Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Абайдың қонағы 7805 57 пікір 27 Қыркүйек, 2019 сағат 11:22

Ермұрат Бапи: Екі оттың ортасында тұрған адаммын...

Құрметті оқырман! «Abai.kz» ақпараттық порталы тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан интернет-конференцияның осы жолғы қонағы тәуелсіз журналист, қоғам қайраткері, «Дат» гәзеттер жобасының жетекшісі, «ЖСДП-Ақиқат» партиясының экс-төрағасы Ермұрат Бапи мырза болды.

«Abai.kz» оқырмандары тарапынан Ермұрат Бапи мырзаға ұзын-ырғасы 50-ден аса сұрақ келіп түсті. Спикеріміз 2 сағаттан аса уақыт отырып, сіздердің сұрақтарға жауап берді.

Сұрақтардың қайталануы мен оқырмандар арасында ойжарыс, пікір-таластың орын алуына байланысты, спикер Ермұрат Бапи мырзаның сұхбат барысында айтқан өткір ойларын ықшамдап жариялауды жөн санадық.


-Ераға, әуелі қош келдіңіз! Әңгімемізді ЖСДП сьезінен бастайықшы. Сьезден соң өткір-өткір пікірлер айттыңыз. Партиядағы «төңкерістен» кейін «бесігінде жатып өлген партия» дедіңіз. Сьездге қатысушылар да аз ғана адам. Тіпті, біз сол сьездің өтетінінен хабарсыз болдық...

-Бұл тақырып әбден жауыр болған сияқты... Дегенмен рас айтасыз, сьезд өтеді деп алдын ала хабар таратқан жоқпыз. Екі күн бұрын ғана журналистер мен сьезд қонақтарын құлағдар еттік. Бұған бірнеше себеп бар. Бірінші - қауіпсіздік мәселесі: сьезд өткізгелі отырған қонақ үйдің қожайындары соңғы сағатта бас тартуы мүмкін еді. Ондай тәжірибенің тұзын талай таққамыз. Сақтық жасайық деген сыңайымыз ғой... Бірақ бір жағын қымтап, екінші жағын алаң-ашық қалдырыппын... Жау сырттан емес, іштен шықты...

-Сьезд не үшін шақырылды? Барлығы аяқ-асты болғандай...

-Президенттік сайлаудан кейін, ЖСДП  «улы» ұйым болып шықты. Өйткені партия сайлауға байкот жариялады. Сайлауға қатыспады. Оның алдында төрт жыл бойы ұйықтап жатқан, қоғамдағы ешқандай процестерге етене араласпаған, анда-санда бір мәлімдеме жариялап қойып, тып-тыныш, қалың ұйқыда жатқан партия еді ғой.

Біздің мақсат – парламенттік сайлауға дайындалу болды. Ол үшін әуелі партияны ұйқыдан оятып, еңсесін көтеріп, содан соң оны қоғамға әкелу керек еді. Ал қоғамға әкелу үшін үлкен саяси процесс бастау керек. Оны мен, төраға ретінде осы сьезден бастағанды жөн көрдім. Оның үстіне сайлаудан кейін менің өзім де «токсичный» атандым... Өйткені мені Әміржан Қосанов шыққан «Жаңа Қазақстанның» өкілі деді, «ескі оппозиция» деді. «Әміржан Қосановтың бажасы» деп, беталды жазғырғандар болды. 

Оның үстіне, сайлаудан кейін қоғамда жаңа күштер, жаңа протестік буын келді, оппозицияның жас ұрпағы пайда болды. «Оян Қазақстан» келді. «Мен ояндым», «У меня есть выбор», «Respulika» дейтін қозғалыстар шықты. Оған қоса, бақылаушылардың үлкен армиясы келді. Қоғамда трансфармация басталды.

Бірақ, осы жаңа келген күштер біздің партияны да, менің өзімді де қоғамда тиісті қозғалыс жасайтын саяси күш деп бағаламады. Сондықтан мен ойлана келе, өзім отставкаға кетейін, өзімнің орныма жаңа ұрпақтың бір өкілін төрағалыққа ұсынайын деген ой болды.

ЖСДП - «БЕСІГІНДЕ ЖАТЫП ӨЛГЕН» ПАРТИЯ

-Сіз шамамен 4 айға жуық төраға болдыңыз...

-Иә, төрт ай. Қазіргі уақыттың шапшаңдығы, ақпараттың ағыны, қоғамдық процесстердің буырқанып өтіп жатқаны сондай, осы төрт айдың өзі кемінде бір жылдың жүгін арқалағандай болды. Сондықтан мен осы күзгі саяси науқанды сьезден бастап, сьезде отставкаға кетіп, орныма Жанболат Мамайды ұсынбақшы едім.

Бірақ, бұл партия жұмысынан үзілді-кесілді кету емес, Жанболаттың қасында жүріп, партияға жас кадрлардың кеп жатқанын, Зеленский сияқты жастардың бізде де бар екенін көрсету керек еді. Қоғамға сигнал беру керек болды. Әсіресе, соңғы шығып жатқан саяси күштерге, жастарға белгі беріп, партияда осындай ребрендинг басталғанын жария ету керек еді.  

Одан басқа тағы бір-екі саяси жобамыз болды. 

Бірақ, енді мұның бәрін айта берсең,  бүгін бітпейтін сөз... Қазіргі уақыттың жылдамдығы сондай, осы жиырма күннің ішінде бұл тақырыптың өзі біраз сүрленіп қалды. Сьездегі төңкерісті қайта-қайта айта берсем, ақталғандай боламын. Төрағалыққа қайта ұмтылғандай, сол орын үшін жармасқандай, өлермен болып көрінгім келмейді. Менің ешкімнің алдында ақталатындай кінам жоқ! Ардың да, бардың да алдында тазамын! 

Дегенмен бұл тақырып мені іштей мазалайды. Қатты қинайды. Бірақ мен енді мұны қоғамға талқы қылатын тақырып деп ойламаймын. Өйткені партия «бесігінде жатып өлді». Сондықтан, мұны қайтадан қоғамға тықпалап, «осындай саяси күш, оған әлі сенім артуға болады» деген ойлармен ел-жұртты қажытқым келмейді.

СОТҚА БЕРЕМІЗ

Сьездің қоғам алдына шығармақ мақсаты үлкен болғанымен, арсыз төңкерісшілердің артында тұрған арам пиғылды ұйымдастырушылардың ықпалымен осындай партиялық дағдарыс болды. Бірақ біз олардың кім екенін анықтадық. Саяси кеңестің 4-5 мүшесі ақшаға сатылған. Ал оларға ақшаны кім төлегені де мәлім. Бірақ әзірге олардың аты-жөндерін атамауды жөн көріп отырмын. Себебі қаншалықты «улы» болса да, елдегі жалғыз оппозициялық партияны қоғам үшін сақтап қалу - менің жеке намысымнан да маңызды міндет болып тұр. 

Ал егер партияны иеленіп кеткісі келгендер мұндай халықтық-қоғамдық міндетті түсінбейтін болса, амал жоқ, істі сотқа беремін.

Сьездің заңсыз болғаны жөнінде құжаттар дайындап қойдық. Өйткені өңірлерде делегаттарды сайлаған конференция өтпеген. Ол «Қазақстандағы қоғамдық бірлестіктер және саяси партиялар туралы» Заңға қайшы. Сондықтан бұл сьездің легитимдігін сотқа беріп, партияның «статус-кво» жағдайын қалпына келтіреміз.

