Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 4747 0 пікір 18 Қаңтар, 2017 сағат 10:31

ЖАНҰЗАҚ ӘКІМ. ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ БОЛСАҚ ҚАНА ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАП ҚАЛАМЫЗ

/жалғасы. басы мына сілтемеде. "

ҚАЗАҚ НЕГЕ КӨБЕЙМЕЙ ОТЫР?"

  1. IІ.                   Әлем өркениеттері және Ұлы дала

Бұл жерде өркениеттілік мәселесі және оның көне ғұндардан бастап бүгінгі қазаққа дейінгі әсері мәселелері туындайды. Дао, Будда, Еуропа, Ислам – ол қазіргі әлемдік өркениеттердің негіздері екені дүниежүзі тарихы, оның ішінде өркениеттер тарихын жан-жақты зерттеп, олардың классификацияларын жасаған О.Шпенглер (3), А.Дж.Тойнби (4), А.Вебердің және «уақыт белдігі» (осевое время) теориясының авторы К.Ясперстың (5) еңбектерінде дәлелденген.

Ал, осы өркениеттердің мыңдаған жылдар бойы біздің халықты айналып өтіп, оның өмірінде із қалдырмауы (бұл жерде ұлттың өсіп-өнуінде) тарихта толық зерттелмеген түсініксіз жағдай?! 

Жоғарыдағылардың ішінде Альфред Вебердің гипотезасында көне мәдениеттерден жылқыны пайдалануды үйренген көшпенді үндіеуропалықтар ертедегі ұлы мәдениет ошақтары Қытай, Үндістан және Еуропаға басып кірді. Атқа мінген көшпенділер бұл үш аймақта бірдей із қалдырды және дүниенің кеңдігін түсінді. Олардың қауіпті тірліктері бұл өмірдің «жалған» екеніне түсінуге мүмкіндік берді. Олар басымды нәсіл ретінде әлемге батырлық және трагедиялық сана енгізді. Ол эпостарда өз орнын алды.

Тарихтағы бұл өзгерістер Үндіеуропа халықтарының б.д.д. ІІІ мың жылы Еуропа мен Жерорта теңізі маңын жаулауынан басталды. Б.д.д. 1200 жылдары олар Иран мен Үндістанға жетіп жаңа ұлы өзгеріс жасады. Б.д.д. екінші мыңжылдықтың аяғында олар Қытайдың шекарасында пайда болды.

Тарих осы екі күштердің, біріншіден – мәдениетті матриархат, көне, тұрақты, өзара байланыста, оянбаған және жаңа динамикалы, азат ететін, өзінің мәдени борышын (тенденция) түсінген көшпенді халықтар арасында жүрді.

А. Вебердің тезисінде евро-азиялық блоктың ішінде нақты біртүрлілік бары көрсетілген. Бірақ, бүгінгі уақытқа дейінгі зерттеулердің қорытындылары, кезінде әртүрлі көштер (Халықтардың Ұлы көші т.б.) арқасында бір халықтың басқа халықтардың дамуына әсері болды дегенімен, сол өркениеттердің Ұлы дала көшпенділеріне әсері болмағанын түсіндірген жоқ.

Көшпенділер мен отырықшы елдер арасындағы «бітеу жардың» болуы, бұл тарихи зерттеулердің негізіндегі фактілер мен тұжырымдар емес, көшпенділер қауымының ішкі дүниесі мен иммунитетіне байланысты мәселелер болу керек?! Осы, өркениетаралық мәселеден келесі қысқаша қорытынды жасауға болады:

