Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Зерттеу 4705 0 пікір 13 Желтоқсан, 2016 сағат 17:29

Ардаби МӘУЛЕТҰЛЫ. ЕЛДІ АҢСАҒАН АСЫЛ МҰРАЛАР

Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жағынан докторанттардың шетелге міндетті жоспарланған ғылыми зерттеу тәжірибесінен өту үшін ҚХР Шыңжаң өлкесі Іле қазақ автономиялы облысының Құлжа қаласындағы Іле университетінің шақыруы бойынша 2016 жылдың мамыр-маусым айларында бір жарым айға бардым. Докторантурада қорғайтын тақырыбым «Қытайдағы қазақтардың күйшілік өнері» болатын. Іле университетінің кітапханасы мен тиісті ғылыми зерттеу институттарында 10-15 күн аялдаған соң, Шыңжаң өлкесінде қазақ бар жердің барлығын аралап шығайын деген оймен дыбыс-кескін жазатын аппараттарымды алып жолға шықтым. Қазақ көп қоныстанған Іле қазақ облысы Күнес ауданына ең алдымен ат басын тіредім. Бұл жер заманында ақиық ақын Таңжарық пен күйші Әшімдердің салтанат құрған мекені. Әшімнің төл шәкірті күйші Камал Мақайұлының тікелей мұрындық болуымен Күнесте құрылған Әшім мұрасын зерттеу қоғамы мен Әшім музейін аралап көптеген құнды материалдарға кез болдым. Әшім ең алғаш ұстаз тұтып күй үйренген, ел арасында «Қоңқай молда» атанған Қоңқай күйшінің домбырасын көрудің сәті түсті. Ақсөңкедей болып кепкенқоңыр домбыраның жасалу формасы кісіні бірден қызықтырады. Бұл домбыра 1870 жылдары шамасында жасалыпты (шебері белгісіз).

 

Қоңқай домбырасы алдынан қарағанда

Басы (алақаны)мен мойны, шанағы тұтас алма ағашынан шауып жасалған. Мойын алақандығына да алма ағашы салынған, бет қақпағы қарағай, 14 пернелі. Алақанының (басының) артқы жағы ортасынан ішіне қарай ойылып, құлағы керісінше қойылған қалақ домбыра.

 

Қоңқай домбырасы алақанының (басының) артқы жағынан қарағанда

 

Қоңқайдың домбырасымен қоса сол шамалас уақытта жасалған тағы бірнеше қалақ домбыралар болды. Алдының жасалғанына 150 жыл толған бұл домыбралардың жасалу ерекшелігі бір-бірінен бөлек. Бірақ Іле өңірінің арыдағы күйшілері ұстаған қарапайым қалақ домбыралардың жасалу үлгісі, яғни бет қақпағы, шанағы мен мойнының өлшемдері бертін келе мүлдем басқа формаға көшкенін байқайсыз. Осыған байланысты кезіктірген домбыралардың біреуінің ғана жасалу үлгісін мысалға келтірейін.

1956 жылы Іле қазақ облысында  өмір сүрген Мұқатай Мәмиұлы деген шебер қайың ағашынан қалақ формада жасаған Әшімнің 13 пернелі 4 құлақты домбырасының жасалу ерекшелігі тіпті қызық. Яғни, алдыңғы бет тақтайды артқы шанақ жағынан да дәл солай бет тақтай етіп жапқан. Шанақ жақ бет тақтайының жартысы ашып-жабылатын болған. Олай болатын себебі, домбыраның шанақ жақ түбінен екі сым (жез ішек деп те атайды) ішекті бет тақтайдың ішін бойлата мойынның арасымен жүргізіп отырып, шайтан тиектің түбінен тесіп шығарып, оған да бөлек екі құлақ бекіткен. Сонда домбыраның алақынында (басында) төрт құлақ бар.

 

Негізгі ішек тағылған екі құлағымен қоса, шанақтың ішімен мойыннан шығарған екі сым (жез ішек) ішекке де арнайы екі құлақ жасаған, әрі жаңағы қақпақтың астынан келген сым ішекке де, жеке тиек қойып, оны артқы шанақ жақтағы жартылай ашылатын қақпақ арқылы құлақ бұрауын келтіріп отырған.

 

Шанақ артынан қарағанда     Артқы шанақ жартылай ашылады         ет қақпақ алдынан

 

Сонда жалпы домбыра құрлысында 4 құлақ, екі тиек (Шайтан тиектен бөлек) бар. Ішіне салынған екі сым ішектің негізгі атқаратын қызметі, домбыраның негізгі екі ішегін қаққанда, іштегі сым ішек сырттағы тиектің тербелісімен іштегі тиектің тербелісі арқылы дыбыстың тербелісін (тембірін) күшейтіп беріп отырған. Алақаны (басы) мен мойны, шанағы құралып, қақпағын қарағайдан салыпты. Барлық домбыралардың өлшемдерін қағазға түсіріп алдым. «Ел іші өнердің кеніші» десе дегендей. Бұдан бұрын он жылдай Іле өңірін әсіресе Күнеске жиі ат басын бұрсамда бұндай жәдігерлерге онша мән бермегенімді жасыра алмаймын.

Шыңжаңдағы күйшілік өнердің ескі бір ошағы асқаралы Алтайды жайлаған елде еді. Заманында Алтайға билік айтып күймен төрелік еткен кемеңгер тұлға Бейсенбі Дөненбайұлы басында тұрған бұл күйшілік мектептің қазақ күй өнеріндегі орны бөлек. Бұдан бұрын бір-екі мәрте Алтайға күй жинап барғанымда уақыттың аздығы салдарынан, жүйелі жұмыс жүргізе алмаған едім. Оның үстіне Алтайдың әрқайсы аудандарының арасы жарты күншілік жол. Ал бұл жолы уақыт біршама мол. Алдымен Алтай  аймағында 3-4 күн аялдадым. Алдымнан күтіп алған Тізімбек Анашұлы жас болсада қазақтың рухани тұлғаларын тайынан таныған зердесі биік азамат, Алтайдағы тарихи орындарды аралатты. Әйгілі Зуқа батырдың ізі қалған жерлермен қоса Алтай қаласын қақ ортасынан бөліп жатқан Қыран өзенінің жағасынан орын тепкен халқына қорған болған ұлт жанашыры, ағартушы Шәріпқан Көгедаевтың басына да құран бағыштадық. Тауымен тасы тарихқа толы киелі Алтай жері, ұлтым деген талай боздақты бауырына басыпты. Қысы-жазы басынан қар, қабағынан мұң кетпейтін Алтай қаласының төбесінен төніп тұрған Үсіген асуының да ішіне бүккен сыры мол көрінді. Алтай қалалық тарихи архивтерді зерттеу кеңсесінде қызмет атқаратын Марат Ғинаятұлымен де Тізімбек бауырым арнайы таныстырды. Жүзі ашық, ұзын бойлы, етжеңді Марат ағамыздың өмірден білген-түйгені мол, әңгімешіл кісі екен. Алтайдың рухани ортасы туралы көп әңгіме шертістік. Бірнеше күн қастарына ергенімде Марат ағамен Тізімбек бауырыма бір риза болғаным, жазбаларын сарқып оқығанынан болар, Таласбек Әсемқұлов ағамыздың еңбектерінің қазақ руханиятында сең қозғағанын  әңгіме арасында тамсана айтып Такеңе деген ерекше ықыластарын білдіріп отырды. Марат ағамыздың айтуы бойынша Алтай аймағында тұратын Ғалымбек Кәрібайұлының қолында 60 жылдан астам уақыт сақталып келген ескі домбыраның бар екенін біліп, іздеп барып сызбасын алдым.

 

Қобыз шанақты домбыраның алдынан қарағанда

 

Бұл домбыраның да жасалуы өзгеше. Шанағы қыл қобыздың шанағы тәрізді мойнымен тұтас ойып шабылып, мойынның саға жақ артынан (қалыңдау етіп) шанаққа дейін  қыл қобызға ұқсас жал шығарылыпты.

