Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 7409 0 пікір 10 Қаңтар, 2017 сағат 12:11

CИҚЫРЛЫ ШАМ

Әңгіме

Телефон шырр-шырр етті. Аружанның жүрегі атқақтай жөнелді. Қоңырау даусын естімес бұрын ол төргі бөлмеде қаннен-қаперсіз қуыршақтар кешін ұйымдастырып отырған.  Телефон үнін ести сала жалма-жан ауызғы бөлмеге ытқып шығып, үстел үстінде жатқан  қалта телефонына жармасты.  Күткеніндей-ақ бұл анасының қоңырауы екен.

- Алло, мама!

Жүгіріп жеткендіктен, әрі кенеттен қуанғандықтан ентігіңкіреп  тұр.

- Аружан! Ой, жарығым менің! Жап-жарық күнім менің! Жарқыраған жұлдызым! Аспандағы айым! -деп анасы әуелі перзентіне тең келер әлемдегі барша игіліктерді түгендеп шығып, аптығы басылған соң ғана "жағдайың қалай?" деді.

- Жақсы.

- Не істеп отырсың?

-Қ уыршақтарыма кеш ұйымдастырып отырмын.

Тақпақ оқығандай мәнерлеп сөйлейді.

- Өзіңді  сағындым, балапаным!

- Мен де  сағындым. Қатты! Қатты!

Басын сол жағына қисайтып сол иығын әнтек көтеріп телефонды қыстыра салды да  қос қолымен кеудесін құшақтап, сағынғанын білдірді.

- Мен де қатты-қатты! Тағы  біраз шыдай тұр жарығым, жақында  жетемін.

- Уфф! Ы-ыы-ыыы!- деп наразылықтан жылана ыңырси жөнелді.

- Қызым-ау, не болды?!

- Сен маған бірінші тоқсан біткенде келем дегенсің. Тоқсан әлдеқашан бітіп, сабақ басталғалы қашааан!- деді кінә арта кейіп.

Бір сәтке үнсіздік орнады. Екеуі бірін-бірі көріп тұрмаса  да бір-бірінің  көздері тұманданып, тамақтарына өксік тығылғанын сезіп тұрған. Бұл мезетте сыртқы есік сықырлап ашылып, ішке Тана апа еніп келе жатқан.

- Аружан, мамаңмен сөйлесіп отырмысың?

Үн жоқ. Жауапты селк-селк етіп теріс қарап тұрған иықтары ұқтырды.

Тана немересінің қолынан  тұтқаны алып, оны бауырына басуға оқталған. Бірақ, немересі өзіне қарай ентелеп келе жатқан қолдардан сытылып шықты да  жүгірген бойда әке-шешесінің төсегіне жете құлап, ағыл-тегіл көз жасына ерік берді. Ешкім естімесін деп басын жастықпен көмкеріп алып өксіп ұзақ жылады. Әбден қалжыраған соң пысылдап ұйықтап кетті. Түс әлетінде оны сабағыңа  бар деп  оятуға әжесінің  жүрегі дауаламады.

Қазір Аружанның жасы сегізде. Ол естіген-көргенін лезде ұғып ала қоятын қабілетті, қалағанын орындата  білетін  алғыр боп өсіп келеді. Қол-аяғы балғадай сүйекті болғандықтан сырт көзге ойын баласына емес, жасөспірім балаға көбірек ұқсайтын. Әппақ дөңгелек жүзі  ботадай жәудіреген қоңыр көздері, ұзын-ұзын бұзау кірпіктері талай жанды таңдай қақтырған! Иығынан түсіп беліне жете бастаған майда қоңыр шаштары үнемі мақпалдай үлпілдеп тұрғаны. Ата-анасының көздерінің қарашығындай жалғыз қыздары болғандықтан  қашан қарасаң  хор қызындай боп біресе қызылға, біресе аққа малынып жүргені.  Бірақ, бір кем дүниеде кішкентай ханшайымның жанын жегідей жеп, балалық шағын ұрлаған бір дерті бар. Ол оның ата-анасынан жырақта өсіп келе жатқандығы. Әр күні бір мерекеге татырлық шағында  бәйшешек ғұмыр ең сүйікті адамдарынан алшақта сүреңсіз өтуде.

- Аружан тұра ғой күнім, кеш батты.