1.  Б.д.д. IV-ІІІ мыңж көшпенділер жылқыны қолға үйретіп (Ботай мәдениеті, Қазақстан), оның әбзелдерін жасау, арба мен қылыш жасап, шалбар тігу т.б. шығарғаны және әлемдік діндердің негізін салған пайғамбарлардың көшпенділер ортасынан шыққаны белгілі. Мысалы, Заратуштра (санскриттен ауд. «Түйесі кәрі»), Иосифте-20 мың, Иаковте-30 мың түйе болған (Көне Інжіл) яғни Иудаизмнің пайғамбарлары көшпенділер, Будда шакья (яғни Орта Азиядан барған көшпенді сақ тайпасының ұрпағы), Мұхамед пайғамбар (ғ.с.) нағыз бедуиндардың ортасынан шықты. Заманында өркениетке белгілі үлес қосқан көшпенділер уақыт өте келе заман талабына сай өзгере алмай, адамзат көшінен шеттеп қала берді;

2. Адамзаттың сара жолындағы өркениеттер мен қайта өрлеулерден (ренессанс) шет қалып, оларды өз дамуларында пайдаланбаған Америка үндістері (көне түркі тайпалары), Африканың көшпенді немесе жартылай көшпенді тайпалары негізінен алғашқы қауымдық қоғам деңгейінде қалды. Ол қоғамдар өзінің заманауи мәдениеті, әдебиеті, ғылым... мемлекетін құра алмай, басқаларға тәуелді не құл болып қалуда;

3. Дао мен Камастурада махаббат ұғымы жан мен тәннің (инь мен янь) қосылуынан тұрады. Бұл, тек Қытай мен Үнді халықтарына ғана тән емес, біз оның элеметтерін араб әдебиетінің классикалық үлгісі «Мың бір түннен» де көреміз. Ал, парсы-түркі әдебиеттерінің классиктері Хафиз, Навои, Исфахани т.б. жырларының арқауы – ол негізінен «жан махаббаты». Ұлы дала көшпенділерінде ол ұғым осы уақытқа дейін тек жанға байланысты болды. Қазақ, махаббатты негізінен «жақсы көру» (қашықтықтан) яғни «сүю» ұғымында түсінеді. Ал, төсек ләззаты- ол тек Абай («...Көз жұмулы көңіл мас, Тар төсекте тайталас, Ләззат алсақ болмай ма, Сізде ажар бізде ықылас»), Шәкәрім, Мағжандардан бастап әдебиетте кездеседі. Осындай ұғымның Ұлы далалықтардың өсіп-өнуіне кері әсер етуі ұлттық санадағы осы мәселені қайта қарап, ұлттық тәрбиеге тиісті өзгерістер енгізуді талап етеді. Бұл, «қазақ болашақта төрт құбыласы тең ел болады ма, әлде бордай тозады ма» деген сұраққа жауап беретін ұлт тағдырының мәселесі. Құдіретті махаббат ұғымын мыңдаған жылдар бойы Шығыс халықтарының өздері әртүрлі мағынада түсінуі, бұл, осы ориентальдық әлемнің (Гердер, Гегель, Генон т.б. Батыс мәдениеті өкілдерінің көзқарасымен қарағанда) әлі де адамзат үшін ашылмай жатқан қырларының көп екендігін көрсетеді.

ІІІ. Қазақ мемлекетінің мәселелері

Соңғы 30-40 жылдағы мемлекеттер дамуындағы негізгі бағыт, - ол адам ресурстары мен капиталына және оған сүйенген инновациялық экономиканы дамытуға негізделген демократиялық елдер жақсы қарқынмен тұрақты дамып, шикізатқа сүйенген елдер артта қалуда.

Әлем елдерінің 75% жуығы ұлттық мемлекеттер. Оған Қазақстан да кіреді. 1992 жылы БҰҰ мүшелікке қабылдағанда оған, «авторитарлық режимдегі ұлттық мемлекет» деген анықтама берген.

Қазақ мемлекетінің құрылымдық ерекшеліктері

А). Мемлекеттік орден-медальдардың аттары «Қыран», «Айбын», «Барыс» т.б. негізінен аң-құс аттарымен аталады. Өркениетті елде керісінше, осы елден шыққан адамзаттың екі ұстазының бірі – Әль-Фараби, әлемдік тарихта екінші Бисмарк аталған – Тоныкөк, Жюль Верн рухын орыс патшаларынан жоғары қойған Кенесары, Ататүрк ұстазы санаған М.Дулатов пен алашордалықтар т.б. ұлы тұлғаларын дәріптелуі керек.