 

Қобыз шанақты домбыраның артынан қарағанда

әдеттегі домбыралардың шанағына қарағанда бұл домбыраның шанағык өп терең. Бұлай болатын себебі, біріншіден, мойынмен шанақтың ауытқуын (қайып кетуін) тежеу арқылы, мойын алақандықпен бет тақтайдың түзулігін сақтап қалу. Екіншіден, шанақты терең ете отырып, дыбыстың қоюлығымен тембірінің куаттылығын арттыру мақсатындағы тәжрибе болуы мүмкін. Бұл да сол Алтайдағы ел арасындағы көне шеберлердің қолтаңбасы екені анық.

Домбыралар жайын кейін бөлек мақала етіп сызбасымен таныстыратын боламыз. Енді әңгімемізді ары қарайғы сапарымыздың желісіне бұрайын.

Бейсенбі күйлерінің ескі нұсқасын бізге жеткізген күйшілердің бірі  Алтайдың тумасы Тұрсын Кәдейұлы. Бейсенбінің күйлерін қазіргі орындаушылары сияқты құдды Құрманғазы, Динаның мәнерінде төкпелетіп емес, Тұрсын Кәдейұлы байырғы тартылу ерекшелігін сақтап, ойлы да орнықты орындаған күйші. Бұл кісінің орындауындағы Бежең күйлерін жасымыздан Шыңжаң радиосынан естіп өстік. Алтай қаласының іргесіндегі Дөрбілжін ауданында тұрады дегенді естіп, Тізімбек бауырыма жол бастатып арнайы сәлем бере бардым. Амал қанша, күйшінің мен ойлағандай күйі болмай шықты, аздап сырқат екен. Өнердің шынайы киесі қонған сергек көңілінен, «Қасқыр қарызын терісімен өтейді» дегендей сыңай байқадым. Ашық айтпағанымен, азды-көпті ғымырымда Бейсенбі күйлерін шама келгенше ұрпаққа қалдырдым ғой деген көзқарас. Амандық тілесіп, көп аялдамай Алтайдың Шіңгіл ауданына тарттым.

Шіңгілдің мөлдір суындай,

Деп салған әнім Сұлубай. – деп әйгілі халық композиторы Сұлубай жырға қосқан осы Өр Алтайда, күйшілердің үлкен шоғыры қалыптасқан. Алтын бармақ атанған күйші Дәулет Халықұлының туған жері де осы Өр Алтай еді. Әсіресе Дәукеңнің орындауындағы халық күйлерінің бөгенайы бөлек. Жолығып күйлерін жазып алсам деген күйшілердің бірі, Дәукеңнің шәкірті Сайраш Жармұқамед ағамыз еді. Шіңгіл ауданында тұрады екен. Әңгімені өзінен бастауымды өтінгенімде  Сайраш аға,

- Жоқ бауырым, осы елдің арасында маған ұстаз болып жүрген күйші

ағаларың бар. Олар кеше, не бүгін ғана қолына домбыра алып тартқан жоқ, Шіңгіл жерінде көкірегі күйге толған бірнеше ақсақал күйшілер өтті ғой шіркін! Солардың мұрасын алып қалған осы ағаларың. Сен келе жатырмын деген соң, бәрімен хабарласып шақырып қойғамын. Мен шама-шарқымша сахна көріп жүрмін ғой, сен менен бұрын осы күйшілердің қолындағы дүниелерді жазып алсаң, бірнеше күн үйде аунап-қунап жатасың. Менде бар күйлердің бәрі сенікі ғой-деді.

Қуанғаным соншалық,

- Ойбай-ау аға, сөйтейік - дедім. Сайраш ағаның үйіне жасы алпысты алқымдаған Сарқыт Иісқанұлы бастаған Боранбек Шүкіранұлы, Сайраш ағамызға шәкірт Қайрат Тәшімұлы деген күйшілер келді. Бұл төрт күйші де Шіңгіл жерінде өткен ел арасына танымал Жұмжұма Жазиұлы, Дәулет Халықұлы, Мүтай, Бағытай, Замзам, Алтайқан сияқты халық күйшілерінің аманатын арқалаған, көкірегі күйге толған өнерпаздар екен.

