Жұма, 29 Наурыз 2024
Не көріп жүрсіз? 7815 0 пікір 2 Қараша, 2016 сағат 18:49

Т.АЯНОВ: РҰҚСАТ ЕТІЛМЕГЕНІН БІЛСЕМ ДЕ, МИТИНГТІ ИСАТАЙ-МАХАМБЕТ АЛАҢЫНДА ӨТКІЗУДІ ҰЙҒАРДЫМ

Атырау қаласында Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта іске қатысы бар куәгерлерден жауап алынып, оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.

Бүгін Атырау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Атырау облысы бойынша хатшысы Гүлмира Шәкірова куәлік етті. Қорғаушы тарап куәгерден неліктен Исатай-Махамбет алаңында митинг өткізуге рұқсат берілмегенін сұрады. Атап өтсек, М.Боқаев пен Т.Аяновтың өтінішіне ресми түрде Г.Шәкірова жауап берген болатын.

«Мен Атырау қаласы әкімінің қаулысы негізінде Исатай-Махамбет алаңында митинг өткізуге рұқсат етілмейді деп жауап бердім. Мен бұны жалғыз өзім ойдан шығарған жоқпын, хатты дайындау кезінде қала әкімінің қаулысы, мәслихаттың шешімі негізге алынды. Хат жазылғаннан кейін заңгерлер тексеруінен өтті. Макс және Талғат, сіздер кездескен сайын заңгер екендіктеріңізді айтасыздар. 2013 жылдан бері осы алаңда митинг өткізуге рұқсат берілмейтінін жақсы білесіздер, қандай орындарда рұқсат етілгенінен де хабардарсыздар», - деді Г.Шәкірова.

Талғат Аянов Исатай-Махамбет алаңында митинг өткізуге рұқсат берілмейтінін бұрыннан білгенін, дегенмен, қасақана сол алаңда өткізуді көздегенін айтты.

 «Маған Талғат Аянов «алаңды берсеңіздер де, бермесіңіздер де, бәрібір сол жерде өткіземіз. Біз солай шештік. Үгіт-насихат жұмыстарын да бастап кеттік» деген болатын. Яғни, Аянов әкімдіктен рұқсат сұрамас бұрын халықты 24 сәуірде сағат 14.00-ге Исатай-Махамбет алаңындағы шеруге шақырып, үгіт-насихат жұмыстарын бастап кеткен. М.Боқаев пен Т.Аянов митинг өткізу жайын жақсы біледі, себебі олар бұған дейін талай рет рұқсат сұраған», - деді Г.Шәкірова.

Куәгердің айтуынша, биылғы жылдың басында бейбіт шеруге арналған орындар қайта бекітілген болатын. Жаңа орындарды бекітуге ұсыну Г.Шәкіроваға, құқықтық бөлім, ішкі саясат бөлімі мен жергілікті полицияға жүктелген. Мәселен, сол кезде М.Боқаевтың өзі бұрыннан наразы болған Құнанбай көшесіндегі орын алынып тасталған. Себебі ол жердің жолы нашар болған. Куәгердің мәліметінше, митинг өткізуге рұқсат етілген орындарда асфальт жол болуы тиіс, сондай-ақ олардың маңында мектеп пен маңызды ғимараттар орналаспауы керек. Куәгер бұндай орындарда асфальт жол, орындықтар мен бейнекамераның болғаны жөн дейді. Оның айтуынша, қаладағы алаңдарда әдетте жылдың басында бекітілген мерекелік шаралар ғана өткізіледі.

Атап өтсек, сот процесінде Т.Аяновтың көптеген жайттарды істегенін мойындап отырғанын, ал М.Боқаевтың жиі ақталатынын анық байқауға болады.

Еске сала кетсек, М.Боқаев пен Т.Аяновқа ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айыптар тағылуда. Атап айтсақ, олар: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3559