Жұма, 29 Наурыз 2024
Әріптестің әңгімесі 7557 16 пікір 24 Шілде, 2019 сағат 12:17

Сәуле Айтпаева мен Аружан Саинды салыстырудың өзі ұят! 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа,

ҚҚР ПӘ жетекшісі Қырымбек Көшербаевқа:

«Аружан Саинды Қазақстандағы Бала құқықтары бойынша уәкілі етіп тағайындау – қасқырға қой бақтырумен бірдей қиянат!». Турасын айтайын: менің «ауыр дертке шал­дыққан балаларды шетелде емдету үшін қаржы жинаумен айналысатын» деген айдары бар «Милосердие» қоғамдық қорының директоры Аружан Саинда алты аласым, бес бересім жоқ...
Тек, қайбір жылы біреулердің ықпалымен мүгедек екі баламның емдеуіне жәрдем сұрап, хат жазғанмын. Жауапсыз қалдырды.

Ақырында, сол кездегі Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтың пәрменімен, оның орынбасары Ермек Аманшаевтың бақылауымен аз-маз көмек көрдік. Сонда Аружан Саин мен оның «қайырымдылық» деп аталатын қорының безбүйректігін өз көзіммен көріп, өз басымнан кешкенмін.
Қолында қаламы, билікте адамы барды менсінбей, мекірене қарайтын Аружан Саинның – ауылдағы қазақтың қара баласына жаны ашиды дегенге басымды кесіп алса да, сенбеймін!

Қазақ елінің «Самұрық-Қазына» секілді ірі ұлттық компаниясымен әмпей-жәмпей болып, қыруар қаржылар «алатын» Аружан Саин кім өзі?!
Сөздің майын, шежіренің терін шығаратын сырға толы Сыр топырағында туған Аружан Саин туған жерден кіндігін ажыратып алысымен, діні мен ділі бөлек, Алексей деген адамға қымбатын қиып, тағдырын тәрк етіп, жары болыпты.

Аружан Саин Сыр қазағының арасынан шықса да, анасының тілі қазақ тілінде сөйлемейді; бәлкім, сөйлей алмайды, мүмкін, ар санап, сөйлегісі келмейді. Қысқасы анасының емес, күйеуінің тілінде, орыс тілінде сөйлейді.
Аружан Саин Құдай бұйыртып, бөтен қабырға­дан тапқан егіз қыздарының есіміне де анасының тілін жолатпай, Софья мен Диана деп ат қойған...
Биылғы жылдың басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аружан Саинды қабылдағанда, қазақ ұлтының қамы мен қазақ баласының қарекетін айтып, бозторғайша шырылдаған – жалғыз мен едім!

Айтқаным – айдай келді: Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аружан Саинға мұқтаж жандардың атаулы әлеуметтік көмекті тиісті уақытта алуын сеніп тапсыруға шақ қалды... Өкінішке қарай, Қазақстандағы Бала құқықтары бойынша уәкіл болып тағайындалды. Осыншама ұзақ уақыт бойы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорынан өзенше аққан қаржыларды қармаған Аружан Саиннан қазақ баласына титтей де демеу болмағанда, енді ештеңе де істемейді. Тағдырдың жазуымен сырқаттанып қалған қаракөз қазақ балаларына Алла Тағалам жар болсын!

...Ең қызығы, елде тәртіп орнатпаққа «талпынып жүрген» жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Бала құқықтары бойынша уәкілі, өз ісінің кәсіби маманы Сәуле Айтпаеваны шақыртып, қызметінен кететіндігін ескертпей-ақ, тұла бойын майпаздап, телеарналарда таңғы жаттығу жасап өскен және кейінірек «Милосердие» деп аталатын «алтын тапқан жерді – белден қазған», ал, шын мәнісінде, баланың табиғаты мен құқығына дым қатысы жоқ делетант Аружан Саинды жоғарғы лауазымға тағайындай салыпты.

Сәуле Айтпаева өзінің қызметтен босатылуы туралы ақпарат жайында журналистке: «Сізден естіп отырмын» деді. Ал, расында, кадрлық офицер, өмірлік кәсіби тәжірибесі орасан Сәуле Айтпаева мен тележаттықтырушы Аружан Саинды салыстырудың өзі ұят!

«Ең бастысы, біздің балаларымыздың бақытты болғаны. Әрдайым олардың көзі бал-бұл жайнап жүрсін» деген білікті офицер, әдепті адам Сәуле Айтпаева мұндай әдепсіздік пен әділетсіздікке, белден басу мен бассыздыққа не десін?!

Қажымұқан Ғабдолла

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594