрократиялық қағазбастылықтан туындайтын «құжат жинаудың» әуресінен әлі күнге құтыла алмай, Көк паспортты алу көктегі құсты ұстаумен тең болып жүр...

Білім министрінің «Әлппені» алып тастауы, тіл ғалымынан бастап, педагоктар қостап, ел болып қанша айтса да құлағына ілмей миы қатпаған бүлдіршіндерге  «үш тіл үйрету» деген әуре-сарсаңның үзілмей жалғасуы да осы жүйенің кесірі...

Ішкі істер министрлігінің қоғам мен халықты қорғау негізгі міндеті бола тұра, «қоғам мен халықтан қорғанатын» әрекетке барып  кәдімгі шені бар полицейлердің бейбіт шеруге көшеге шыққан «кемпірлер» мен «келіншектерді»  полицияның «жедел жәрдемі» секілді болып кеткен мәшинеге төрт сирағынан көтеріп таситын «қызметке» көшуі осы жүйенің ісі...

Міне, бұл келеңсіз қоғамдық көріністің бәрі де осы бюрократияның «жемісі» десе болады. Ал, бюрократияның «үлкен нәтижесі» болса, Конституция бойынша кесімді уақытпен сайланатын Президенттік басқару институтын біртіндеп Авторитарлық басқаруға ауыстырып тынады. Осының кесірінен Елге қызмет етуге міндетті әкімдер жүйесі жоғарғы басшылыққа басыбайлы қызмет көрсетуші жалтақой тобырға айналады.

Мемлекеттің ұстынын ұстап тұрушы Жоғарғы жүйеге (Парламент, Сенат, Министр, Комитет т.б.)  сайлау жолымен емес Авторитарияның тағайындау жолымен барған адамдары ең соңында өзінің жайлы жағдайлары үшін әлгі Авторитарлық басқаруды ең соңында Монархияға айналдырып жібергенін өздері де «білмей қалады».

Бұл кезде Ең Жоғарғы Басқару аппараты халыққа «бұлттан алыс, ғарыштан жақын» ғаламатқа айналып кетеді! (Осындайда, Мұхтар Әуезовтің шәкірті марқұм Зейнолда Қабдолов ағамыз этнограф шәкірті Болат Бопай өзіне қатынаспай кеткен кезде телефон соғып, сырбаз дауыспен «Ойпыр... о...ой, бізге Болат Бопайдан бұлт жақын болды ғой!»  дейін ескерту әзілі еске түседі.)

Жоғарғы жүйеге жетіп алғандар жөп-жөкім журналистерге жауап беруге карерасы көтермейтін «керемет адамдар» секілді кердеңдей басып, креслосында шалқайып көпшілікті көзге ілмейтін такаппарлық дертке шалдығады, бәзбір өзін керемет көсем санайтындары халық деген қара тобырға алыстан аспа-төк ақыл жаудыратын «сарай данышпандары» санатына саналады.

Бірақ, осындай бюрократияны сырттан келген біреулер емес, біз өзіміз жабылып жасап алып, енді одан қалай құтылудың жолын таба алмай жүргенімізді бәріміз мойындау керектігін мына мысалдан байқауымызға болады.

Бүкіл жағынан бізге өте ұқсас ел делінетін Малайзияға осыдан шамамен төрт-бес жыл бұрын белгілі дінтанушы Мұхитдин Исаұлы бастаған жігіттер барған кездегі айтқан әңгімесін осыған дәлел етіп айта кетудің орайы келіп тұр. Ол жаққа қазақстандық қонақтар барған кезде Рамазан айынан кейінгі Ораза айт мейрамы басталып жатқан кез болса керек. Елдерінің салты бойынша мейрам бір айға жуық жалғасатын көрінеді. Қалталы адамдар мен әкім-қаралар халыққа әр күн сайын тегін дастархан жайып, құрмет-қызмет көрсетеді екен. Біздің қонақтар өздері жүрген қаланың әкімі сондай бір үлкен дастархан жайғанын естиді. Шетелдік ретінде оған ресми рахмет жолдау үшін мәртебелі әкімді мәртебелі орыннан сұрастырмақ болады. Көз алдарына қара костюм киіп, галстук таққан шырттай әкімді қолпаштаған топ яки «МАЙ-дың» қорғауындағы бірегей тұлға елестеп іздестіре бастайды. Сөйтсе, әлгі қала әкімі көппен бірге тамақтың кезегінде жайша тұрғанын көрген біздің жігіттер қатты таңырқаса керек! Өйткені, біз өз санамызда басқарушыларды солай жасап алып, солай етіп тынған халықпыз...

Бюрократияның «ең жоғарғы жетілуі» Монархия дедік қой, енді оның «кіші жемістері» ел ішінде де «дамығанын» көре аламыз. Яғни, «мини монархиялардың» түр-түрі гүлденіп шешек жаяды. Жоғарғы Монархия «даталы юбилерді» тойлаумен мұршасыз болып жатқанда, «мини монархиялар» өз-өз даталарын белгілеп өткізудің бітпейтін әуресімен қайран күндерін артқа салады. Соның бір мысалы, ватсап желісі арқылы құрылған «кластастар, курстастар, құдаластар, құрдастар...» деген алуан ат тағынған группалардың  «таңғы сәлем, түскі сәлем, кешкі сәлем, түнгі сәлем...» деген сәлемдері сән-салтанатты сарайларда дыр-думан бас қосулармен ұласып жатады.

