Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 8366 0 пікір 2 Қаңтар, 2017 сағат 16:23

ИМАНИ ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗЫ

 «Біз өз қажеттілігімізді ойша айтамыз да,

өзімізге өзіміз кешірім жасап, кейін оны ұмытып кетеміз.

Егер біз оны дауыстап айтатын болсақ,

онда өзімізді-өзіміз кешіру қиын болады».

Профессор Я.Долецкий.

 

Текті заманның теңдессіз ұлылығы

 

«Басқалармен салыстырғанда көреген болғаным,

алыптардың иығына жайғасып, алысқа қол созғандығымнан болар».

Исаак Ньютон.

 

«Едігеден бастамасам, Ертегіге кетермін» деп жорық жыраулары айтқандай, бұл қазақ қай заманда да «күн отырмай», «түн ұйықтамай» ұланғайыр Ұлы Даланы ұрпағына аманат ету жолында тәуелсіз елдікке қол жеткізіп, елдің, ұлттың, ұрпақтарының бағын жандыру үшін қажымас қайсарлықпен күресе алатын жанқияр қайраткерлер мен халықшыл тұлғаларды қаулата білу арқылы ұлы өркениетке өзге ел-жұрттан бұрын қол жеткізе білген ата-баба, аналарымызға мың тағзым!

Тәуелсіз ел болдық, ғасырлар бойы бодан болып, кіріптар күймен мүсәпірлік күн кешкен басымыз еркіндік алды. Ел ата-баба тарихына үңілді, ана тіліне құлшынды. Ендігі жерде, ағымдағы уақыттың, мезгілдің бәрінде де бәсекелі тәуелсіз елдікке лайық ұлттық жаңашыл да бастамашыл болмысымызды да, прогрессивті, принципшіл де мәртебелі өмірлік ұлы ұстанымымызды ұтқыр дәрежеде жаңаша қалыптастыра отырып, оздыра білуге айрықша міндеттіміз. Өйткені, бүгінгі қазақ халқы үшін сын сағаты теңдесі жоқ дәрежеде ерекше соғып тұр.

Бағзы замандағы ұлы ата-бабаларымыздың мұратына жылына білген кезеңде елдік пен ұлттыққа қатысты өзекті мәселеге, әсіресе ел, ұлт, ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне әке-шешелеріміз, ата-әжелеріміз аса айрықша мән бергендігі тарихтан белгілі. Ал бүгінгі тәуелсіз ел атанған елде қандай?..

Қазақ отбасындағы бала-шағаларымызды түзеуден бұрын әке-шеше де, ата-ене де ең әуелі өзін-өзі түзеуі, ортамызда абыройлы күймен жүрген үлгісі мен өнегесі орасан зор, кемел де текті азаматтарды көре білу арқылы түзелуі аса қажет. Жас ұрпақты үлгілі-өнегелі іс-әрекетпен қарым-қатынас жасау арқылы тәрбиелеу – ұл-қызымыздың, немере-шөбереміздің парасатты ақыл-ойы мен шабытты ізденімпаздыққа, ізгілікке, кемел адамгершілікке бастайтын ұлағаты зор бастамашыл да жаңашыл жолды көрсете білу, бұл – ананың негізгі айнасы. Өмірлік тәжірибе тәрбиесіне үңілсек, ең бастысы бұл қатаң талап пен тәртіптің ықпал бірлігінің нәтижелілігінен болады. Бірі – отбасында айқайлап сөйлеу тәртіпсіздігі мен мәдениетсіздігінен, сауатсыздықтан, тексіздіктен, тәрбиесіздіктен, ұрысқақтықтан, дөрекіліктен, екіншісі – тұйықтықтан, жігерсіздіктен, ұялшақ мінездерден арылады. Ұлтсыз, ақылсыз, парықсыз, тексіз, сауатсыз, көргенсіз, опасыз әке-шеше ғана өзгеріссіз күйде қалады. Құдай қаламайтын қылықсыз, сорақылығы мен дөрекілігі жиіркенішті, қасиетсіз мінезін жалғастырады.

Мысалы, ұрпағының, әсіресе немере-шөбересінің денсаулығы мен өркендеуіне аса айрықша кесапатын тигізетін – қауіпті де қатерлі темекіні шегуін, арақты ішуін, кесірлі ұрыс-керісті үдетуін үзілді-кесілді түрде тоқтатпайды. Өйткені, оның ешкімге де жаны ашымайды. Тәрбие мен тәртіп түзелмей, ел, қоғам, ұлт, ұрпақ түзелмейді, өмірлік ескек құдіретті болмайды. Сондықтан отбасындағы бір күнгі ұрыс пен кесірлі қатердің кейін қырық күндік қырсығы болатындығын естен әсте шығармай, күнбе-күнгі әрбір ұлағаты зор іс-әрекеттеріміз арқылы, үлгі тұтар өнегесі мол келбетіміз арқылы ұтқыр да озық тәрбиені ұрпақтарымыздың ой-санасына, өн-бойына сіңіре білсек, біз үшін үлкен жетістік болары анық.

 

Бүгінгі ұл-қызды асылдандыру – ұлы мақсат

 

«Адамның толық бақытты болуы үшін –

оған жүрегін мейірлендіретін Отан қажет».

Киостық Симонид.

 

Қайдасың, қазақты оятатын текті ақсақалы мен асылдың сынықтары?..

