Шынның жүзі

КЕШІРІҢДЕР БІЗДІ, ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР!

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

Қазақ баласы 300 жыл бойы отарлау саясатының тегеурінді тепкісін көрді. Сол 300 жыл ішінде саңлақтарымыз азаттық үшін империяға қарсы шығып, 300-ден астам (кейбір деректерде 400-ге жуық) ірілі-ұсақты көтеріліс жасады. Әрине, Хан Кененің қарулы қарсылығымен басталған күрестің нүктесі Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен соң қойылып, бабалар армандаған Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бірақ осыдан 30 жыл бұрын Алматының алаңына шыққан 20 мыңға жуық азаматымыздың ерлігі биыл да өз деңгейінде аталып өтпейтін түрі бар. 

Бейбіт шеру...

Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің бірінші хат­шы­лығынан алынып, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуы жергілікті халықтың наразылығын туғызды. Бұл, саяси тұрғыдан алсақ, жай ғана наразылық емес, сол тұстағы қазақ халқының ұлттық санасының көте­ріл­ге­нін көрсетеді. Мәселен, 17 желтоқсан күні ер­теңгісін алаңға шыққандардың қарасы 300-ге жуық қана адам болса, кешкісін олар­дың саны 10 мыңнан асып кетті. 18 желтоқсан күні бұлардың қатары 20 мыңға жуықтады. Демек, «Әр ұлттың өз  басшысы болсын»  деген ұранды ту еткен қазақтың ұл-қызы бейбіт түрде күресіп, саяси көзқарастарын біл­діргісі келді. Олар «билік қарсы күш қол­данады» деген ойдан аулақ болды. Осы бір жағдаятқа қарап, бұл оқиғаны «бейбіт шеру еді» деп топшылауға болмайды. Неге?

Толқу...

 Өйткені Желтоқсан дүрбелеңі аз-ақ уақыттың ішінде бүкіл ұлттық толқуға ұласып бара жатты. Қазақ ұлтының азаматтары жан-жақтан Алматыға ағылып, нәтижесінде қалаға кіретін барлық жолдар жабылды. Осылайша жастардың бейбіт шеруі түс ауа стихиялық қозғалысқа, наразылыққа ұласты. Бұл наразылық саяси шие­ле­ніс­ке әкелді. Саясаттану ғылымында саяси шиеленіс соңы қантөгіске апаратыны айтылған. Яғни бейбіт шеру – толқуға, ал толқу саяси шиеленіске айналып, оқиғалық сипат алды.

Оқиға...

Бірақ Желтоқсан дүрбелеңін тек саяси оқиға деп тар шеңберде қарауға бол­май­ды. Неге? Ғылым тілімен айтсақ, саяси оқи­ға дегеніміз – қалыпты өмір ағы­мын­да­ғы өзгеріс, санаға сілкініс әкелетін жайт. Мұндай оқиғалар адамның еркі мен санасынан тыс, өзіндік себептерден туын­дайды екен. Егер де билік қарулы күш қол­данып, жастарды күштеп таратпағанда, ешкімді қудаламай, бар мәселені бейбіт жолмен шешкенде, Желтоқсан дүрбелеңі саяси оқиға деңгейінде қалар еді. Бұл – бір. Екіншіден, саясаттану ғылымы қыл­мыстық іс жүргізу құқығындағы адам әрекетін де оқиғаға балап жатады. Демек, теория жүзінде Желтоқсандағы саяси қақтығысты «саяси оқиға еді» деуге негіз жоқ...

Көтеріліс... 

2007 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов ресми түрде бұл оқиғаға Желтоқсан ұлт-азаттық көте­рі­лісі деп баға берген болатын. Тағы да ғылыми теорияға сүйенсек, ұлт-азаттық көтерілісі дегеніміз – Тәуелсіздікті жеңіп алуға, шетелдік үстемдікті, отарлық езгі мен қанауды жоюға бағытталған күрес екен. Шынын айту керек, 1986 жылғы Жел­тоқсан қақтығысы осы айтылған сипатқа толығымен келеді. Оған бұл­тарт­пас бірнеше дерек келтіруге болады. Мәселен: 

Біріншіден, Желтоқсан оқиғасы 70 жыл бойы өз үстемдігін жүргізген Кеңестер Одағының құлауына себепші болды. Осы көтерілістен кейін Балтық жағалауы елде­рін­де, Грузия, Әзірбайжан, Ресей т.б рес­пуб­ликаларда саяси толқулар орын алды. 