Ол төсегінен сүлесоқ тұрып ас үйге кірді. Қол жуғышқа бетін жуып,  сулыққа жүзін қос қолын шала-шұрпы сүйкей сала үстел басына отырды. Дәл жанындағы орындықта көздері от шашып құйрығын бұлғаңдатып отырған тарғыл мысықты мейірлене құшақтап, мұрнына мұрнын тигізіп иіскелей жөнелді. Бұл екеуі бір үйдің балаларындай. Аружан ес білгелі Лиза да осы үйдің бір тұрғыны.  Бірер жыл бұрын мысық алғаш рет үш марғауын дүниеге әкелген.  Оның екеуін  көршілер сұрап алды да,  біреуін  Аружан  тұншықтырып ойнап отырып өлтіріп қойды. Лизаны қылқындырып, оның жандәрмен мияулағанын қызық көретін Аружан  жаңа туылған марғауға да осы қылығын жасап көрген. Өкінішке орай, кішкентай мысық иесінің қол күшіне шыдамай көз жұмды.  Бұл оқиға  оның Лизаны  қылқындырып ойнауын доғаруға сеп болды. Осы оқиғадан соң Лизаның жыл сайын тапқан  балалары үшті-күйлі жоғалып кете беретінді шығарды.  Әр жолы кішкентай марғауларды жер-көктен іздеп таба алмай Аружан аң-таң...

- Қарның ашты ғой, құлыным тамағыңды ішіп ал.

Ол қабағын төмен салып көз жанарын  көлегейлеген күйі ас ішті.

Арадан апта өтті. Аружан анасына өкпелі. Оның әне келем-міне келем деген жалған уәделерінен мезі болды. Соңғы рет сөйлескенінде: "мама, қашан келетініңді нақты айтшы. Тек, мені алдай көрме, өтінемін!" деп көз жасын нөсерлетіп жалбарынған. Анасы: "бес күннен соң келемін" деп уәде еткен. Сонда бес күнді әзер еңсерді. Бірақ ол  тағы  келмеді. Содан бері зарыққан бала көңілі байыз таппайды. Ата-анасының қанатының астына тығылып ап қамсыз ғұмыр кешуді ғана көксеген қалауы қол жеткізбес арманға айналып, ішқұса етті. Сыртқы әлеммен байланысы күн санап кеми түсті. Ешкіммен сөйлесуге құлық танытпай  үн-түнсіз ойыншықтарымен  ойнап, не төсекте сұлқ түсіп жатуды дағдыға айналдырды. Осы күні қуыршақтары да бір-бірімен бұрынғыдай  жарқын-жарқын  сөйлеспейді. Ән салып би билемейді.

- Аружан, мамаң сенімен сөйлесем дейді.

Ол елең қылар емес. Ақырын күбірлеп қуыршақ болып сөйлесіп отыр.

Тана апа телефонды оның құлағына тосты. Қыз алақандарымен қос құлағын баса қойды.

- Балапаным, мен үйге ертеңгісін жетемін, - деген анасының дауысын алақандары қалқалап қалып еді.

Кері шегінген әжесі: "Құдай-ай, Құдай өзің жар бола гөр" деп жағасын ұстап тұр.

- Аружан, мамаңмен неге сөйлеспедің?

- Сөйлеспеймін! - деді дауысы дірілдеп, - Ол мені алдады.

Сөйтті де көңілі босап кемсеңдей жөнелді.

- Аружан сен естімедің таңертең мамаң келеді, - деді.

- Ертең келем деп ол маған талай рет айтқан! - даусы өксіктен үзіліп-үзіліп шықты.

- Жарайды жарқыным. Қойдым-қойдым.