Иә, не нәрсеге болса да, қандай мәселені болса да жаңа көзқараспен жаңаша қарап, ХХІ ғасыр сахнасында әлемдік бәсекелестікке қабілетті және тәуелсіз елдікке лайық тәрбиелі де инабатты, саналы да білімді, есті де текті, рухты да намысты, кемел де кемеңгер, тұлғалы ұрпақты көкте еркін самғату үшін қалай тәрбиелеп, қалайша қаулата өрбітеміз? Оларға қоғамға, елге, ұлтқа, өзінің отбасына ұтқыр дәрежеде мінсіз қызмет жасай білудің қыр-сырларын қалай үйретіміз? Олар қоғамымызда кімнен және қандай озық үлгілі-өнегелі келбеттерді алуы қажет? Әке-шешенің, ата-әженің, ата-ененің қоғам және ел, ұлт, ұрпақ алдындағы мінсіз атқаруға тиісті міндеті мен борышы, өтелуге тиісті қарызы мен парызы қандай дәрежеде болуы керек? Жалпы бүгінгі тәуелсіз елдікке лайық ауадай қажетті кемел ұл-қыздарымызды... озық та ұтқыр күйде тәрбиелей алмағандығы үшін, қажетті сан салаға еркін самғата алмағандығы үшін олар заң алдында қатаң жауапты ма? Ел ішінде қылмыстың аса ауыр түрлері де, ауқымы мен ықпалы да неге еселеніп барады? Неге? Олардың әке-шешесі, ата-әжесі қайда жүр? Кім жауап береді? Қашан?

Мінеки, осылайша тізбектей берсек тағдыршешті мемлекеттік стратегиялық мәселеге қатысты сұрақтар өте көп, бірақ...

Әңгіменің ашығын айтумыз керек. Адамзат баласында нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы да сабырлы, бекзат мінезді, тәрбиелі де өнегелі, есті де текті, ибалы да инабатты әйел, шеше, әже екені ақиқат. Өйткені, ізгі әйел – үйдің жылуы. Ізгі әйел – күйеуінің жердегі жұмағындай. Қазақы нақылдарда да жақсы әйелдің сипаттары көп айтылған. Әлбетте, бұндай есті де текті шешесі бар үйдің, намысты, көргендіенесі бар үйдің отбасы дауысты ешқашанда көтеруге жеткізбейді және кез келген мәселенің шешімін айқай-шусыз, ұрыс-керіссіз, ақылды парасатпен ғана шешеді, түзеледі. Отбасы түзелсе ел түзеледі. Ел түзелсе, имандылық, ізгілік, қайырымдылық, жанашырлық, адамгершілік секілді ұлттық ең асыл құндылықтарымыз бен өзге ұлт-ұлыстардан шоқтығы биік артықшылықтарымыз салтанат құрады. Имандылық салтанат құрған қоғамның да, отбасының да мерекелі берекесі, суыспас ынтымақты бірлігі мен тату тірлігі күн сайын нығаюмен шыңдала түсіп, ең игілікті де ізгілікті жақсылықтың тек нұрлы шуағының сәулесі жарқыраумен жылытады. Жақсылықтың нұрлы сәулесі жылытқан ел бақытты өмір сүреді. Сонымен бақытты болу дегеніміз бақытты өмір сүре білу жолында өле-өлгенше өмір бойына жан-жақты сауатты да талғампаз күймен іздене білу және сол көздеген бақытқа айрықша мүдделі құштарлықпен қол жеткізу үшін үнемі жанқияр дәрежеде күресе білу болса керек.

Алайда «надан кещелікпен ұл-қызым бақытты болсын» деп тек бетін сыйпай салушылықтан әрі аса алмайтын сорақы көрсоқыр сезімінен де, надан бос кеудесінен де әрі аса алмайтын қайсыбір күрессіз әке-шеше баласын, ата-ене келінін бақытты қыла алмайды. Керісінше, өзін-өзі алдаушылық, арандатушылық ең сорақы қылығымен бақытсыз өмір кешуге итермелейді, мәжбүрлейді. Бұл сайып келгенде, кімді-кім қалай алдап жүргендігін өздері де білмейді, оны білгісі де келмейді. Бұл – жұлығынан жұлынына дейін қыңырлықтың, надандық пен кещеліктің, мәңгүрттік пен опасыздықтың нағыз шырқау шыңы емес пе?! Расында да, дәл солай. Сол себептен де олар өз балаларын бақытты ете білудің жолында жанқиярлық жанталаспен күреспейді де. Сондықтан бұндай ар-намыссыз, ұлтсыз, тәрбиесіз, тексіздіқпен мүлде күрессіз күйде тіршілік күйін кешетіндер өзінің ұрпақтарымен мақтана білуді де, марқая білуді де ешқашанда білмейді, түсінгісі де келмейді.

 

Ұлы Даланың өнегелі де үлгілі ұрпақтарымыз

 

«Жаманнан туған жақсы бар,

Адам айтса нанғысыз.

Жақсыдан туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,

Бір аяқ асқа алғысыз».

Асанқайғы.

 

Бүгінгі қазақ елінде шын мәніндегі нағыз әділет, адалдық пен жанқияр халықшылдық үстемдік құратын болса, онда шын мәніндегі өркениетті елдік пен тәуелсіз ұлттыққа және ел, ұлт, қоғам, ұрпақ түбегейлі гүлдей жайнап, жапырақтай жайқалып, көркеюмен жарқырап өркендей білуге даңғыл жол ашылары сөзсіз.