Екіншіден, ресми деректерге сүйенсек, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 9 мыңға жуық азаматымыз зорлық-зомбылықтың, қинау мен жазықсыз жазаланудың құр­ба­ны болды. Мысалы, сол қаһарлы күндері 2500-ге жуық адам тұтқындалыпты (ІІМ дерегі бойынша – 2336 адам, ҰҚК дерегі бойынша – 2212, Прокуратураның дерегі бойынша – 2401 адам). Күшпен ұсталған жә­не уақытша қамау изоляторларына қамал­ған 8,5 мың желтоқсаншы қақаған қыста жалаңаш қала сыртына шығарылып тасталған. Ал ресми деректерде жарақат алғандардың саны 763-тен 1137 адамға дейін деп көрсетілсе, Мұхтар Шаханов басқарған комиссия олардың саны 1,7 мың адам болғанын айтады. Осы бір сандардан-ақ бұл жай ғана оқиға немесе толқу еді деп баға беруге болмайтынын аңғарасыз.

Үшіншіден, Желтоқсан көтерілісін ұйым­дастырды деген айыппен 758 студент оқудан шығарылып, 1164-і жазаланған. 319 азамат жұмыстан босатылған, 100-ден астам адам сотталған. 700-ге жуық адам ішкі істер орындарының арнайы бақы­лауына алынған. Мысалы, Т.Бейіс­құловтың деректері 110 адам сотталғанын айта­ды. Ал Американың Хельсинки аза­маттық құқық қорғау тобының зерт­теу­ле­рі­не қарағанда 99 адам түрмеге то­ғы­ты­лып, 631 азамат арнайы есепке алынған. Бүкіләлемдік тарихта жай ғана толқу үшін осыншама адамның бас бостандығынан айырылуы – болмаған жағдай. 

Төртіншіден, көтеріліс құрбандықсыз болмайды. Мысалы, Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзағұл Әбдіқұлов бірден ату жаза­сына кесілді. Бірақ кейіннен Қайрат Рыс­құл­беков түсініксіз жағдайда өлтіріліп, Мырзағұл Әбдіқұлов бостандыққа шықты. Десе де осы қырғынның салдарынан   Е.Сыпа­таев, Л.Асанова, С.Мұхамеджанова, Қ.Молданазарова, С.Қашағанов, Т.Дәу­рен­беков сынды батыр оғландарымыз қыршынынан қиылғанын ескеруіміз керек. Қақтығыс кезінде жарақат алып, мүгедек болып қалғандар, өмір бойы балалы бола алмай зар еңіреп жүргендер қаншама? Жел­тоқсанның желінде таяқ жеп, ден­сау­лықтан айырылған саңлақтарымыздың көбі айналдырған 28 жыл ішінде о дүниеге аттанып кетті. 

Бесіншіден, көтерілісті басып-жаншу үшін әрқайсысында 2928 сарбазы бар арнаулы құрамдағы үш отряд, 5700 әскері бар Алматы гарнизоны күштері мен құ­рал­дары, 7000 мыңға жуық КСРО ІІМ-нің ар­найы әскері жұмылдырылды. Мұның сыртында Алматы облысынан – 5450, Фрун­­зеден (Бішкек) – 5445, Ташкенттен – 5452, Шелябіден – 5427, Ново­си­бирскі­ден – 5427, Уфадан – 5424, Сверд­ловскі­ден – 5425, Тбилисиден 2169 әскер әкелін­ген. Бұлардың барлығының саны 60 мыңға жуықтайды. Яғни ешбір мемлекет жай ғана саяси қозғалысты басу үшін осыншама күш жұмсамайтыны белгілі. Осы көтерілісті жаншуда ерен еңбек сіңір­ген Қазақ КСР ІІМ-нің 1586 қызметкері Құр­мет грамо­таларымен, «Үздік қызметі үшін» және «Милиция үздігі» белгілерімен мара­патталып, ақшалай сыйлық алған. Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Прези­диу­мының медалімен 250 әскери шендегі азамат, сондай-ақ тағы да 250 азамат сол Президиумның Құрмет грамоталарымен наградталған. 

Алтыншыдан, шеру құралды қақты­ғыс­қа ұласқанда ғана көтерілістік сипатқа ие болады. Басында бейбіт шеру сипа­тын­да басталғанымен, жастардың талап-тілегі орындалмады. Керісінше, оларға күш көрсетілді. Осының себебінен қақтығыс нақ­ты көтерілістік сипатқа ие болып, 11 транспорт өртелді, 24-і зақымданды. 39 автобус пен 33 жеңіл көлік істен шыққан. Яғни шарасыз жастар қолдарына ілінген таспен, таяқпен қарулануға мәжбүр болды деген сөз. 

