Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 4636 0 пікір 10 Қараша, 2016 сағат 18:34

ЗИЯЛЫ АЗАМАТ

Белгілі жазушы, беделді баспагер, қоғам қайраткері Мереке Әбдешұлы Құлкеновтің айтулы алпыс бес жасқа толуына байланысты бірер сөз айтпақпын. Кезінде бұл қаламгер жайында оның талтүсіне орай арнайы мақала жазғаным бар, сондағы түйгендерімді қайталамай, өзімді риза етіп жүретін кей істерін еске алумен шектелуді жөн көріп отырмын.

Бұл ретте, ең алдымен, оның  азаматтық белсенді позициясын атап өтсем деймін. Мәселен, ол ана тілі мәселесін сонау қайта құру дәуірінде тілдер туралы алғашқы заң шыққалы бері тұрақты назарда ұстап келеді. Баршамыз білетіндей, «Ана тілі» газетінде істеп жүргенінде жүйелі түрде шұғылданды. Және сол әдетінен күні бүгінге дейін жаңылған емес. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудегі істерге, бұқаралық ақпарат құралдарындағы журналистердің тілге жауапкершілікпен қарай бермейтініне сыни тұрғыда қарайды. Қазіргі биліктің өмірге енгізіп келе жатқан үштілділік саясатының  залалды жақтары жайында алғашқы белгілері білінгеннен бастап ұдайы дабыл соға айтып келеді. Биыл жер-су мәселесі көтерілгенде де өткір пікірлерімен көзге түсті, өкіметтің жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссиясы құрамында жемісті еңбек етті.

Қаламгер Мереке Құлкенов маңызды қоғамдық жұмыстарға араласа жүріп, жеке шығармашылығымен шұғылдануға да, сонымен қатар баспасөзге атсалысуға, баспа саласында түрлі жобалар жасап, жүзеге асыруға да уақыт табуда. Оның баспагерлік елеулі жұмыстары қаншама. Әнұран авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, көрнекті  ақын және жазушы Жұмекен Нәжімеденовтың прозалық шығармаларын («Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» романдарын) арнайы жазғызған зерттеу мақалалармен бірге  баспасынан «Жасөспірімдер кітапханасы» сериясымен қайта жарыққа шығарды. Аталған сериямен соған дейін оқырмандарға Абай Құ­нанбаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұма­баев, Қасым Аманжолов секіл­ді көптеген қазақтың ақын-жазу­шыларының кітаптарын ұсынғаны мәлім. Атқарылған ауқымды шаруалары қатарында ғасырдан астам ілгеріде жарық көріп, оқырман көзінен тасада қалған маңызды еңбекті қайта жарыққа шығарғаны бар. Ол Орта Азияда әскери қызметте болған орыс офицерінің кітабы. Бұл адам, әскери тарихшы Михаил Терентьев, Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы фон-Кауфманның тапсырмасымен патшалықтың Орта Азия аумағын жаулап алуының тарихын зерттеп, жергілікті мұрағаттардан  мол материал жинаған екен. Соның негізінде, сол кезгі карталар мен сызбаларды молынан пайдалана отырып, доғарысқа шыққаннан кейін «Орта Азияны жаулап алу тарихы» («История завоевания Средней Азии») атты үш томдық еңбек жазыпты. Үш томдық ХХ ғасырдың басында Санкт-Петербургте жарық көріпті. Жекелеген ғалымдарға болмаса, қалың оқырманға  мүлдем беймәлім дерлік кітаптар. Империяның қарулы күштерінің біздің еліміз бен бізбен шекаралас елдерді қалай жаулап алғанын баян ететін бұл үштомдықтың зерттеушілерге өте құнды деректер берері күмәнсіз. Сондай-ақ Мерекенің қазақ поэзиясының он томдық антологиясын Гүлсім Мұқышевамен бірге жинақтап, құрастырғаны, сөйтіп, көрнекті ақын Темірхан Медетбековтың алғысөзімен басып шығарғаны бертінде атқарған тағы бір аса елеулі жұмысы болғанын атап айтқан жөн. Он томдық антологияда түрк қағанаты заманындағы Күлтегіннен бастап, одан бергі замандарда өмір сүрген жыраулар, ақындар, бүгінгі жастар поэзиясының таңдаулы туындыларымен танысуға болады. Әр кезгі әр автордың өлеңдері топтастырылған бұл жинақта барлығы 678 ақын қамтылған екен.