Қашанда әділдік салтанат құру үшін өмірлік шындықты адал жанашыр күйдегі шынайы текті кісілікпен көргенді айта білетін, жаза білетін адам – жау емес. Керісінше, ол кім-кімнің болса да  нағыз адал досы, шын мәніндегі жанашыры, айтулы қорғанышы екені ақиқат. «Дос жылатып айтады...» – деген сөз содан қалған.

Ендеше сын түзелуге де, ұлтты, қоғамды түзетуге де бет алды, олай болса, қазақ – менің жанымдай жақсы көретін жалғызым болғандықтан да, сен де ойлан! Ақыл-есті, етек-жеңді жыйна! Біз тәуелсіз елдікке сай ұлттық болмысымызды және ой-санамыз бен өн-бойымыздағы сан салалы қабілет-қарымымызды тезірек түзетуге міндеттіміз. Алайда, бұлардың бәрі бүгін ерте көрінгенімен, ертең тым кеш болып, қауіпті қатерлері еселеніп кетуі әбден мүмкін. Адасуға да, алжасуға да қақымыз жоқ. Ұлы ата-бабалардың аманатына қиянат жасауға болмайды. Шегінер жеріміз де қалған жоқ, оян, қазақ! Өйткені, біз Ұлы Даланың теңдесі жоқ өнегелі де, үлгілі де, кемел де кемеңгер, жеңімпаз батыр, қаһарман  рухты ұл-қыздарымыз.

Дей тұрғанмен де қазақ қауымында отбасында береке-бірлігі мол, текті де сауатты, яғни тәрбие-тағылымы орасан зората-ананың өнегелі қызын (келінді) – қайсыбір тексіз де сауатсыз ененің мазаққа айналдыру, ит төзгісіз азап пен тозақтың отына салуы кімге қажет? Қысқасы, қысқа күнде қырық түрлі ұрыс-керіс пен дау-дамайды өршітуден кім не ұтады? Тек ененің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» жасауды дәстүрге айналдыру қайдан, қалай шыққан? Өмірге келген немере-шөбере кімнен, қандай үлгі-өнеге алады? Тыныш мамыражай, уайым-қайғысыз, шуақты отбасында бала бақытты күймен өседі. Әрине, алаңсыз күйдегі балалардың бал күлкісіне не жетсін. Ал ұрыс-керісті, айқай-шуды жиі еститін баланың психикасы, дұрыс дамуы, жетілуі, денсаулығы, оқуы... қандай дәрежеде болмақ? Бұндай жағдайда өзгенің қатесінен үйрене білу қажеттігін түсіне қоятын көрген де ақылды ене кәнеки?! Данышпан Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге ғашық бол» деген өсиетті бекерден бекер айта салмағаны да баршаға аян.

Қысқасы, «Қарау адам – күншіл, мекер адам – міншіл» дейді ықылым заманнан бергі атам қазақ. Өйткені әділдіктен, адамгершіліктен, бекзат мінезділіктен танып, қасиетсіз қылық көрсетіп, келінді күндеу – жалақор, қарау ененің әдеті болса, іштарлық жасау, көре алмаушылығы зор айлакер, қудың әдеті. Қарау адамның қараулығы келіннің жан-жақты сауатты да текті кісілігін көре алмауға байланысты болса, ал қудың мекерлігі – келінге қалай болған күнде де мін таққыштығы, кемітіп-кемсітіп күн көрсетпеудің жолын жанталаса іздестіруі болса керек. Қалай дегенде де өмірлік үлгілі өнегесі орасан зор текті қазақ «Қатықсыз қара су ішсең де, құлағыңның өсек-аяңнан тыныш, жаныңа жайлы бейбіт мамыражай өмірдің болғаны абзал» деуі, міне, осыдан.

Айталық, жас келінді итше талауға түсіре отырып, отырса – опақ, тұрса – сопақ жасаудың, отбасынның ырысты ынтымағы мен өмірлік бірлігін қасқырша сойқандаудың ең сорақы көрінісі. Ал қарау адамдар сол мақсатты қалайда іс-жүзіне асыру үшін тырнақ астынан тек кір іздеуге келгенде аса шебер келеді. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дейтін аса қатерлі қарғысқа ұшыраған ба дерсің мұндай жағдайды көргенде. Шынымен де бұдан асқан ауыр қасірет те, қаскүнем қатыгездік те бұл дүниеде жоқ та шығар, сірә. Ендеше бұндай қасіреттен жазыла алатын күн туа ма? Әй, қайдам. Әлде, бұл тұқым қуалайтын, тіпті ешқашан айықпайтын ең қатерлі қасірет пе? Қоғам, үкімет болып, қандай қатаң шараларды қолға алғанымыз жөн?

Сонда деймін-ау, өз келінін «балам» деп адал да мейірімді аналық сезімге толы ең шуақты нұрлы сәулесімен әрдайымда өз бауырына тарта алмаған, ішіктің ішкі бауынан да бетер ыстық та ынтық дәрежеде жылыта алмаған жиіркенішті ене, ертеңгі күні кімнен, қандай шуақты жылу күтеді? Сондықтан отбасына шектен тыс қасірет сыйлаудан әрі аса алмайтын жексұрын, қанішер, опасыз, көргенсіз, обыр үстемдікке құштар сорақы енеден құдай сақтасын дейік.

Десек те, отбасындағы көпшіліктің абыройын айрандай төгіп, насырын табан астына бүгіп, бүкіл өмірлік жігеріңді құм ете білуден, өркендеп дамуға байланысты мүдделі жоспарыңды күл ете білуден әрі аса алмайтұғын қатерлі енеден қалай болған күнде де сақтана білудің ұтқыр жолын таба білу аса қажет.

