Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 7730 1 пікір 2 Қараша, 2016 сағат 11:03

Есбол НҰРАХМЕТ. ҚАЙЫРШЫ

 

 

(Әңгіме)

 

Жол шетінде үсті-басын май басып киімі тозған, өңі қарайып, тотыққан, алдындағы резінке ыдыста бірді-екілі ұсақ теңгелері бар қайыршы кемпір отыр. Екі қолы тынымсыз ербеңдеп, ауаны қармап, өзіне қарай әлденені шақырған ишара жасайды. Көшеден өткен әрбір жүргіншіге тесіле қарап, иығы мен басын қозғап, мойынын айналдырып та қояды. Көз қарасы мөлиіп қайыр тілегеннен көрі, тартып алардай сұсқа бейім. Басында бұл қылығына күлетін едім...

Қысы-жазы осында отыратынын бұрын да талай байқағанмын, енді жұмысымның жақын болуына байланысты күнде дерлік осы көшеден өтіп жүрмін.

Алғашқы күндерде, өзімнің көңіл тыныштығым үшін бір-екі рет садақа тастап қойдым. Оның үстіне ербеңдеген қолы мен қадалғанда тесіп өтердей өткір жанары да недәуір абыржытып тастайтын. Көздері қарғыс жаудырып, қолы жын-шайтанды сенің жолыңа жұмсап жатқандай әсер беретін. Асығып келе жатып, аздаған ұсақ теңге тастап өте алсам өзім де риза боп қалатын едім. Кейде мән бермей өте шығуға тырысам. Ондайда қияметтің бәрі өткен соң басталады – өзімді өзім кіналап, әттеген-ай, бірдеңе бере салсамшы деп біразға дейін өкініп қалам.

Күндер өте келе кемпірді күнде көрген соң, қайыршыға деген ешқандай аяушылық сезінбейтін болғанмвн. Бір күні жанынан өте бергенімде, кемпір де мені танып алған шығар деген бір қисынды ой келді. Аулалас көршілерім секілді күліп қарасам, ол да жымиып қояр деп шамаладым. Осы оймен қайыршының жүзіне қарадым. Қаракүрең жағымсыз кеспірінде ешқандай мағына жоқ, көзі есірген адамша алақтап, жүргіншілерге ішіп-жеп қарайды. Екі қолы ербеңдеп, бермесіңді тартып алам дегендей астамдық байқалады. Адамдардың аяушылық сезімінің мына жалмауыздай қайыршыны сонша есірткені ме?.. Көзім түйісіп қалғаны сол екен жүрегім зырқ ете қалғандай болды. Амалсыз сасып қалып, не істерімді білмей әбігерге түстім. Бойымды бір суық ағын кернеп, тітіркеніп, тыжырынып өте шықтым. Біраз жерге дейін кемпірдің сұқты көзі соңымнан еріп келе жатқандай күй кештім.

Осы күннен бастап қайыршы кемпірге жаным ашыған емес. Жанынан өткен сайын бір жағымсыз энергия бойымды билеп, көңілім алабұлттанып, қысылып, қарадай қалтырайтын болдым.

Әрине басында садақа бергенде Алла разылығы үшін деген ниет болды. Кейін қайыршының түрінің жиіркеніштілігі сондай, әйтеу ыңғайсызданбау үшін, аздап болса да көңіл тыншу үшін ғана жасадым. Дегенмен кейде ұсақ тиын болмай қалады, кейде қолыңа ілінгенін тастаймын деп көбірек қармап қоясың. Оны біліп жатқан қайыршы бар ма? Үйде көзі жәудіреп қатын-балам да отыр. Қайыршыға бәрі бір, сен қайыр жасауың керексің. Оған алдынан өткен адам – ақша боп қана елестейді. Өңінен табысты кәсіпкерлер секілді сенімділік пен өктемдік есіп, адам біткенге «маған қалай қайыр жасамай өте аласың» дегендей кісімси қарайды. Тіпті едірейе қараса, жаныңды қоярға жер таппай кетесің... Еңбекақыға ғана сүйенетін біз сорлының тақыр-таза жүретін күні де көп болады, ондайда жүйкеңді тіпті тоздырып жібереді. Дегенмен қайыршыға бір қарап өту өзімнің де әуесіме айналған секілді, сол жерден өтуге, кейіп-кеспіріне бір назар салу, кектену, іштей сыбап бір боқтап алу – қанша жағымсыз болса да, әдетіме айналғандай... Бірақ бұдан жүйкем тозғаннан басқа ешқандай пайда болған жоқ.

