Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 5244 0 пікір 13 Қаңтар, 2017 сағат 12:07

ӘЛІШЕР РАХАТ. HD ФОРМАТТАҒЫ ТYС

Бүгін қаңтар айының он екінші жұлдызы. 2017-жыл. Бұл маңызды ма, жоқ па, ары қарай оқыған соң шешерсіз...

Үйде іші пысқан адам ұйықтап, түс көргеннен басқа не істесін?.. Майда-шүйде тірліктерді бітіріп, жаңалықтарды бір ақтарып, ойланып-толғанып қылжиып қалатынмын. Өзімнің әңгіме жазатыным бар, оған қоса бірді-екілі өзімше кино түсіргенмін, қысқасы фантазиям нашар емес.

Түсім жайлы баяндамас бұрын, өзім туралы аз-маз айта кетейін. Мен әсіре діншіл емеспін. Өзімді күнаһар сезінгенде, оңбай қателескенде, айналамдағылардан күдерім үзілгенде жұма намазына барып: «Пендеңді кеше гөр! Жәрдемдесе гөр, Жаратушым!», - дейтінім бар, несін жасырайын. Құран мен Библияның сәйкестіктерін іздегенім, пайғамбарлардың өмірбаянын шолып шыққаным рас.

Осы менің діни көзқарасымды жеткізуге жеткілікті шығар. Жалпы адамды дінге де, ұлтқа да бөлген емеспін. Қай ұлтта да, қай елде де, қай дінде де, бас ал десе шаш алатын, пиғылы жаман, ойлағаны арамдық, пасық адамдар да, солармен күресіп жүретін жүрегі жылы азаматтар да болады. Әр елдің, тіпті, әр адамның өзіндік трагедиясы бар...

Саясатқа түкке де қатысым жоқ. Өнердің адамымын. «Менен ақылды адамдар жүргізіп отыр. «Темада» жоқпын. Әркім өз ісімен айналысуы керек» дегенге өзімді баяғыда көндіріп тастағанмын. Әйтеуір ғаламтордан көріп қаламын: «былай депті, сөйткелі жатыр екен» дегенді.

Енді түске оралайық. Екі-үш жыл бұрын түс жолында біраз ізденгенмін. Түстің ойлардан өсіп шығады деген тұжырымға келген едім. Сананың түкпіріндегі информациялар мен ойларды араластырып қорытынды жасайды дедім. (Кейіннен ол шығармамды оқи жатарсыздар). Бірақ аян беру дегенді де жоққа шығара алмаймын. Адамның ойы мен жалпы бүкіл дүниенің өзара байланысы бар да шығар, сірә. Әйтпесе аноу өткен заманда, Құдай Тағала Адам атаны жаратқанда жер шарын лезде шарлай алатын, ілімі мықты Ібіліске бас иіп сәлем бер десе, яғни Адамның одан мықты болғаны емес пе?!. Жоқ әлде, сәлем – сыйластық дегені ме екен, білмедім. Сондықтан кесіп айтпай-ақ қояйын. Бірақ мен адамның миының күші сұмдық екеніне кәміл сенемін.

Менің миым маған әдемі сюжетпен түс жасапты. Құдды бір голливудтық фильм тәрізді.

***

Алматыны бір кісідей-ақ білемін. Жандосов көшесінен төмен қарай Яссауиді жағалап келеміз (аса маңызды емес-ау, бірақ, қалай көрдім, солай баяндағым келіп тұрғаны). Жанымда қарындасым бар екен. Анық есімде жоқ, қыдыртып жүрдім бе, қонаққа бара жаттық па, әйтеуір көңілдіміз. Алдымыздағы қуыс көшеден бір толық жігіт атып шықты. Қауіп маған емес, қарындасыма төнгенін қайдан ғана сезе қойғанымды білмеймін.

