Өзекті

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІ ЖАЙЛЫ ТЫҢ ЕҢБЕКТІҢ тұсауы кесілді

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

2016 жылдың 21 желтоқсанында Атырау қаласында республикамыздағы Отандық бұқаралық ақпарат басшылары, жетекші мамандары, танымал журналистері бас қосқан «Отандық БАҚ: кешеден-келешекке» атты бас редакторларының жиыны өтті. Жиында Отандық баспасөз саласының көкейтесті мәселелері екі күндік басқосуда жан-жақты талқыланып, болашақ журналистика саласын дамыту бағыттары сөз болды. Осы жиынның екінші күндегі бас редакторлар диалогының келесі кезеңінде тарихшы ғалымдар Ерлан Сыдықов пен Әбілсейіт Мұқтардың «ХҮІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ хандығы» атты 54 баспа табақ монографиялық еңбектің тұсаукесері өткізілді.

Атырау облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген монографияның тұсаукесерін жазушы Мереке Құлкенов ашты. Баспагер кітап туралы: «Бүгінде ел тәуелсіздігінің арқасында Қазақстан тарихы концепциялық жаңа көзқарастармен жазылуда. Соның дәлелі алдарыңыздағы монография болмақ. Бұл кітап әр қазақтың төрінде тұруы тиіс» деп ойын тұжырымдады.

Монографияға бейнежазбамен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Х. Әбжанов: «Қазақ хандығының 150 жылдан астам тарихын баяндаған монография Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдарының талқысынан өтіп, оң бағасын алып, баспаға ұсынылған еді. Еңбек бұрын жарияланған мұрағаттық құжаттар мен зерттеулерді жаңаша зерделей келе, соңғы жылдары қолымызға тиген Ресей, Қытай, Иран мұрағаттарының жаңа материалдары негізінде дайындалған. Зерттеуге соңғы жылдары жарияланған Ресей, башқұрт, қалмақ ғалымдары еңбектері кеңінен тартылған. Соның нәтижесінде екі ғасырға жуық біртұтас Қазақ мемлекетінің тарихы, оны билеген Бас хандары мен хан, би, батырларының қоғамдық-саяси қызметтері, олардың сыртқы саясаттағы көпвекторлы ұстанымдары, көршілес алып империялардың отарлау саясатының қырлары, оларға қарсы бағытталған үздіксіз жалғасқан ұлт-азаттық қозғалыстар зерделенген.  Ғылыми зерттеу аталған кезеңдегі Қазақ елі тарихын толық бірізділікпен  зерделеген еңбек деп есептейміз», - деген тілек білдірсе, тарих ғылымдарының докторы А.Ахмет «Сүбелі еңбектің дүниеге келуі бірер жылдың емес, жиырма жылдан астам уақыт еншісі, екіншіден, Қазақ хандығы тарихын толыққанды ашу үшін Орынбор, Астрахан, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа тарихи мұрағаттарында жыл сайын үздіксіз жүргізілген ізденіс нәтижесі, үшіншіден, өткен дәуір тарихы жаңа көзқарастармен екшелген» деген қорытынды жасады.

