Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2062 0 пікір 15 Желтоқсан, 2016 сағат 16:46

Шаруалар Кореяға барып, 2-3 ай сонда оқып келген

Ордабасы ауданында ауылшаруашылығы мақсатындағы трактор құрастырылатын болды деген ақпарға алғаш көпшілік онша илана қоймаған болатын. Бұл да бір «жарнамасы жер жарғанымен, жөргегінде тұншығатын жоба» деп ойлағанын несіне жасырамыз. Бірақ, бұл ертегі емес екен. «Казкиоти» зауытының өндіріс жөніндегі жауапты қызметкері Нұрлан Сатыбалдиев Оңтүстік Кореялық компаниямен бірлесіп іске асырған зауыттың құрылғыларын кореялық мамандар орнатып, қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп кеткенін айтты. Бұл жақтың мамандары да Кореяға барып, 2-3 ай сонда оқып келген. Зауыт іске кіріскелі бері 98 трактор құрастырып, сатылған. Әзірге трактордың үш түрлі маркасы құрастырылуда. Оның ең қуаты төменінің 60 аттық күші бар болса, одан кейінгісі – 76 және 100 аттық күші бар техникалар. «Жаңа жылдан кейін 160 және 230 аттың күші бар техника құрастыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта Түркия мен Ресейден құрылғыларға тапсырыс бергенбіз. Олар келсе, техниканың түрі тағы көбейеді. Тракторларымыз ауылшаруашылық жұмыстарының барлығына да қолайлы, кешенді есептеледі. Сүт өндіретін, құс фабрикалары да арнайы тапсырыппен істетті. Түркістан, Мақтарал жақтан тапсырыс көп», - дейді Нұрлан Сатыбалдиев.

Зауытта қазір 33 адам бар жұмыс істеп жатса, тұрақты іске кіріскен жағдайда жұмысшылар саны 76-ға жетеді. Жалақылары – 60-140 мың теңгенің аралығында. Барлығы да ауылдың адамдары. Дәнекерлеуші, электрик деген секілді мамандар ғана Шымкенттен қатынап істейді. Бұл мақсатта зауыттан көлік қаралған, түскі астары да кәсіпорын есебінен.

Кәсіпорынның қуаттылығы жылына екі мың трактор құрастыруға лайықталған. Техникалардың бағасы 24-28 мың АҚШ доллары аралығында. Сапасы жақсы, ішінде бар жағдай жасалған, желдеткішіне дейін бар. Бұзылған жағдайда сервис орталығы жұмыс істейді. Үш жылға дейін кепіл беріледі. Бұзылса, қосалқы бөлшектерін апарып, жөндеп береді. Зауыт өкілдері трактордың негізі үш жылға дейін бұзыла бермейтінін айтып отыр. Алдағы уақытта трактор көптеп шығарыла бастаса лизингке де сату жоспарда бар екен.

Abai.kz

0 пікір