- Тиіспе, қарындасыма, - дедім. Жиіркенішті жымиды. «Мынау мені алдайын деп тұр» деп ойлағаныммен, қалай қақпан құрғанын біле алмай тұрмын. Ашуға бой алдырып, жүгіріп барып, теуіп, быт-шытын шығарып ұрып жатсам, ол мәз. «Бұл неге өйтті?» деп ойлағаным сол еді, қарындасым есіме түсіп, артыма жалт қарасам, бес-алты жігіт қарындасымды көтеріп алып кетіп барады. Олар көп екен. Тіпті, өте көп. Қарындасымның айғайлаған жылаған дауысы жүрегімді езіп, қорғай алмаған бейшаралығым үшін жаным қиналып тұрғанда біреу мені дубинкамен, әлде ағашпен маңдайымнан салып қап, талдырды.

Оянсам түрме. Жанымдағылардың өңдері реңсіз, сұп-сұр. «Адам өлтіріп, ұрлық жасап, қиянат қылған пенденің нұры кетіп қалады екен ғой» деп оялап қоямын өзімше. Сол жерде «данагөй» мен ғана. Атмосферасы көңіліңді құлазытып жібереді. Бұзылған там секілді. Цементтен құя салған әншейін. Төбеден су ақпаса болды дегендей. Қоқыстан аяқ-алып жүре алмайсың. Сасық.

- Қарындасым қайда? - деппін ояна салып. Олар мені соққының астына алды. Тістеніп алып: -Кешірмеймін сендерді! - деп айғайлаймын, олар маған кешір деп жалынатындай-ақ.

Итше тепкілеп, мазақтап, қара жұмысқа жегіп... Әбден қорқытып, қорлап мені намыссыз, адал малай жасауға барынша тырысып бақты. Дәл қазір қарсыласудың пайдасы жоғын түсініп, көнген болдым.

Айтқандарын екі етпей орындап-ақ жүрмін, өйткені мен ол жерде жалғызбын. Жанашырым жоқ. Сырт көзге малай көрінемін. Бірақ ішімнен «мә» деймін. «Бәрібір менің ойым азат. Кімнің кім екенін уақытында көрерміз!»

Араларындағы «пахандары» ма, әйтеуір бәріне сөзі өтетін, бетінде тыртығы бар біреу болды. Өзін сондай сабырлы ұстайды. Әлде «қожайын» екеніне нық сенімді ме?.. «Серьезный», ойнауға болмайды. Мені өзінің жеке күтушісі қылды. «Су әкел», «шай әкел», «темекі». «Иә, басеке» деп қоямын мен байғұс. Зыр жүгіріп, сол кісіге адалдығымды дәлелдеп-ақ жүрдім. Бір ретте ол:

- Бүгіннен бастап сен малай емессің. Бізге қосыл. Оның үстіне сен компьютер білесің, - деді темекісін будақтатып отырып. Түс деген абсурд қой. Түрмедегі паханға менің компьютер білгенімнен не пайда?.. –Арамызда сыйластық болсын, - дегенді шынайы пейілмен айтты.

- Рахмет, басеке, - деймін. «Қорқытып сыйлатқан құрметке жатушы ма еді», - деймін ішімнен. Сөйтіп уақыт өте берді.

Бір күні «өмірім осылай өтіп кете ме» деп қорықтым да, қашудың әдістерін қарастыра бастадым. Дүкенге шыққанда айналама қарап, ориентация жасап, қаланың қай жері екенін біліп алдым. Төле би көшесінің бойында, Өтеген батыр мен Сайын көшесінің ортасы екен деймін (Бір-екі күн бұрын сол жерлерде жүрген едім, содан шығар).  Негізінде ол жерде ешқандай түрме жоқ.

Түннің бір уағында менімен бірге камерада жатқан үш жігітті оятып алдым.

- Бәріміз түрмедеміз. Мақсатымыз бір. Қашайық! - деймін көсемсіп. Үркіп қалған олар:

- Жоқ, қашпаймыз! Біз адалмыз! - дейді. «Сорлы түрмеде жатырсыңдар ғой. Құлдық сана сендерде! Ез өңшең!», - деп ойлаймын ішімнен. Сатып кетер деген қауіппен:

- Сендерді солай тексерсін деп басеке жіберді. Маладес! - деп қоямын қулыққа басып.