Жиынға қатынасқан авторлардың бірі Ә.Мұқтар: «Біз зерттеген ХҮІІ-ХІХ ғасырлар аралығындағы Қазақ хандығы тарихы Ресей елінің сыртқы отарлау саясатымен сәйкес келген ең күрделі кезеңдер екендігі, тәуелсіз ел атанған тұстан отарлық кезең тарихын қайта қарау тарих ғылымы үшін де, отандық тарихшылар үшін де оңайға соқпағандығы, біраз уақытқа дейін орыс мұрағаттарының кейбір қорларына рұқсат болмағандығын, кейінгі жылдары ғана ашылған орыс мұрағат қорларын пайдалана сараланғанын атап өтуіміз қажет. Бұл еңбекте қазақ мемлекеттілігі тарихын біртұтас бірізділікпен жүйелі тарихи оқиғалар желісін барынша шынайы ашып көрсетуге тырыстық. Ол үшін тек мұрағат материалдары ғана емес, түп дерек құжаттар, аталы шежірелер, қазақтың тарихи жыр дастандары және өзімізге дейінгі жазылған бар зерттеулерге толығымен шолу жасалды. Қазақ–орыс қарым-қатынасы соның ішінде Қазақстанның Ресейге қосылу тарихын бізге дейін еліміздің белді ғалымдары  жазғаны белгілі. Соңғы жылдары жарық көрген тарихшы И.Ерофеева еңбегін атауға болады. Дегенмен бүгінде заман өзгерді, біз де жаңару үстіндеміз. Оған басты себеп ел тәуелсіздігі екендігі де түсінікті. Бұл еңбекте біз бірнеше мәселелерге назар аудардық, біріншіден, жалпы қазақ хандығы тарихын, оның біртұтастығын Абылай ханның өліміне дейін созуды ұсындық. Оны Тарих институтындағы әріптестер де қолдады. Оның бір дәлелі ретінде 1767 жылғы Абылайдың өзі жазған  хатында қазақтың бас хандарын нақты тізіп көрсетуін келтірдік. Бұл хатта Әбілқайырдың, Әбілмәмбеттің, одан кейін Абылайдың бас хан болғандығы анық жазылған. Абылайдың өзі мойындаған бас хандардан біз неге бас тартуымыз қажет?! Егер Әбілқайыр Кіші жүзді, Сәмеке Орта жүзді, кейін Әбілмәмбет Орта жүзді, ал Нұралы  Кіші жүзді жеке дара билеп жүрсе сонда тұтас қазақ деген халықты кім басқарды? Қалайша бүгінге дейін аман қалып, тұтастығын сақтады?  Осы сұраққа толғана келе, тарихымыздағы осы жоғарыда жазылған пікірлерді өзімізше дәлелдедік. Егер біртұтас елдігіміз мойындалса, елімізді билеген бір басшының болғанын да ашық айтуымыз қажет.

Екіншіден, еңбекте Қазақ хандығының ел тәуелсіздігін сақтау үшін жүргізген көпвекторлы саясатын толыққанды зерттеуге күш салдық. Ол  Әбілқайыр ханның 1731 жылғы қазақ-орыс келіссөздерімен шектелмей Жоңғар хандығымен, 1740-1748 жылдар аралығындағы Иран шахы Нәдірмен, түркімен, қарақалпақтармен, кейін Әбілмәмбет ханның Ресеймен, Қытайдың экспанциясын тоқтату үшін Ауған шахы Ахметпен, Абылай заманындағы Ресей, Қытай, Ауған шахымен байланыстары мұрағат деректерімен дәлелденеді. Олай болса Әбілқайыр хан Ресейге «бодан» болды дегенді тоқтатқан жөн.

Үшіншіден, Қазақ хандығының әлеуметтік құрамына, тұлғалардың өмірі мен қызметіне, ұлт-азаттық қозғалыстарға айрықша назар аударылады. Ұлт-азаттық қозғалыстар Ресей қазақ жеріне қадам алған соң басталғаны, оған Әбілқайыр ханның өзі де тартылғаны, азаттық күрестың еш үзілмегені тың деректермен зерделенеді. Біз тарихи тұлғаларды мұрағат ізімен сараладық, нәтижесінде тарихымыздың біраз ақтаңдақтары ашылды. Дегенмен монографияға сыншы көпшілік, барлық мәселе қамтылды, түйіндеріміз еш талассыз ақиқат деуден аулақпыз. Олай болса салиқалы сын-пікір күтеміз. Тарихымызды бірге түгендейік» деп ойларын ортаға салды.

Тарих сүйер қалың оқырманына жол тартқан бұл кітаптың ресми тұсауын Әбілсейіт Мұқтардың алғашқы ұстазы «Қазақстан Республикасы ағарту саласының үздігі» Қаламқас Құмарова мен «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры  Жұмабек Кенжалин кесті.

Осылайша Е.Сыдықов пен Ә.Мұқтардың «ХҮІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ хандығы» атты монографиясы оқырманға жол тартты.

