Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 3754 0 пікір 17 Қаңтар, 2017 сағат 16:25

ТІЛІҢДІ ТІСТЕ немесе BITE YOUR TONGUE

Ағылшын тілі мен қазақ тіліндегі ұқсас орамдар тізбегін тұрақты тіркестер арқылы жалғастырамыз. "Тисе терекке, тимесе бұтаққа" деген идиома ағылшындарда да бар екен. "Beat around the bush" дейді. Сөзбе-сөз аудармасы "бұтаның маңайын ұрғылау".

"Ұзын сөздің қысқасы" дегенді "long story short" деп айтатынын да білдік.

Әлденені есіне түсіре алмай тұрғанда, "түу, тілімнің ұшында тұр" деген америкалықты көргенде қалай таңданбайсыз? "On the tip of my tongue".

"Қол ұшын беру" қазақта ғана бардай сезіледі ғой әдетте. Ағылшындар да сөйтеді. Бірақ олар қолдың ұшын емес, тұтас өзін береді. "Give me a hand".

Дау-дамай кезінде отқа май құятындары тіпті қызық. Біздердей жай май құймайды, жанар-жағармай құяды. "Add fuel to the fire". Fuel - бензин, дизель, мотор майларының жалпы атауы.

Біреу біреуді сөзден оңдырмай ұтып кетсе, "шайнап тастады" дейміз ғой. "Chew someone out" деген бұларда да бар. Шайналып қалмау үшін кейде "тіліңді тістеуге" тура келеді. "Bite your tongue" дейді оны ағылшындар.

"All in the same boat" - тура аударғанда, бәріміз бір кемедеміз. "Кемедегінің жаны бір" деген сияқты әдемі естілмейді, бірақ айтар ойы мен оны жеткізудегі таңдалған құрал бірдей.

“Out of the blue” дегенді лекциялардан жиі естуге болады. Мүлде күтпеген жағдай, ешбір негізсіз айтылған ой, тосын ақпар меңзеледі. Біз ондайды “көктен түскендей” дейміз. Сөздіктерге қарасам, ағылшыншасындағы “blue” сөзі де “аспан” дегенді меңзейді екен. Бұл тіркестің “out of the clear blue sky” (тұп-тұнық көк аспаннан түскендей) деген нұсқасы да бар екен.

Көк демекші, олар да “көкбеттенеді”. Ұрыс-керіс шегіне жеткенде, “blue in the face” болады. Былайша айтқанда, беті көгергенше деген сөз.

"Apple of my eye". Көздің алмасы деп ағылшындар көздің қарашығын айтады. Тиісінше, қатты жақсы көретін, қамқор болатын адамын "ол менің көзімнің алмасы" дейді. Қазақтың "көзімнің қарашығындай сақтаймын" дегенімен мәндес секілді.

Жандары қиналғанда олар да “it's a dog's life” деп налиды. “Ит тірлік” дегені ғой.

“Ерте ме, кеш пе” – “sooner or later”; “black as night” – “түндей қара”; “blacklist” – қаратізім, “blow up” – “ашудан жарылу”. Бұлар аса таңқалдырмаса, мынаған қараңыз.

“A highly colored report” деген бар. Кәдімгі “бояуын қалыңдатып жеткізуді” олар осылай айтады.

Біз “сағым қусақ”, ағылшындар кемпірқосақ қуады. “Chase rainbows”. Орындалмас арманның соңында жүрген жандар туралы.

Нашар адамды “шіріген жұмыртқаға” теңегеніміз оларға да жұққан екен. “A bad egg” деп көбіне көптің арасындағы жаманды, нақтырақ айтсақ, жақсы балалардың ішіндегі жаман баланы айтады. Қазақта да тура солай емес пе? Үмітті ақтамаған, ұятқа қалдырған баланы “ол бір шіріген жұмыртқа” болды ғой деп жатамыз.

Бұл жолға осы да жететін шығар. Келесі бөлімде мақал-мәтелдер туралы сөз етеміз.

Мұрат Есжан

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір