Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4168 0 пікір 16 Желтоқсан, 2016 сағат 11:45

Абаттандыру жұмыстары бойынша аудан әкімдерінің есебі тыңдалды

Шымкент қаласы әкімдігінің мәжілісінде қалаға қарасты төрт аудан әкімдігінің аудан аумақтарында абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары бойынша есебі тыңдалды. 

Әл-Фараби ауданы аумағында көп қабаттты үйлердің 400 ауласы орналасқан, ондағы 34 аула спорт алаңшасымен жабдықталған. Ағымдағы жылы аудан бойынша 16 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру үшін 232,6 млн. теңге қаржы қарастырылған. Аталған жұмыстар «Мерей-LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары желтоқсанда аяқталады. Әл-Фараби ауданы бойынша, жыл басынан елді мекендерді санитарлық тазалықпен қамтамасыз ету жұмыстарына қалалық бюджеттен 124,3 млн.теңге бөлінген. Бұл туралы аудан әкімі Бауыржан Қалжановтың баяндамасында айтылды. 

Абай ауданы аумағындағы 453 көпқабатты тұрғын үй 258 аулаға біріктірілген. Аудан аумағында 2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 53 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, құрылыс жұмыстары жалғасуда. 2016 жылы қалалық бюджеттен 17 аулаға 230 млн. теңге қаржы бөлініп, конкурс жарияланған. Нәтижесінде 6 мердігер мекеме жеңімпаз болып, келісім-шарт түзілген. Конкурс қорытындысымен 41 млн. 400 мың тг. үнемделіп, құрылыс жұмыстары жүргізілді.

– Аудан аумағына жаңадан қосылған Жаңаталап, Қызылжар елді мекендеріне осы жылы республикалық бюджеттен мемлекеттік «Жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы құрылыс жұмыстары басталды, – деді Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев. 

Ал, Қаратау ауданы аумағында санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов айтып берді. Қаратау ауданы бойынша санитарлық тазалау жұмыстары мен абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 2016 жылы 171 044,51 мың теңге бөлінген. Бүгінгі таңда аудан бойынша 17416 м3 күл-қоқыс шығарылып, 93 км ирригациялық жұйелер тазаланды. 12 129 дана ағаш түбі әктелді., 4005 дана ағаштарды санитарлық қырқу жұмыстары жүргізіліп, 2 177700 ш.м аумақтың қураған шөбін ору жұмыстары атқарылды. Қаратау ауданы бойынша шағынаудандар мен тұрғын алабтардың негізгі көшелері бойында ұзындығы 61 шақырымға жуық аяқжолдар салынды. Биылғы жылы "Достық" ш/а, "Бозарық" ш/а, "Ақжайық" ш/а, "Тассай" т/а және "Қайтпас" шағынаудандарында жалпы ұзындығы 35,75 шақырым ирригациялық арықтар бекітілген жобаға сәйкес орнатылды.

Өз кезегінде Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов аудан аумағындағы атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасады. Тарқатып айтар болсақ, аудан аумағында 630 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Олардың ішінде 460 көпқабатты тұрғын үй аулаларына абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Олардың ішінен қазіргі таңда абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстарын жүргізуге 235 млн. теңге бөлініп, 22 көпқабатты үй аулаларына абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 33197 мың теңге бөлініп, Қаратөбе тұрғын алабы, Қапал батыр көшесі бойында орналасқан екі қабатты 5 үй аулаларына абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнату және Панфилов, Құрбаната көшелерінің бойын абаттандыру (аяқ жол салу) жұмыстары «Жедел құрылыс» ЖШС-і тарапынан жүргізіліп жатыр.

Abai.kz

0 пікір