Сейсенбі, 22 Қазан 2019
46 - сөз 1089 17 пікір 28 Қыркүйек, 2019 сағат 12:08

Біздің қоғамға креативті мамандар жетпейді

Біздің халықтың құқықтық сауаттылығы, санасы, деңгейі біраз жұмыс істеуді талап етеді. Менің ойымша негізгі проблеманы төмендегідей форматтарға бөлуге болады:

1. Кеңес заманынан "Үкімет асырауы керек" деген көзқарас бойға әбден сіңген. Әрине үкімет қарасуы тиіс. Бірақ үкіметтің көмегі өлтірмесе де ешқашан байытпайды. Үкімет асырайды деген көзқарастан мүлдем кету қажет. Үкімет тек жұмыс істеуге жағдай мен дұрыс жүйе орнатуы тиіс. Қалғаны азаматтың өз қолында.

2. Кеңес заманында туып-өскен алдыңғы буын өздері секілді ойлайтын екінші буынды тәрбиелеп өсірді. Мемлекет асырасын деген менталитет ұрпақтан ұрпаққа берілді.

3. Заман тез өзгеріп жатыр. Өте тез даму үстіндегі әлемдік үрдіске біздің қоғам ілесе алмай келеді.

4. Қазақстан халқы ешқашан әлемдік бәсекеге түсіп көрмеген. Біздің салт-дәстүр, менталитет пен түсінік капитализмге бейімделмеген. Осы жерде бір жүйеден екінші жүйеге өту барысындағы құндылықтар қайшылығы байқалады.

5. Мемлекетті құруды бастаған 1990 жылдардың басынан жалпы бағыт дұрыс болса да, мемлекет басқарушы элита жемқорлық, жоғарыға жалған ақпарат беру деген кеңес заманынан қалған түсініктерден арыла алмай халықтың етін бұл процестерге әбден үйретіп алды. Бұл біздің өміріміздің қалыпты көрінісіне айналды.

6. Мұнай мен газдың арқасында біраз дүние жасалғанымен шынайы сана трансформациясы, өркениетті даму біздің елде өз деңгейінде өтпеді. Махатхир Мохаммад 20 жылдан астам уақытта, Ли Куан Ю 30 жылда мүлдем басқа деңгейде ойлайтын халықты тәрбиеледі. Біз 30 жылда жаңа дейгейде ойлайтын, өркениетке жақын түсініктегі қоғам қалыптастыра алмадық.

7. Мүмкіндігі мол, байлығы көп елдің ресуртарын тиімді басқара алмадық. Нәтижесінде не экономикада, не саяси жүйеде, не әлеуметтік сала мен санада трансформация өз биігінде іске аспады.

Менің көзқарасым бойынша дәл қазір бізге, біздің қоғамға жаңаша ойлайтын жастар мен креативті мамандардың қажеттігі сезілуде. Әрине, үкіметтің қателігі де бар. Қателіктермен жұмыс істеу керек. Бірақ, қоғам мен халықтың да санасының өскені болмаса үкімет ауысқаннан да пайда жоқ. Ол үшін саяси жүйеде, экономикада бәсекелестіктің болғаны ауадай қажет. Бірақ бәсекелестіктің сауатты түрде, өркениетті жолмен жүргені аса маңызды. Дәл қазір жастар ағартушылықпен айналысып, әркім өз саласында не істесе де дұрыс істейтін менталитет пен жауапкершілік жетіспей жатыр...

Бауыржан Серікбайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

17 пікір