Жетіншіден, көтеріліс 19 желтоқсан күні Алматыда тоқтағанымен, дәл осы тол­қулар 19-25 желтоқсан аралығында Жез­қазған, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл, Шымкент, Талдықорған, Көкшетау, Арқа­лық қала­ла­рында, Шамалған, Сарыөзек, Шелек елді мекендерінде жалғасын тапты. 

Қош, осы жеті мысалдың өзі желтоқсан дүр­белеңінің ұлт-азаттық көтеріліске айнал­ғанын көрсетеді.

Түйін

Біз осы қанды қырғын болған қасиетті күнге тәуелсіздік мерекесін апарып жапсыра салдық. Оның басты себебі меніңше, кейбір шенділерге Кеңестер одағының шаңырағын шайқалтқан Ұлт азаттық көтеріліс болған қаралы күнді ұмыттыру үшін қажет секілді. Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі қыспаққа алып, оның сыртында Жаңа жылдық көңіл күй аза тұтар күнді халық санасынан өшіруге тырысып-ақ жатыр.

Кешіріңдер бізді, Желтоқсаншы батырлар! Биыл да Сіздердің азат рухтарыңызды «жаныштап», Сіздерді ұмыт қалдыратын сияқтымыз...

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

15 пікір 1328 рет оқылды Қосылған: 13.12.16
    • #1
    • Астаналық
    • сс, 13/12/2016 - 12:14

    Уақыт берді бағасын , 17 желтоқсан ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ, желтоқсан оқиғасына бұдан артық ЕСКЕРТКІШ болмас!!! Құрбандардың арман тілегі орындалды!

    • #2
    • самат ақтөбе
    • сс, 13/12/2016 - 12:26

    1билік болса осы Азаматарды тобесiне котеріп журуі керек осы Азаматтардын аркасында билік пен байлыкка колдары жетіп отыр емес пе
    2 калғанымызда осы Азаматарды тобесіне котеріп журуі керек осы Азаматардын аркасында азат ел,тіл,дін,діліміз акырындап болса да алга жылжуда

    • #3
    • Сарапшы
    • сс, 13/12/2016 - 13:29

    Өшпейтін ерлік опынудың қажетті жоқ, уақыт өткенсайын ол жандана береді

    • #4
    • Алмас
    • сс, 13/12/2016 - 14:49

    Геноцид Қазақ тарға арналған фашистер деп баға беру керек .

    • #5
    • Дос
    • сс, 13/12/2016 - 15:25

    Өте дұрыс айтылған пікір. Авторға толығымен қосыламын.

    • #6
    • анкау казак
    • сс, 13/12/2016 - 15:54

    улкен патша горбачев кеин колбин ладно булар орыстар осылардан киши коиындар деитин казах басшылары каида болган алде оларда халыкпен бирге болдыма ?

    • #7
    • Думан
    • сс, 13/12/2016 - 20:08

    16-желтоқсанға
    Желтоқсанда желбірейді жүрегім,
    Желтоқсанда диуана боп жүремін.
    Желтоқсанда жылап тұрып күлемін,
    Желтоқсанда келді сыртқа түнегім.
    Желтоқсаным Қыздан сұлу жыр-ерін,
    Желтоқсаным Қыран топшы ұл едің.
    Желтоқсаным ашылмаған сыр едің,
    Желтоқсаным айтылмаған үн едің.
    Желтоқсаным қызғалдақты қыр едің,
    Желден сұра желтоқсанның тілегін,
    Жерден сұра желтоқсанның ролын.
    Желтоқсанда күннен шабыт күредім,
    Желтоқсанда елге бақыт тіледім.
    Желтоқсансыз айтшы Қазақ кім едің?
    Жыл-Жыл сайын Кімге арналды тілегің.
    Юсуппенен түнге айналды реңің,
    Колбин келді көзіңмен жер тіредің.
    Палигоннан ауру жұтып жүр едің,
    Өз тарихыңды өзің ұмытып жүр едің,
    Өз ұлтыңды өзің құртып жүр едің,
    Өз тіліңді өзің түтіп жүр едің.
    Тамағы тоқ ,кимі бүтін құл едің,
    Белгілі еді енді ит боп үрерің.
    Желтоқсанда барлық атқа мінерің,
    Тақымдарын тасқып қысты білемін.
    Желтоқсанда жанын беріп мың өрім,
    Бойымздан ауып түсті бір өлім...
    Қайрат,Ләззат,Сәбиралар білегін.
    Ұзе лаған жоқ шынын айтсақ кіреміл...
    Тұмсықтарын тасқа білеп түлегің.
    Өз ұлты үшін таңдап алды ұлы өлім.
    Енді олардың ерліктерін есіне ап,
    Білем ұрпақ басқаша өмір сүрерін.
    Желтоқсанның шындыңы еді міне бұл,
    Желтоқсанның сұмдығы еді міне бұл.....
    Дұсшпандардың қулығы еді міне бұл,
    Патшалардың ұрлығы еді міне бұл...
    Желтоқсаным жәйма шуақ басталды,
    Ел тосқаным,ер тоқсаным бұ менің.