2011 жылы, Мереке алпыс жасын атап өткеннен кейін айдан сәл астам уақыт өткенде, бір оқыс оқиға болды. Еліміздің ұлы мейрамы аталып жатқан шақта, Жаңаөзен қаласының орталық алаңында еңбек дауына байланысты айлап бейбіт ереуіл жасап жатқан жұмысшылар мен құқық қорғаушылар арасында қанды қақтығыс орын алды. Оқиға қалада ғимараттарға өрт салу, түрлі коммерциялық нысандарды қаусату секілді қилы арандатушылық әрекеттерге, келесі күні Шетпе стансасында жолаушыларды тасымалдайтын пойызды басып алуға ұласты. Төтенше жағдай жарияланды, ақпарат тапшылығы салдарынан еліміздің басым бөлігі нақты ахуалдан бейхабар, жайбарақат күй кешті. Зиялы аталатын жұрттың көршілігі биліктің әрекеттерін қолдады, не, «тыныш жүрсең – тоқ жүресіңнің» керімен, бәлелі жәйт жөнінде мүлдем ауыз ашпай, үнсіз қалуды қош көрді. Сонда Алматыдағы қалам қайраткерлерінің  тек саусақпен санарлығы ғана өз көзқарастарын ашық білдірген болатын. Сол азшылық ішінде Мереке Құлкенов те болған еді.  Ол қанды оқиғаға байланысты арнайы құрылған қоғамдық комиссия құрамына еніп, Маңғыстау облысында бірнеше рет болды. Ақтауға, Жаңаөзенге барып, жұмысшылармен әңгімелесті, нақты жағдаймен танысты. Олардың теңдікке қол жеткізуді, еңбектеріне лайықты жалақы берілуін, наразылық көрсеткені үшін жұмыстан шығарылғандарды қайта алуды, әлеуметтік жағдайдың жақсартылуын талап етуі жайындағы әңгімелерін түсіністікпен тыңдады. Мұнайшылардың шешілмеген мәселелеріне өкімет назарын аударуды көздеп, бейбіт жолмен ереуілдегендерінде және аштық жариялағандарында, тәртіп бұзбау жағын қалай қадалағандарын естіді, арандатушылардың қара істері салдарынан орнаған ауыр жағдайды көзімен көрді.  Сөйтіп билік алдына ахуалды жақсартуды көздейтін мәселелер қойып жүрді. Сол қаралы күндерді, адал еңбегінің өтемін талап ету жолында құрбандыққа ұшырағандарды еске алу жиындарында ол өз ой-пікірін ашық айтып келеді.