-Сьезді сіздер шақырсаңыздар, делегаттарды кім шақырды?

- Заң бойынша, облыстық кеңестер конферения өткізеді. Сол конференцияда делегаттар сайлануы керек еді. Бірқатар облыстарда конференция өтпеген. Филиал төрағалары өздерінің жақын-жақыбайларын жасанды қаттамаға делегат ретінде тіркей салған. ҚР Әділет министрлігіне партия легитимсіз сьезінің құжаттарын тіркемеу туралы ақпарат кетті. Келесі аптаның ішінде құжаттарды сотқа өткіземіз.

-Сьезде сөйлеген жігіттердің кейбірі сізге «Әкежен Қажыгелдинмен байланысы бар» деген айып тақты. Парижге барғаныңызды айыптай сөйледі. Кейін белгілі болғандай, сол жігіттердің өздері де сол Париж жиынына қатысқан екен...  

-Мұның барлығы сандалбай сөздер. Оның әрқайсына тоқталып, баға берудің өзі артық. Өйткені, сол төңкерісшілер маған сьездге дейін партияның ішкі жұмысына байланысты бірде-бір сын-ескертпе айтқан емес. Мен олардың әрқайсысына ашық болдым: кез келген сәтте кемшілігімді бетіме басуға мүмкіндіктері мол болды. Бірақ бір ауыз "бұныңыз жөн емес" деген сөз болмады. Бірақ бір түннің ішінде ұяттары "ояна" кетіп, партияны менен "құтқарып қалмақ" бопты. Париж жиынына бармаймыз деген біреуі болмады.

Иә, Әкежан Қажыгелдинмен саяси әріптес екенім рас. Мен мұны ешқашан жасырған жоқпын. Ол кісімен ұзақ жыл біргеміз. 25 жылдан асты, білем. Ол кісінің басына іс түскенде, сотты болғанда мен қасында болдым. Сондықтан мен бүгін әлдебір саяси каньюктура үшін маған жанашыр болған адамнан жалтара алмаймын.

Мәселе менің Парижге барғанымда немесе Қажыгелдинмен жақындығымда емес. Жігіттердің өздері де барған. Ол жиында ашық тақырыптағы әңгімелер болды. Ол жерде парламенттік сайлауға дайындалудың тактикалық жоспарлары талқыланды. Ал, жігіттер айтқандай, «партияны Қажыгелдинге сатып жібермек болды» деген әңгімелерінің бәрі бос сөз. Партияның төрағасы оның ең жақын саяси әріптесі болса, Қажыгелдинге бұл партияны сатып алудың керегі не еді? Логика қайда?!

-Сату туралы әңгіме Жармахан Тұяқбайдың кезінде де болды ғой?

-Негізінде менің партия төрағалығына келуіме себеп болған жағдай - Ж.Тұяқбайдың кеткелі жүр деген әңгімесін естіп, басқа саяси-әлеуметтік топтар партияға көз тіге бастаған ғой. Сол кезде Жармахан маған ашық айтты. «Осындай адамдар келіп жатыр. Мен бірақ, осы партияны таза қолға беріп кеткім келеді. Сондықтан сен келісіміңді берсең» деді. Бұл әңгімені маған бір жыл бұрын айтты. Өткен наурызда Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетті де, Тоқаев келді. Қоғамда бір сең қозғалған сияқты болды. Содан кейін өзгерістерге деген үміт пайда болды. Бір жыл бойы Тұяқбайдың маған айтып жүрген, мені үгіттеп жүрген әңгімесі дәл сол кезде пісіп-жетілген болар... Оның үстіне партияны алуға ынтасы бар топтардан жалғыз партияны құтқарып қалу керек болды. Себебі, оппозициялық жалғыз партия. Сол үшін де мен шешімге келіп, келісім бердім.

Ал, партияны сату мәселесіне келсек, сататын да, сатып алатын да обьекті жоқ. Мен онсызда партияның төрағасымын, оның негізгі жұмысына басшылық жасап отырмын, демек маған оны саудаға салудың, Қажыгелдинге сатып алудың еш қажетілігі жоқ. Сондықтан бұл бос әңгіме, сандырақ сөз.

ЖАСТАРҒА ОРЫН БЕРУ КЕРЕК

-Сьезден соң сіздің орныңызға Асхат деген жігіт келіпті. Орыс тілді жігіт сияқты. Қазір қоғамның қазақыланып, кез-келген қозғалыстардың, митингтердің, жалпы саяси-қоғамдық процестердің қазақыланып кеткенін көрдіңіз. Осындай қазақ қоғамы оянып жатқан тұста орыс тілді азаматтың ЖСДП төрағалығына келуі қаншалықты эффективті?

-Төңкеріс аяқ-астынан болғандықтан, оны ұйымдастырушылар мен олардың сыртында тұрған адамдардың бір түннің ішінде шығарған шешімдері ғой. "Төңкеріс жасауға кім қолайлы?" дегенде, Тазабек пен Асхатты айтқан. Сол түні олардың телефондарына кім, қанша рет қоңырау шалғанын біліп отырмыз...

Қазір елдегі қоғамдық процестердің басым көпшілігі қазақ тілді ортада жүзеге асып жатқандықтан, елдегі өзгерістерге ұйытқы болатын да әуелі қазақи орта. Сондықтан, Асхат Рақымжанов ол партияда төраға болып ұзақ отыра қоймас.

МЕНІҢ ТРАГЕДИЯМ - АҢҒАЛДЫҚПЕН, СЕНГІШТІКПЕН ПАРТИЯНЫ ҚОЛДАН ШЫҒАРЫП АЛУЫМ

-Жалпы адам ретінде жаныңызда жүрген жігіттердің осы революциясынан кейін, адамдарға деген сенім азайған шығар...

-Бұл сатқындық маған ғана жасалған жоқ. Бұл қоғамға, өзгеріске құштар қазаққа жасалған сатқындық. Себебі, төңкерісшілер Қазақстан қоғамындағы жалғыз оппозициялық партияны әлдебір үшінші дүдәмал топтың, биліктің немесе бір бандиттік кланның ығына жығып берді. Ертең бұл партияға азаматтық қоғам өкілдері келе ме, келмей ме - бұл екіталай мәселе.

Екіншіден, сайлаудан кейін үдере тұрған «бақылаушылар» деген үлкен күш бар. Олар осы партияға қайтадан үміт арта ма, артпай ма?

Осындай халықтық мүддені сатып кетті, бұл аярлар. Ең аяныштысы осы. Ал, менің жеке басыма жасалған сатқындық - өмірімде бірінші рет болған арсыздық . Мен оны жеке басымның қайғысы деп есептемеймін. Менің трагедиям аңғалдықпен, сенгіштікпен партияны ұстай алмай қалғаным болуы мүмкін.

Егерде біз сотта жеңіп, мен бұл партияға келіп жатқан жағдайда мен тағы да өз басыма проблема туғызамын. Өйткені қоғам бұны саяси-құйтырқы ойын деп санайды. "Бапи қайта келді, бұл шынымен биліктің проектісі болды" деген ой туады. Сондықтан шынын айтқанда, мен екі оттың ортасында тұрған адаммын.