Дегенмен, әлгі естіген сөздері құлағына майдай жағып барады. Мамаң келе жатыр дей ме? Сенейін десе кезекті рет сенімін алдаудан қорқады. Сенбейін десе сенгісі-ақ келіп барады. Ақыры күдікті үміт жеңді. Қиялымен терезеден үйге беттеп келе жатқан анасын көреді. Көре сала осы жатқан күйінде күздің таңғы салқынына қарамастан пижамамен шұлықсыз алдынан жүгіріп шығып құшақтай алады. Анасы:  "қызым-ау, жаурап қапсың ғой"- деп мұны жерден көтеріп алады. Бойы өзінен бір-ақ қарыс төмен болса да ол мұны көтергенін еш ауырсынбайды. Аяғына киген әжесінің кебісі  сол тұрған жерінде қалып қояды. Оған көңіл бөлер бұлар емес. Қақпаның алдында қалған  кебісті Марғасқа тістерімен тістеп әкеп шоланға кіргізе салады. Аружанның қуанышына ол да қуанып жүр. Қанша дегенмен, енді оның да іші майланатын болды. Ендігі жерде кеміретіні жілік, жейтіні құймақ  ет, мәнті, бәліш пен қаттама. Ес білгелі ол өзінің осы үйдің бір мүшесі екенін білетін. Үй иелері мұнымен тамақтарын қылдай бөлісіп жейді.

Аружан түнімен кірпік ілмеді. Қиялына беріліп сеніп қалғаны сонша бір сәтте мұның бәрі тек ойдан шығарылған дүние екені есіне түсіп кетіп, өз қиялының тым ұшқырлығына қапаланды. Тағы да келмесе ше? Енді көздерінен жас та шағар емес. Құрғап қалыпты. Түн баласы төсегіне сыймады. Жарықты жағайын десе не болды деп әжесі жетіп келері белгілі. Соңғы күндері анасына ренжігелі әжесінен бөлектеніп, ата-анасының төсегіне жатуды әдетке айналдырған. Мұнысы түнімен жастығы суланғанын  көрсеткісі келмегендіктен. Осылайша күдік пен үміт сағыныш пен қорқыныш араласқан тағы бір азапты түннің көбесі  сөгіліп келеді. Күншығыс жақ ағараңдап, "таң атып қалды!" деп  тауық  шақыра бастады. Аружан жүрегі дүрсілдеп күннің шығуын аласұра күтеді. Не де болса осы таңды ұйқысыз атырмақ. Келеді-келмейді деп сарсаңға түскен көңілін біржақты етпек. Бірақ, таң сығалай бастағаннан жылау мен ұйқысыздықтан зіл тартқан денесі маужырай берді. Күнді көзіммен атырам деп қанша тыраштанғанымен  ұйқының ұйығына тартылып бара жатты.  Ақырында таң салқыны шарпыған тәнін көрпемен қымтап алып, тәтті  ұйқының бейғам әлеміне еріксіз сүңгіп кете барды.

Түс көріпті. Түсінде мамасы кеп тура көрпесімен қоса құшақтап жатыр. Ақырын ғана  оятып алмайын деп қос бетінен кезек-кезек сүйеді. Ып-ыстық жастары ағып-ағып мұның бетіне мойнына тамып тұр. Жүзін жуған жасты анасы жалма-жан қол орамалымен сүртіп алып  жатыр. Бұл жорта өкпелеп  көзін ашпайды. Талай рет келем деп алдағандықтан оны осылай жазаламақ. Қандай рақат түс еді! Ұзаққа созылса екен деп тілейді. Оянып кетсе шынымен де түсі екен. Жаңа ғана мейірлене құшақтаған анасы жоқ жанында. Бөлмеде жалғыз өзі жатыр. Ызадан жылап жіберді. "Мама тағы да келмедің бе, мама! Біліп едім келмейтініңді!" деп көмейі бүлкілдеп, іштей кейіді. Кенет, көзі төсек жанындағы тумбочканың үстіндегі үр жаңа үлкен қорапқа түсті. Ертегідегі Уиникс періштелері. Алты періште қыз өзіне қарап күлімдейді. Жалма-жан барып қорапты құшақтай алды. Үміт оты жылт ете қалды. Бұл қайдан келген қуыршақтар? Әлде...

- Аружан! Деп есіктен анасы кіріп келе жатыр. Түсім бе өңім бе деп қуыршақтарын құшақтаған күйі сілейіп тұрып қалды. Мұрнына таныс иіссудың иісі жеткенде  ғана мұның түс емес екеніне көз жеткізді. Қуыршағымен бірге құшақтаған ана құшағы босатар емес.

