Сенбі, 14 Желтоқсан 2019
Зерттеу 1998 3 пікір 12 Тамыз, 2019 сағат 11:37

Таңғажайып Тартоғай

Тартоғай ауылы Сырдария өзені бойына орналасқан.

(Журналистік зерттеу. Басы)
Тартоғай ауылдық кеңесінің құрылғанына – 100 жыл

1. Тарихы терең Тартоғай

«Тартоғай» аты қайдан шықты? Ең алдымен «Тартугай», «Тартоғай» деген сөз неден шықты? Осы мәселеге назар аударалық. Бірден ескертуге тиіспіз, «Тартугай» деген атау тек біздің ауылда ғана ауылда ғана емес екен. Тыңдаңыз:

1. Өздеріңізге белгілі, Шыңғысханды әкесі тоғыз жасқа келгенде, болашақ келіншегіне атастыруға апарады. Баласын болашақ қайынжұртына қалдырып, қайтып келе жатқанда Тартугай (кісі аты – ред.) бастаған жаулары у бергізіп өлтіреді. Сөйтіп, отбасын қуғын-сүргінге ұшыратады. Тартугай жасөспірім Шыңғысханды да әкесі сияқты өлтіртуге жоспар құрады. Міне, көріп отырсыздар, Тартугай деген аттың бірінші қай кезде аталғанын.

2. Бұрын Украинаға, қазір Ресейге қарайтын Қырымның Сиваш деген жерінде Ұлы Отан соғысы кезінде қанды оқиға болған екен. Неміс-фашистерімен шайқасыпты кеңес жауынгерлері. Міне, осы өлкеде Тартугай деп аталатын теңіз шығанағы бар.

3. Ақтөбе облысында Тартоғай деп аталатын жер бар.

4. Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында Тартоғай ауылы бар. Тіпті Тартоғай болысы да болған.

Енді тоғай сөзінің этимологиялық сырына үңілелік. ТУГАЙ (тюрк.) - приречные леса на крупных реках полупустынной и пустынной зон Ср. и Центр. Азии. Густые, труднопроходимые заросли из тополя, ивы, тамариска, лоха, облепихи и др. В Тугае водятся дикий кабан, тугайный олень, шакалы, камышовый кот.

Біздің кейбір жерлестеріміз «Тартоғай» деген атау тоғай тар болғандықтан шыққан» десе, баз біреулер «Ауылымызда тары көп өскен екен, сондықтан «Тарылы тоғай» деп аталып, кейін келе «Тартоғай» болып кеткен» деген жорамал айтыпты. Зерттеу барысында екі болжамның да негізсіз екендігіне көз жеткіздік. Тоғайды тар болды деп айтуға ауыз бармас еді. Өйткені, ертеде Сырдария бойының бәрі дерлік бір-бірімен жалғасып жатқан ұшы-қиырсыз ну тоғай болған. Қай тұстан басталғанын білмеймін, бірақ, Аралға дейін созылып жатқандығы даусыз. Бұл сөзімізге шетелдік саяхатшылардың, орыс ғалымдары мен аңшылықты кәсіп еткен Перовский сияқты қандыбалақ генералдарының жазып қалдырған жазбалары куә.

Бір ғана Тартоғайдың тоғайын алатын болсақ, онда жолбарыстар, киелі маралдар, қабандар, жабайы мысық, кесел (варан), шағал, т.б. көптеген аң түрлері болған. Осындай жерді тар деп атау ақылға сыймайтындай. Оның үстіне Қазақстандағы ең соңғы жолбарыс (Тұран жолбарысы,1945-50жж.) пен тоғайдың киелі маралы (Тугайский благородный олень немесе Бухарский олень, 1956ж.) Тартоғайда атып алынғандығын тарихи құжаттар дәлелдеп отыр.

Ақиқаты сол: Ресейден жерімізді жаулап алу үшін келген келімсектер жер-су аттарын өз тілінде атай бастаған. Мысал керек пе? Қазіргі Тартоғай ХIХ ғасырдың соңына таман Гродеков болысына қараған. Толық атап берелік. Түркістан өлкесі (Түркестанский край) – Сырдария облысы – Перовск оязы (уезд) – Гродеков болысы. Көптеген зерттеушілер «Гродеков - Тартоғай стансасы - Мұстафа Шоқайдың туған ауылы» деп жазыпты. Халықаралық деңгейдегі белгілі журналист Сұлтан Хан Аққұлұлы «Азаттық» радиосында жариялаған зерттеу мақаласында (2009) Санкт-Петербордағы мұрағаттан табылған орыс тіліндегі құжаттарда «Мұстафа Шоқай Гродеков болысы, №3 ауылда (Әулиеторанғыл) туылған» деп көрсетілгендігін тың дерек етіп ұсынды.

