Бейсенбі, 14 Қараша 2019
Өнер 1128 2 пікір 18 Қазан, 2019 сағат 14:16

Әкемтеатр 94-ші маусымның шымылдығын ашты

Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры 94-ші маусымның шымылдығын ашты. Жаңа маусым "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанованың аудармасындағы, Григорий В. Томскийдің «Аттила мен Аэций» қойылымының премьерасымен басталды. Спектакльдің қоюшы-режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева.

Айта кетейік, әкемтеатр жаңа маусымның ашылуына дейін Павлодар, Семей және Өскемен қалаларына гастрольдік сапармен барып келді. Бұл сапар барысында театр ұжымы көрермен қауымға:

-Мұхтар Әуезовтың «Абай» трагедиясын (режиссері – Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев),

-Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді..» драмасын (режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров),

-Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Қожанасыр тірі екен...» комедиясын (режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаев),

-Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» драмасын (режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева) 

-Бақыт Беделханның «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық қойылымын (режиссері Әридаш Оспанбаева) ұсынды. 

Театр директоры Сәбит Әбдіхалықовтың айтуынша, бұл маусымның ерекшелігі - халыққа, көрермендерге барынша жақын болу мақсатында арнайы мереке сипатында ұйымдастырылған.

Сәбит Әбіхалықов, М.Әуезов театрының директоры: 

-Біз осы мақсатта театр фойесінде арнайы "Мұхтар ауылы", "Шәмші ауылы", "Мұқағали ауылы", "Поэзия бұрышы" сияқты театрландырылған көріністерді ел назарына ұсынып жатырмыз. Және, премьера спектакліне қатысатын актерлардан басқа театр әртістері көрерменнің сұрақтарына жауап беріп, халықпен бірге жүр. Сонымен қатар, сонау 70-90 жылдары театрымызда фото тілші болып істеген Ғалиқұмар Қабдешов ақсақалымыздың архивте жатқан, бұрын еш жерде жарияланбаған суреттерін ел назарына ұсынып, театрда ағамыздың фото көрмесін  өткізейін деп жатырмыз. Және, ең бастысы - бұл маусымды жаңа премьерамен ашып отырмыз,- деді. 

Сондай-ақ, Халық әртісі Асанәлі Әшімов сөз алып, театрды жаңа маусымның ашылуымен құттықтады. Және, қазіргі таңда театр қойылымдарына сауатты сын жазылмайтынын да айтып өтті.

Асанәлі Әшімов, ҚР Халық әртісі:

-Бұл - сонау 94 жыл бұрын Қызылордада ұлылардың ашқан театры. Ұлылар жұмыс істеп кеткен киелі театр. Солардың ізін жоғалтпай, солардың стилін жоғалтпай, өткен өмірін, шеберлігін, шеберлік класын балаларға сіңіру - біздің мақсатымыз. Сондықтан, бұл театр - үлкен қара шаңырақ. Соны қолымыздан келгенше құлатпай, жаңа келіп жатқан балаларды сол жолға салып, шеберліктерін шыңдап, актердың кім екенін халыққа танытып, халықпен жиі кездестіріп, сондай әрекет жасаймыз. 

Баяғыда Құндақбаевтың тұсында, Қажығұмар Қуандықов тұсында Көбетай деген кісі болған. Одан соң, Әшірбек Сығайлардан кейін жақсы жазылған, актерларға жәрдем беретін сындарды ести алмай жүрміз. Қазір театр спектакльдерін талдап, сын жазуды көп көрмейтін болдым. Театр - сыншысы болса ғана  өседі. Ол үшін не істеу керек? Қойылымды бірнеше рет көріп, мағұлмат алу керек. Жан-жақты зерртеу керек. Сондықтан, БАҚ өкілдерін осы тұрғыда бізге көмектесуге шақырамын. 

Одан соң, зиялы қауым өкілдері, көрермендер мен театр ұжымы М.О.Әуезов ескерткішіне арнайы гүл шоқтарын қойып тағзым етті.

Гүл қою рәсімінен соң, көпшілік қауым Григорий В. Томскийдің «Аттила мен Аэций» қойылымын тамашалады.

Бұл қойылымның айтар ойы салмақты, көтерер жүгі ауыр. Мұнда Аттила басқыншы емес, керісінше, Еуропада құл иеленушілік құрылыстың шайқалуына әсер еткен, ондағы халықтарға азаттық әперген ұлы қолбасшы, Ғұн-Рим империясын құруды армандаған көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат ретінде сахналанған. Сондай-ақ, оның сүйікті жары Кере-коға махаббаты, римдік атақты генерал Аэциймен достығы да көркем көрініс тапқан.

Ал, театр директоры Сәбит Әбдіхалықов «Аттила мен Аэций» қойылымын келесі жылы Италияға апарып қоюға ниеттеніп отырғанын айтты. Ол үшін қазір "Халықаралық адам институтының" президенті Жанұзақ Әкім мырза бастаған бірқатар шығармашылық ұжым жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Қазақ өнерінің қара шаңырағы атанған әкем театрға шығармашылық табыс тілеп, көрерменнің көңілінен шығатын сүбелі туындыларыңыз көп болсын дейміз!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

2 пікір