    • #8
    • Ақиқат Айқын
    • сс, 13/12/2016 - 20:12

    Мен өзім түсінбеймін. 16 желтоқсан күні Тәуелсіздік күні деп қуанамын ба, жоқ әлде Желтоқсан көтерілісінің құрбандарын еске алып Құран оқимын ба,екіұдайы ойда жүремін. Мереке деп көңіл көтерейін десем, аспанды қара бұлт басып көзден кеткен жастарымыз көз алдымда тұрады. Соларды еске алып көңіл мұңға батқанда көшенің бәрі көк жалау, той-тойлаған жұртты көресің... Қысқасы, Желтоқсан жастарын еске алатын қаралы күнмен, бабаларымыз армандаған азаттық күнді бір күнге тоғыстырғанымыз дұрыс емес сияқты....

    • #9
    • мурат
    • сс, 13/12/2016 - 21:17

    8ге жанаозендиктердиде оилапта куран окуды умытпа созин дурыс осы тауелсиздикти 6июльге ге озгертсе дурыс болар еди бир окпен уш коян аткан болар едик астана куни елбасы куни тауелсиздик куни жемкорлардында несибесинен азда болса кагып калар едик.

    • #10
    • Қазақ
    • сс, 13/12/2016 - 23:21

    Желтоқсанды ешқандай күш тарихтан сызып тастай алмайды. Желтоқсан оқиғасы бұрмаланса да, халық жүрегіне жағылған шырақ ешқашан сөбейді. Халықтан асқан дана жоқ. Желтоқсан -- халық жүрегіне мәңгі жағылған азаттық шырағы. Азаттық шырағын лаулаған жалынға айналдыру ұрпақтың еншісінде.

    • #11
    • Қазақ
    • сс, 13/12/2016 - 23:25

    Кешіріңіздер, 10 пікірімде қате кетіпті. Сөбейді деген сөзді сөнбейді деп оқуларыңызды сұраймын.

    • #12
    • летописец
    • сн, 14/12/2016 - 1:43

    1986 - комунистерге қарсы, 2011 - нуристерге қарсы көтерліс, так что екінші желтоқсан пока айтылмайды.

    • #13
    • тарих
    • сн, 14/12/2016 - 10:59

    Кешірім сұрамау керек, Рахмет айту керек!!! Өйткені, олар тарихта қалды. Тарихи жағдайат қазақ балдарын Алматығы оқуға алып келді дағы, Желтоқсанның Батырлары қылып шығарды!!!! Ол жігіттер мен қыздар басқа елден келген жоқ қой?!!!

    • #14
    • мурат
    • сн, 14/12/2016 - 11:37

    осы желтоксан окигасынын арасында болган депутаттар болса абаи кз сухбат алсаныз жаксы болар еди ?геройхандары болса билеик?

    • #15
    • Омар
    • сн, 14/12/2016 - 12:12

    Санасы мен арын силайтын елде тәуелсіздік күнін таң ертеңмен осы тәуелсіздікке жеткізгендерді еске алу шараларын өткізеді. Үкімет елемесе елемесін, бірақ бізге де әр үйде анау қалмақтардан елді қорғаған бабалардан бастап желтоқсанның боздақтарын қосып Құран бағышталуы керек деп ойлаймын. Ел боп осындай сана қалыптастырсақ ғана, аумалы-төкпелі заман болсын, ҮКІМЕТ болсын бізді ала алмайды, сонда ғана Алла бізді қолдайды, елді сақтайды...
    Шын мәнәнде елде тәуелсіздік күні 17-18 желтоқсан болу керек деп ойлаймын

Пікір қосу

  • 9 + 44 =

Вход