Ауылдың ертеден Тартоғай деп аталғандығына бір дәлел: «1870 жылы Санкт-Петербордан шыққан «Средняя Азия. Водворение в ней русской гражданственности» кітабының (авторы – Ресей империясы Бас штабының капитаны Л.Костенко) «Несколько дорожников по Средней Азии» деген тарауының «Почтовые маршруты» деген тармағында Ташкент пен Орск аралығындағы (1948 шақырым) пошта стансаларының тізбесі бар. Тізбенің Тартоғай мен Форт Перовский аралығы (319-бет) тізімінде Бірқазан деген пошта стансасы бар: Тартоғай - 22 шақырым; Сарышығанақ - 17; Жарты құм - 18,5; Бірқазан - 16,5 ; Бөрібай - 12,5; Форт Перовский - 23,5. Барлығы - 110 шақырым» деп жазады Сағат Жүсіп («Халық» газеті).

(Тартоғай стансасының көрінісі)

1904 жылы Орынбор-Ташкент теміржолы салынғанда станса Тартоғай деп аталған. Арада он бес жыл өткенде, онда да большевиктер тарихи атқа оралған: «1919 жылы тамыз айының 17 жұлдызында Перовск уезі кеңестерінің V сьезінің қаулысымен Тугай-Барановск қыстағы Тартоғай ауылы боп өзгертіледі» («Сыр Елі», Қызылорда облысының энциклопедиясы. Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», ЖШС, 2005 жыл).

«Тугай-Барановск» деген қайдан шықты? Оқырмандарға ұғынықты болу үшін алдымен Гродеков, Барановск деген атауларға мән берелік.

ГРОДЕКОВ Николай Иванович (1843-1913) - генерал-лейтенант; родился в городе Елизаветграде.; окончил курс в Николаевской академии генерального штаба, служил в генеральном штабе на Кавказе и в Туркестане. Участвовал в пяти кампаниях, причем за взятие Геок-Тепе получил орден св. Георгия 4 ст. Состоит военным губерн. Сырдарьинской обл. с 1883 г. В 1878 г. Г. совершил весьма интересную поездку из Самарканда через Мазар-и-Шериф, Меймене, Герат и Мешед в Астрабад. Печатные труды: «Через Афганистан» (1879); «Хивинский поход» 1873 г. Война в Туркмении» (1883-84); «Киргизы и каракиргизы Сырдарьинской обл»(1889). «Хидая, комментарии мусульманского права» (перев. с англ., 1893). Кроме того, писал по вопросам военным, политическим и географическим в «Военном сборнике», «Русском инвалиде», «Нов. Времени» и др.

Гродеков 1883 жылы Ресей империясы басып алған Сырдария облысының әскери губернаторы әрі әскери күштер қолбасшысы боп тағайындалған. Орыс тарихындағы атақты адамдардың бірі. Ресейге көп еңбегі сіңген. Көптеген мемлекетті жаулап алуға басшылық жасаған. 1890 жылы генерал-лейтенант атағын алған. Николай Ивановичтің қазақ халқына тигізген пайдасы да зор. Ол жазушы, этнограф болды. Бірнеше тіл білген. Орта ғасырдағы өзбек заңгері Бурхануддин аль-Маргиланидың «Хидоя. Комментарии мусульманского права» атты кітабын орыс тіліне аударған. Ол қазақтың құдалық, неке дәстүрін өткен ғасырда кеңінен зерттеген. «Үш Жүздің шежіресін», ру-тайпалардың таңбаларын, ұлттық әдеп-ғұрыптарымызды, басқа да құндылықтарымызды жазып қалдырған. «Жеті Жарғы» атауын тұңғыш рет Әз Тәуке хан тұсындағы қабылданған заң ережелеріне қатысты қолданған да Н.И.Гродеков.

Міне, осындай себеппен Перовскийдің кезінде Гродеков болысы болған деп есептейміз. Оған Тартоғай ауылы да қараған.

Енді екінші белгісіз тұлға Барановскийге көшейік.

Осы сәт ойлануға тура келеді. Өйткені, жорамал жалғыз емес. Тартоғай ауылының (Тартоғай стансасы бөлек – ред.) бұрынғы ресми атауы 1919 жылға дейін Тугай-Барановск деп аталғанын ескерттік. Үш бірдей Барановскийді таптық.

