Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 4080 5 пікір 24 Қазан, 2019 сағат 12:46

Мәжбүрлеп жазылған газетпен мұғалім интеллектуал болып кетпейді

"Мұғалім мәртебесі" туралы проблема көтеріп жүрген мұғалімдер арзан бедел қуып жүрген жоқ.

Министрмен кездесуге барғанда мәртебе сұрап, марапат дәметіп барған жоқпыз.

Қайтсек сіздің балаңызға білім нәрін себе аламыз, қайтсек отансүйгіш азамат тәрбиелей аламыз деген сұрақтарды талқылау үшін бардық. Құр қол барған жоқпыз. Өз ұсыныстарымызды ала бардық.

Мен өз басым, 2012 ж. тұңғыш немерем дүние есігін ашқанда немеремді мен секілді мұғалім оқытпау керек деп шешкенмін. Шамам келгенше сол үшін күресіп келемін, күресе беремін..

Азат мұғалім ғана азат ойлы баланы тәрбиелей алады..
Абыройды ешкім сатып ала алмайды.

Ал мұғалім абыройлы болу үшін не істеу керек?

Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп, технология жылдам дамып жатыр.
Сондықтан өмір бойы үздіксіз білім алатын заман туды. Мұғалім ертеңгі сабаққа дайындалу барысында, сабаққа қатысты оқушылар тарапынан қойылуы мүмкін тіпті жанама сұрақтардың өзіне дайын болуы шарт.
Мұғалімнің бір міндеті тәрбие беру екенін ескерсек, мұғалім өз пәні мен педагогикадан өзге диалектика, метафизика, философия, психология, риторика, социология және т.б. ғылымдарды меңгерген интеллектуал болуға міндетті..

Мәжбүрлеп жазылған газетпен мұғалім интеллектуал болып кетеді деген ойдан аулақ болыңыздар.

Күнтізбеге қараңыз.

Қазір 21-ғасыр - технологияның дамыған заманы. Интернетте білім алатын ресурстың сан түрі тұр. Егер газет-журналдардың басшылары өздерінің басылымдарынсыз мұғалімнің білім көкжиегі кеңеймей, біліктілігі көтерілмей қалатынына мұғалімдердің көзін жеткізе алса, мұғалім мәжбүрлемей-ақ жазылар еді. Сондықтан, БАҚ басшыларының менеджмент пен маркетингті оқып, үйренуі - заман талабы..

Басылымыңыздың аты әкімдік мектепке жіберген разнарядкада тұрған кезде, "парасаттылық", "демократия" т.с.с. әңгімелер айту артық болар еді.

Ал "Сенбілік" коммунистік қоғамнан қалған анахронизм. Әрбір азамат өз ауласын, үйінің маңайын таза ұстауы тиіс.

Егер белгілі бір елді мекенде сенбілік жасауға қажеттілік туса, жергілікті әкімдіктің коммуналдық бөлімі жұмыс істемейді немесе соған бөлінген қаржыны талан-таражға салды деген сөз.

Адамдардың еңбегін тегін пайдалану – Кеңес заманынан қалған!
Қанқұйлы большевиктердің көсемі Лениннің бөрене көтерген суреті насихат құралына айналып, тұрғындарды қанау басталды. Кеңес заманында бір үлкен құрылыс салынар алдында, құрылыстың жобалық-сметалық есеп қисабы жасалған соң, ең алдымен «Неше адамды соттау керек? – деген мәселе қаралатын.

Өкінішке қарай, большевиктердің сол «мұрасынан» әлі арыла алмай отырмыз. «Сенбілік» - деп азаматтардың патриоттық сезімдеріне әсер ету, ең алдымен өз жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмайтын әкім-қаралар үшін қолайлы. Қала тазалығы үшін сол қаладағы коммуналдық қызмет жауап беруі тиіс! Сол үшін талай қызметкер жалақы алып отыр.

Ал, мұғалімнің негізгі міндеті - бала оқыту!

Айта кету керек Ленин көтерген бөрененің екінші басын ұстағандар өз өмірлерін ГУЛАГ-та аяқтады.

Өмір Шыныбекұлының facebook парақшасынан

Abai.kz

5 пікір