Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2594 0 пікір 15 Желтоқсан, 2016 сағат 16:44

ОҚО: «Шұбар» асыл тұқымды кешенде 7,5 мыңға жуық талпақ танау өсірілуде

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының «Шұбар» ауылдық округінде 8500-дей тұрғын тұрады. Ауылшаруашылық мақсатындағы 15750 гектар жердің 1300 гектары суармалы, 7400 гектары жайылым да қалғаны тәлімі жер саналады.

- Ауыл адамдарын жұмыспен қамту мақсатында ұйымдастырылған кәсіпорындар көптеп саналады. Ауылдық округ аумағында ірі есептелетін тас қияқтайтын карьер, бір кірпіш зауыты, 2 гектар өнеркәсіптік, 5 гектар фермерлік жылыжай бар. Кеңес дәуірінен бері жұмыс істеп келе жатқан «Шұбар» асыл тұқымды кешенде 7,5 мыңға жуық талпақ танау өсірілуде. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша шағын кәсіпкерлікке ауылдық округімізден 30-ға жуық адам оқытылды. Оларға ұсыныс беріліп, соның ішінде 15-і несие алды. Олар отбасылық сүт фермасы мен мал бордақылау алаңдарын ұйымдастырып жатқан жайы бар. Алдағы уақытта жанұялық құс өсіру бойынша тағы үш азаматты оқытып, несие мәселесі шешілсе, бастама өз қолдауын табады деген ойдамыз. Округ аумағында бролер тауықтарын өсіретін «Қайнар құс» фабрикасы бар. Сол фабрикадан жергілікті тұрғындар көктемде әрқайсысын 200 теңгеден балапан сатып алып, оны 35-40 күн бағып, қайта ферманың өзіне сатады. Аталған уақыт аралығында балапан 5 келіден астам тірі салмақ жинайды. Оны фабрикаға келісін 500 теңгеден өткізеді. Былайша айтқанда өнімді өткізуде мәселе жоқ. Қажет болса жеммен қамтамасыз етуге де фабрика жәрдем береді. Өзара келісе алса, ветеринарлары дәрі егіп кетеді. Бұл жергілікті тұрғындардың қызығушылығын туғызуда, - дейді Шұбар ауылының әкімі Қыдырбай Сейітқұл.

 Елбасының «Сыбаға», бағдарламасы бойынша былтыр 90 бас ірі қара мал алу жоспарланып, ол толығымен орындалған. Биыл тағы 75 бас алу жоспарланып, 80 басқа жеткізілген. «Құлан» бағдарламасы бойынша 188 бас асыл тұқымды уақ мал алу жоспарланса, нәтиже - 450 басқа жетті. Шұбар ауылдық округінде биыл 2900 гектар ақ егіс егіліп, гектар берекелділігі 27 центнерге дейін жетті. Алтын күз мерекесінде ауылдық округ аппараты астықтан ең жоғары өнім жинағаны үшін ауыспалы туға ие болды.

Abai.kz

0 пікір