Бір аптаның ішінде Аружанның  сабағы едәуір реттеліп қалды. Күнделігіне  күніне бірнеше төрттіктер мен бестіктерді  қонжитып әкеледі. Көңіл-күйі де көтеріңкі. Кейде сабақтан соң үйге құрбыларын ерте келеді. Олар да мұның үлкен қорапқа сыймай тұратын ойыншықтарымен ойнауға әуес. Әдетте, теледидардан жаңа ертегі көрсетсе  көп ұзамай сол ертегінің кейіпкерлері Аружанның үйінен табылатын. Апалы сіңлілі Анна мен Эльза; кеше ғана анасы сыйлаған  қанатты періште қыздар: Флора, Муза, Техно, Стелло, Лейла, Блум; "Монстр Хайдың" қорқынышты қыздары, сәнді киінген барбилар, қазан бас дүрдік ерін Братз арулары.  Қуыршақтарға арналған үйлер, қорғандар, киімдер. Ойын жасындағы қыз бала үшін керектінің бәрі де бар. Құрбыларына мақтанып қырық шақты қуыршақтарының бірін қалдырмай кілемге жайып тастайды. Көздері жарқ ете қалған қыздар Аружанға қызыға да қызғана қарайды. Мұны сезгендей ол да танауы желбезектене түсіп, ортаға шығып, Анна мен Эльзаның әнін салып береді:

 Атпустиииий и забууудь, что прашло уже не вернуть. 

Атпустииий и забууудь, новый день укаажееть пуууть.

НЕ боюсь ничего уже, пусть бушует шторм-

Холод всегда мне по душе, - деп дәл ертегідегі Эльзаша екі қолын ербеңдетіп, бөлме ішінде ойқастай жүгіре жөнеледі. Ән сала жүріп әлі табаны қара жерге тиіп үлгірмеген су жаңа ақ туфлиімен мақтанып қалу үшін жер сызған көгілдір  көйлегінің кең етегін әдейі бұлғаңдатып,  өзіне ентелей қарап отырған қыздарға масаттана көз қиығын тастап қояды. Ән аяқталысымен құрбылары қол шапалақтап қошеметтейді. Аружан тізесін бүгіп, басын иіп  көрермендерге тағзым етеді. Дәл қазір оның  балалық шағының ең бір бақытты кезеңдері өтіп жатыр. Анасы  жанында. Айнала толы қуыршақтары мен құрбылары. Бәрі бұған тамсана қарайды. Әніне де қуыршақтарына да өзіне де. Әндете жүріп бұл қуанышты күндер ешқашан аяқталмаса екен деп тілейді.  Кейде ойына анам тағы да қалаға кетіп қалса ше деген сұмдық кіріп, ішін мұз қарып өтеді.

Аружан бүгін мектепке бармады. Оның бірдеңе істердей көңіл-қошы жоқ. Лизаны құшақтап қана терезеге қарап ойланып отыр.  Кешкі асты ертерек қамдап жүрген анасының да жүзі сынық.

- Аружан кел, құлыным тамақ ішіп ал.

- Енді қашан келесің мама?!

- Бір айдан соң. Тағы бір ай ақша тауып, келесі айда папаң, ағаң үшеуміз бірге келеміз. Жаңа жылды төрт көзіміз түгел отырып қарсы аламыз.

- МҺһ!, - деп Аружан аузын ашпаған күйі ауыр күрсінді. Анасы оның жібектей жұмсақ шаштарынан иіскеп, бауырына тартты. Айқасқан құшақтар мәңгілік жазылмауға бар-ды.

Сол күні кешкі ас ерте ішілді. Үйдегі үшеу жылқының сүрленген қазысы қосылып асылған бір табақ етті керенау қимылмен жеп отыр. Құдды біреу мәжбүрлеп жегізіп отырғандай.

- Аружан өсіп қалды. Қазір мамасымен қоштасқанда жыламайды, - деді әжесі ас үстінде.

- Иә, менің қызым ақылды, - деді мамасы да оны қостап.