Әрине, өзін-өзі тәрбиелей білу арқылы ұтқыр өзгеріске түсіп, өнегелі де үлгілі өмір сүре білудің қажеттілігін мүлде ұқпайтын, тіпті ұққысы да келмейтін обыр енеден жақсылық күтуге болмайды. Бар дүниенің нарқы мен парқын білмейтіндіктен, алтынды мыстан ажыра алмайтын, текті кісіліктің көреген кемелдігі мен кемеңгер даралығын көре алмайтындықтан, жүрген жеріне шөп шығаруды қаламайтын жексұрын ене талайлардың түбіне жетпей, шаңырағын ортасына түсірмей қоймайтыны сөзсіз. Енеден рахат емес, керісінше, зардап шеккендердің саны жылдан-жылға көбейіп барады. Отбасындағы сан алуан ұрыс-керістің кесапатынан жас жұбайлардың ажырасуы әлемдік рекордтық межеден де асып түсті. Бұның сыртында қазақ қыздары тәрбиесіз, ар-намыссыз ұлтсыздықпен, көргенсіз мәңгүрттікпен, сауатсыз мәдениетсіздікпен басқа ұлттың жігіттеріне күйеуге шығудың, қысқасы, елдің, ұлттың ар-намысын аяққа таптаудың, әсіресе әке-шешесін тірілей көрге тығудың опасыз дәстүрі шектен шығудың нәтижесінде әлемдік рекордтық дәрежеге жетті. Бізге бұндай ұлттық қасіреттің алдын алу және бассыздықпен насыр бүккіш тәрбиесіз, көргенсіз, ұлтсыз, намыссыз әке-шешені де, қызды да тәртіпке дер кезінде салу үшін жауапқа тартатын аса қатаң заң аса қажет. Бұл жөнінде біз үйренерлік, үлгі аларлық мемлекеттердің саны көптеп саналады. Бұның бәрін бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік ішкі құрылымның шектен тыс іріп-шіріп жатқандығын ашықтап тұрса керек.

Бір-ақ мысал. 2015 жылы дүние жүзі бойынша ерлі-зайыптылардың ажырасуына орай құрдым құдығына құлаған 10 мемлекеттің қатарына Қазақстанның да енгендігі туралы Ұлыбританияның әйгілі «Economisi» журналы сүйінші сұрап тұрып жазған-ды. Бұл шежірелі ұлттық тарихымызда бұрын-соңды ешқашанда болып көрмеген, өзекті өңешті өртейтін ең сорақы сұмдық қой. Өкінішті. Ендеше ұрыс-керіс, айқай-шудың кесапатынан құтылудың жолы қандай, ағайын? Бұл өте қиын және өте ауыр сұрақ. Ақыл айту одан да қиын. Десек те, ұрыс-керістің, айқай-шудың... алдын алудың және одан қайткен күнде де құтылудың бір жолы ретінде айтарымыз, адамдарды имандылыққа шақыру, Құдайдан қорқуға үндеу болатын шығар, сірә. «Бір жамандыққа-бір жамандық, ал бір жақсылыққа еселенген жақсылық бар» – деген қасиетті Құран сөзін естен шығармау ләзім болар!

Ұзын сөздің қысқасын айтар болсақ, бүгінгі таңда өзін-өзі тәрбиелей алмайтын, асыл құндылыққа, текті адамгершілік пен есті кісілікке құлшынбайтын қазақтың басындағы аса ауыр қасіреттер мен опасыз, жағымсыз қасиеттердің түрлері – міне, осылар. Осынау қасіреттің бәрін сараптай келгенде ахиретті ұмытудан болып отырғанын көзі қарақты оқырман өздері де ұғып отырған болар.

 

Тұғырымыз берік, мәртебеміз биік болсын десек...

 

«Түйенің өзі түйе, құмалағы түйе емес».

Бекболат би.

 

 «К сожалению – здесь уже вдействий закон самой природы –  

наследники Чингис хана, не обладая талантами и способностями  

своего великого предка, разрушили, пожалуй, величайшую Империю  

всех времен и народов».

Қайрат Закирянов.

 

Тал бесік пен жер бесіктегі аралық – біз үшін сынақ көпірі. Көпірге тұрақтап қалу мүмкін емес қой, сондықтан да мұны біздің ата-бабаларымыз «жалған дүние» деген.
Адамзат баласы өзінің ой-санасын, ойлау жүйесін, өмірлік тіршілікке қатысты амалдарын жан-жақты талдау, рухани жетілдіре түсу арқылы тағдырын дұрыс жолға бұрып, өзгерте де, оздыра да алады. Ол үшін бұрынғы жаман қылық – әдеттерден құтылып, тал бойына жақсы, әдепті әдеттерді, бекзат мінезділікті үнемі жетілдіру арқылы қалыптастыра білуге ерекше мүдделілікпен құлшыну қажет. Рухани білім-ілім беретін кітаптарды оқып, білімін үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге кез келген адам өмірге қандай мақсатпен келгендігін ұмытпағаны жөн. Біз жай ғана адами құндылық – дін мен ділді, ұлттық ар-намысты, ана тілді, ата дәстүрдi, салт-сананы... ұмытып бара жатырмыз. Халықтың ұлттық өз бет-бейнесiнен айы­рылуы не сақтап қалуы – әрбiр ұрпақ өкiлiнiң өзiнен кейiнгi iзбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткiзе білуiне тікелей байланысты. Сондықтан да, өкінішке орай, әке-шешелер, ата-әжелер өзінің ең басты өмірлік миссиялары, мақсаттары жайлы ұмытып, бірі – байлықты, мансапты қуып, екіншісі – тірліктің шырғалаңынан өлмес амалдарын іздеп, үшіншісі – ұрыс-керістің... өсек-аяңның соңына түсіп, ұлттық тәрбие, түптеп келгенде, құрдымға құлдырап барады. Бір ғажабымыз, өкінішке қарай, қазақ қауымы өз бойындағы қателікке толы шексіз күнәларын ешқашанда өзінен іздемейді, керісінше өзгеден іздейді, тіпті оның атына небір нақақ жалаларды жабуға келгенде айтулы құштар, әрі ерекше шебер келеді. Ең қасіретті сұмдық – міне, осы. 