Құремтті оқырман!

Осы уақытқа дейін ән мен күйге қатысты қаншалаған еңбектер жарық көрді. Академик Ахмет Жұбановтан бермен қарайғы еңбектер, тіпті бүгінгі 1000 күй, 1000 ән анталогиясына дейін қазақтың әні мен күйін негізінен бір арнаға салдық, зерттелді деп жүріппіз. Шынын айту керек, мүлдем олай мемес екен. Себебін, мен жоғарыдағы күйшілерді жазғаннан кейін түсіндім. Жылдап еңбектеніп, тырнаштап жинаған 1000 күйге енбей қалған 300 ге тарта күйге куә болдым. Бәрі де соны күйлер. Көбі теріс бұрауда орындалады. Перне басу, тарту тәсілі біз көрген жоғары деңгейдегі академиялық оқу орындарында болмаған, ол ортаға жат әдіс-амалдармен орындалады. Мысалы, Сарқыт Иісқанұлы мен Қайрат Тәшімұлы орындаған күйлерінің ішінде Кетбұғаның «Ақсақ құланы» кездесті. Күй теріс бұрауда «до-соль» дыбысынан қайғылы басталып, жоқтау сарында боздап бастан аяқ балаң өлді жошы хан,-деп зарлап тұрғандай. Кетбұға күйлері қазақ даласының түкпір-түкпірінде тіпті көрші қырғыздарда да тартылғанымен құныттап жүйеленбеді. Тек Жанғали Жүзбаевтың жақында жарық көрген «Кетбұға» атты жинағында Кетбұға күйлерінің шығу тарихы тым арыдан жеткені нақты деректермен көрсетілген. Ал Шыңжаңдағы ағайында тартылған Кетбұға күйлерінің бұл нұсқалары күйші мұрасын және бір қырынан тың деректермен толықтыратыны сөзсіз.  Бір қызығы осы уақытқа дейін арғы беттен бізге жеткен күйлердің орындалу ерекшелігі (мысалы, «Аңшының зары»), біздің оқу орындарында қалыптасқан, бір жүйеге келтірілген саусақ тәртібімен орындалып келеді, тәрбиеленіп жатқан жас буында осы әдіске қолы түгілі, бойына дейін әбден үйреткен, бұл шығыс өлкенің күйлерін орындаудағы бұлжымас тәртіп сияқты болып келді. Ал мына күйшілердің орындауы мен Таласбек Әсемқұловтың қолынан көрген Байжігіт Дәстүріндегі ерекшелікпен өте жақын тіпті бірдей деуге болады. Мысалға, 1000 күй анталогиясында Дәлет Халықұлы орындаған «Шыңырау» деген теріс бұраудағы халық күйі бар. Осы күй орта буында астыңғы ішек «Соль» дыбысы, үстіңгі ішек «до» дыбысынан басталып тартылып, 4, 5 тактіден кейін, екінші буынға көшкенде астыңғы ішекте «Ми мен фа» дыбысының аралығында керемет бір үзілмей естілетін дыбыс бар. Бұл дыбысты мен қанша жыл іздедім, тартып та, нотаға түсіріп те көрдім бірақ дәл таба алмадым. Зерттеуші, ғалым Базаралы Мүптекеевпен бірге осы күйдің қыр-сырын білуге тырыстық. Бәлкім осындай ғажайып дыбысы қызықтырған шығар, белгілі қобызшы Әлқуат Қазақбаев қоярда-қоймай осы күйдің нотасын сұрап алды. Президент оркестрінің күйшісі Әбілғазы Ахмадиевте бұл күйге деген таңданысын жасырмап еді. Барлығымыз қызықтық та қойдық. Бірақ бұл күйді осы жолы Дәулет Халықұлының шәкірті Боранбек Шүкіранұлының орындауында көзбен көргенімде қайран қалдым. Көрер көзге кішкентай ғана әдіс, бірақ мені қызықтырғаны рухани тұтастық болды. Марқұм ұстазым Таласбек Әсемқұлов тірісінде талай рет:

-         Байжігіттің күйлері арғы бетте де тартылыпты – деп айтып еді.