-«Anti-colorados» дейтін оқырманымыздың сұрағы: Ермұрат інім, летаргиялық ұйқыдағы динозвар партиядан кеткенің жақсы болды. Кешегі КПСС пен ВЛКСМның шинелінен шыққандар қазақ қоғамын өзгерте алмайды. Мейлі олар шетелден қақасасын, мейлі олар Қазақстанда зарласын. олардың милары 20ғ. қалып қойған. Оппозицияның ең кәрі ақсақалы 40-45 жаста болуы керек.

Қазақстанда өзгеріс жасайтындар – КСРО деген қызыл империяны көрмеген, қызылкөздер мен комсомолдардың жетегіне ермеген, «Нұрсұлтан-Қазақстан!» деген вируске шалдықпаған, отызында орда бұзатын жігіттер мен қыздар. Осы пікірмен келісесің бе?

- Мен бұл кісінің пікірімен толық келісемін. Партияны, біріншіден қоғамды өзгертетіндей мүмкіндігі жоқ деген сөз егер біз осы сьезде ойға алған жоспарларымызды жүзеге асырып, Жанболат Мамайдың төрағалығымен, басқа азаматтардың ықпалымен партияны азаматтық қоғамға алып келген жағдайда, онда қоғамның протестік мүмкіндіктерін пайдаланып, біз парламенттік сайлауға текетірес жағдайында баратын едік. Ол кезде қоғам бізге сенетін еді, ілесетін еді.

Партияда жалпы 146 мың адам бар деп есептеледі. Бірақ олардың қаншасы бар, қаншасы жоқ? Оның есебі жасалмаған. Ал, өз ойымша 200-300 адамның айналасында белсенділер қалған шығар. Бұл өзі өлімші хәлдегі партия. Оны азаматтық қоғамның көмегінсіз, сол күйінде парламентке құлағынан сүйреп апару мүмкін емес. 

-«Ұлт» дейтін оқырманымыздың сұрағы: Ереке, қазір жалпы жағдайды көріп тұрсыз. Бәрі мәз емес. Сексендегі шалы бар үйдің жағдайы қалай болатыны белгілі. Отызға толған баласының жағдайы қиын. Қазір ары-бері өткен жұрт айтып жүр, шаңырақтары шайқалатын кезге жетіпті деп. Соған ана көршілер ақшаны қарызға беріп-беріп енді үйлерінің орнын сыпырып тастап, зауыт-фабрика саламын деп отыр. Біз отырмыз. Обал болады. Қара шаңырақ дейміз. Олар отыр, қарызын сұрап. Жағдай қиын. Қазір бір үйлі жан қайда барады? Квартираның бағасы қымбат. Атамыздың жағдайы ауыр қазір. Туыс-туған да қарамайды. Барлығы байып алған. Ал, олар отыздағы баласына қарайласпайды. Оған жаны ашитын адам бар ма?

-Бұл қазақ қоғамының жалпы жағдайын сипаттайтын сұрақ. Қазақстанның мұндай жағдайға тап болуы ұзақ жылғы бір саяси жүйенің салдарынан пайда болған қасіретті жағдай. Меніңше, қоғамдағы әлеуметтік тартыстың салдарынан бір отбасының өзінде неше түрлі ұрыс-керіс туып жатыр: кредит, баспанасыздық, жұмыссыздық. Сондықтан бұл жүйені өзгертпесе, жеке бір орташа отбасы да, ел де ұшпаққа шыға алмайды.

ОППОЗИЦИЯНЫ БІРІКТІРУ МҮМКІН ЕМЕС ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЖЕТІ ДЕ ЖОҚ

-«Секен» деген оқырманымыздың сұрағы: Ермұрат мырза, Қазақстанда біртұтас оппозиция бола ма? Қашан? Ол үшін не істеліп жатыр?

-Қазір Қазақстанда біртұтас оппозиция болу мүмкіндіктері өте қиын. Күрделі. Себебі, билік режимді сақтауға мүдделі. Сондықтан, қалыптасып келе жатқан, бірігіп келе жатқан топтардың өзін быт-шыт қылып, бірнеше бөлікке бөліп жіберуге бар күштерін салуда. Мәселен, соңғы сайлаудан кейін пайда болған бақылаушылардың өзі қазір бірнеше топқа бөлініп кетті. Қазір "бөліп ал да, билей бер" технологиясы қатты белең алып тұр.

Сондықтан оппозицияны біріктіру мүмкін емес және оның қажеті де жоқ. Оны тек бір идеяға, жүйені өзгертуге жұмылдыруға болады. Мәселен, парламенттік сайлауда билікке қарсы күш ретінде бірігуге болады. Әйтпесе, сонау Алтын орда заманынан бері  дұрыстап, басы бір бірікпеген қазақты оппозицияға топтастыра қою - қиямет шаруа.

-«Техас» деген оқырманымыздың сұрағы: Ермұрат мырза, оппозиция «Аққу, шортан һәм шаян» болып халықты шатастырып жіберді. Сізше оппозицияда бір жеңнен қол шығаратын күн қашан туады? «Нұр Отанды» жеңетін партия бола ма, әлде ол КПСС сияқты билікті ешкімге бермей 70 жыл өмір сүре ме?

-Егер әділ сайлау болатын болса, «ЖСДП-ның» өз жағдайында, «Нұр Отанмен» тіреске түсуге болады. Халық билік партиясына қарсы дауыс беру үшін ғана ЖСДП-ны қолдауы әбден мүмкін.

-«Марат Омар» деген оқырманымыздың сұрағы: Сіздің орныңызға барған адам Қажыгелдин, Рысқалиевтармен болған, билікті сынаған отырыстарға қатысқан жоқ па? Ол қалай төраға болды? Әлде ол «үш әріптен» барды ма?

-«Үш әріптен» деген сөз жайдан-жай айтылып отырған жоқ. Себебі партиялық төңкерістің артында сол "контордың" адамдары тұрды деген тағы бір ақпарат бар. Кезінде 2008-10 жылдары партияға келген, кейін кетіп қалған біраз жігіт кімнің қандай жағдайда келгенін, жаңағы төңкерісшілердің арасында "КНБ"-ның институында сабақ берген адамдардың болғанын айтып жатыр. Оны сіздің оқырмандарыңыздың алдында тырнақ астынан кір іздегендей қылып, жіпке тізгендейт айтқым келмейді. Бірақ, ондай әңгіме бар. Ол нақты деректермен дәлелденген.

-«Ұлт» деген оқырманымыздың сұрағы: Сізге айтар халықтың реніші өте ауыр. Соңғы кезде сізді түсіну қиын болып кетті. Біресе ЖСДП-ға төраға болып кеттіңіз, одан кейін Жаңа Қазақстан арқылы Парижде болдыңыздар. Онда елдегі билікке талап қойдыңыздар. Қосанов төңірегінде халықты жинап, Тоқаевты өтікізіп жіберіп халықты алдап соқытыңыздар. Одан кейін ЖСДП-дан төрағалықтан кеткеніңізді көрдік. Осының бәрі биліктің лас саясаты екені белгілі. Мұның бәрі елде халықтық саясат жоқ екенін көрсетіп отыр. Билік ойына келгенін істейді. Оған халық наразылығы артып бара жатқаны айқын. Жақында құрылтай болды онда да бәрі сөз жүзінде қалды. Енді бүкіл халықты қозғалысқа әкеліп өзгеріс жасау керек сияқты. Осы жолда бағытыңыз қандай?

