Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2179 0 пікір 9 Желтоқсан, 2016 сағат 18:56

Шардаралық шаруалар биылғы түсімге риза

Ұзын ата ауылындағы «Айткүл Ата Қоныс» қожалығының төрағасы Рахымберді Айтмырзаев үшін осы жыл табысты болды. Ала жаздай төккен тері ақталып, 100 тоннаға жуық мақта, 200 тоннадан астам күріш жинаған. Бұдан бөлек, қауын-қарбызын берісі еліміздің солтүстігіне, арысы Ресейге саудалап, пайдасын көрген.

«Өзім 48 га, ал шағын қожалықтармен бірлесіп 140 га мақта және 35 га күріш ектім. Аса мол пайда көрген жоқпыз. Дегенмен, шығынды өтеді. Тұқым себілген күннен бастап, жинап алғанға дейін қол күші және техниканы қажет ететін мақтаның шығыны шаш-етектен. Сондықтан да болар, диқандар ақ алтынның көлемін азайтып жатыр. Мәселен, орта есеппен алғанда бір гектар мақталыққа 150-200 мың теңге шығын кетеді. Егер шаруаның техникасы болса, аз болса да пайда көруге мүмкіндігі бар. Ал, техникасы жоқтарының жағдайы қиындау. Диқандар әлі де толық аяқтан тұрып кеткен жоқ. Сол себепті, мемлекет тарапынан олар қолдауға мұқтаж», — дейді Рахымберді Айтмырзаев.

Абылай МАҚАНОВ, Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

— Шардараның табиғаты егін шарушылығына бейім болғандықтан, 30 мыңнан астам тұрғын осы егіншілікті кәсіп еткен. Биыл аудан бойынша 59300 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілді. Шаруалар мақтадан бастап, күріш, маш, бақша өнімдері, мал азықтық дақылдары, жоңышқа өсіруге ден қойған. Ең бастысы мақта алқаптарының қазіргі көлемін сақтап қалуға әрекет жасап жатырмыз. Осы орайда, жерді демалдыру, ылғалдандыру және органикалық тыңайтқыштармен күш беру жұмыстарына басымдылық беріп жатырмыз.

Ұзын ата ауылының шаруалары биыл 300 гектарға жуық жерге күріш еккен. Бір дәнін де ысырап етпей, жинап алды. Р. Айтмырзаев әзірге ақ маржанды сатуға шығармағанын айтады. Егер күріштің бағасы диқандардың көңілінен шығатын болса, оған да бетбұрыстың жақсаратындығына сенеді. 

Abai.kz

0 пікір