Шынын айтсам оған онша мән бермеген ем. Ал Боранбектің орындауындағы «Шыңырау» күйі Дәулет Халықұлының орындауының дәл өзі деседе болғандай. Ұстазынан күйді айна қатесіз алғаны көрініп тұр. Домбырасының құлақ бұрауы да Дәукеңнің домбырасы сияқты ашшылау. Олай болмаса бәлкім Дәукеңнің мәнерін бере алмас. Қолдан көргеннің пайдасы ғой. Бала күнімнен радиодан естіп өскен Дәукеңнің мәнері тура көз алдымда шертіліп жатыр. Бойымды бір қуаныш билеп кетті. Дәулет Халықұлының күй тартқандағы саусағын көре алмағаным өкініш болса, Дәукеңнің көзін көрген шәкіртін көріп отырғаныма деген қуаныш. Адам баласы қатты қорққанда немесе қатты әсерленгенде аузына сөз түспейтіні белгілі ғой. Өне бойым дірілдеп  кеңсірігім ашып, көзіме парлап жас келді. Манағы таба алмай жүрген  дыбысым, астыңғы ішек «Ми мен фа» дыбысының арасында аса шеберлікпен алынатын, Талас ағам үйреткен Байжігіт күйлеріндегі қашаған пернедегі сауып алу әдісі арқылы екі перненің арасынан сұқ саусақпен ғана алынатын дыбыс болып шықты. Байжігіт заманындағы ескі шерту әдісі Шыңжаңдағы күйлерде қайдан жүр? Әрине, ол күйшілік өнердегі аймақтық орындаушылық ерекшелікке тән рухани тұтастық. Осы қашаған пернедегі сауып алатын әдісті Таласбек аға  Тәттімбеттің «Азамат қожасын» үйреткенде де дәл осы астыңғы ішек «Ми мен фа» дыбысының арасынан сұқ саусақпен жалатып қана алатын. Ал ондай әдіс қазіргі біздің ең беделді деген музыкалық оқу орындарында кездеспейді. Кездескен күнде, ондай әдіс ұстаздардың көзіне түрпідей тиеді. Мен өзім домбырадан университетті ұстазым Жанғали Жүзбайдан оқыдым. Жакең Сүгір мен Төлегеннің күйлерін тартқанда үстіңгі ішектегі дыбыстарды, сол қолда үшінші саусақ пен төртінші (шынашақ) саусақты мінгестіріп қос ішекке жатқызып алып отырады. Бұл Жакеңнің өзі көзімен көрген Төлеген Момбеков, Генерал Асқаровтардан алған ескіше тарту әдісі. Осылай тартуға тырысқан біздерді талай профессор ағаларымыз күстәналағанын да жасырмаймын. Ал шын мәнінде осы әдіс қазақтың шертпе күй ошақтарының бәрінде жиі кездеседі. Міне, рухани тұтастық қайда жатыр. Рухани тұтастық демекші есіме түсіп отыр, Алтай қаласында болғанымда қасымда болған Тізімбек  Анашұлы бауырым Байжігіттің «Бөкен жарғақ» күйінен бастап бірнеше күйді орындауымды өтініп, телефон жазбасына алған болатын. Шіңгілде жатқанымда хабарласып;

-         Ардаби аға, әкеме сіз орындаған күйлерді тыңдаттым. Қатты

әсерленді. Әсіресе «Бөкен жарғақты» қайта-қайта тыңдап отырып, баяғыда осы өңірдегі ақсақал күйшілер «Қайран бөкен жарғақ-ай» деп сұңқылдатып шертуші еді. Есіме түсіп отыр - деп әкесінің тебіренгенін айтты. Бұл Тәкең айтқан Байжігіт күйлерінің арғы бетте де тартылғанын растай түсті.