-Мен бұл кісінің пікіріне қосыламын. Бірақ, мен ЖСДП партиясына келгеннен кейін, "Жаңа Қазақстанда" болған жоқпын. Одан кейін сайлауға байкот жариялауға да менің қатысым жоқ. Себебі, ол мен төраға болып сайланғанға дейінгі сьезде қабылданған шешім болатын. 

Ал, өзгертуге қатысты қандай ойыңыз бар дегенге келетін болсақ, 4 айдың ішінде көзім жеткен дүние - елдегі қарсылық шараларна бизнес өкілдері келмейінше, ештеңе өзгермейді. Олигархтық деңгейдегі бизнес өкілдері қоғамның өзгерісіне жанашырлық танытып, елде туындап жатқан саяси әлеуметтік күштерге жәрдем бермесе, мен сияқты бірен-саран азаматтар өз ерік жігерлерімен ештеңе істей алмайды. Материалдық-қаржылық жағынан ықпал ететін бизнес өкілдері келу керек.

БАЙКОТ – ПАРТИЯНЫҢ ҮЛКЕН САЯСИ ҚАТЕЛІГІ БОЛДЫ

- «Марат Омар» деген оқырманымыздың сұрағы: Сайлауға байкот жариялағанда біз үйде жатып алсақ, елдің көбі сайлауға қатыспаса, бас ұрылардың бір жерін кесіп аламыз деп ойладыңыздар ма? Әлде халықты кері тартуға бағытталған өтірік оппозициясыздар ма?

-Байкотқа менің төраға ретінде әсерім болған жоқ. Мен өйткені сьездің күн тәртібіндегі үшінші сұрақпен тағайындалдым. Байкот күн тәртібіндегі бірінші мәселе болып бекітілген. Сондықтан, жеке партия мүшесі ретінде барлығымен бірге байкотқа дауыс бергенім рас. Себебі, мен өзім сайлауға түсуден бас тартқандықтан мен өзімнің партияластарымның ортақ шешіміне қосылдым. Бірақ, бұл шешімнің дұрыс болмағанын сол кездің өзінде іштей сездім. Ал, сайлау кезінде ол анық көзге көрінді. Бұл жерде менің саяси партияларға қатысты тәжірбиеменің аздығы да болды. Бұл партияның үлкен саяси қателігі болды.

-«Бауыржан Серікбайдың ізімен» деген оқырманымыздың сұрағы: Парижге барған адамды басшылықтан алып, орнына Парижге барған екінші адамды қойғаны қалай? Халыққы танымал емес жас жігіт келді. Күмәнді. Неге әлсіз кандидат таңдалды? Әлде өтірік оппозиция болудың қажеті жоқ деп шешті ме? ЖСДП-ны әлі де оппозициялық пария деп сеніп жүре бере ме?

-Бұл партия осы төңкерістен кейін өзінің оппозициялық көзқарасынан толық айныды деп айта аламын. Соңғы бір аптаның ішінде партияға мүше қабылдауға мараторий жарияланды. Қазір мүше қабылдау тоқтатылды. Себебі, жаңа күштер партияға келіп, төңкерісшілер мен консерваторға қарсы шығып, орындарынан тайдыра ма деген қорқыныштың салдарынан партияға мүше қабылдауды тоқтатты. Екіншіден, Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесіне барамыз деген шешім шығарды. Тоқаев мырзаның құрған кеңесіне бару - билікпен ымыраласу деген сөз. Ал, біздің қоғамның билікке қарсы наразылығы ушығып тұрғанда, біз соны пайдаланып, сол қоғаммен бірге парламенттік сайлауға билікпен бетпе-бет, текетірес жағдайында баруымыз керек еді. Сондықтан егер біреулер ақыл сұрап жатса, егер партия билікпен ымыраласып кеткен жағдайда, қазір бұл партияға сенім артудың қажеті жоқ деп айтар едім. Бұл менің азаматтық ойым. Парижге бару туралы сұраққа жауап берілді. Бұл төңкерісшілердің сандырағы ғой.

-«Есен» деген оқырманымыздың сұрағы (ҚР Конституциясы мен заңнамаларға сәйкес сұрақтағы кейбір сөздер өзгертілді –ред.): Қазір халық билікті жек көретіні соншалық, оны тақтан кетіру үшін дүлейлердің артынан ілесуге бар. Дүлей бола алар ма едіңіз?

-Қазіргі жағдайда қоғамда әлдебір наразылық қозғалысын ұйымдастырып жатқан Әбілязовтың бастамасын бір жағынан қолдаймын, бір жағынан халықты дүлейге қарсы айдап салуға қарсымын. Ал, менің жеке басым алаңда атойлап жүретін жастан асып кеттім. Мен дүлей болатын жастан асып кеттім: 60-тан асып барамын...

-«Қазақ» деген оқырманымыздың сұрағы: Тоқаевты құттықтағаны үшін Қосановты «сатқын» дей салу қаншалықты әділетті? Егер Тоқаев әділ жолмен басым дауыс алып жатса оны құттықтамау қызғаныш көре алмау болар еді. Ал, Тоқаев сайлауға қатысты уәдесін орындамады. Ал Қосанов бюлетен жәшкітеріне заңсыз салынған дауыстарды көріп отырып, Тоқаевты құттықтады ғой... Бұл Қосановтың опасыздығы емей не сонда?

-Жалпы, бұл қоғамға ғана емес, Әміржанның өзіне де үлкен опық жегізген әрекет болды. Сондықтан жығылып жатқанды төмпештеу менің арыма сай емес. Негізінде, мен білетін Әміржан болғанда, бұл дәл осындай қоғамға қарсы әрекетке бармас еді. Бұл сыртқы әсерден болған шешім деп ойлаймын. Әлдебір қорқыту, үркіту болды ма, әлде арада ақша жүрді ме, басқа болды ма, ол жағын мен анықтап айта алмаймын. Дегенмен бұл еліміздің жаңа тарихында үлкен ақтаңдақ боп қалатын, халыққа белгілі жағдайда саяси қасірет болған жағдай деп ойлаймын.

-«Ерлан» деген оқырманымыздың сұрағы: Ереке, мына билік ел басқаруды халыққа бейбіт жолмен бермейтінін өткенде көрсетті. Тоқаев сайлаудан бұрын «мен өз жеңісіме сенімдімін» деді. Осының өзі көп нәрсені айтып тұрған жоқ па? КСРО-ның қай елі сайлаумен билікті өзгертіп еді? Иә, сайлау болды. Украина, Армения, Грузия сияқты елдер.... Сондықтан «бейбіт жолмен өзгертеміз» деген тек иллюзия. Себебі күшті тек күш қана таниды. Осыған сіздің ойыңыз...

-Мен 4-5 күннің маңайында елдегі митингке, қарсылық акцияларына қатысып жатқан азаматтарды қамау жағдайларын көріп отырып, шынында да бұл азаматтың пікірімен келісуге тура келетін сияқты. Себебі қазір елде қос Үкімет тұр. Бірі халыққа бұрылайын десе, екіншісі жібермейді. Екі жүзді, маска киген билік қалыптасты. Сондықтан қазір Тоқаевтың Үкіметі халыққа қандай өзгерістер әкелем десе де ол мүмкін емес. Өзі мәлімдеме жасады, «Назарбаевтың саясатын ары қарай жалғастырамын» деді. Мұның артында үлкен мән жатыр. Яғни, сондай үлкен өзгеріс күтпей-ақ, қойыңдар деген ой бар. Сондықтан, өзгерісті тек қана революциялық жолмен жасаудың алғышартын биліктің өзі жасап беріп отыр. Ертең халық алаңға шығатын болса оған халық кінәлі болмайды, егер халыққа оқ атылатын болса, соның бәріне осы екі жүзді билік кінәлі болады.