Біріншісі - Туган-Барановский Михаил Иванович (1865-1919) – Ресейде экономист, тарихшы, марксист ретінде танылған. 1917-18 жылдары Украинаның Орталық Радасының Қаржы министрі боп қызмет атқарған. Демек, бұл кісінің ауылымызға қатысы жоқ.

Екіншісі - Туган-Мирза-Барановский (Владимир Александрович, 1860 - 1887) – жазушы. Геок-Тепені (1879) жаулап алуға қатысқан. Қайтар жолында мемлекет хатшысының кеңсесінде қызмет атқарған. «Новом Времени», «Петербургские Ведомости» және «Свет» журналдарына мақалалары шығып тұрған. «Русские в Ахал-Теке» (1879, СПб., 1881) атты кітап жазған.

Бұл кісі жобаға келеді. Себебі, Гродековпен бірге Геок-Тепе, Ахалтеке операцияларына қатысқан. Тартоғай ауылы Гродеков болысына қарағанын ескерттік. Тартоғай бұрын, яғни 1919 жылға дейін Тугай-Барановск деп аталған. Біздіңше, Тугай емес, Туган болуы керек. Туган-Барановскийді Тугай-Барановский деп қате жазып жіберуі де мүмкін ғой. Бұл бірінші болжам. Шешім қабылдауға асықпаңыз.

БАРАНОВСКИЙ Степан Иванович (23.12.1817, с. Капустине Мышкинского уезда Ярославской губернии, ? 1890), русский изобретатель, учёный и общественный деятель. Основные труды посвящены различным отраслям механики, геометрии, географии, статистике, языковедению, истории литературы, медицине и пр. Б. сконструировал многоступенчатый компрессор в соединении с коллектором из труб - «духовик» (1860), впервые установленный на мотовозе его же конструкции (1862), а также построил, совместно с сыносыном В.С.Барановским, подводную лодку и др. Автор ряда проектов среднеазиатских ж. д., один из инициаторов строительства Сибирской ж. д.

Біздіңше, осы кісінің ауылымызға қатысы бар сияқты. Степан Иванович Барановский Еуропаны Үндістанға Ресей (Қазақстанды да Ресейге жатқызған) арқылы теміржолмен байланыстыру идеясын ойлап тапқан ғалым. С.И.Барановскийдің жобасы «Индовольжск теміржолы» деп аталған. Мақсат неде деңіз. Орта Азия елдерін бір-біріне жақындату. Ресейге тастай етіп бекіту. Үндістан мен Қытайға сауда қарым-қатынасын орнату. Еуропаның барлық, Азияның бірнеше бөлігін Ресей арқылы байланыстыру. Жоба үш топқа бөлініпті: Екатеринбург, Оренбор және Саратов. Екінші болжам: С.И.Барановский Трансібір магистралі жобасын жасаған авторлардың бірі. Демек, Орынбор-Ташкент теміржолын 1900-1906 жылдар аралығында жүзеге асыруға бірден-бір атсалысқан адам. Ендеше, оның құрметіне Түркістан генерал-губернаторы, не Перовский бір елдімекенді неге атамасқа? Логикаға қисынды ма? Қисынды.

1919 жылы большевиктер Тугай-Барановск деген атауды өзгертуге «аса құмартып», бұрыннан келе жатқан Тартоғай стансасының атын ауылдық кеңеске бере салған болып шықпай ма? Тарих деген міне, осы.

Қызықты фактілер. «Сырдария өзені атырауы Тартоғай стансасы тұсында ені 25-30 шақырым болып басталады да, батысқа қарай кеңейіп, Арал теңізінің шығыс жағалауына жеткенде ені 350 шақырым боп тіреледі. Жазықтың ең биік нүктелері Тартоғай стансасы тұсында 140-151 метр, Жосалы тұсында 100 метр, ал Аралдың шығыс жағасында 55 метрден аспайды».