Әлбетте, қоғамдағы негізгі жүйелі қызметтердің бірі, ол – баланы озық та ұтқыр күйде тәрбиелей білу, ұтымды дәрежеде сан салаға самғата білу. Бұл ретте әке-шеше, ата-әже теңдесі жоқ дәрежедегі өмірлік ұстаздықты, тәрбиешілікті оздыра білуі – қатаң шарт. Осыған байланысты бір ғұлама философ: «Біздің ауруымыз бен дұшпанымыз – біздің ұстазымыз» деген екен. Бұл сөз шындығына келгенде дөп басып, дәл тауып, ұтымды ұтқырлықпен әділ айтылған сөз. Олай болса, ұлттық педагогикада баланы терең оқытып, тәлім-тәрбиені озық күйде бере білу жолында үнемі ат үстіндегі қажымас қайсарлығы зор ғаламат күш жұмсауымыз керек. Себептен де өзінің баласын, немере-шөбересін міндетті түрде бақытты ете білу мақсатында, кез келген сауатты да адал ізденімпаз әке-шешеден, ата-әжеден өмір бойына өле-өлгенше жан-жақты талғампаз күйдегі қажырлықпен ізденуді, аянбай өлшеусіз тер төгуді қатаң түрде талап етеді. Қашанда мерекелі берекесі мен ынтымақты бірлігі қабысумен жымдаса жарасқан, ұлттық тәлім-тәрбиенің ұтқырлығы мен өнегелі ұлағаты ұласқан, тұғырлық туы мен түтіні өнегелі де, үлгілі де бола білген отбасы, бұл – баянды жарқын болашақ. Бұндай отбасы – ең бақытты отбасы. Бұндай отбасында һәм қазақтың ойдағы ұлы мақсаттары міндетті түрде орындалады, еңсесі тіктеледі, көктеп гүлдейді. 

Демек, атам қазақ «темірді қызған кезінде соқ» демекші, өз баламыздың, немере-шөбереміздің жарқын болашағы үшін саналы өміріңді сарп ете білуді, сәті келген тұста уақыт-мезгілін созып алмай дер кезінде бар жиған-тергеніңді құрбан ете білуді қажет етеді. Баланы бақытқа жеткізе алатын жалғыз ұтымды жол, ол – әке-шешенің де, ата-әженің де күнделікті тынымсыз тіршіліктің барысында адал жанашырлық пен мінсіз қамқорлыққа қатысты, қоғам алдындағы әке-шешелік қарызың мен парызыңды мінсіз атқара білу жолында үнемі көрсете білуге міндетті үлгілі де текті келбеті болса керек. Сонымен қатар баланың ой-санасына шегелеп сіңіре білуге тиісті өнегелі де озық тәлім-тәрбиесі, сапалы да ұтқыр білім-ілімі мен руханиятқа бай алтын қоры ғана. Бұл, әрине, жарқын болашақтың кепілі. Өйткені, қазақ өзінің бақытын тек өзінің баласынан, яғни өзінің ұрпағынан ғана, өзінің немере-шөбересінен ғана күтетін теңдесі жоқ ерекше халық. Бұл ретте жер бетінде қазақтай ұл-қыздарын, немере-шөберелерін бақытты ете білуге келгенде күллі жан-дүниесін де, бар жиған-тергендерін де тек құрбандыққа шалудың жолында ғана өмір сүре білетұғын ұлт-ұлыстың жоқ екені де даусыз.

 

Диплом – сауаттылықты білдірмейді

 

Сөздің шыны керек, адамның қолына түскен диплом – сауаттылықты білдірмейді. Алайда, әке-шеше, ата-ене жан-жақты сауатты бола білу үшін өмір бойына, қараңғы көрге кіргенше талғампаз ізденімпаздықпен іздену, өлшеусіз тер төге білу қажет, көшбасшылық бағытында жүрген үлгілі азаматтардан, әсіресе әке-шешеден, ата-әжеден үйренген өнегелі асылдық пен кемел ұлылықты оздыра білу үшін саналы сауаттылықты алдымен өз ұрпағының ой-санасына, өн-бойына шегелеп сіңіре білу қажет. Сонда ғана  өмір мәнді де, сәнді де, берекелі де, мерекелі де болады.

