Жұма, 29 Наурыз 2024
5978 0 пікір 30 Желтоқсан, 2016 сағат 13:49

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ШИРЕК ҒАСЫРЫНДАҒЫ ЖАМБЫЛ ӨҢІРІ

Кейінгі 25 жылдың шегінде Жамбыл өңірі ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси тұрғыда дамығаны рас.

Жиырма бес жыл ішінде болған осындай оңды өзгерістерден облыс тұрғындары да хабардар болуы тиіс деп шешкен «Жаңа-ру» жастар коалициясы Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдауымен 21-23 желтоқсанда баспасөз турын ұйымдастырды. Бұл жолы республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері мен танымал блогерлерден жинақталған арнайы топ екі күн бойы Тараз қаласы мен облыс аудандарында болып, онда орналасқан бірқатар өндірістік кәсіпорындар мен білім беру нысандарын, ұлттық құндылықтарымыздың бағасын артыратын тарихи-мәдени орындарды аралап, тіршілігімен танысты.

Алғашқы нысандарымыздың бірі - Жамбыл политехникалық колледжі 60 жылдан астам уақыттан бері техникалық және технологиялық мамандықтар бойынша орта буын кадрларын даярлап келеді. 21 мамандық бойынша оқытатын бұл колледждің күндізгі бөліміндегі 2157 студенттің 1681-і мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алып жатыр.

Колледждің оқу-өндірістік базасында 34 пәндік кабинет, 18 оқу зертханасы мен 15 компьютерлік кабинет, 11 шеберхана, 2 спорт залы, 1 спорт алаңы мен оқу полигоны, 70 орындық оқу залы мен 340 орындық цифрлық-мультимедиялық подиумы бар акт залы орналасса, 100 орындық жатақхана заманауи тұрмыстық жиһазбен қамтамасыз етіліпті.

Биыл колледждің инфрақұрылымын дамытуға облыстық бюджеттен 100 миллион тенге бөлініп,  оқу ғимараттары мен акт залы күрделі жөндеуден өткізілді. Жасанды шағын футбол алаңы мен жүгіру жолы стандарттарға сәйкестендірілді.

Бұл оқу орны 807 техникалық және  кәсіптік білім беретін колледждердің арасынан іріктеліп, «Кәсіпқор» Холдингінің серіктес колледждер желісінің 10 іргелі оқу орындарының қатарына енгені де үлкен қуаныш.

Келер жылдан бастап өңіріміздің басым саласы саналатын химиялық кластерге қажетті  «Химиялық технология және өндіріс», «Үйлер мен ғимараттарды салу және пайдалану»  мамандықтары бойынша оқу үрдісін батыстық модульдік бағдарлама негізінде жүргізуді көздеп отырған коледждегі 420 оқытушы мен қызметкерлердің 1-еуі ғылым кандидаты болса, 31-і магистр, 91-і жоғары және  бірінші санатты оқытушы екен. 9 оқытушы «Білім беру ісінің үздігі» болса, бірнешеуі Ы.Алтынсарин төсбелгісін иеленіпті.

Келесі нысанымыз Қаратау қаласында орналасқан «Talas Investment Company» болды. Бұл кәсіпорынның өндірістік қуаты негізінен 15 мың тонна натрий цианиді мен 5 мың тонна аммоний сулфатына жетеді. Натрий цианидінің қалдығын қайта өңдеп, улылығын жою арқылы пайда болатын аммоний сулфаты тыңайтқыш ретінде сатылымға шығады.

Аталған өндіріс орнының құрылтайшылары қазақстандық азаматтар екен. Мұнда 480 адам жұмыс істесе, зауыттың күзеті мен газдан қорғау қызметі, жұмысшыларды қаладан тасымалдау, ас-ауқат дайындау секілді қызметтерді қосымша 120 адам атқаратын көрінеді. Жұмысшылардың орташа еңбек ақысы - 90 мың теңге. Зауыт толық қуатында жұмыс істейтін болса, аудан бюджетіне 320 миллион, республикалық бюджетке 700 миллион теңге салық төлеуге міндетті. Әйтсе де, іске толық қосылғанына жарты жыл ғана болған өндіріс орны әзірге салық есебінен аудандық бюджетке 230 миллион теңге құйыпты. «Talas Investment Company» ЖШС-ның бас инженері Ғалым Нұрғазиев өндірілген натрий цианидінің әр тоннасы 900 мың теңгеден өтетінін айтады.

Келесі бағытымыз Көсегенің көк жонындағы «ЕуроХим» компаниясының кен-байыту фабрикасы болды. Жалпы компанияға қарасты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер әзірге толық қуатында жұмыс істеп жатқан жоқ. Соған қарамастан, айналасы үш жылдың ішінде табанынан тік тұрып, алып кәсіпорынға айналып келеді.

Жобаның жалпы құны – 356,6 миллиард теңге. Жоба бойынша жылына 1,4 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндірілуі тиіс. Әзірге «Аралтөбе» мен «Кесіктөбенің» кенін игеріп, содан фосфор ұнын шығаруда. Шамамен «Аралтөбеде» 1 миллиард тонна кен жатса, «Гиммельфарб» кенішінің қоры 2,2 миллиард тоннадан асады.

Осы жылы мұнда 366 мың тонна фосфор кені өндіріліп, оның 227,5 мың тоннасы ұнтақталыпты. Жыл аяғына дейін 515 мың тонна кен тасымалдап, одан минералдық тыңайтқыш үшін 406,7 мың тонна фосфор шығару жоспарланған.

Екі серіктестікте 453 адам еңбек етеді. Әкімшілік-басқару  қызметкерлерінің орташа жалақысы 212 мың болса, өндірістік-техникалық персоналдардікі – 133 мың теңге. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған десе болады.

Сонымен қатар, топ мүшелері Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ашылған «Көне Тараз» ашық аспан астындағы мұражай жұмысымен танысты. Мұражайда қазба жұмыстары кезінде табылған тарихи жәдігерлер мен түрлі тарихи ескерткіштер орналыстырылған. Заман талабына сай соңғы үлгіде соғылған «Достық үйін» де осы жақтан табасыз.

Жақында ғана ашылған «Руханият» орталығы да топ мүшелерінің назарынан тыс қалмады. Бұдан бөлек «ETKY» чипсі өндіретін зауыты, «Жамбылгипс» АҚ, «Rola 7» ЖШС-нің жұмыстарымен де танысты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616