Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 3990 14 пікір 24 Қазан, 2019 сағат 13:13

Жаңғырудан көрі, "жаңғырып жатырмыз" деген есеп, әйтеуір...

Жартастағы жаңғырық

"Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық". Абай

Көк аспанда күн көтерген қыранымыз мәңгілік аман болғай.
Сол қасиетті қыранымыздың күн астына қанат жайғанына жиырма алты жылға таяғанында тағы бір қыран пайда болды. Оны да үлкен кісі өз қолымен ұшырды. Мәні мен мағынасы терең құжаттың мәтінінің астына Н.Наз деп барып, соңғы жағын шимақтап кеп жібергенде түрлі-түсті қанатты қыран әппақ орданың шаңырағынан қанат қақты. Бірте-бірте көтерілсе де болар еді, бірден қиғаш тартты. Кәдімгі әуежайдан көтерілген ұшақ сынды бірден биікке көтерілді. Арқалаған аманаты әуелгі қырандікіндей болмаса да, біршама салмақты еді. Осы ұшқаны ұшқан дедік, қызыға қарап тұрып. Бұл енді қонар болса үлген-үлкен тұғырларға ғана қонады деп ойладық. Қайдам. Облыстардағы, аудандардағы ірілі-ұсақты басшылар бұ байғұсты әр жерге қондыратынды шығарды.

Қайбір күні алыс ауданның түкпіріндегі бір ауылға жолым түсті. Шылым алайын дегенім, әлде, шөл басарға сусын алайын дегенім есте жоқ, әйтеуір бір себеппен ауыл орталығындағы дүкеннің алдына тоқтадым. Дүкеннің алдындағы қоршаудан алабажақ байғұсты кездестіріп қалдым. Мәнсіз әніне нәрсіз мәтін жазып алып шауып жүрген жас баланың ән кешінің қашан, қайда өтетінінен хабар беретін афишаның жоғары тұсына қондырған екен. Аяп кеттім. Неге біз бұ байғұсты көрінген жерге жапсыра береміз. Қаны төгіліп тұрған, ыстығы басылмаған етті ғана жейтін қыранға арпа-бидай шашып жүргеннен сау емеспіз бе?

Әйтеуір, отын жарып, су әкелсек те, ас ішіп болғасын жарымыздың жанына жата кетсек те, бәрі рухани жаңғыру бағдарламасы аясында іске асатын болыпты. Жаңғырудан көрі, шама-шарқымызша жаңғырып жатырмыз деген есеп әйтеуір.

Әйтпесе, жаңғыру дегеніңіз есі кеткен эстрадаға еліге бермей, бір уақ есіңді жиып, етегіңді жауып, төл өнеріңе тамыр тарту емес пе?.

Жарасханша айтсақ, «газет-журналды парақтасақ та, теледидарды қарап қалсақ та» осы байғұс ұшып жүреді, алаөкпе болып. Таңда киінбек болып шифонердің есігін, түсте қарын аша қалса тамақтанбақ болып тоңазытқыштың есігін ашсақ та, абайлап ашатын болдық. Ашқан бетте осы бір алақанат құс ұшып шығардай сезінесің.

Бұ байғұсты анда да ұшырдық, мында да ұшырдық. Енді әуелі өзіміз, содан кейін барып жан-жағымызға қарайықшы. Қаншалықты жаңғырдық? Өзгені білмедім, өзім ұяттымын. Әлде бәрінен кеш қалып жүретін өзімнің енжарлығым кінәлі ме? Уа, Жәмиғат, жаңғырғандарың болса айта отырыңдар. Әйтеуір жартастар ғана жаңғырып жатпасын.

Бейбіт Сарыбайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563