-«Сұрағым көп» деген оқырманымыздың сұрағы: «Билікке әркімнің де бар таласы» демекші ютубтағы саяси жұлдыздар Қажыгелдиннің, Әбілязовтың, Тұрғымбайдың, Нарымбайдың саяси портреттерін жеке-жеке, сосын ауылдағы оппозицияның ырду-дырдуын, жасы келіп, сырқаттанып жүргеніне байланысты Серікболсын ақсақалды қоспай, оппозицияға кірмейтін беленділердің портреттерін жеке сипаттап берсеңіз... Қосанов пен анау кеңестегілерді қоса...

-Мұның бәріне жеке сипаттауға көп уақыт керек. Бір кітапқа татитын сұрақ, бұл. Ал, сырттағы, елдегі саясаткерлердің бәріне ортақ сипаттама – бұлардың барлығының ойы бір: қоғамда өзгеріс жасау. Бірақ, әрқайсының тактикасы әртүрлі. Мысалы, елдегілер Заңды жолмен парламентке өтіп, жеңіп алғысы келетін болса, сырттағылар төңкеріссіз өзгеріс болмайды деп ойлайды. Ал менің ойым - Назарбаев биліктен кетпейінше, елде ешқандай өзгеріс болмайды. Ал оны кетіруі керек қоғам - ала-құла...

-«Сұрағым көп» деген оқырманымыздың сұрағы: «Билікті сынай береді, бірақ, өздерінің нақты ұсыныстары жоқ» деген ой айтылды. Мәслихатқа дейін билікті өз партияларымен монополиялық жолмен алмақшы екенін ашық айтты. Олай болса билікке оппозициялық жолмен жетеміз дегендердікі қиял емес пе? Айтпақшы, елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік тығырықтан шығуды басқа біреу көрсетіп беретін болса, онда ол биліктің не қажеті бар?

-Мен елді көтеріліс арқылы өзгертуге болады дегенге тағы бір өзгеріс енігзейін. Биліктің қазіргі иесі толығымен кетпейінше, бұл елдің де, саяси элитаның да өзгермейтініне көз жетті. Оған халықтың ғана емес, Ақорда маңындағылардың да көзі жетті. Жуырда сол маңдағы үлкен лауазымдағы кісінің жанында көмекшілікте жүрген жігітпен сөйлескенімде солардың өзі айтып отыр. Мына аждаһа жүйе кетпейінше ештеңе өзгермейді. Себебі, оның жоғалтатын дүниесі бар. Байлық бар, өзінің саяси жағдайы бар. Бұған әбден байланып қалған билік иелері заңды жолмен елді өзгеріске апармайтыны белгілі.

-«Бергей Рысқали» деген оқырманымыздың сұрағы: М.Шаханов, Б.Тұрсынбай, М.Әблязов, Ж.Қуанышалиндер неге өткен сайлауда Тоқаевты қолдады деп ойлайсыз?

-Мен енді бұларды Тоқаевты қолдады деп айта алмаймын. Бұлар негізінен сайлауға қарсы болды. Белгілі бір жағдайда Қосановты биліктің проектісі деді де, олардың Әміржанға қарсы шыққаны екінші жақты қолдаған сияқты болып кетті. Сондықтан бұл жерде Тоқаевты емес, сайлау жүйесіне қарсылық білдірді деп ойлаймын.

-«Сұрау» деген оқырманымыздың сұрағы: Жармахан Тұяқбай «сексот» болып келген бе?

-Бұл сұраққа нақты дәлел болмаған соң, анау-мынау деуге болмайды. Бірақ, мен бұл кісінің маған сенім артқанын бағалаймын. Себебі, оппозициялық қозғалыста 20 жылдан астам жүрген жігітке әлдебір коррупцияға, кландық топтарға қатысы жоқ маған ұсыныс жасауы азаматтық ұстаным деп ойлаймын.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ӨЗ ЕРКІМЕН ПАРТИЯ ҚҰРА АЛМАЙДЫ

-«Ахмет» деген оқырманымыздың сұрағы: Ереке, саясатта партиясыз түк бітіре алмайсыз. Ақтағаным емес, кешегі сайлауда Қосановты қолдайтын париясы болмаған соң «сығып» алды. Партиясыз саясатта барлығы «нөл». Ал сіз ше жаңа пария құру ойда бар ма?

-Қосановтың артында партия болмаса да, халық болды. Егер сол сайлау әділ өткен жағдайда екінші тур болуы әбден мүмкін еді. Тіпті, кейбір жерлерде Қосановтың жеңіп кеткенін айтады. Сондықтан дәл сол сайлаудың жағдайымен салыстырып айтатын болсақ, Қосановтың аты арқылы қоғамдағы өзгерісті қалаған халық болды. Нөпір болды. Сондықтан Қосанов партиясы болмай, сығылып қалды деу - қисынға келмейді.

Ал, жаңа партия құру деген Қазақстанның қазіргі жағдайында жүзеге аспайтын қиял. Себебі, 1000 адамдық құрылтай сьезінің өзін шақыру оңай емес. Оған келген делегаттарды бір-бірінеьқарсы қойып, билік әрекетке баруы мүмкін. Сондықтан, билік тарапынан қолдау көріп жатқан топтар құрмаса, ал, жалпы азаматтық қоғам өз еркімен партия құра алмайды.

ЖЕКЕ АДАМДАР ҚОҒАМҒА ТҰЛҒА БОЛА АЛМАЙДЫ

-«Мәкіш» деген оқырманымыздың сұрағы: Қажыгелдин, Әблазов деп шылғи ұры-қарыларды атай бермесеңіздерші. Халықтың сеніміне ие болғыларың келсе, ештеңеге былғанбаған таза біроеулерді алға шығарыңдар. Немене, Қажыгелдин мен Әбілязовтан алған ақшаларыңа бола соларды көтермелеп,  соларға  Сталинге табынғандай табынып... Барлығың биліктен шыққансыңдар, биліктің ұяластарысыңдар. Халықты неге ойламайсыңдар. Өңкей жағымпаздар...

-Бұл жерде сұрақтың төркіні түсінікті. Менің ойымша Қажыгелдин де, Әбілязов та әлде бір қылмыс жасап немесе қоғамды, қаржыны тонап кеткен азаматтар емес. Бұлар, билікке қарсы шыққаны үшін қудалауға түскен азаматтар. Сондықтан, бұл пікірмен келіспеймін. Екіншіден, біз қоғамға қозғау салатын азаматтарды басқа жақтан әкеле алмаймыз. Қырғызстаннан немесе Марстан адам алдыра алмаймыз. Өз ішімізден, қоғамның өз ішінен шыққан азаматтар суырылып алға шыққанда ғана қоғам оларға ереді. Ал енді бұған дейінгі біздің тарихты білесіздер: талай азаматар сурылып шығып, талайының желкесі қиылды.

