Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2019
Алашорда 2427 3 пікір 9 Қазан, 2019 сағат 10:52

Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығы Түркістанда тойланды

Аса көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың (Ходжановтың) туғанына 125 жыл толуы Түркістан облысының Созақ ауданында да тойланды.

Мерекеге Түркістан өңіріндегі аудандармен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, көрші облыстардан өкілдер келді. Аудан орталығы Шолаққорғанда  «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» тақырыбымен аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция, қайраткердің туған жері Ақсүмбе ауылында мерекелік салтанатты жиын – «Шығыстың Шыңғыс ханы» деген атпен еске алу күні болып, ас берілді, түрлі мәдени іс-шаралар өткізілді. Жұртшылық алдында облыс, аудан әкімдіктерінің басшылары және Қожановтың мерейтойын тұңғыш рет 1994 жылы 100 жылдығына орайластырып  өткізген  мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов құттықтау сөз сөйлеп, ғалымдар баяндамалар жасады. Ардагерлер, түрлі сала қызметкерлері естеліктер айтты, қожановтанушылық бағытта атқарылып жатқан істер жайында әңгімеледі. Сұлтекеңнің Кентаудан келген Сұлтанбек Қожанов есім-сойлы ұрпағы  атасының рухын ұлықтаған жұртқа ризашылығын білдірді. С. Қожанов атындағы қайырымдылық қор президенті Мұқан Әбдіраманұлы қожановтанушылардың бір тобын арнайы «Сұлтанбек Қожановқа 125 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.

Мерейтойға қатысушыларға Шолаққорғандағы конференция модераторы ғалым Нариман Нұрпейісов құрастырған «Ұлтын сүйген ұлы тұлға»  атты ғылыми мақалалар жинағы тартылды. Іс-шараның ақсүмбелік бөлігінің ұйымшылдықпен өтуіне іс адамдары – алматылық Камал, түркістандық Мұрат қажы, әсіресе Ақсүмбедегі Сұлтанбек есімін алып жүрген мектеп директоры Мейрам Әлмаханов сынды азаматтар елеулі еңбек сіңірді.

Тоталитаризм жылдары ұмыттырылып келген ұлы тұлғаларымызды тәуелсіздіктің арқасында ұлықтай бастағанымыз белгілі, ал бүгінгі рухани жаңғыру мәселелерін шындап қолға алған шақта оларды терең тануға тырысуымыз әбден орынды әрекет екендігі дау туғызбайды.

Бұл ретте Қожановтың қайраткерлік қырлары әлі талай зерттеулерге арқау болары сөзсіз. Оның 1924 жылы Орталық Азиядағы республикаларды бір федерацияға ұйыстырып барып, Совет Одағы құрылтайшылары қатарына кіруді, федерация құрамындағы ұлттық бірліктердің арасында экономикалық одақ құруды, содан соң,   олардың даму деңгейін теңестіріп, дамытқаннан кейін ғана, жеке республикалар ретінде отау тігуіне пұрсат беруді ұсынғаны мәлім. Ұсыныс межелеу науқанында кері қағылды.

Бірақ қазір соның ортақ мүддеге оңды қызмет етуі ықтимал жағын, мәселенің ақ-қарасын парықтап, тәуелсіздік қарсаңында пайдаланылмағандықтан жоғалтқан мүмкіндіктерімізді саралап қарау арқылы Сұлтекеңнің халықаралық дәрежеде ой қорытқан саясаткерлігін терең түсіне аламыз. Қожанов серіктерімен бірге Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық жіктеп-межелеу кезінде қазақ жер-суы шектерін анықтаумен қатар, Өзбек республикасы ішінде Қазақ автономиялық ауданын, Тәжік автономиялық облысын құру, ішінде қазақтар да тұратын Қарақалпақ  автономиялық облысын ұйыстырып, оны Қазақ еліне қосу шараларын жүргізудің бел ортасында жүрді.  Ол шын мәнінде қазақ жер-суы мен халқын бір шаңырақ астына жинаушы болды. Іргесі кеңейген Үлкен Қазақстанды Ұлттық Республика деп атады. Мұның бәрін терең зерделеп, шындап тану және әділ бағасын беру алдағы уақыт үлесінде. Созақтағы үлкен той осындай ойларға жетеледі.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

3 пікір