«Ерте кезде қазіргі Сырдария атырауы мен Арал теңізінің орнында бір-біріне ұқсамайтын, тіркесе жатқан үлкен екі қазаншұқыр болған. Сырдария өзені өзінің бастауын Тянь-Шань тауларынан Ферғана даласында түйісетін кішігірім өзендерден алады да, Сырдария болып алдымен Қызылорда қаласы маңына құйған. Шөлді аймаққа қатты ағыспен аққан өзен ғылыми дерек бойынша бұл шұңқырды 56 мың жылда шөгінділермен толтырған. Осы жер қазір Сырдария ойпаты деп аталады. Ойпаттың ең терең жері Тартоғай стансасынан басталып, Тереңөзекке дейін созылып, одан оңтүстік батысқа қарай Жаңадарияның арнасын бойлай созылып жатыр. Батысындағы екінші қазаншұңқырда қазіргі Арал теңізі орналасқан. Қазіргі кезде бұл жерлер отарлы мал жайылымдарына айналған. Дегенмен де егістік жерлердің алқаптары аймақтың жағдайына қарамай-ақ әлі де болса көлемдері ұлғаюда».

Тартоғай тартқан тауқымет. КазГУ-де оқып жүрген кезімізде деканымыз, атақты профессор Темірбек Қожакеев бір лекциясында Қазақстандағы ең алғашқы көтерілістердің бірі Тартоғай стансасында болғандығын айтқан еді. «Ряд воспоминаний участников революции 1905 года также подтверждает факт участия рабочих местных национальностей в революционной борьбе совместно с русскими рабочими. Так, тов.Тойчибеков Абуза (ныне член алмаатинского горсовета) рассказывает о забастовке русских и казахских рабочих на станции Тартугай, Ташкентской железной дороги: «Работавшие на железной дороге казахи все, как один, принимали участие в забастовке. Была нами установлена связь с окружающими станцию аулами. Казахские трудящиеся очень сочувственно отнеслись к забастовке и, чем могли, помогли нам в нашей борьбе».

Осы жолдарды кім жазғанын білсеңіз, сенбес пе едіңіз? Мемлекетіміздің қайраткері Тұрар Рысқұлов «История СССР: Туркестан и Казахстан (1905-1907)» деген мақаласында осылай депті («Большевик Казахстана», №12, 1935 жыл).

Қазақ халқының бостандығы үшін Ресей патшасына қарсы шыққан Тартоғай ауылының кеңес үкіметі орнаған соң көрген тауқыметі айтуға ғана жеңіл. Әділетсіздіктер мен зұлымдықтарды жасаған орыс билігінен халқының еш нәпақа таппайтындығын ерте түсінген Мұстафа Шоқай өз ұлтын құлдықтың құрсауынан алып шығу үшін жанталасып, күресіп бақты. Ұлы Абайша жеткізер болсақ, «жаумен жалғыз алысты», «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ», «Қайран, елім, қазағым» деп өмірін ел-жұртының санасын ояту жолында сарп етті. Керісінше, кеңес үкіметі қазақтарды аяған жоқ. 1918 жылы Владимир Ильич Ленин «Қазақтарды қырып-жою» деген директиваға қол қойды. Сол жылдан бастап халқымыздың басына жойылып кетудің қара бұлты үйірілді. ГУЛАГ, КАРЛАГ, СТЕПЛАГ деген саяси лагерьлерді ойлап тапқан да «Күн көсем» екендігі дәлелденіп отыр. Мақсаты – қазақтарды жер бетінен жойып жіберу болған.

Айтпақшы, әкелі-балалы тарихшылар Шаймұхановтарға көп рахмет, В.Лениннің ұлтымызға жасаған қастандығы туралы қаулысын мұрағаттан тапқандығы үшін. Осы жолдардың авторы аталмыш деректі «Қасіретті КАРЛАГ» атты журналистік зерттеуінде пайдаланды. Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай тәрізді ұлтшыл патриоттарымыз «Күнсіздерге Күн болған» Владимир Ильичтің қылмысын біліп, тәуелсіз мемлекет құруды армандаған екен ғой.

Әлқисса Перовск оязында холера мен сүзек індеті кеңінен етек жайды. Уездік комиссар Шухардт 1918 жылдың 15 маусымында мынадай хабар жіберген: «Тартоғайда індеттен қырылғандардың көмілмей жатқандығы жайлы хабарды тексердім, мүрделер екі сағаттан ұзатылмай терең шұңқырға көміліп жатыр. Бір ғана рет 6 күн бойы көмілмеген жағдай тексерілді, кінәлілер жазаланды».

Алайда «жазаланды» дегенге сенуге болмайды. Өйткені, большевиктердің халықты емдеуді ұйымдастыруға да, басқа шара қолдануға да уақыты болған жоқ. Олардың есіл-дерті қайткенде ашаршылыққа ұшыраған Ресей губернияларына қазақтардан азық-түлікті молынан жіберту еді. Айтқандай, тек Арал халқының өзі ғана Повольжеге 14 вагон балық жөнелтті. Ал қырылып жатқан қазақтарға Ресей тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеді.