Алтынбек пен Заманбектің атылғанын, Қажыгелдиндердің қудалауға ұшырағандарын айтпағанда, Болат Әбіловтер бар, Ораз Жандосоавтар бар, барлығы биліктің технологиясымен қарсылық қозғалысынан кетуге мәжбүр болды. Әрине, халықты ойлайтын азаматтарды табу қиын болады. Қазір де біреу шықсыншы, оны да қырқып салуға дайын.  Менің соңғы кездегі сұхбаттарымда айтып жүрмін. Партияда жүргізген саясатымда, «ЖСДПны билікпен ымыраға апармаймын» дедім. Менің сол ой-ниетім үшін де мені саяси тұрғыда жолортада саяси қылтамды қырқып тастаған шығар. Сондықтан, біз сондай суырылып шыққан азаматтарға жалпы  қоғамдық қолдау көрсетуіміз керек. Ортақ идеяға жұмылу болмайынша, жеке адамдар қоғамға тұлға бола алмайды. Олардың соңынан халық ермейінше, үлкен күшке айналмайынша өзгеріс болмайды.

-«Серік» деген оқырманымыздың сұрағы: Төңкерістің ықтималдылығы қандай?

-Төңкерістің ықтималдылығы биліктің қазіргі қоғамда халыққа қарсы жасап жатқан әрекетіне тура пропорционал болады. Билік халықты алдымсыратып, жаңағы 21 мың теңгемен немесе несиелерін жауып беру арқылы халықты өзіне қаратып алмақшы ниеті бар. Бір жағынан дұрыс ниет шығар. Бірақ, бұл алдамсырату. Халық ондай алдауға көнбейді. Себебі халық 30 жылғы биліктен шаршады. Сондықтан, биліктің өз ішінен елді өзгертуге ынта-жігер болмаса, биліктің саясаты халықпен үндес болып шықпаса, онда елдегі төңкерістің алғышартын билік өзі жасап береді.

ТҰРҒЫМБАЙДЫ ОППОЗИЦИЯНЫҢ ҚҰДАЙЫ ҚЫЛУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

-«Ұлт» деген оқырманымыздың сұрағы: Қазіргі жағдай күн сайын өзгеруде. Саяси ақпараттар өте көп. Оның барлығын игері мүмкін емес. Біздегі саясатбір жүйеге келмеген, шашыраңқы. Поляда жатыр. Соған қарай ЖСДП ішкі және сыртқы саясатта әрекет етуге мүдделі. Бұл партия екі жақты саясат жүргізеді. «Нұр Отанның» шамасы шектеулі.Ал ЖСДП бұрынғы саяси оппозициылық партиялардың орнына келген жүйе. Енді оның өткен шағына оралсақ, Тұяқбайдың барлық саяси бейнесі шығады. Бұл ойпаттағы саяси көкжалдардың айқасын көз алдыға елестетеді. ЖСДП жүріп өткен жолы шиелініске толы. Енді осы ЖСДП тақырыбы «Abai.kzте» көтерілуі – бүкіл саяси ақпарат жан-жақты қозғалысқа түсті. Шетелде Әбілязов, Тұрғымбайлардың сұхбаты пайда болды. Кейін Қажыгелдиннің ақпараты шықты. Осының барлығы елдегі саясатты жаңа бағытқа жылжытқандай болды. Елдегі ауыр саяси алпауыттардың соғысы енді айқындала түсті. ЖСДП тағдырын алда Дариға шешетін сияқты. Егер ол билікке келсе, ісін ЖСДПдан бастайды...

-Біріншіден, ЖСДП тарихы шиеленіске толы деген пікірмен келіспеймін. ЖСДП әрине Азаттан бөлінгенде өзі бөлек партия болып кетті. Соңғы кездегі материалдық жағдайларға, басқа да мәселелерге, партияның басында тұрған саяси жетекшілердің самарқаулығына байланысты соңғы оншақты жылдың көлемінде бұл партия қоғамдық қозғалыстарға етене араласқан жоқ. ЖСДП саяси шиеленісті көрген партия емес. Шиеленіс  осы сьезде басталды. Сондықтан ЖСДПға  бұрынғы ЖСДПның тарихымен қарап, соған үміт арту, егер партия сол күйінде қалатын болса, онда бұл бос қиялдың әңгімесі.

Екіншіден, Тұрғымбайды мысалға келтірген бірнеше сұрақ болды.  Тұрғымбай бұл сыртта жатып алып, елді сұхбатқа шақырып, одан кейін аузына келгенді айтып жүрген азамат. Тіпті азамат деп айта алмаймын. Ол қоғамдағы процесстерге араласпаған, не ел ішінде үш адамдық топ құра алмаған адам. Сыртта жатып алып, интернет арқылы сұхат алып, аузына келгенді көкіп жүр. Бұл еркектік іс емес.

Тұрғымбайды оппозицияның Құдайы қылудың қажеті жоқ. Ол өз алдына кек қуып жүрген адам. Әрине бір кездері осы жақтан қуғын көріп, қылмыстық іспен немесе басқа себептермен сыртқа кеткен шығар. Ол оның өз проблемасы. Оның сыртқа кетуіне  қоғамдағы процесстердің ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан, оны тұлға санаудың қажеті жоқ. Ауланың ішіне тығылып алып үретін шәуілдектер елге тұтқа бола алмайлы. Алдымен қалың қоғамның ортасында жүріп, ерегеспен, текетіреспен  жұмыс істеп көр. Содан кейін өзіңді тұлға ретінде таныт. Ол енді басқа мәселе.

Үшіншіден, ЖСДПны Дариға иеленіп кетуі мүмкін бе деген сұраққа, қосыламын. Себебі қазіргі елдегі жүйені ұстап тұрған екі құрылым бар. Бірі – Қауіпсіздік Кеңесі. Екіншісі – Парламент. Парламентте  - "Нұр Отан". Ол Назарбаевтың меншік партиясы. Нұр Отан партиясының ең бірінші бақталасы - бұған дейінгі ЖСДП болды. Ал енді қазіргі халі өзгеруі мүмкін. Өйткені жігіттер Қоғамдық кеңеске барса, одан кейін партияға қоғамның жаңа өкілдерін қабылдамайтын болса, әрине, мұның артында Дариғаның мүддесі тұруы әбден мүмкін. Әрине, ол өзінің бақталас партиясын күшейтпейді ғой.  Сондықтан, ертеңгі күні Дариға өзі алып алмаса да, өз адамы арқылы тұқыртып, псевдо партия қылып ұстауы мүмкін.

ЕРТІСБАЕВ БИЛІК АЛДЫНДА ӨЗІН САУДАҒА САЛЫП ОТЫР

-«Сұрағым көп» деген оқырманымыздың сұрағы: Биліктің бұлбұлы аталып кеткен Ертісбаев «Қытайдан еш қауіп жоқ, болған жоқ, болмайды да. Ал егер бола қалса, ол ең әуелі Қытайдың өзіне зиян» депті. Ертісбаевты бұлай сайратып отырған кім деп ойлайсыз?Билік пе, әлде қытайлар ма? Ол қашаннан бері қытайтанушы болған?

-Ертісбаевтың дәурені өтіп бара жатқанын осы жолғы «Политонда» болған Әбілязов екеуінің полемикасынан көруге болады. Негізі Ертісбаев өте оратор, сөзінің қисынын келтіретін, логикалық ойлары терең жігіт. Бірақ, оның қазір әлсіз болып қалуы – оның аузындағы риторика. Ол билікті қорғағаннан кейін, билік халыққа қиянат жасап отырғаннан кейін, ол әрине белгіленіп қойған биіктен секіріп сөйлей алмайды. Әбілязовтен тырдай болып жеңілгені де сондықтан.