Ас қайырылып, дастарқанға бата оқылған соң анасы тездетіп үстел үстін жинап алды. Ыдыс-аяқты жуды. Сүт пісірім уақыттан соң бір сөмке затты көтеріп, үшеуі үлкен жолға беттеді. Аружан үн шығарар емес. Аузын ашса  өксіп жіберемін бе деп қорқады. Әлгінде айтқандай бұл енді үлкен қыз болды. Жыласа ұят болады.  Такси күтіп тұрғанда мамасын белінен құшақтап, көкірегіне бетін басып тұр. Онысы жыларман болған жүзін көрсетпеудің амалы. Ескі машина шаңдатып келіп тоқтағанда ана мен баланың құшағы ажырады. Қос бетінен кезек-кезек  сүйген соң  жас толған жанарын қабағымен көлегейлеп "қызым мен жаңа жылға қарсы келемін. Сабағыңды оқы. Мені көп ойлама" деді де анасы көлікке мініп кете барды. Жетімсіреп бұл қалды. Осы кез анасынан басқа ешбір жанды керек етпейтін ауыр түсінді. Ешкімді де ештеңені де!  Іштей: "Мама! маған сенен басқа ешкім де ештеңе де керек емес!" деп бар даусымен шыңғырып егіледі.  Бірақ, қанша іштей жылағанымен шері тарқамайды. Көмейіне тұрып қалған тас ерімейді. Туған анасын қасына сыйғызбаған тар дүние армансыз жылауына да мүмкіндік бермейді. Құдды бір мұның көлеңкесіндей боп өзін бір сәтке  де жалғыз қалдырмай, қас-қабағын аңдып отыратын әжесі дәл қазір  бұған кедергі келтіріп тұрғанын сезбейді де. Енді міне, қолынан тас қып ұстап апты. Жол бойы ол  Тананың айтқандарына  бас изеп не бас шайқап жауап бергені болмаса жұмған аузын ашпады. Дәл осы сәтте ол тек еңіреп жылауды ғана аңсап, булығып әзер келеді. Жанындағы  қырағы көздерден жуық арада оңашалана алмасын білген соң, қақпадан кірген бойда ішім ауырды деген сылтаумен ауладағы ағаш дәретханаға беттеді. Содан Тана апа сиыр саууға шыққанша сол жерде едәуір кідірді. Ол қолына желім шелегін ұстап мал қораға беттеген  сәтте ғана есік саңылауынан сығалап тұрған Аружан   дәретханадан ұрлана шығып, мысықтабандап үйге кірді де әкесі мен анасының кереуетіне қойып кетті.  Бұлаудай болған бет-ауызын жасыру үшін жұқа ақ жайманы басынан асыра жамылып, ұйықтаған боп жорта пысылдай жөнелді.

Арадан айға жуық уақыт өтті. Бұл күндері Аружан сабаққа барады-келеді. Үй тапсырмасын орындаған боп кітап дәптерін жайып тастап отырады да қояды. Көзі кітапта ойы анасы жақты кезіп жүр.   Күн артынан күндер өтіп жатты. Ол қоңырауға жауап беруді  де сиретті. Шешесінің қандай ойыншық әкелейін деген сұрағына әуелі  "Қошқар мен Текені" тауып келуін бұйырған. Абдырап қалған  анасы бұл  ойыншықтардың дүниежүзінен табылмасын айтқан соң, онда "Құлан мен Түлен" қуыршақтарын әкел деді. "Күнім-ау, Құлан мен Түлен деген шайтандар емес-пе? Шайтандарға қызыққаныңа жол болсын?"-деген Гүлмира одан әрі абыржыды. Бірақ, Аружанның қарсы айтар уәжі дайын еді: "Мейлі, бола берсін. Мендегінің бәрі шетінен ханшайымдар мен періштелер. Періште жүрген жерде шайтан да қатар жүреді деп әжем айтқан". Не айтарын білмеген анасы баласынан басқа ойыншыққа тапсырыс беруін сұрады. Сөйтіп,  "әйтеуір бір әдемі ойыншыққа" тапсырыс алды. "Мама"-деді дегенмен, өкінішін жасыра алмай-"менің қуыршақтарымның ешқайсысы қазақша түсінбейді тек орысша сөйлейді.   Ал, мен қазақ қуыршақтарымның да болғанын қалаймын".