Күндер өтіп жатты. Қайыршыға деген өшпенділігім өрши берді. Менің жолым болмай жүргеніне сол себепкер секілді, еңбекақымды аз қылған, ішіп-жемді, тұрар жайды қымбаттатқан, пәтерден пәтерге көшірген, таңнан кешке дейін кірпияз бастықтың артынан салпақтатып қойған осы қайыршыдай көрінді. Неше рет бизнес бастамақ болғанда, жалақысы жоғарырақ жұмыс іздегенімде пара сұрап, «көрейік, сөйлесейік» деп маңғазданған тойымсыз көздер мен алаған алақандар осы кемпірден бір айынысашы. Айналамдағы барлық жағымсыздық, көрген қорлығым, өзіме жасалған барлық әділетсіздіктер қайыршы кемпірдің ұсқынсыз жүзіне ұялап алды. Жанынан өткенде кектеніп өтетін болдым. Бірақ ештеңе істей алмадым. Сабылысқан жүргінші де көп, ыңғайсыз...

Бір күні жұмыста үлкен шу шығып, бөлім бастығымен айғайласып қалдым. Теріме сыймай ашуланып шығып кеттім де, көшені кезіп ары-бері жүріп, жайырақ үйге қайттым. Қайыршы отырған көше қаракөлеңкеленіп, көз байлаңқырап тұр екен. Көз көрім маңайда басқа адам көрінбеді. Өзінің үйреншікті бұрышында қайыршы кемпір қалғып отыр. Жүргінші келе жатқанын сезді де, қолын ербеңдетіп, басын шұлғып, әуелгі биіне басты. Алакөлеңкеде өткір көзі шоқтай жанып алыпты. Ауызын ашса жалын шашып, бүкіл әлемді жұтып қоярдай, көзіндегі өлермен құмарлық онан арман асқынып, қылғып қоярдай сұқтана қарайды. Осы сәтте ол маған шайтаннан жаман көрінді. Осыған дейінгі барлық ашу-ызам бойымды билеп, жанынан өте беріп тоқтай қалдым. Жап-жақсы дайындық жасап алдым да, тура құлақшекеден жалғыз тептім.... «Бақ» деуге шамасы келмей сұлай кетті. Мен артыма қарағам жоқ, қаша жөнелдім. Бір бұрылыстан айналып кеткенше тоқтағам жоқ. Жақын маңда базар бар еді, сабылысқан адамдардың ортасына сіңіп жоғалдым...

Сондағы жанымның рахаттанғанын сізге айтып жеткізе алмаймын. Иығымнан бір ауыр жүк түскендей кең тыныстап, денемді толқын ұрып жағажайда жатқандай керілдім. Маңдайым шып-шып терлеп аспанға қараймын, жарық Ай, түнгі бұлттар түтеленіп жұп-жұқа мақталардай шашылып жатыр. Қалада жүріп аспанды көргенім осы секілді. Баяғы ауылдағы шалғынның үстінде жатып жұлдыз санайтын балалық дәурен елестеді. Айхай, еркіндік, уайымсыздық – қандай ғажап еді. Бір сәт сол өмірге қайтып бардым... Денем құрысып, бір кеңи алмай жүруші едім, ең жақсы массажист та мұндай рахатқа бөлей алмас, ұлы денем босап, бусанып, ғажап күй кешіп, кешкі салқынға қарамастан кастюмымды шешіп, қолыма алдым. Денемнен жалын шығып жатқан секілді, сергіп, жадырадым... Адам айтқысыз ләззатқа бөленіп, сенделіп үйге қайттым...

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2279
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596