Ал енді өзінің дәуірі өтіп бара жатқаннан кейін өзінің қажеттілігін билікке дәлелдеу керек қой. Қыркүйек айында ол пенсияға шығуы керек. Пенсия жасына жеткенімен, оның әлі қарым-қажыры түгесілмеген жігіт. Сондықтан, биліктің алдында өзін саудаға салғандай болып, күн тәртібіндегі негізгі тақырыптың бірі – Қытай болғандықтан, сол арқылы билікті қорғап қалу секілді әрекеттер жасап жатқаны түсінікті жағдай.

-«Мұрат» деген оқырманымыздың сұрағы: Сіз Қосанов сатқын деген атпен басталған қаралау науқанын қалай бағалайсыз? Тоқаевты құттықтағаны үшін «сатқын» деу қаншалықты әделетті?

-Бұл сұраққа да екі түрлі аспектімен жауап беруге болады. Біріншіден, Қосанов тақырыбы әбден жауыр болды. Қазір бірінші сыныптың баласынан сұрасаңыз да, осы тақырыпты тарқатып айтып бере алады.

Екіншіден, Қосанов сайлауға барғанда ол базардан бес келі картоп сатып алуға барған жоқ. Ол өзіне дауыс беретін, өзін қолдайтын электораттың бар екенін біліп, сол елдің мүддесін, оппозициялық мүддені қорғаймын деп барды.

Сондықтан Қосанов ол жауапкершіліктен жалтара алмайды. Ол қайда баратынын білді. Себебі, соның алдындағы біздің гәзетке берген сұхбатында ол: «Я выбрал свой путь» деді. Әрине, ол оның саясаткер ретіндегі жеке ұстанымы, жолы шығар. Алайда оның артында қолдаған халықтың үні, мүддесі тұрды ғой. Бұл жерде ол халықтық ерік-жігердің персонажы ретінде сайлауға түсті.

Бірақ, ол босаңдық танытты. Сол арқылы өзінің саяси карьерасына балта шапты.  Өйткені қоғам енді оны кешірмейді.

-«Ұлт» деген оқырманымыздың сұрағы: Тоқаев өзі мойындағандай Назарбаевтың ісін жалғастырушы. Билік ескі қолда. Мұның барлығы уақытша құбылыстар екені түсінікті. Бұл билік алда тағы өзгереді. Уақыт соған әкеле жатыр. Барлығы кландар арасындағы қақтығысқа қарай шешілетіні бізде белгілі емес пе?! Оны Тоқаев та сезіп отыр. Осы жаңғынан ол екінші планға ілініп, кейінге шегерілуі мүмкін. Қазақ қоғамында жаңаша өзгерістер пайда болды. Билікті Парламентке қарай сырғытып, Тасмағамбетовті алға шығару жағын іштей қарастырып отырған көрінеді. Осыған байланысты Мәсімовтің де позициясы өзгереді. Билік Дариғаның төңірегіне шоғырланып жүр. Енді Иманғали мен Дариға екеуі қалай қозғалып, саяси жүріс жасайды, барлығы соған байланысты. Қазір шешуші жағдайға жақындады. Енді рокирорвка жасалып, пешкілер құрбандыққа шалынады. Елдегі саясат та өзгереді. ЖСДПдағы өткендегі амалдар да соның көрінісі. Олар қазір қорғаныстарын күшейтіп, саяси ойыншылардың шабуылын күшейтпек. Осы жағы қиын...

-Бұл жерде бір ғана келіспейтінім, Дариға мен Иманғали арасында тандем болуы мүмкін емес. Себебі, оған Дариғаның әкесі жол бермейді. Себебі билікті басқа рудың өкіліне беріп кете алмайды.

Сайлауға дейін Тоқаев бірер жыл отырып, кейін Дариға билікке келеді екен деген болжамдар болды ғой. Бірақ, сайлаудан кейін бұл болжамдардың быт-шыты шықты. Өйткені, қазақ қоғамы сайлауға дейін бір басқа болып кірді де, сайлаудан басқа қоғам болып шықты. Сондықтан, монархиялық жүйе орнатуға ниет болғанымен, Сенат спикеріне ставка жасалмайтынына әбден көздері жетті. Егер Дариға президенттікке келер болса, қоғам түгелімен қарсы шығатынын Ақорда біліп отыр. Ондай жағдайда посттранзиттік кезең жылдамырақ жүреді. Тіпті, Дариға мен Иманғали тандемі туралы ниет болған күннің өзінде Тасмағамбетов оған бармайды.

-«Қобылан» деген оқырманымыздың сұрағы: Назарбаев қандай басшы?

-Назарбаев негізі өте дарынды, өте талантты саясаткер. Оның интригалық саясатына әлемде жететін адам жоқ деп ойлаймын. Бірақ, осы саясаттың барлығы, оның дарыны, талантының барлығы халыққа қызмет еткен жоқ.

Егерде ол өз бойындағы осы дарынын, талантын, еңбегін елге, халыққа арнаған жағдайда Қазақстан қазір 25 жылда өзгерген араб әмірліктері сияқты мемлекет болар еді.

-«Сұрағым көп» деген оқырманымыздың сұрағы: Назарбаев отставкаға кетер күні неге Путинмен сөйлесті?

-Әрине, екі жағымызда  екі алып держава тұрғандықтан, Назарбаев өзі құрған жүйенің әсерінен, екеуінің біреуіне қарауға мәжбүр болды. Егер ол 1995 жылдары дербес саясат ұстанып, көпвекторлы саясатты барлығына ортақ саясат қылғанда, ондай болмас еді. Қазақстанда Ресей мен Қытайдың ғана ықпалы күшті болмай, бүкіл әлемдік капиталдың  ортақ жиынтық күші болған жағдайда, Ресейдің Қазақстанға ықпалы немесе Қытайдың Қазақстанға тізесі батпайтын еді. Бұл өзінің жандайшап көмекшілерінің әсерімен болған шығар. Алда-жалда алағайда бұлағай кезең боп кеткен жағдайда бас сауғалап баратын жер де сол болмақ. Басқасы қабылдамайды.

-«Жұмысшы» деген оқырманымыздың сұрағы: «Бес балаң болып, үйде жатсаң 21 мың теңге береді екен. Ал бес балаң болып, әйелің екеуің ертеден-кешке дейін жұмыс істеп, 80 мың теңге тапсаң, 1 тиын да жәрдемақы берілмейді. Жалқаулықты ынталандыратын бұл даналықты қай ғұлама ойлап тапқан? Бәлкім оған осы үшін Нобель сыйлығын беру керек шығар?..

-Бұл даналық емес, елдегі қоғамдық протестті алдарқату. Күшейіп келе жатқан наразылықтың екпінін басуға арналған саясат. Бұл масылдықты тудырып отырған биліктің өзі. Себебі елдегі мемплекетті құрушы қазақ қоғамын бұл режим тұрақтылықты сылтауратып, басқа да саяси сайқал әрекеттерді сылтауратып тұқыртып келді. Басқа ұлыстардың алдында тұқыртып келді. Осы жағдайда қазақ қоғамының ашу шақыратын, қалыптасқан билікті өзгертуге деген құлшынысының артатын жағдайы бар. 21 мыңның орнына, көп балалы аналарға арналған мемлекеттік бағдарлама болып, көп  бала табудың стимулын қалыптастыру саясаты болған жағдайда әлдеқайда халық қолдайтын қадам болар еді. Себебі, Қазақстанда кім көп болатын еді? Әрине қазақ. Кім демографияны жасайды? Әрине қазақ. Ал енді 21 мың теңгемен алдарқатып, 5 баламен, жұмысы бар адаммен, жұмысы жоқ адамды салыстырудың нәтижесі айналып келгенде  қоғамды бөліп алып билеудің, халықты бір-біріне егестіріп қоюдың белгісі жатыр.