Ұлжан Төлегенқызы, тарих ғылымдарының докторы

Abai.kz

 

14 пікір 320 рет оқылды Қосылған: 10.01.17
    • #1
    • проф. Совет-Хан Ғаббасұлы
    • сс, 10/01/2017 - 19:29

    Ұрпаққа керегі Тарихтың нақтылығы мен ақиқаттығы !!.. Ендеше, әр замандағы Хандардың адалдықтары мен қателіктері де... әділетті түрде айтылуы өте керек. Мәселен, соңғы жылдарда баспа беттерінде жазылған... Әбілқайыр жайындағы жағымсыз пікірлерді... ғылыми негізде дәлелді түрде анықтап айту қажет-ақ ?!..
    Ендігі бір Республика ТАРИХШЫЛАРЫНА айтылар үлкен ТІЛЕК : - Тарихтан - үлы ҰСТАЗ жоқ" !!.. Олай болса, ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ үшін - сонау САҚ ЗАМАНЫНАН бері қарайғы тари-ыхымыз - ЖҮЙЕЛЕНІП - оқу-құралы ретінде жазылуын тездетсеңіздер екен ??..

    • #2
    • Ақан
    • сс, 10/01/2017 - 22:25

    Ұлжан деген мына - Әбілсейіттің әйелі емес пе!?

    • #3
    • Жақып
    • сс, 10/01/2017 - 22:29

    Авторы қайсысы: Ерлан Сыдықов па әлде, Әбілсейіт Мұқтар ма!?

    • #4
    • Ерболат
    • сс, 10/01/2017 - 22:49

    Өткен замандардағы тарихи оқиғаларға, ондағы ел билеген басшыларға қазіргі заманның көзқарасымен баға беру дұрыс па? Бізден кейінгілер біздің сынымызға келісер ме екен. Меніңше ең қиын түйін осы болмақ. Расында, Тоныкөк жазып қалдырған тарихи естеліктер сияқты бабалар жазған шежіре-мәліметтер болмаса, басқасы бөгде жұрттың жазып қалдырғандары. Оларды жүз пайыз шын екен деп қабылдауымызға бола ма?

    • #5
    • .
    • сс, 10/01/2017 - 22:52

    Осы жылсайын ЖОО оқытушыларына берілетін "Лучщий преподаватель" атағы кімдерге және қандай талаптар негізінде беріледі? Кейде "лучщий" атағын шаласауаттылар да иемденіп қалама деп те ойлауға тура келеді.

    • #6
    • .
    • сс, 10/01/2017 - 22:54

    Мына тарихшы "бас хан" дегенді қайдан алған?

    • #7
    • Төре
    • сн, 11/01/2017 - 11:17

    "Әбілқайыр хан Ресейге «бодан» болды дегенді тоқтатқан жөн". Енді кім деп айтуды ұсынасыз? Қазақты Ресейге ең бірінші болып, қосқан Қазақтан шыққан бірінші құл-ханы десек бола ма? Осы өкпелеп майданды тастап кеткен "бодан" мына менің жанама бабам болсада, айтпағым осы?! Ақтауға ұмтылмаңыздар. Әлі Төрелер екі ойлы...

    • #8
    • Әбілсейіт Мұқтар
    • сн, 11/01/2017 - 11:38

    7 ге. Елдің санасына осылай құйылды. Сен оған кінәлі емессің. Дегенмен тарихты мұқият сарала. Бабаңның әр жасаған қадамдарын білуге тиістісің.

    • #9
    • Ақиқат
    • сн, 11/01/2017 - 18:40

    Әбілсейт атты тарихшыны бұрын естімеп едім. Ал Евразия университетінің ректоы Ерлан Сыдықов бұл еңбекке қалай килігіп автор болған? Оның Ноғай сібір университеттіңнің орыс ғалымдары жазып берген докторлық диссертациясы 1930-37 жылдарды қамтиды. осыған қарағанда бұл 54 баспа табақ монографияның шикіілігі аз емес секілді.