Сонымен сауатты деп – кез келген оттың басында болсын, қоғамдық ортада болсын, ең алдымен өзін-өзі тәрбиелей алатын, нәтижесінде бойындағы жағымсыз, тәрбиесіз, тексіз, ұр да жық дөрекі мінезінен тезірек түбегейлі арыла алатын, өзінің күнделікті жүріс-тұрысының, қабілет-қарымының ұтқырлығын бақылай алатын, сонымен қатар өзін қоршаған адамдармен қарым-қатынасын, ұл-қыз, немере-шөбере алдында ұлағаты зор тәрбиеліктің үлгі-өнегелі келбетін міндетті түрде көрсете алатын және бұлардың барлығын да күнделікті тіршіліктің барысында қатаң түрде қадағалай алатын, білім-ілім мен біліктіліктің, жеңімпаз іскерлік пен сауаттылықтың озық бола түсуін жан-жақты жетілдіре отырып, бекзат мінезділікпен ұтқыр қабілет-қасиеттерді оздыра алатын әке-шешені, ата-әжені... ғана айтамыз. Демек, кез келген саясатты жан-жақты сауаттылықпен игере білу, бұл – сапалы да саналы, озық та ұтқыр өміре сүре білудің жолдарын жетік меңгеру. Бүгінгі таңда бізге ұлттық тұрғысында, халықтық тұрғысында, тәуелсіз елдік тұрғысында жан-жақты да терең ойлай алатын және қоғамдық дамуға, ұлттың, халықтың алаңсыз өсіп-өніп өркендеуіне мінсіз қызмет көрсете жүріп, өлшеусіз сүбелі үлес қоса алатын ұрпақ ауадай қажет.

 

Қартаю – ортаю емес

 

Реті келгенде айта кеткеніміз жөн. Қазақ қауымында, өкінішке қарай, ақыл-есі түзу есті де текті отбасынан дұрыс тәлім-тәрбиені, өнегесі мол үлгілі келбетті көрмеген дүбара ұл-қыз, кейін тұрмыс құрған соң да сауатты да өнегелі әке-шеше бола алмайды. Сауатты да өнегелі әке-шеше бола алмаған – ұлағаты мол ата-әже бола алмайды. Ұлағаты мол ата-әже бола алмаған – ұрпақтарына ұлағаты зор өнегелі бата-өсиеттерді айта алмайды. Ұлағаты зор өнегелі бата-өсиеттерді айта алмағанның ел-жұрт үлгі тұтатындай, ұрпақтарымыз өнеге алатындай кемел де кемеңгер кісілік келбеті, бекзат мінезді, сом тұлғалы тұрпаты болмайды. Бірде бір ойшыл «Өзің диуанасың, сонда кімге пір боласың» дегендей, бұндай отбасынан ел үлгі тұтар еланасы бола алатын қыз, отбасындағы ұл-қыз, немере-шөбере дегенде адал да жанын қияр қамқорлығы орасан зор текті әке, көшбасшыға лайық тұғыры мықты өнегелі ата шықпайды. Қайсар күрескерлігі, кемел көсемдігі мол, ізденімпаз да талғампаз, көреген де кемеңгер отағасы бола алатын ұл тумайды. Сонда, апыр-ай, бұндай ұлтсыз, тәрбиесіз, сауатсыз, үлгі-өнегесіз, тексіз, көрсоқыр, мәңгүрт әке-шеше, ата-әже, ата-ене ұл-қыз бен келінге... қалай, қандай дәрежеде пір бола алады?

Міне, бұлардың бәрі-бәрін де қарынның ашқандығынан емес, керісінше, қадіріміздің қашқандығынан ащы айтуға да, жүректі қан жылата отырып, қаныммен жазуға да мәжбүрмін. Қазақ, осы ұл-қызды Құдайдан жалбарына жүріп, не үшін сұрайды? Әлде, ұрпақтарын өзінен бұрын көрге көміп кету үшін бе? Өз елінде, өз жерінде ұлымыз – құл, қызымыз – күң болмауы үшін ат үстінде жарық жұлдыздай жарқырап жүріп, үнемі жанқиярлықпен күресе білу керек емес пе?! Бұл – бір. Екіншіден, ертеңгі күні өз ұрпағымыз моламызды қысқа күнде қырық рет жарып, бізден кек алмауы үшін де, мәңгілік мекенімізде тыныш ұйқымен жайлы жатуымыз үшін де алдымен күрессіз ұйқыдан, мәңгүрт опасыз тірліктен қашан оянып, ұрпақтың жарқын бақыты үшін өмірлік жанқияр күреске қашан қаулап шығасың, қазақ? Қашан?

Ойшыл Абай «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, әу бастағы өзі шыққан отбасынан ештеңені үйрене алмаған жағдайда, ұл-қыздарымыз қоғамда, ортамызда жүрген шоқтығы биік адамның бойындағы ұлылық пен кемелдікті көре жүріп, қалай болған күнде де өзін-өзі түзете білу, бұл – текті кісілік пен кемелдіктің белгісі. Әрине, қашанда есті де текті әке-шеше, ата-әже өле-өлгенше өмір бойына ерекше мүдделікпен үйрене білуді оздыра түсу үшін ат үстінде үнемі ізденумен, өлшеусіз тер төгумен өмір сүреді. Сол кезде ғана ұрпақтары да бақытты өмір сүреді.

Қартаю – ортаю емес. Әу бастағы өзі өскен шаңырағында өнегелі де тәрбиелі, мәдениетті де тәртіпті, есті кісілікпен есейе білмеген, қартая білудің методикалық өнегелі ілімін түсінбейді. Сондықтан да асыл, жаңашыл, текті кісілікке қол жеткізе білу мақсатында, алдымен тәрбиелеу процесінде өзін-өзі жеңе алмайтын мәңгүрт дүбаралар хайуан санатында болатыны айтпаса да түсінікті ақиқат.