-«Берік» деген оқырманымыздың сұрағы: Ау жарандар, есептейікші, «Дат» гәзетінің тиражы 18 мың. Біз оны 140 теңгеден сатып аламыз. Оны таратушылар 100 теңгеден алады десек, бір номерден 1 млн 800 мың теңге кіріс түседі. Ал енді ондағы редакция ұжымы еңбекақы алмай ма? Авторларға, басқан жерлерге, қағазға т.б. төлем төленбей ме? Сондықтан олар осы ақшадан қыруар пайда тауып жатыр деуден аулақпын.Гәзетті халық асырап отыр. Гәзет те халыққа қызмет қылуда. Ереке, ер жігіт небір сынға дайын болуы керек. Сізді партия туған жоқ. Онсыз да өмір сүре аласыз. Тек елге деген ұстанымыңыз нық болсын! Сіздің адал екеніңізге сенеміз...

-Оқырманға рахмет. Мен шығарып келген «Дат» гәзеті бір партияның қызметін атқарып келді. Мен ол партияға көсем болу үшін барған жоқпын.  Мен қоғамдағы саяси күштерді топтастыруға менеджер болуға бардым. Ал енді бағасына келсек, сәл жаңсақтық бар. Гәзетті біз көтерме саудагерлерге 50 теңгеден береміз. Оның Шуда немесе Қарағандыда 200 тегеден сатылып жатуына біз кінәлі емеспіз. Ол бүгінгі жүйенің құрған саяси нарығының салдары.

Онан соң бұл гәзетке Қажыгелдиннің еш қатысы жоқ. Алғашқыда, алғашқы «Датты» шығарып жатқанда, гәзеттің бірінші құрылтайшысы Қажыгелдиннің болғаны рас. Онан кейін «СолДатқа» қаз-қаз тұрып кетуіне көмек жасағаны да рас. Онан кейін Қажыгелдиннің газетке еш қатысы болған жоқ. Қазір редакция тек қана сол 50 теңгеге сатқан қаржымен ғана күн көріп келе жатыр. Ең көп айлық 150 мың теңге. Майға шылқып отыр деген пікір әлдекімде қалыптасса, ол жаңсақтық деп айтар ем.

-«Марат Омар» деген оқырманымыздың сұрағы: Ермұрат Бапиға қандай сұрақ қоюға болады? Ол да осы сайтта отырған біз сияқты коммунистік дәуірдің өнімі. Сол коммунистік биліктің шекпенінен шыққан, қазір бұрын табақтас болғандармен жағаласып, биліктің майлы жілігіне таласып жүр. Қазір халықты ойлайтын жастар ғана. Тек оған сендер секілді партократтардың билікқұмарлық ауруын жұқырмау керек...

-Қоғамды өзгертетін жастар деген пікірмен келісемін. Себебі олардың алдында үлкен ғұмыр бар. Олар өзгерген елде тұрығысы келеді. Осы тұрғыдан келгенде олардың басқа әлеуметтік топтарға қарағанда өзгеріске мүдделілілігі әлдеқайда күшті.

Екіншіден, коммунистік тәрбиеден шыққан партократтар дегенге көп келісе бермейтінім – мен ондай топқа жатпаймын. Менің коммунист болғаным шын. Мен кандидаттық стажбен жүрген кезімде Совет одағы тарап кетті де, мен партияға толық мүше бола алмай қалдым. Ал енді билікке таласу дегенге келсек, билікке кім таласады? Билікке сол  билікте болып, аййрылып қалғандар таласады. Ал билікте болмағандар – жетуге тырысады. Ал енді жетуге тырысқан адамның ойы әртүрлі болуы мүмкін. Біреуі билікке жетіп алып, осы қоғамды өзгертсем дейді. Екіншісі жаңағы айтқан майлы жілікке жетсем дейді.  Мен сол майлы жілігін көрген адам емеспін.

Менің осы 22 жыл бойы «Датты» шығарып келгендегі ойымның өзі сол қоғамды билікті өзгертуге жұмылдыру және саяси сауаттылықты дәріптеу болды.

Сондықтан партократтардың барлығының мүмкіндігі жоқ дегенмен жапртылай келусіге де болады. Шынында мынау өмірі өтіп бара жатқан ұрпақ, алпыстан асқан ұрпақ, олар бұрынғы коммунистік заман тәрбиесін қалай да бойына сіңіріп қалған ұрпақ.

-«Сұрағым көп» деген оқырманымыздың сұрағы: Діни көзқарасыңыз қалай? Бет сипаудан аса алдыңыз ба? Діншілдердің саясатқа араласа бастауы, саяси ұйым құруы мүмкін бе?

-Дінге көзқарасым, қоғамда теріс пиғылды ағымдардың көбейуімен менің исламға деген көзқарасым күрт өзгерген. Әлемдік діндердің барлығы, негізгі діндер коталистер де, протестанттар да, тіпті правосалвтардың өзі де реформадан өткен. Ал ислам мыңдаған жылдар бойы реформадан өтпеген, ағымдармен келе жатқан дін. Сондықтан, соңғы 15 жылдың ішінде елдегі жат ағымдардың қаптап шығуы менің оған деген көзқарасымды өзгертті.

Бұл Алланың көктен түскен кітабы десек те, оны оқитын, оны танитын, оны дәріптейтін адам. Сондықтан, уақытында үлкен ғұлама келетініне, оның реформа жасайтынына сенемін. Мынау кәпір деген түсініктен арылып, дін жалпы адамзатқа бет бұрмайынша, мейірім жасамайынша, жат ағымдардың тартысы әрі қарай да жалғаса береді.

Кезіндегі христостан тараған діндердің  бірнеше бөлікке бөлініп кетуі де сол еді. Қазір сол заманды біз басымыздан кешіп жатырмыз. Енді бір 40-50 жылдан кейін исламның өзі де осы сияқты бөлініп кетуі мүмкін.

Ал діндарлардың саясатқа келуіне тоқталсақ, салафиттік немесе басқа да ағымдағы азаматтардың билік маңайына топтасып жатқаны шын. Бірақ, жалпы биліктің саясаты елдегі діннің қырыққа бөлініп кетуіне тікелей әсер етті. Дін деген қоғамды тұтастыратын керемет күш қой. Бір ғана Мұсылмандар Діни басқармасына бірігіп, барлығы бір исламның күші болатын болса,  ертеңгі күні билікті төңкеріп тастайтын күш болулы мүмкін. Сондықтан, бұл күшті қырыққа бөліп, әрқайсысын ырың-жырың қылып, қою тиімді.

-Ераға, уақыт бөліп келіп, порталымыздың оқырмандарының сұрақтарына бүкпесіз жауап бергеніңіз үшін рахмет!

-Мен осындай бір жеке басыма қатысты саяси кезеңді бастан кешіп жатқан кезімде, менің ой пікірімді елге жеткізуге, қоғамға ойларымды жеткізуге ынта білдірген сіздердің порталдарыңызға рахмет айтамын.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

57 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2251
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3504