Бұл оның қашанда әділеттілік жағында тұратынының жарқын мысалы ғой деп ойлаймын. Реті келгенде еске ала кеткен жөн шығар, Мереке Әбдешұлы өз қызметі саласында да, келеңсіздікпен бетпе-бет келген жағдайда, әділеттілік тұрғысынан әрекет етуді орынды деп санайтын. Сондай азаматтық іс-әрекетінің біріне мен өзім куә болған едім. Айталық, жоспарлы экономика дәуірінде біршама алаңсыз өмір сүріп жатқан мерзімдік басылымдардың базар экономикасы табалдырықтан аттай бергенде-ақ қиындықтарға ұшыраса бастағаны мәлім. Мемлекеттік тәуелсіздікпен бірге экономикалық реформалар кезеңі туғанда газет-журналдардың тыныс-тіршілігі, қаржылық тұрғыдан қарағанда, күрт ауырлап кетті.  Мұны аңдап отырған үкімет (әрине, тиісті ведомство, министрлігі арқылы), жағдайды сауықтыру мақсатымен, баспасөз саласына бірқатар өзгерістер жасады. Әуелі жиырма бес басылымды іріктеп, мемлекет қамқорлығына алды. Оның соншалықты тиімді тәжірибе емес екені байқалғанда,  акционерлік қоғамдар құру мәселесін алға тартты. Сол шақта,  1999 жылы, «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ұйғыр авази» газеттері мен «Жұлдыз», «Простор», «Ақиқат», «Мысль» журналдарын біріктірген «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамы шаңырақ көтерді.  Кейінірек жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдырылған бұл ұйымды басқару Жұмабек Кенжалинге тапсырылған болатын. Ол ауыртпашылығы шаш-етектен боп тұрған заманда уақыт талабына төтеп бере алатын жаңа ұжым құрып, аталған басылымдарды қиындықтан алып өте алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қызметкерлерінің еңбекақы алуы, басылымдарының жарық көруі мұң болып қалған «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдары «Қазақ газеттері» серіктестігінің арқасында қайта қоңайды. Сол шақта оларға Жазушылар одағы қожайын болғысы келетін ниет танытып, үлкен шу көтерді. Мәселенің мән-жайы мен қыр-сырын Жазушылар одағы хатшылығына Жұмабек те, серітестікті одан кейін басқарған Мереке Құлкенов те білікті басшы парасатымен түсіндіруге тырысқан. Алайда Одақтағы басшылардың түсінігі басқаша еді, содан да шығар, араға аз ғана уақыт салып, аталған басылымдарға қожа болмақ пиғылдарын тағы қоздатты. Өйткені олар жөн сөзге тоқтайтындар қатарынан емес-тін. Өзімнің қаламгерлер ұйымында қызмет атқарған жылдарымдағы тәжірибеме байланысты,  менің бұған анық көзім жеткен. Жазушылар одағының жаңа басшылығы заман талабын дұрыс ұқпаған, ескіше өмір сүруден айрылғысы келмейтін, кеңестік дәуірдегі масылдық пайымда қалған қызметкерлер қатарынан еді. Совет заманында шылқып күн көрген Одақ тәуелсіздік кезеңде де сондай болуға тиіс деп ойлайтын. Алайда нақты шындықтың басқаша екенін, өкімет базар экономикасын қабыл еткендіктен, ендігі тіршілікте жазушылардың да соған көндігуі әм бейімделуі тиіс дегенді түсіне қоймайтын. Уақыт алға шығарған жаңа талаптарға байланысты, тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ, жазушылардың шығармашылық одағына үкіметтен, Әдеби қорына орталық қордан құйылатын қаржы көзі тоқтаған. Сондықтан Одақтың тәуелсіздік қарсаңында сайланған басшылығы алдымен, қаржылық тығырықтан оп-оңай шығып кетсек деген үмітпен, өзінің және Әдеби қордың ғимараттарын коммерсанттарға жедел басқаруға берген. Әрине, қатты қателескен. Артынша түзетуге тырысты, бірақ бұл әрекет ұзаққа созылған соттасулар салдарынан, олардың жарғылық қызмет ету мерзімін тұтас алды деуге болады. Ақыры, сот шешімімен коммерсанттардан ғимараттар қайтарылды. Одан арғы жағдай дұрыс өрбу үшін, жылжымайтын мүліктің бәрі Әдеби қорға берілді. Одақ пен Қор өзара қызметтестік хақында келісімшарт жасады. Онда Одақтың шығармашылық және қоғамдық шаруалармен шұғылданатыны, ал Әдеби қордың шаруашылықты ұтымды жүргізу арқылы Одаққа және жазушыларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға тырысатыны белгілеген-ді. Алайда материалдық игілікті өз қолына алмайынша, атқарар жұмысының жөн-жобасын көзіне елестете де алмайтын жаңа басшылық оны мойындаған жоқ. Түрлі әдіс қолдану арқылы заңды белден басып, Әдеби қорды жойды. Есесіне коммерсанттармен бетпе-бет қалды да, өздерінің айтуы бойынша, олармен үш жарым жыл соттасты. Ең ғажабы, мұндай қиындыққа ұшырауларын олар өздерінен (біткен істі негізге алып, жұмысты жаңаша дамытудың орнына, өздерінің қайткенде бәрін бір қолға шоғырландырып, дөкей бастық болуға құмарлықтан туған құқықтық сауатсыздықтарынан) емес, Одақтың өздеріне дейінгі басшыларынан көрді және сол қате көзқарастарын күні бүгінге дейін жалаулатып, жалғандықты аспанға көтере даурығумен келеді. Міне, басылымдар мәселесінде де тап соған ұқсас жағдай орын алып тұрған. Одақ кейінгі жылдары жағдайлары тұрақтанып, уақтылы шығып келе жатқан газет-журналдар енді «өзімізге қайтарылсын, ол баяғыдан біздікі болатын» дейді. Бірақ оларды қайтіп қаржыландыратынына ой жүгіртпейді.  Іс жүзінде, материалдық тұрғыдан қарағанда, бұл газет-журналдар ешқашан одаққа тиесілі болған емес-тін. Рас, шекелеріне одақтың органы екені жазылып қойылатын, бірақ оларды басып шығаруға, қызметкерлеріне еңбекақы беруге орталық партия комитетінің баспасы жегілген, ал одақ бюджеттен қаржыландырылатын.

