Жұма, 29 Наурыз 2024
Талқы 5113 4 пікір 10 Шілде, 2019 сағат 11:56

Ережеде «компүтер» деу қате

Орыс орфографиясымен жазылған соң компьютер орыстың сөзі. Ағылшыншасы computer. Транскрипциясы [kəmˈpjuːtə]. Француздар оны ordinateur дейді. Ал бұл сөздің түрікшесі bilgisayar. Біз оны жаңа емледе компүтер деп қазақшалағансыдық. Бұл – қате. Қазақшалаймыз деген ниетіміз дұрыс. Бірақ қазақшалау тәсіліміз дұрыс емес. Біз де өзге елдер сияқты сырттан келетін бар сөзді аударып өз сөзімізбен атауымыз керек, не өзіміздің дыбыс заңдарымызға бағындырып алуымыз керек. Бірақ к және о дыбыстарының тіркесімі қазақ тілінің табиғатына жат. Сондықтан бұл сөз конфетті кәмпит деген сияқты кәмпүйтір болып игеріледі. Кірме сөз тұтасымен қазақ тілінің үндесім заңына бағынып тұруы тиіс. Кей ғалымдар тіпті кәмпүйтүр деп соңына дейін ерін үндесімін сақтап жазуды ұсынады.

Иә, қазақ тілінде үндесімнің (сингармонизмнің) екі түрі бар: тіл (лингвалды) (жуан – жіңішке) және ерін (лабиалды) (еріндік – езулік). Қазақ тілінде ерін үндесімі жазуда сақталмайды. А.Байтұрсынұлы еңбектерінен бастап қосымшалардың еріндік түрлері жүйеге енгізілмеген. Тілді жүйелеген тілтанушы ғалымдар өзара келісіп, солай деп шешкен. Егер біз ерін үндесімін де жазуда белгілейтін болсақ, онда көптік жалғаудың және басқа да қосымшалардың түрі алтау емес, он екі болар еді (-лор/-лөр, -дор/-дөр, -тор/-төр).

Ұстазымыз С.Мырзабеков: «Сендер қазақтың әуезін бұзып сөйлейсіңдер, түлкі емес, түлкү, түлкүлөр деп сөйлеу керек дейтін еді. Қазақ тілінің орфоэпиясы мен орфографиясының айырылатын тұсы да осы ғана. Сондықтан ерін үндестігімен сөйлеуді орфоэпияның еншісіне қалдырып, қосымша жалғау жеңіл болу үшін «...түр» емес «...тір» күйінде жазған дұрыс деп есептейміз. Ондай типтік үлгі кірме сөздерді игеруде бар: директор – деректір, редактор – редактыр, ректор – ректыр, корректор – кәректір.

Жаңа емле кірме сөздерді қазақ тілінің ішкі заңдарына бағындыруға негізделмеген. Ондағы 23 баптың (69-91 б.б) барлығы «ё әрпі ó әрпімен таңбаланады»; «щ әрпі sh  әрпімен жазылады» деп қазіргі жаңа әліпбиде жоқ таңбаларды түсіндіруден басталады. Бұл – қате. Орыс немесе ертең біз тікелей сөз алмасатын ағылшын және басқа тілдердегі қазақ тіліне жат дыбыстар мен дыбыс тіркесімдерін қуалай берсек, біздің кірме сөздерге арналған ережелеріміз бұнымен тоқтамай, көбейе береді. Біз 1956 жылы қабылданған орыс тілінің орфография және пунктуация ережелерін («Правила русской орфографии и пунктуации») қарап шықтық. Онда кірме сөздерге арналған бірде бір ереже жоқ. Алайда шеттен ең көп сөз алатын осы орыс тілі. Олар барлық сөзді өздерінің дыбыстық заңдарына бағындырып қойған. Ережелерінде біздегі сияқты шетелше жазылған әр сөзге оны біз былай жазайық деген именшек ереже жоқ.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610