Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3827 0 пікір 28 Қазан, 2016 сағат 09:53

Ана мен баланы қорғау мәселелері талқыланды

Шымкентте ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ мен Оңтүстік Қазақстан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Әлеуметтік сақтандыру: ана мен баланы қолдау» тақырыбында Республикалық семинар өтті. Шараға мүдделі мемлекеттік органдардың, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері мен халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысты.

Семинардың мақсаты – отбасылық және демографиялық саясат саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, ана мен баланы қолдаудағы үздік тәжірибені зерделеу, сонымен бірге, отбасы институтын нығайту мен туу, өмір сүру ұзақтығы және халықтың көші-қон саласындағы тұрақты әрі жағымды динамикасын сақтау.

Семинарда сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Светлана Жақыпова Үкіметтің демографиялық даму мен әлеуметтік саясат саласындағы жүзеге асырып жатқан шаралары туу көрсеткішін ұлғайтуға, өлім-жітім деңгейін төмендетуге, халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығын арттыруға, көші-қон көрсеткішінің жағымсыз сальдодан жағымды сальдоға өтуіне ықпал етіп отырғанын атап айтты.

«2002 жылдан бастап туу көрсеткішінің едәуір ұлғаюының, көші-қонның жағымды динамикасының нәтижесінде халықтың өсімі байқалды: 2016 жылғы 1 қаңтарда 17 млн. 670,9 мың адам болды», - деді ол.

Сонымен бірге, Светлана Жақыпова соңғы жылдары халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің күшейгенін, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі жетекші бағыттардың бірі болғанын атап айтты. Тек биылғы жылы зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге 2 трлн. теңге бөлінді.

Әлемдегі экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстанда мемлекеттің азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалып жатқанын айтып өту керек», - деді Вице-министр.

Ана мен баланы қолдауға аса зор көңіл бөлінеді. 2016 жылы Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Ол әйелдер мен балаларға медициналық және әлеуметтік кешенді қызмет көрсету үшін босандыру мен балаға көмек қызметінің біріктірілген моделін қарастырады. «Сондай-ақ, министрлік ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және өзге де мүдделі органдардың көмегімен Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатының тұжырымдамасын жасап жатыр», - деп айтты Светлана Жақыпова.

Шара барысында сөз алғандар әлеуметтік қорғау саласындағы халықаралық тәжірибемен бөлісіп, ересектер мен балалардың денсаулығын қорғау бойынша, оның ішінде халықтың репродуктивті денсаулығы туралы ұсынысдар жасады, Сонымен қатар, Қазақстанның демографиялық саясат саласындағы, ана мен баланы әлеуметтік сақтандыру, мектепке дейінгі және мектептегі білім беру мен баланы тәрбиелеудегі негізгі жетістіктері талқыланды.

Abai.kz

 

0 пікір