Тарихтан туған ұсыныс. «1880 жылдан бастап, - деді бізге 2014 жылы Тартоғайдың ардақты ақсақалы Құдайберген Маханов, - ауылдың үстімен теміржол жүргізілетін болып, шығыс елдерінен мамандар әкелінген. Жергілікті халық оларды пірсиандар деп атаған. Сірә, парсылар болуы керек. Олар тартоғайлықтарды жұмысқа тартқан. Құмды жарып жол салу үшін қол еңбегі ауадай қажет болған ғой. Сол кездері еңбек еткен кісілердің атымен аталған жерлер аз емес. Мәселен, Адай құмы, Байедік жарма, Бекмырза жарма деген жерлер әлі күнге дейін бар. Шетелдіктер қазақтарды балшықтан кесек құйып, оны өртеп, қышқа айналдыру шеберлігіне үйретеді. Қыш не үшін қажет? Станса салуға, жұмысшыларға үйлер тұрғызуға, монша, қойма, т.б. басқа құрылыстарға пайдаланылған. Пойызды отарба деп атаған ғой. Өйткені, отынмен жүргізілген. Сондықтан отын дайындаушыларға да қыштың көмегі аз болмаған. 1885 жылдары Тартоғайда 30-ға тарта үй тұрғызылған. Оның көбінде украиндар мен орыстар жайғасқан. Сырттан келгендерден жергілікті жігіттер құрылыс жұмысына қоса балық аулаудың қыр-сырын үйренеді. Ауылдың тұрмысы біртіндеп жақсара түседі. Алайда Кеңсе өкіметі кезіндегі аласапыран мен оба індеті кесірінен халық саны азаяды. 1929 жылғы кәмпеске кезінде көптеген адам Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты елдерге безіп кеткен. «Ендігі күніміз не болмақ?» деп үрейі ұшқан азғана тартоғайлықтарға Аллаһтың өзі мейірімін төгіп, 1933 жылы Сырдария тасып, ой-шұңқырдың бәріне су толады. Балық атаулы елді аштықтан құтқарады. Егін бітік шығады. Жан-жақтан жұрт кеп қосылады. 1934 жылы колхоз құрылады. Бір жылдан соң мектеп ашылады. Осы алтын ұядан алғаш білім алғанның бірі мен едім. Ол кезде жас дегенге қарамайды. Үлкен-кіші бірге оқи береді. Әлі есімде, Шаһмардан Есенов, Сейдан Сейдалиев, Өтеген Сердалиев, Баймырзаева (атын ұмыттым), т.б. оқыдық. Мектеп директоры Дәуренбек Ершоқаев бізге сабақ берді. Бұл кезеңді Тартоғайдың дәуірлеу жылдары деп атауға болар еді. Өйткені, колхоз ұйымдастырылды, қазақ-орыс мектебі есігін айқара ашты, кірпіш құятын өндіріс өмірге келді. Ол артель деп аталды. Енді басшыларды есіме түсіріп көрейін. Қазақ мектебін Сарманов, орыс мектебін Ерних, колхозды Бекболат Тілепбергенов, кірпіш құятын артельді Авасян деген азаматтар басқарды. 1937 жылы теміржол жұмысы жанданып, 7 жылдық мектеп ашылды, алыстан қатынайтындар интернатта жатып оқитын жағдайға қол жеткізді. Колхоздың табысы молайды. Артель жылына 2 млн дана кесек құятын зауытқа айналды».

«Сіздерге бір қызықты хикаят айтайын, - деп ауыл тарихын қозғады ардагер ағамыз Сұлтанбек Төреаманов, - 1904 және 1921 жылдары Сырдария қатты тасиды. Тоғай-орманды, айналаның бәрін су басып кетеді. Сол кездерде тек Тартоғай стансасы аман қалған. Ресей инженерлері Тартоғай топырағының сапасы аса жоғары екендігін зерттеп, бұл жерден кірпіш жасайтын зауыт салу керек деген ұсыныс айтады. 1939 жылы Тартоғай зауыты салына бастайды. Тұңғыш директоры академик Шаһмардан Есеновтың әкесі Жорабек Есенов болған. Соғыстан кейін Пак деген кәріс тағайындалған. Айтқандай, кірпіш Тартоғайдың атағын жер-жерге таратқан. Сапасы жоғарылығы соншалықты, сұраныс жыл сайын артып отырған. Қолдан құйылған кесектер арнайы пештерге орналастырылып, арбамен тасылған сексеуіл, жыңғыл, шеңгел сияқты жергілікті отын өнімдерімен күйдірілген. Соғыс жылдарында әскери тұтқындар зауытта жұмысқа жегілген».