Соңғы күндері Аружан өзінің неліктен ата-анасынан жырақта өмір сүріп жатқандығының себебін ойлап бас қатыратынды шығарды. Әке-шешесі айтқандай  мардымды жұмыстың жоқтығынан  ауылда күн көре алмайтындары оған баяғыдан мәлім болатын. Егерде, әкесі Аязбай ата секілді тауық фермасына  жұмысқа тұрса айына елу мың теңге жалақы алады екен. Бірақ, бұл  елу мыңның  өте аз ақша екенін жақсы білетін. Жазғы демалыста Астанаға барғанда анасы ірі сауда орталығынан  "Монстр Хай" қуыршағын сатып әперген. Сонда қорапқа желімденген жиырма мың теңге деген бағаны көзі шалған.   Аружан  ауылдағы көрші  Айтбайдың қызы Мәликеде неліктен бір де бір қуыршақ жоқ екенін сол желімденген сандарды көрген мезетте-ақ түсінді. Айтбай тауық фермасында жұмыс істейтіндіктен оның Мәликеге қуыршақ алуына ақшасы жетпейді екен ғой.   Ойлана келе  ол ата-анасының қалаға жұмысқа  кетуіне  өзінің қуыршақтарын кінәлі деп тапты. Олар бұған әдемі ойыншықтар әкеп беру үшін Астанаға барып жұмыс істейтіндей көрінді. Мен қуыршақтарға құмар болмасам анау Мәликеше бір-де бір ойыншықсыз жүрер ем. Есесіне, ата-анам да жанымда болар еді деп толғанды.    Содан сүйікті қуыршақтарына көңілі суи бастады. Анасы әне келемін міне келемін деп уәдесінен танған сайын қуыршақтарының шаштарын жұлып, қол-аяқтарын сындырып тастағысы келеді. Тек, олай етсем анамды ренжітіп алармын деп қорыққандықтан ғана оларға зиян келтіруге қолы бармайды. Сағыныш пен күтудің азабынан жүрегі шайлыққан ол ендігі жерде күн мен түнді санап жанын азаптағанша уақытты білмей жүре беруді жөн санады. Бүгінгі күн айдың қай жұлдызы екеніне мән бермеуге тырысады. Желтоқсан келіп, тәуелсіздік күнін тойлағанда бір қуанды. Әйтеуір, жаңа-жыл жақындап келеді. Демек, қауышу күні де алыс емес. Соның өзі көңілге медеу. Теледидардан жаңа-жыл жайлы кинолар көрсетіле бастағаннан жүрегі атойлап сала береді.

Жексенбінің кезекті бір таңы кішкентай ханшайымға бақыт алып келді. Сол күні ұйқыдан оянса қылқынып қала жаздап жатыр екен. Көзін ашып қараса қасында өзін қапсыра құшақтап анасы жатыр. Бірден-ақ құшаққа құшақпен жауап берді. Қауышудың ләззатын татып жатып әлденеден үміттеніп мойнын оң жаққа бұрғаны сол үміті алдамағанын көрді. Тумбочкада ханшайым мен ханзада тұр екен. Ұлттық киім киген қыз бен жігіт. Қуыршақтарының бабын табам деп тілін орысша бұрап қиналыңқырап жүрген Аружан бұған дән риза болды. Міне, әкесі де кіріп келеді. Үшеуі жұмсақ төсекте құшақтары айқасып жата берер ме еді, ас үйден: "Әй, келіңдер шай ішіп алыңдар! Ендігі, мауықтарың басылған шығар" деген әжесінің дауысы естілмегенде.

Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Қонақ бөлмеге хош иісті шырша орнатылды. Оның қылшықты мың сан қолдарына әр түрлі әсем білезік-сақиналар тағылды. Аружанның көңілі  ғажайып сезімге толып,  бұлттардан биікте қалықтап жүр. Құдды бір Аяз ата келіп, өзінің бар қалауын орындайтындай. Бірақ, бұл аяз атаның шын аяз ата емес, тарих пәнінің мұғалімі Өстемір ағай екенін білетін. Оның дорбасындағы тәттілердің де оқушылардан жиналған ақшаға Әлия апайдың дүкенінен алынғанынан хабардар. Сонда да бір жылдық жаңа күнтізбе басталар тұста қара жерді көмкерген ақша қарға да күнделікті тұтынып жүрген  ас суға да кез-келген заттар мен түсініктердің бәріне сиқыр дарып кеткендей көрінеді бұған. Жалпы Әлем жаппай мейірім мен махаббатқа бөленгендей! Желтоқсанның отыз бірінде жапалақтап қар жауды. Анасы таң атқаннан кеш батқанша тыным таппады. Құймақ бауырсақ, қаттама-нан, пирог, самса, неше алуан салаттар жасап, кеш түсе дастарқанды жайнатып тастады. Теледидардан баяу есілген әсем ән үй ішіне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап тұр. Аружан мамасы әкеп берген әуеге ұшатын  шамды тездетіп ұшырғанша асық. Бұл шамды ұшыратын адам оған тілегін айтады екен. Егерде, шам құлап қалмай көкке ұшып кетсе тілек орындалады деседі. Шамның сырына қаныққан соң қарадай қарап дегбірсізденіп, ақыры шыдамай ағасының білегінен сүйреп  сыртқа шығарды. Қолында әлгі қағаздан жасалған шам мен сіріңке. "Мынаны ұшырайық" деді сұқ саусағымен шамды нұсқап. Ағасы еппен қимылдап, бір-біріне жабысып тұрған қағаздарды ақырын ажыратты да оның төменгі жағында темірге ілінген балауызға от жақты. Балауыз біраз жанып, от лаулай түскенше екеуі қағаздың екі шетінен ұстап тұрды. Ортасын от кернеп, дөңгелете жабық тігілген қағаздар керіле түскенде ақырын жоғары көтеріп,  шамды аспанға жібере қойды. Қағаз шам баяу қалықтап жоғарыға өрлеп бара жатты. Аружан одан көз алмай қарап ұзақ тұрды. Ол Құдайдан ендігі жерде анасы екеуін ешқашан айырмауын тіледі. Шам қысқы түнде мұның тілегін көкке жеткізуге асыққандай ұшар биікке самғап барады. Биікке көтерілген сайын көлемі кішірейе түсіп, әуелгі тұрпаты астаудай шам бара-бара кеседей боп, сосын түймедей қалыпқа түсіп, ақырында  иненің жасуындай болғанда аспанға сіңіп көзден ғайып болды.

Сағат тілі он екіні соққанда стақандарға шампан құйылды. Аружан  шырын құйылған бокалын үлкендердікімен тоғыстырып, қарнының тойып тұрғанына қарамастан қып-қызыл анар шырынын сыздықтата ішіп  тауысты.  Сонсоң үй іші түгелдей сыртқа шығып, от шашудан шашу шашты. Аспан мен жердің арасын жалтыраған түрлі-түсті жарықтар әрлеп жіберген. Уақыт патшалығының тағына отырған жаңа 2017-ші жылдың аспаны осы бір өліара шақты дүрліге күтіп, думандатып қарсы алған дүрбелең Әлемге жай ғана тұнжырап ойлана көз салып тұр. Сыр ұғар жанға қарт аспан:     "Әй, тіршілік иелері! Көп даурыға бермей әр сәтті қадірлеңдер. Ауа жұтқан әрбір уақытың санаулы" деп жанашырлық танытып  тұрғандай.