    • #10
    • Төре, 7-ге
    • сн, 11/01/2017 - 20:01

    Сілтеме... 8 сентября 1730 г. К вашему императорскому величию, мы, Абулхайр-хан, сорок сан казахав, Средний и Младший жузы со всеми подвластными мне караша склоняем голову.
    Посланный посол Сейткул во главе с Кутлымбетом с товарищами. Осыған не демексіз? Әбілсейіт Мұқтар, сіз ғалым шығарсыз, ғылым дәлдікті талап етеді, оның бірнеше деңгейі болады (үш деңгей, үшіншісі Р=0,999, третий степень достоверности дейді! бұл ең жоғарғы деңгей оған ешкім дау айтпайды?), әлде осы заман тарихшылары дәлдікті мойындамай тұспалдап соға бере ме, әйтеуір атақ алу үшін...тиістісің, емес тиістісіз, деген дұрыстау болар...

    • #11
    • Пікіршілердің айтқаны
    • сн, 11/01/2017 - 20:39

    Айтқандары дұрыс, Әбілхайырды қайтсе де ақтап алу әрекеті жүргеніне жиырма бес жыл болды. Бұл өтірік тарихнамаға жол ашты.

    • #12
    • Адам
    • бн, 12/01/2017 - 10:56

    Әр пенденің жақсы да, жаман да істері болатыны шын. Сонда осында көбіне таласып отырғандарың Кіші жүздің ханы Әбілхайыр жөнінде екен. Ал оның жақсы істері мүлде болмады ма деген сұраққа не айтасыздар? Меніңше өткен тарихи тұлғаларды, олардың істерін бағалауда ешқашан біржақтылық дұрыс шешімге әкелмейді. Осыны түсіну қиын екенін ескеру керек. Ол үшін өзіңнің айтар, жазар сөзіңді ой елегіңнен бірнеше қайтара өткізіп, осыным дұрыс па, өткен тарихқа қиянат жасап отырған жоқпын ба деген аса жауапкершілікті талап етеді. Біз не айтсақ та, не жазсақ та соған жауаптымыз.

    • #13
    • әбілсейіт
    • бн, 12/01/2017 - 11:19

    7, 10-ға жауап. Кім айтты сіздерге Әбілқайыр майданды тастап кетті деп? Қытай деректерінде шығыста 70 мың әскермен Әбілқайырдың туған бауыры Бұлқайыр сұлтан қалды емес пе? Ал Ресей қолынан шыққан хаттарға назар аударсаңыздар бәрінде қазақ оның қоластына еркін кірген болып шығады, Хаттардың түпнсқасын аударған А.Исиннің еңбектерін оқыңыздар. Әбілқайыр ханның сыртқы саясатын тағы мұқият қарасаңыздар. Дәл сол саясатты Абылай хан да қолданды ғой. Егер сол заманда Әбілқайырдың замандастары Әбілмәмбет, Абылай хандар, ел билеген Төле, Қазыбек билер, атақты батырлар Бөкенбай, Бөгенбай, Жәнібек т.б. қолдаса оны сатқын дейтіндер кімдер?! Меніңше, бір жауап. Қазақты-қазаққа қарсы қоятындар біздің досымыз ба?!

    • #14
    • әбілсейіт
    • бн, 12/01/2017 - 11:19

    7, 10-ға жауап. Кім айтты сіздерге Әбілқайыр майданды тастап кетті деп? Қытай деректерінде шығыста 70 мың әскермен Әбілқайырдың туған бауыры Бұлқайыр сұлтан қалды емес пе? Ал Ресей қолынан шыққан хаттарға назар аударсаңыздар бәрінде қазақ оның қоластына еркін кірген болып шығады, Хаттардың түпнсқасын аударған А.Исиннің еңбектерін оқыңыздар. Әбілқайыр ханның сыртқы саясатын тағы мұқият қарасаңыздар. Дәл сол саясатты Абылай хан да қолданды ғой. Егер сол заманда Әбілқайырдың замандастары Әбілмәмбет, Абылай хандар, ел билеген Төле, Қазыбек билер, атақты батырлар Бөкенбай, Бөгенбай, Жәнібек т.б. қолдаса оны сатқын дейтіндер кімдер?! Меніңше, бір жауап. Қазақты-қазаққа қарсы қоятындар біздің досымыз ба?!

Пікір қосу

  • 4 + 12 =

Кіру