Жұма, 29 Наурыз 2024
қазақ! 6462 24 пікір 19 Қыркүйек, 2019 сағат 14:40

Президент: Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады

Өзге елдерден Қазақстанға көшіп келген қандастарымызды «Оралман» деп атап жүрміз. Алайда осы атауды құлаққа жағымды, жүрекке жылы қазақы сөзге алмастыру жайлы көптен бері айтылып келеді. Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударып, «Оралман» атауын «Қандастар» деп өзгерту жайлы ойын бірнеше мәрте айтқан.

17 қыркүйек Мәжілісте осы ұсыныс талқыланып, депутаттар ел күтпеген шешім шығарды. Халық қалаған, президент ұсынған «Қандастар» атауын қабылдамай, «Бауырлас» деген сөзді енгізді. Бұл атауды депутат Қуаныш Сұлтанов пен Нұрлан Дулатбеков ұсынған екен.

ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек осы мәселені талқылаған жұмыс тобына Президенттің: «Оралман» деп аталып жұрген тұрғындарымызбен жұмыс істейміз, оларды біздің қоғамымызға бейімдеп, жақын тарту үшін «Қандастар» деп атауды ұсынамын, - деген сөзін оқып берсе де, депутаттар дегенінен қайтпаған көрінеді.

Осы шешім қабылдана сала, көпшілік қауым «Бауырлас» сөзіне қарсы шықты. Бұл сөздің көптен бері көршілес және туыстас халықтарға арнап айтылып жүргенін еске алып, шетелден келген қандастарды бұлай атауға болмайтынын айтты. Мәселен, бұған дейін көршілес өзбек бауырларымыз, тәжік бауырларымыз немесе туыстас түрік бауырларымыз болса, енді қандас қазақ бауырларымыз пайда болғалы тұр. «Бауырлас» сөзі қазақты бір-біріне жақындастырмайды, керісінше алыстата түседі.

«Қандастар» атауы соңғы кезде бейресми түрде «Оралман» сөзін ауыстыра бастаған. Баспасөзде де, қарапайым жұрт арасында да шетелден көшіп келген қазақтарды қандастар деп атау қалыптасып үлгерген. Депутаттардың осыны да ескермей, «Қандас» сөзінен бас тартуын жұртшылық жалтақойлық деп бағалады. «Көпұлтты Қазақстан» дегенді ауызынан тастамайтын билік басындағылар «қандас» - «қазақ» деген сөздерден қорқып отыр. Сол үшін де «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» мәні бұлыңғырлау «Бауырлас» сөзіне бүйректері бұрды.

Бірақ, ұлтжандылықтан ұлтандай хабары жоқ жалтақ депутаттардың бұл қулығы халықты алдай алған жоқ. Әлеуметтік желіде бұл шешімді қызу талқылап, Президент ұсынған «Қандастар» атауын қолдады. Біз де күні кеше осы мәселеге байланысты мақала жазып, қандастарымызды - қандас деп атай алмаудың масқара екенін айтқан едік.

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі жеке парақшасында шетелден келген қазақтарға «қандас» атауының жарасатынын тағы бір мәрте қайталады.

- Бұған дейін айтқанымдай, атамекеніне оралған қазақтарға қатысты «Оралман» сөзінен бас тартып, оның орнына «қандас» сөзін енгізу керек. Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады, - деп қадап тұрып айтты Президент.

Біздің депутаттар үшін «ұлттар достығы», «ұлттар теңдігі» деген жаттанды ұрандар қанша қадірлі болса да, Президент сөзіне енді құлақ түретін шығар. Мемлекет басшысы бұған дейін екі мәрте «Қандас» атауын ұсынса да, Мәжіліс мән бермеген еді, үшінші рет тағы талап етіп отыр.

Қазақ еліне келген қазақтардың құжаттық мәселесін бұрынғыдан да жеңілдетіп, қалаған уақытында ҚР азаматтығын алуына мүмкіндік жасаудың маңызы зор. Қандастарға оң қабақ танытудың алғы шарттарының бірі - біз сөз етіп отырған орынды атау беру мәселесі. Сол үшін Мәжілістегі көне депутаттар коммунистік көзқарастарына қасарыспай, қандастарымызды «Қандас» деп атауға қарсы тұрмағаны жөн...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564