«Паханның» компьютерімен отырып (өзім хатшымын ба, сондай бір жауапты іспен айналысам) ірі-ірі, денелі, төбелеске икемі бар достарыма хат жазып, адресімді айттым. Ертесі кешке олар келіпті деймін. Түрменің күзетшілерімен соғысып мені түрмеден алып шығады.  Төле бидің бойымен қашып, Өтеген батыр көшесіне жете бергенде «пахан» әскерімен келіп, достарымды жер жастандырып, мені кері қайтарып алады.

- Мынау сатқын! Өлтіру керек! - дейді малайлар.

- Жоқ бұл бізге керек, - деді басеке, сонымен бәрі іштерінен тынды.

Бұл маңда компьютер білетін тек мен екенімді (соған қарағанда өзімшілмін-ау), қалғандары сауатсыз екенін, қайтсе де маған тиісе алмайтынын түсінген соң, басекенің камерасына түнделетіп, қорықпай кіріп келдім. Жалғыз екен.

- Қасыңдағы малайлар сені қорыққаннан ғана сыйлайды. Ертең әскері көп біреу келсе, олар соған бас иеді де, сені сатып кетеді. Өйткені олар құл!

Ол үндемей, темекісін шегіп, бей-жай отыра берді.

Ертесі менің өңкей оқыған-тоқыған достарым жиналатын болды. Олар ұйымдастырып қойыпты: түрменің жанынан бір топ оқушы өтеді, солармен білдіртпей көшеге шығып кеттім. Түс болған соң, ондай-ондай «фальш» бола береді ғой. Төле би көшесін қиып өткенімде жолдастарым күтіп алды. Бәріміз топырлап «старый площадьтің» алдына кетіп барамыз (шын мәнінде площадь Төле би мен Абылайхан көшесінің қиылысында). Екпіндетіп... Сенімді адамдардың жанында... Еркін... Рухтас, ниеттес адамдармен бірге...

Достарым мен оқушылардың арасынан мекеменің алдына көтерілсем, елуден асқан, шашына ақ кіре бастаған еркек тұр.

- Мен – мұғаліммін! - деді маған өзінен-өзі өктем дауыспен.

- Мұғалім болсаңыз қайтем? Екінің бірі мұғалім ғой, - дедім. Бірақ өзі жақсы кісі секілді, артық кетіп қалған екенмін деп: - Бірақ мен сізге сенемін. Сіз білімді мұғалімсіз! –Төменде тұрған оқушыларға қарап: - Солай ма? - дедім.

- Иә! Біздің ағай күшті, - деп жатты оқушылар.

- Менің сендер қатарлас қарындасым болған, - дедім көңілсіз дауыспен. Құдды бір театрда монолог оқып тұрғандай. – Пиғылы жаман бір топтар ұрлап алып кетті. Ол да сендер сияқты бейқам сабағын оқып жүрген бала еді. Аяқ-асты... Жазықсыздан-жазықсыз. Қай жаққа, не мақсатпен алып кеткендерін білмеймін. Қарындасымды қорғағаным үшін мен түрмеге жапты. Мен оларды кешірмеймін!

«Крестный отецтің» (фильм) мәнерімен сөйлеппін.

- Ондай жағдайға сен де, сен де, түсуің мүмкін. Сондықтан біз бәріміз бірігуіміз керек! Солай ма?

- Иә!

- Біз жеңеміз!

Әлгі мұғалім кісі де бізді қолдайтынын жеткізді. Баспалдақпен төмен түскенімде жолдастарым маған көлік дайындап қойыпты. Қаладан жігіттерді жинап келіп, түрменің күл-талқанын шығаруға кетіп бара жаттым...

***

Оянсам, қарындасым үйде жүр екен. Бетінен сүйіп:

- Сені ешкімге бермеймін! - дедім...

Менің миым драмалық шығарма жасағысы келді ме, әлде бірдеңені ескертті ме, бәлкім, «не в тему» қуып кетті ме, бір Құдай біледі. Бірақ әлгі түс маза бермеді. Санамда жүрген бірді-екілі сұрақтарға, қоғамда болып жатқан кейбір ситуацияларға ұқсап кетті. Оның үстіне ап-анық, видеокамераның тілімен айтсақ, тұп-тұнық HD форматта түсірілгендей. Ұмытып қалмай тұрғанда қағазға түсірейін деп ойладым.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1564
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3540