Жаңа жылды  көңілді қарсы алған отбасы абыр-сабырмен қайтадан дастарқан басына жиналды. Ал, - деді әкесі- "жаңа күнтізбемен де қауыштық.  Қаңтардың онына дейін жақсылап демалайық. Сосын қайта қалаға кетеміз.   Фирманы салымшылар қысып, тездетіңдер деп жатыр." Аружанның өңі бұзылып кетті. Бірақ, бұл жолы бәріне көндіккен сыңай танытып ештеңе айтпады. Осы сәтте  ол өз бақытсыздығынан өзін-өзі құтқармаса басқа ешкім де, тіпті, анасы да құтқармасын білді. Жан азабынан құтылудың жалғыз ғана жолы - махаббаттан  арылу  екенін жедел түйсінді. Ол ендігі жерде  анасын сағынып қайғырмас үшін оны жақсы көрмеуге тастүйін дайын еді. Баласының сұп-сұр болып сыздаған жүзін көру Гүлмираға да оңай соқпады. Әлгінде ғана жарқылдап қанатсыз қалықтап жүрген перзентінің қазіргі бақытсыз қапалы, тіпті, кекті боп көрінген кеспіріне қарап жаны шырқырап бара жатты. Есіне  Аружанды құрсақта күтіп жүрген кезі түсті. Ол кезде көңілі шат болатын.  Бірде, азық-түлік алу үшін дүкенге барғанда жол жиегіндегі дүңгіршектен  " Предсказания Оракуланың" кезекті санын қармай кеткен. Сәуегей-газеттен белгілі астролог Андрей Явныйдың шаян белгісіндегі әйелдердің келер жылы дүниеге келер балалары бақытсыз болатынын ескертіп, сақтыққа шақырған  жорамалын оқып, тіксініп қалып еді. Сол бір ауыз сөз жан тыныштығын бұзып, көңілін күпті еткен. Көкірегіне үрей ұялап, жатса-тұрса Құдайдан  дені сау перзент әкелуін тілеп жалбарынып жүрді. Ай-күні жетіп денсаулығы кінәратсыз сәбиін  дүниеге әкелген сәттен қорқынышы сейіле бастады. Бара-бара әлгі сөз де ұмытылды. Ал, қазір арада жылдар өткен соң сол сөз қайтадан есіне түсіп отыр. Дәл осы мезетте ол өз перзентінің  бақытсыз екенін іштей мойындады. Бұлар оның "қашан келесің?"-деп байбалам салып жылағанын шолжаңдыққа балап жүріпті. Ел арасында қалыптасқан "бала ата-анасын екі күннен соң ұмытады, жанында кім болса соған бауыр басып  кетеді" деген жаңсақ пікірге  иланып, екі жасқа толысымен-ақ Аружанды әжесіне қалдырып,  "жарқын болашақ үшін!" деп жорыққа аттанып кете барыпты. Анығында, сенбесе де  солай ыңғайлы болғандықтан өздерін  күштеп сендірген.  Бірақ, ол жарқын болашақтың жүйріктігі сондай қуғанның бәрін жеткізе қоюы екіталай екен. Перзентім жақсы ас ішіп, дұрыс киім кисін деп жанын жалдап жүріп, сол перзентінің бақытсыздық шегіп қиналғанына да көз жұмыпты . Әдейі істемесең де бұл да бір өз  балаңа жасаған қиянатың екені даусыз! Гүлмира мұның бәрін осы қазір ғана аяқ астынан түсіне қойған жоқ. Ол   мұны қашаннан сезіп жүрді. Жырақта жүріп жүрегі сыздап жүрді. Бірақ, мойындамады! Анығында, мұны мойындау-қымбатқа  түсер еді. Бір адамның табысы азайып, отбасы қазынасы ортаяр еді. Сондықтан, жорта түк сезбегенсіп, "Отбасының жарқын болашағы үшін!" бәріне көндігіп жүре берді. Ал енді, ол дәл осы сәттен бастап өзінің  бұдан-бұлайғы жерде  перзентінің бір тамшы көз жасына шыдап жер басып жүре алмасын сезді. Бұған дейін өз баласын бақытсыздықтан қорғай алмағанына налыды. Ендігі жерде ешқашан Аружанымнан алыстап кетпеймін деген шешімге келді.     Аружанның ойын анасының дауысы бұзды. Төменгі жақта отырған ол шәйнектегі  қою  шәйді кеселерге құйып тарқатып шықты да аз-кем уақыттан соң байыпты үнмен - "мен ешқайда бармаймын-деді-енді қызымның жанында боламын". Сөйтті де үй-ішін жанарымен бір шолып шықты. Үй-іші үн-түнсіз шәйларын сораптаумен әлек. Тек Аружан ғана бұған барлай қарап қапты. Көз жазбай біраз қараған соң  өзін  үнемі  іңкәр етіп келген  қоңыр көздердің қарашығының салмақтылығын бағамдап, анасының ақтық шешімін айтып тұрғанына күмән келтірмеді. Содан соң есіне бірдеңе түскендей  қолына бірінші боп ілінген әкесінің сырт киімін желбегей жамыла сап сыртқа ытқып шықты. Шықты да тұманданған қысқы  түннің аспанынан өлімсірей көрінген жұлдыздарға жасаураған жанарларымен мейірлене қарады. Әр-жерден әлсіз жалтыраған жұлдыздар арасынан әлденені іздейтіндей. Сөйтті де: "Сиқырлы шааа-а-ам! "-деп айғайлады бар даусымен. -"Рақмеее-ет саған, сии-қыырлыы шаа-аам! ". Қар түстес ақ көйлегінің етек-жеңін жел кеулеп,  басындағы тәжі электр жарығына жалтыраған ханшайым көкке қарап қол бұлғап тұр. Жүзін жас жуып кетіпті. Бұл жолы бақыттан.

Меруерт Алтынбекова

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606