Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Білгенге маржан 7169 1 пікір 12 Қыркүйек, 2019 сағат 11:46

Бүгінгі әдебиет және жастар

Қазақ топырағы ықылым заманнан бері ойшыл һәм дарынды адамдарға кенде болған емес. Сондай дарындардың бір шоғыры төл әдебиетімізде де жетерлік. Бұл күндері ауыз әдебиетіміз қатталып, жазба әдебиетіміз түгенделді. Оларды өз уақытымен дәріптеп, санамызда қайта жаңғыртып келеміз. Биыл ел болып Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын өткізудеміз. Одан бөлек, үш бәйтерегіміз Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллиндердің 125 жылдығы да назардан тыс қалмайды.

Кейінгі бірер жылда қазақ әдебиетшілері айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Мысалы, осы күндері қазақ әдебиетінің 30 ақыны мен 30 жазушысының шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне аударылуда. Мұны мамандар зор жетістікке балап, қазақ әдебиетінің жаңа дәуірі басталды дегенді айтып жүр. Журналист Гүлжан Марқабаева: «Стивен Ковидің жуырда ғана аудырлған «Жасампаз жандардың жеті дағдысы» кітабындағы адамның ақыл-ой қабілетін 4-ке бөлінетіндігін Мағжан Жұмабаев «Педагогика» кітабында бұдан бір ғасырдай бұрын айтып кетен. Біз аударманың болмауынан Мағжанмен мақтана алмадық» дейді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның айтуынша, қазақ қаламгерлері шетел әдебиетшілерінен артық болмаса кем емес. Олар үшін біздің әдебиет ашылмаған жұмбақ болып отыр. Қазақ әдебиетінің ағылшын тіліне аударылу нәтижесінде Кембридж университетінің студенттері елімізге келіп, мәдениетімізбен танысып, бауырсақтың дәмін татып, домбыра үнін естіп, атқа мінгісі келетін көрінеді. Бұл «Cambridge University Press» департаментінің басшысы Джейн Маннның аузынан шыққан сөз. Осылайша жуық арада қазақ әдебиетінің шығармалары әлемнің 70-тен аса еліне тарайды. Демек, осыншама елдің оқырмандары біздің қаламгерлердің шығармаларымен етене таныс болады деген сөз. Енді осы тұстан назарымызды өз елімізге қарай бұралық.

Қазіргі уақытта ақпараттық технологияның шарықтауынан ба, аға буынның жастарға көңілі толмауынан ба, көбіне-көп «жастардың көпшілігі кітап оқымайды» дегенді жиі естейміз. Жиі естілгені соншалық – сол сөзге бой үйретіп, көзбен көрмей тұрып сырттан тон пішу етек алып кетті.

Әйгілі ақын, драматург Иоссиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адам кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», – деген екен.

Сөздің шыны керек, бұл күндері бұрынғы кезеңмен салыстырғанда кітап оқымайтын жастар, жастар дейміз-ау, жалпы кітап оқырмандары шынымен де азайып кеткендей. Өйткені жарық көрген кітаптардың тиражы ең көп дегенде 10 мыңның ар жақ, бер жағында ғана. Орта есеппен алғанда кітаптардың көбісі 5000 данамен ғана шығады.

Әрине, біз бұл жерде кітапханалардың қаншама оқырмандарды керекті кітаптармен қамтамасыз етіп отырғанын жоққа шығарғымыз жоқ. Кітап құндылығы көптігімен есептелмейді десек те, таралымына қарап Иоссиф Бродский айтқандай көңілге қорқыныш ұялайды. Бір қуанарлығы әдеби туындыларымыз электронды нұсқамен де жинақталған.  Оқырмандар кез-келген уақытта керегінше оқи алады. Электронды ақпаратпен хат-хабар алысқан кезеңде мұның да маңызы зор. Десе де оқырмандар арасында электрондық нұсқа мен кітаптың айырмашылығы туралы пікір қайшылығы бар. Қалай болғанда да ең бастысы кітап оқыса болғаны.

Жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятатын тәсілдің бірі де бірегейі – шығарма иесімен, белгілі әдебиетшілермен кездесу. Осы орайда Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы «Әдебиет әлемі» жобасын бастап, оны ұйымдастыруды «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорына тапсырды. Қор қыркүйек және қазан айларында Алматы қаласындағы мектептер мен ЖОО-да елімізге белгілі әдебиет өкілдерімен атап айтқанда, Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхан, Аманхан Әлімұлы, Есей Жеңісұлы, Ақберен Елгезек секілді әдебиет өкілдерімен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Ж.Сарқасқа

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516