Расында Тартоғай кірпіш зауыты Қазақстан тарихындағы алғашқы ірі өндіріс орнының бірінен саналады. Өкінішке орай, осы мекеме туралы еш материал жоқтың қасы. Кеңес үкіметі орнамай тұрып, Ресей ғалымдары Тартоғайдың топырағынан өте сапалы кірпіш алуға болатындығын дәлелдеген. Ақырында 1943 жылы НКВД жапон әскери тұтқындарын алып келіп, осы зауытқа жұмысқа салған. Зауыт тұрғызған. Жапондар тұрғызған алты пеште күйдірілген кірпіштер кезінде КСРО-ның үлкен қалаларына жөнелтілген. Неге? Себебі, сапасы жоғары болған. Осыны тартоғайлықтардың көпшілігі білмейді. Шындығында бүгінгі таңда Тартоғай халқы тек сапалы кірпішімен ғана өздерінің тұрмыстық жағдайын жақсартып алар еді. Ол үшін өндірісті өркендету керек. Инвестиция тарту керек. Осыны облыс басшылары басшылары ойлар ма екен?

Немесе, КСРО кезінде жер-жерге, Сібірге жөнелтілген Тартоғайдың тіл үйіретін бал қауындары мен қарбызын өсіруді неге қолға алмасқа? Су бар. Мемлекеттік қолдау ретінде 6 процентпен берілетін қомақты қаржы бар. Ендеше, не кедергі? Мақтарал ауданының (көршілес Түркістан облысы) диқандары жыл сайын қауынның әр гектарынан 10 мың АҚШ долларын таза пайда етіп тауып отыр. Тоңазытқыш орнатылған жүк көліктері Алмания, Ресей, Украина мен Балтық жағалауы мемлекеттеріне Жетісай қауындарын алып кетіп жатады жаз айларында. Осыны неге көрмейміз? Тіпті тоған жасап, балық өсіруге де болады емес пе? Оған да үкіметтің арнайы қаржысы бар бөлінген. Жылыжай салам десең де, қаржы институтының есігі ашық. «ҚазАгроҚаржы» компаниясы қай кезде де көмек беруге дайын.

(1958-жылы АҚШ-тан Тартоғайға әкелінген "Санта-Гертруда" асыл тұқымды ірі қара)

Бір мысал. Қазіргі таңда Қазақстанда жаңалық ретінде «уралап» айтып жатқан шетелдік асыл тұқымды мал дегенді Тартоғай 1958 жылы қолға алған. Сол жылы Мәскеу ғалымдары АҚШ-тан «Санта-Гертруда» асыл тұқымды бұқаларды жеткізіп, ғылыми сынақ ретінде «Байсал бауында»(№1 ферма) ұстатқызған болатын. Оны көзіміз көрді. Көптеген тұрғындар қолында бар ірі қара малын асылдандырып, бүгінде «жерден жеті қоян тапқандай» БАҚ-та жар салып жүрген «мәрмәр етті»(мраморное мясо) тартоғайлықтар сол жылдары рахаттана жеген болатын. Қайда сол үрдіс? Байсал бауы, Ботабай деген жерлер нағыз мал ұстайтын өңір емес пе? Тоғайында жолбарысы мен қабаны қаптап жүргенде сол маңайға мал баққан қазақтардың ұрпағы енді неге енжар? Енді неге «соқыр»? Енді неге «мылқау»? Тіпті дария жағасындағы тоғайды қорғайтын шаруашылық ашып, қырғауылын, қоянын, қабанын, балығын, тіпті тоғайдың киелі маралын (тугайский благородный олень) неге көбейтпеске? Табиғи паркке айналдыруға кім кедергі? Өзіміздің жерімізді өзіміз қорғамасақ, сақтамасақ, келер ұрпаққа сол күйінде қалай жеткізбекшіміз?

Сырдария өзені - Аллаһтың қазаққа берген бағы, нәпақасы, жұмақтың бір бөлшегі сияқты құнды сыйы емес пе? Ендеше, ЖЕР-АНАмыздың қадірін түсінуге атсалысайық, ағайын.

Айтбай Сәулебек,

Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты.

 

Abai.kz

3 пікір