Міне, осылайша арлы да намысты, есті де текті, жан-жақты сауатты, өнегелі де үлгілі әке-шешелерміз бен ата-әжелеріміздің дара даналығы және кемел адамгершілігі мен көреген кісілігі еселеп арта түскенұтымды жағдайда ғана отбасындағы ұрпақтарымыз әрдайымда бақытты өмір сүре болады. Өмірлік тіршіліктің небір қиын-қыстау тәухеметіне кезіксе де, тіпті аса қауіпті қатер-қасіреттің қыспағына іліксе де, өз бала-шағасын далаға лақтырып кетуге ешқашанда бара алмайды. Егерде бала-шағасын далаға лақтырып кетуге, яғни опасыз әрекетке бара қалған жағдайда, бұндай сорақы әрекет нағыз төрт аяқты хайуанға, тіпті өліммен пара-пар саналған.

Қысқасы, қараңғы көрге кіргенше өмір бойына ел, ұлт, ұрпақ алдындағы өмірлік, ұлттық, қоғамдық қатал жауапкершілікті әрбір әке-шешеміз, ата-әжеміз, ата-енеміз ар алдында – дар алдында тұрғандай айрықша сезінуіміз аса қажет. Әке-шешеміз... есті де текті, кемел дәрежеде бола білу – алдымен ұлылық пен кемеңгерлікке, көреген кемелдік пен текті кісілікке, бекзат мінезділікке қайткен күнде де қол жеткізе білу жолында жанкешті дәрежеде жан-жақты ізденімпаздықпен, талғампаз, қажырлы еңбекқорлықпен ғұмыр кеше білу. Демек, әке-шешемізде ел-жұрт үлгі тұтарлық жан-жақты жақсы ой, көркем мінез бен иман, жақсы сөз, игі ниет, өнегелі іс-әрекет, бекзаттық анағұрлым басым күйде болатын болса, онда отбасында гүлдену мен көркеюдің көрікті көрінісі жарқырай түседі. Сонда ғана бұндай әке-шешелеріміз... қамшының сабындай қысқа ғана өмірінде ең бақытты да ұлағатты асылдардың санатында бола алатындығы сөзсіз. Ал бұзық іс-әрекеттерге құштар жаман ниет, жаман ой, жалақор сөз, тәрбиесіздік пен дөрекі мінезділік, ұрыс-керіс, өсек-аяң өршіген отбасында өлім мен күйреу орын алады. Құран-Кәрімде: «Жақсылық жасасаң да өзіңе, жаманшылық жасасаң да өзіңе…» – дейтін аят бар. «Біздің ауруымыз бен дұшпанымыз – біздің ұстазымыз» деген ғұлама философтың сөзі, міне, осыны меңзейді. 

 

Бүгінгі күйді талдап пікір айт, теңдесі жоқ үлес қос

 

Біз бүгінгі бәсекелі замананың, уақыттың қатаң талабына сай алдымен өзімізді-өзіміз өзгерту арқылы қоғамды, өмірді талғампаз ізденімпаздықпен өзгерту арқылы жаңаша ұтқыр күйде қалыптастыра білуге, теңдесі жоқ дәрежеде оздыра білуге міндеттіміз, сондықтан да бұл туралы ұтқыр пікір айту әбден орынды.

Құрметті әке-шешелер, ата-әжелер, ата-енелер!

ХХ ғасырда заңғар жазушы М.Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңде түзе» десе, «Мың жылдығыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле», – дейтұғынұлы ата-бабамыздың ежелден һәм қазаққа арнаған ұлағаты мен маңызы орасан зор даналық өсиеті бар. Осыған орай мәңгілік елдікке лайық қажетті қажымас қайсар қайраткер тұлғаларды тәрбиелей білуде ұрпақ бойына сапалы білім-ілімді сіңіре білуге қоса, жан-жақты ізгілік, іскерлік атаулының прогресивті бағытындағы жаңашыл да бастамашыл нұрын себе білу жолында тәрбие процесінің маңызы да орасан зор.

Әйгілі Әйтеке би ұлы бабамыз: «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі» деп өсиет қалдырып кеткендей, ел, ұлт, қоғамға, отбасына қажетті тұлғалы қайраткер мен байтерек алыптар анадан дайын күйінде туылмайды. Бұл, әлбетте, ұтқыр да озық тәлім-тәрбиеге қатысты үнемі ізденімпаз да талғампаз еңбекқорлық пен өлшеусіз тер төге білудің нәтижесі тудырмай қоймайтындығы сөзсіз. Бүгінгі исі қазақ мінсіз атқаруға міндетті қатаң шарт – ең алдымен отбасында әке-шеше, ата-әже өзінің ұл-қыздарын, немере-шөберелерін озық та ұтқыр дәрежеде тәрбиелей білу арқылы, кейін есейген соң олардың өзіне-өзі жан-жақты тәрбие беру арқылы тұғырды ұтқыр жасақтай алғанда ғана, құрыштай сомдай білгенде ғана, сан қырда еркін самғайды. Нәтижесінде біз, һәм қазақ өз ұл-қыздарымызбен көкке де, көпке де мақтана аламыз, марқая да аламыз. Олай болса, жас ұрпаққа сапалы, озық білім, саналы, ұтқыр тәрбие беру жолында бәріміз бірігіп, ыждаһатты түрмен бір кісідей жұмылып, жанқияр дәрежемен күресе білсек қана, шығар биігіміз жоғары болатыны даусыз.

Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік!

Қасиетіңнен айналайын, туған Елім!

Ендеше біз, қазақ елі мәңгілік елдікке қол жеткізу бағытында ең алдымен ХХІ ғасырды өз ұл-қыздарымызбен мақтана да алатын, марқая да алатын алтын ғасырына айналдыра білейік, ағайын.

Бұл мемлекеттік стратегиялық ұлы мақсатты іс-жүзіне қапысыз асыру үшін алдымен мемлекет тарапынан жүйелі ең ұтқыр жобалардың ұтымдылығын оздыра білу және отбасындағы күрделенген өткір әлеуметтік мәселелерді жан-жақты да ұтқыр күйде шеше білу бағытында шын мәніндегі жанқияр адалдық және мүдделі жанашырлық аса қажет. Шешуі қиын деген ең күрделі түйінді шешудің жеті түрлі жолы бар. Тек кісілік ниет түзу, мүдделі де адал ықылас болса болғаны. Сондықтан да ерекше жоғары мүдделікпен ұлттық санымызды еселеу арқылы, сапамызды жаңарту, асылдандыру арқылы тезірек гүлдеп, көркейіп өсуге айрықша міндетті қазақтармен санасатын, сондай-ақ, тағдыршешті өзекті түйіндерді шешуді мойындайтын және кезек күттірмейтін ұлттық генофонды жедел түрде қолға алудың уақыты әлдеқашан жетті емес пе?! Сондай-ақ отбасын мемлекеттік Асылдандыру Академиясын (Университетін) тезірек жасақтау арқылы оның ұтқырлығын оздыра білудің мезгілі де жеткені қай заман. Алайда, мәңгілік тәуелсіз елдігіміз бен жеңімпаз ұлттығымыздың тұғыры баянды болуы, қысқасы ұл-қызымыз бен шәкіртіміздің ой-санасына, өн-бойына рухы зор тәрбие-тәртібімізді ұтқыр да озық дәрежеде сіңіре білгендігімізге тікелей байланысты екені хақ. Олай болса, ең алдымен отбасындағы тәлім-тәрбиені жедел түрде қолға алудың ауадай қажеттілігі мен мұқтаждығын үкімет, мемлекет тарапынан, әсіресе билік иелері тарапынан ұлтсыздықпен, біліксіздікпен... дер кезінде мойындамаудан асқан аса ауыр қасірет жоқ шығар, сірә.

Біз – Ұлы Даланың мұрагерлеріміз! Сол себептен де, алты Алаштың ұрпақтары тізе қосып анттасу арқылы көзбояушылық ұранды даңғазалықтан бас тартудың, ұл-қыздарымыз бен шәкірттеріміздің, немере-шөберелеріміздің алаңсыз жарқын бақытын баянды етуді қапысыз қамтамасыз ете білу үшін ұлағаты зор, нақты нәтижесі мол ұлттық ұлы іс-шараларды (жобаларды) көреген көсемдікпен жүзеге мінсіз асыра білудің өнегелі де үлгілі көшін бастайық.

Бүгінгі таңдағы қазақтың қадау-қадау олқылықтарымыз бен опасыздықтарымызды сын көзбен жоғарыда айшықтап тұрып атап өтуге тырыстық. Енді соларды ұтқыр іскерлікпен тезірек түзей отырып, құрметті әке-шеше, ата-әже, ата-ене атаулылар, ендігі жерде өз ұрпағыңыздың келешекте алаңсыз бақуатты да сапалы, жарқында ұтқыр ғұмыр кешуі үшін Сіздер де теңдесі жоқ дәрежеде жан-жақты сауатты өмір кешудің бағытындағы тәлім-тәрбиеге байланысты жүйелі қызметтерді қайткен күнде де оздыра білу мақсатына жұмыла қатысыңыздар!

Тәуелсіз, мәңгілік елдікке лайық ұлағаты зор өнегелі де үлгілі күйде жаңаша  жаңаратылған, жаңаша асылдандырылған жеңімпаз да жасампаз ұл-қыздарыңызды қаулата түсуге атсалысыңыздар!

Тәуелсіз, мәңгілік елдікке лайық ұлттық рухты абыройымыз бен мерейімізді көкке асқақтата білу мақсатындағы қадамдарыңызға жаратушы Ұлы Иеміз Алла Тағала сәттілік нұрын молынан нәсіп етсін!

Күллі қазақ елін жаңа 2017 жылдарыңызбен құттықтай отырып, жаңа жыл – жаңаша күрескерлігі мен молшылығы зор, табысты, берекелі, мерекелі жыл болсын деп тілейміз! 

Қазақтың қанына бөккен киелі Жерімізді кез келген ашкөз қаскүнем қаскөйлерден, әсіресе пайданкүнем, сатылымпаз билік иелерінен, жағымпаз ұлтсыз шенеуніктерден, қысқасы, қазақтың жерін халықтан рұқсатсыз шет елге сатудан да, жалға беруден де қалай болған күнде де жанқиярлықпен қапысыз сақтай білудің қамында қаһарман Ерлік пен қаһарлы Елдіктің рухын көрсете білген Еліміз аман, жұртымыз әрдайымда сауысқаннан да сақ, Қырандай қырағы болғай!

Молдағали Матқан,

Халықаралық Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы Алтын медалінің иегері,

қоғам қайраткері, публицист-жазушы, академик.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3622