Тәуелсіздік кезінде жағдай өзгерді. Жазушылар одағына қаржы әуелде тек ғимаратты ұстап тұру үшін ғана бөлініп, артынан ол да доғарылды. Содан Одақ тек ғимарат бөлмелерін жалға беру жолымен күн көре бастады. Ал басылымдарды баспа министрлігі қаржыландырып, алғашқы кезде Одақ пен редакция ұжымын министрлікпен қатар құрылтайшы етіп көрсетіп жүрді де, ұзамай, қосатын материалдық үлесі жоқ болуы себепті,  Одақты да, редакция ұжымын да құрылтайшылықтан мүлдем алып тастады. Одан кейінгі кезеңде, жоғарыда айтқанымыздай, министрлік бірнеше басылымның басын қосып, дербес құрылым жасады. Қаламгерлердің осы құрылымда тіршілігі тәп-тәуір боп қалған газет-журналдарын билегісі келген Жазушылар одағы кәсіби мамандардың дәлелді түсіндіруінен кейін сәл тыншығандай болғанмен,  аз мезгілден кейін жұртшылықты қайтадан дүрліктірді. Өйткені қайткенде  қожалыққа жетудің жаңа қадамдарын жасауды ойластырған.  Сөйтіп, дәлелді түсіндірмелерді бір құлағынан ағызып жіберіп, мәселені басқа қырынан қоздырды. Жазушылардың газеті мен журналдарын Жазушылар одағына қайтармайтын жағдайда, басылымдардың Одақ ғимаратында орналасқан бөлмелері үшін «Қазақ газеттері» серіктестігі жалдау пұлын төлесін... Осы жәйт шешуші рөл атқарды ма деймін, Мереке Құлкенов басқаратын серіктестік аталған газет-журналдарды Одақ ғимаратынан өздері отырған Баспалар үйі ғимаратына көшіріп алды. Содан соң қиқу жаңаша өрбіді, жоғарғы жақтағы қол жететін буындардың бәрі іске қосылды. Ақыры, үш басылым серіктестік құрамынан шығарылып, Одақ ғимаратына қайта көшіп келді. Бірақ қаржылық қиындықты, жаңылыспасам,  әлі еңсеріп кете қойған жоқ. Ең жаманы, олар іс жүзінде, заңи тұрғыдағы қоғамдық меншік иесі ретінде баршасына тең қарауы әм санасуы тиіс одақ мүшелерін алалайтын, шынтуайтында, басшылықтың жекеменшігіндегі ақпарат құралына  айналдырылды. Іскер, мәселенің көзін таба білетін, нағыз уақыт талабына лайықты жауап бере алатын заманауи баспагер Мереке серіктестің құрамында жаңадан «Экономика» газеті мен жас шығармашыл күштер үшін «Үркер» атты әдеби журнал ашты. Оның сол ісін серіктестікті басқаруға  келген Бауыржан Омаров, ол басқа қызметке кеткеннен кейін серіктестік басшылығына қайта оралған Жұмабек күні бүгінге дейін өте сәтті жалғастыруда. Жаңа газет пен журнал баспасөз айдынында өз орнын тауып, оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленіп келеді.

Мерекенің қазіргі таңдағы алпыс бес сынды елеулі белесіне көтеріліп келе жатқан шағында мен оны нағыз зиялылар қатарындағы тұлға ретінде атап өткім келеді. Өйткені ол өзінің күллі болмысымен ұлы күрескер Мұстафа Шоқайдың зиялылыққа берген анықтамасына толығымен сәйкес келеді.   Мереке Әбдешұлы Құлкенов ұлтқа қызмет ету идеясына терең берілген, өзінің барша шығармашылығын, әлеуметтік және мәдени тыныс-тіршілікті жақсарту бағытындағы күллі қоғамдық іс-әрекетін соған жұмсайтын зиялы азамат. Мен осынау тамаша жанды алпыс бесінші белесімен қызу құттықтап, жұмыстарында жаңа табыстарға жете беруіне тілектестік білдіремін.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1564
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3538