Сәрсенбі, 23 Қазан 2019
Әріптестің әңгімесі 3885 20 пікір 14 Тамыз, 2019 сағат 12:58

Қазақ қоғамындағы алып үш пассионарлық топ

Қазнеттегі телі-тентек,  қызылордалық Еркін Сәрсенбаев бауырымыздың «Три пассионарные группы в казахстанском обществе» атты пайымдауын «Abai.kz» аударып ұсынып отырмыз.


Он жыл бұрын Қазақстанда ешқандай шеру болған жоқ, әлеуметтік желіде ешкім билікке қарсы ештеңе жазбайтын еді. Ал, қазір бәрі қойыртпақталып, әр апта сайын халықтық бас көтерулер орын ала бастады.

Бұл қазақ қоғамындағы өзінің бүгінгі жағдайына еш келіспейтін, әлденені қалайтын белсенді топтардың қалыптаса бастауы ойландырады. Олар көбіне өздерінің нені қалайтын өздері де түсіне бермейді.

Егер Ресейді мысалға алар болсақ, ол –  бір-бірімен ұйыса топтасуы өте қиын әрқилы күштерден тұратын ұланғайыр ел. Қазақстан геосаяси жосықта шап-шағын ел саналады. Сондықтан өзімнің жеке басым әлеуметтік-белсенді жандардың үш тобын аңғарып жүрмін:

1) Орыс тілді қазақ зиялылары

Бұл өзі батысшыл, пантүрікшіл, тәңіршілдіктен бастап, еуроазиялықпен аяқталатын әр түрлі ұстанымды жөн көретін қырық құрау топ. Тек бәрінің басын орыс тілділіктері қосады.

Олардың осы ұстанымдарынан саяси сенімдері келіп шығады. Бірі – барша кеңестік әм орыстық дүниеге жауыға қараса, екіншілері – керсінше, оны төбелеріне көтере тәу етеді.

Тап осы топ ауыздарынан көбіктері ағып (өздері түсінбесе де) қазақ құндылығын, (өздері нашар білетін) қазақ тілі мен (өздерін түкке керексіз ететін) қарапайым қазақ халқын қорғауда жанын береді. Тап осы топ көшеге шығып, барша халықты оятқысы келеді. Тап осы топ азаннан кешке дейін әлеуметтік желіде отырып, әлдебір құндылықтарды қызғыштай қорғаштап қорғайды. Өте белсенді балақайлар, бірақ әзірше жалынынан гөрі түтіндері басым.

2) Кәрістер

Қазақ қоғамының өмірге өте бейім бөлігі. Кәрістер бұрынғы кеңестер одағына тарыдай шашылса да, ешқайсы шетелге ірге көтере көшпейді. Посткеңестік аумақтың қай жерінде тұрса да, өздерін судағы балықтай өте жақсы сезінеді. Кәрістер еңбекқорылығымен тек бізде ғана емес, Ресейде, Украина мен Өзбекстанда экономикалық салаларда өздерінің орындарын ойып тұрып алып отыр. Қызылордада ең жұрт көп баратын кафені көрсеңіз. Онда егесі – кәріс деп санай беріңіз.

Оның үстіне бұлар өте ұйымшыл, егерәки бір кәріс заң құрығының тұзағына іліне қалса болды, бүкіл кәріс диаспорасы ауыз біріктіре өре түрегеліп, айқайлатып шулатпай-ақ, мәймөңкенің көкесін көрсете отыра, басшылық пен оның маңайындағылардың тілін тауып, қандастарын қорғап қалады.

Ең бастысы кәрістер саясатсызданған топ. Олар қоғамдағы ауызбіршілікті қалап әм ЕАЭС кеңістігіндегі экономикалық байланыстың кеңейе түсуін керек етеді.

3) Дәстүрлі емес исламдық ағымдағылар

Бұл әлеуметтік топ өзінің өзгелерден тұмшалана тасаланған томағатұйық жабықтығымен, еңбеқорлығымен әм Қазақстанда орын алатын саяси үрдістерге (ашық түрде) араласқысы келмеуімен ерекшеленеді.

Олардың Қазақстандағы өзге мұсылман жамағытынан өзгешелігі басым көпшілігі орыс тілді ислам дініндегілер. Бұлардың арасында еңбегі мен ақылы арқасында толағай табысқа жете алған кәсіпкерлердің қарасы өте мол.

Өзгелерден тағы бір көзге ұратын өзгешеліктері бір-бірлеріне бастарына іс түскен өте қиын кезде қол ұшын соза білетін бауырмашылықтары болып табылады.

Бұл жамағат ешқашан жұртпен бірге мешітке барып құлшылық етпейді. Өздерінің үй жағдайындағы мешіттерінде бастарын қосып отырғандықтан олардың нақты мақсаты мен мүддесі туралы сырт көз ештеңкеде білмейді.

Міне, тап осындай пассионариилер Қазақстанда тұрып жатыр. Әзірше олар белсенділік танытып көзге түсе  қойған жоқ. Бірақ олардың еліміздің саяси өміріне білек сабына кірісіп кетпеуіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Ел Үкіметі саяси партия құруға қырық жерден тыйым салған жағдайдағы Қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік дамуында әзірше ұйқыдағы орыс және қазақ тілді пассионарлық топтар саясаттанушыларымыз бен әлеуметтанушылармыздың назарынан мүлдем тыс қалып келеді. Бұндай топтар ел тыныштығы үшін жарылмаған бомбамен бірдей.

Әбіл-Серік Әліәкбар

Abai.kz

20 пікір