Сайраш Жармұқамедұлы, Сарқыт Иісқанұлы, Боранбек Шүкіранұлы, Қайрат Тәшімұлы төртеуінен жиыны 300 ден астам ескі күйлер жазып алдым.  Бұл күйлердің дені бұрын естілмеген. 1000 күйге де енбеген. Осы мұралар күйшілік өнерге байланысты талай ғылыми еңбектерге арқау болатыны сөзсіз.

Бізге белгілі күйшілік мектептерде бірнеше тармақтан тұратын циклді күйлер шоғыры жиі кездесетіні белгілі. Мысалы, Қаратауда «Кертолғаулар», «Тоғызтарау», Маңғыстауда кездесетін «Ақсақ құлан», Арқадағы «Қосбасарлар», батыстағы «Ақжелең» күйлері. Шыңжаң жерінде де осындай күйлер шоғыры қалыптасқан. Яғни халық күйлерінің ішінде «Ақсақ қаз», «Сау қаз», «Жаралы қаз», « Аңшының зары», «Жетім баланың зары», жылқы жануарына байланысты «Марғабылдың қара қасқа аты», «Балжыңгер», «Алакөз ат», «Мол қоңыр», «Мұңлы қоңыр», «Сал күрең», «Тепең-көк», т.б. Ал Шыңжаң жерінде жиі кездесетін күйлер шоғыры бұл «Кеңес» күйлері. Әр дәуірдегі ұқсамайтын жағдаяттарға байланысты шыққан «Кеңес» күйерінің ұзын саны 50 ге тарта.

Құрметті оқырман!

Қазіргі таңда Алтай тауының екі жағына бөліне орналасқан қазақтың бір жағы Моңғолия мемлекетіне, енді бір жағы Қытай мемлекетіне қарайтыны шын мәнінде шартты белгі ғана. Ал екі жақтағы қазақтың дені рулық жағынан (қаны, гені) бір-бірінен бөліп-қарауға келмейтін тұтас ел екенін айтуымыз керек. Бұны неге айтып отыр дейсіз ғой?

Біздің еліміздегі музыкатану саласының олқылығы деп айтуымызға да болады. Осы Алтай тауының екі жағына орналасқан қазақтың ән-күй өнерін неге екенін білмейтін, ерекшелігі ұқсамайтын бөлек мектеп деп қарайды. Тіпті, ол туралы «Моңғолия қазақтарының күйлерінен» ғылыми диссертациялар қорғалды. Ал негізінде екі жақтағы тартылатын күйлер (әсіресе ескі халық күйлері) нұсқалық жағынан бір-бірінен кішкене парықталуы мүмкін, бірақ сарыны, толық фактурасы бірдей. Оны қалай бөле қарайсыз? Мен ойлаймын, бұлай «Ала қойды бөле қырқып» жүргендер, әйтеуір жаңа тақырып бекітіп, амалын тауып ғылыми дәреже қорғауды ғана мақсат тұтқандар. Тіпті, Шыңжаң мен Баян Өлгей аймағындағы қазақ түгілі, Түркиядағы қазақтан табылған күйлердің өзінің түп нұсқасы Шыңжаң жерінде болғанын атап айтқымыз келеді (Нұрлан Бекеновтың «Түркия қазақтарының күйлері» атты еңбегі, 2013 Астана). Себебі ол қазақ заманында Алтайдан Анадолыға ат басын тіреген.

Бұл, әрине, Алтайдың Шіңгіл жерінен алған әсеріміздің бір ұшы ғана. Осыншама мол қазынаның болашақ бұйдасын ұстаушы ұрпақтың ниеті, hәм жол сілтер рухани ортаның жай-күйі туралы аз-кем әңгімемізді мақаланың екінші бөлімінің еншісіне қалдырдық. 

 

Ардаби Мәулетұлы, ҚР Ұлттық музейі Халық

қазынасы ҒЗИ ғылыми қызметкері

abai.kz

0 пікір