Былайша айтқанда, бюрократиялық жүйе қоғамдық басқаруды ғана бұзып қоймайды, рухани жетілудің де жолына бөгет болады. Қоғам мүшелері өз еліне үлес қосу, саналы ойлылыққа жету, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, ел ертеңіне әркімнің алаң болуы сынды рухани ділгір мәселені естен шығартып, думаншыл әуейілікке кетеді.

Мұндай жүйенің жетегінде кеткен  елде «Демократия» яғни халықтың өзін-өзі басқаруы, өзін-өзі рухани жағынан жетілдіруі, ел-отанын қорғау  мен қоғамын қолдау ұмыт бола бастайды, оның орнына әркім қара басының қамын күйттейтін өз қорасының яғни котежінің ауласынан арманы аспайтын болып қалады.

Мұндай рухани тығырыққа тірелген қоғамда жоғарғы басқарушы топ та, төменгі көпшілік те тойшыл  тобырға айналады. Ал, ел сенген тұлғалары сый-сияпат, атақ-даңқтың соңында жүреді.

Мұндай елде рухани, материалдық дамыс кері кетіп қоғамдық, әлеуметтік катакализмдердің көбеюімен көрініс береді. Табиғи аппатар емес, адамдар жауап беруге тиісті үлкен-кіші қоғамдық апаттар орын алады.

Бұл апаттар қоғамды жайлап алған «бюрократияның» қатері екенін ескертіп жатқан қоғамдық көрініс! Яғни, қоғам деген бүтін жанды дененің сырқат халде екенін «басы ауырып, көзі қарауытып сүріне бастағанын» көрсететін құбылыс. Сондайда, ел болып ес жимаса, соның емін таппаса қоғам «төсек тартып құлаудың» табалдырығына келіп тіреледі.

Міне, осы себептен «Арыс апатын» тікелей Қоғаныс министрлігінің қателігі деп қарау аз. Бәлкім, Арыстағы осыған дейінгі үш жарылыста бір-біріне байланысты министрліктерде қанша жиналыс болып, жоғарыдан төменге қаншама тапсырмалар берілген болуы күмәнсіз. Алайда, Қорғаныс министрлігін сол кездері нағыз әскери жоғарғы білімді, жан-жақты соғыс өнерінен сауатты кадр басқармаған шығар. Әрі осындай соғыс қаруын сақтауға жауапты департаменттерде нағыз іскер кадрлар болса, мұндай қатерлі оқиға шықпас еді ғой. Бәлкім, бұл мәселе сондай «бюрократиялық жиналыстармен» іс біткен секілді, сондай протоколдармен бәрі жолға қойылғандай, бірақ іс жүзінде ештеңе өзгермей жылдар ауысып, қаншама кадр келіп-кетіп күндер жылжып ақыры осындай қасіретпен аяқталғаны бүкіл дүниеге жария болды...

Әміршіл, әкімшіл, бұйрықшыл бюрократияның емі әрине, шынайы демократия екені белгілі.

Шынайы демократия деген халықты өзін-өзі басқару институтына үйрету деген сөз. Әркімді өз ісіне жауапкер ету деген сөз. Оның бастау көзі әділ сайлау арқылы іске асады,  іскер, адал кадрларды басқару жүйесіне сайлау арқылы қою деген сөз.

Жоғарғы басқару жүйесі болса, сол халықтық басқаруды үйлестіруші ғана. Мұндай елде сайлаушы мен сайланушы бір кісідей ауызбірлікте болуға мәжбүри түрде тиісті болады. Егер, бүкіл елді қамтыған үлкен мәселе болса, бүкіл ел сайлаушылары мен жоғарғы басқаруға сайланушылар бәрі жабыла сол мәселені шешуге атсалысады.

Ал, Қазақстан секілді аумағы өте үлкен елде батысы мен шығыс жағының, оңтүстік өңірі мен солтүстік өлкесінің табиғаты мен тіршілік ахуалы өте өзгеше болғандықтан оны жергілікті сайлаушылар мен жергілікті басқару жүйесі өз-өзінің өзгешелігіне сай шешуге тиісті. Жергілікті басқару жоғарыдан түсетін билікті тосып аңырып отырмайды, өз өңірінде болған мәселені өз сайлаушыларымен ақылдасып, талқыласып шешетін ең қолайлы басқару жүйесімен яғни демократиялық жолмен іс тындырады.

Ал, мыңдаған жылдық тарихы бар қазақ деген байырғы халық бұған дейін «дала демократиясының» мектебінен өткендіктен, қазақ демократияға дайын емес, дейтіндер бұрынғы коммунистік идеологияға уланғандардың қиғаш пікірі ғана.

Дәл бүгінгі елімізде болып жатқан алуан түрлі пікірдің жалғыз тоғысатын жері демократия, сондықтан бұрынғы бюрократия шынайы демократиялық өзгерістердің жасалу керектігін қабылдаса, дау-дамайсыз ахуал қалпына келетінін қазір саналы қоғам мүшелерінің бәрі де көріп отыр.

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

4 пікір