Бұл, заманауи мемлекет құрып, оның идеяларының айналасына қоғамды біріктіре алмай мемлекеттік институттардың да қалыптаспағанын көрсетеді;

Ә). Кезінде, Шығыс түрк қағанатының қағандары қытайдың шүберегіне (жібек) мемлекетін сатып, өз еріктерімен бодандықты қабылдады. Қытай императорын жерлеп жатқанда, оған соншама берілген бұрынғы қаған (иттер де иесінің артынан өлмейтін еді) өзіне-өзі қанжар салып сол қабірге құлайды. Бодандықтағы түркілер жүз жылда тілі мен дәстүрінен айырылып, қытайланып болғаннан кейін, сол елде әр жерде қызметте жүрген қағанның ұрпақтарын бір жерге жинайды да, барлығын қылышпен туралап, мәйіттерін Хуанхэ өзеніне ағызып жібереді. Бүгінгі «қазақтың жерін сатушылары», тарихтың қайталанатынын яғни өздерін және ұрпақтарын сондай тағдыр күтіп тұрғанын білулері керек;  

Б). Шығыс түрік қағанатының Қытай бодандығын қабылдауы Күлтегін мен Тоныкөк кезінде пайда болған мәңгі ел болу идеясынан айырып, «ат тұяғы жеткен жерді бағындырып, бас барды идіріп, тізесі барды бүктірген...» Ұлы түрк қағанатын ыдыратып, түрк елін тоздырды. Ал, мәселені керісінше қойсақ: «Қытай, Түрк қағанатына немесе Хұбылай ханға салық төлеп, бағынышты болғанымен, неге бодан болмады?». Ол мемлекет Хуанди құрғаннан кейін (б.д.д. 2700 жыл) өз институттарын үзбей дамытуда. Оған әр ұрпақ, әр император, әр әулет Ұлы Қытай қорғанының жарына өз кірпіштерін қалап, мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуда. Мысалы, Қытай тарихында б.д.д. І ғ. қолмен жазылған хаттағы иероглифтерді бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп оқытады. Қытай үкіметі елдің аймақтарына мамандар жіберіп әр жылда 250 мыңдай жаңа сөз, диалектілер жинайды. Біз, бұл мысалдан ұлттың тілінің сақталуы мен дамуына мемлекеттің ерекше көңіл бөлетінін көреміз. Ол екі мың жылдан бергі мемлекет ішкі тұрақтылығының негізі.

Тіл ұлттың, жер мемлекеттің негізі. Тіл ұлттың қатынас құралы болумен қатар, оның алфавитіндегі коды сол ұлттың санасы мен дүниетанымын анықтайды.

Ал, қазақ өткен ғасырда алфавитін үш рет өзгертуге мәжбүр болса, тәуелсіздіктің басында қазақ тіліне орыс тілін қосарлап мемлекеттік тілдің дамуына толық мүмкіндік бермей, енді «үш тілділік» енгізілді. Бұл, болашақта ұлттық сананың қалыптасуына кедергі болып жүрмесін?!  

Мәңгі Елдердің негізгі ұстанымы: «Бір тіл, Бір дін, Бір мораль, Бір мемлекет». Бұл аксиома!  13 ғасырдан кейін қайта жаңғырған «Мәңгі Ел» идеясы баянды болу үшін Қазақстан басқа түрік мемлекеттерімен бірге төмендегі шараларды іске асыру қажет:

- «Мәңгі Ел» идеясын іске асыру жолдарының (гео)саяси, экономикалық, этникалық, тарихи т.б. аспектілерін осы уақытқа дейін 2015 жылы Халықаралақ Адам институты (ХАИ) мен «Алаш» ғылыми-зерттеу Орталығының ұйымдастыруымен ЮНЕСКО-да (Париж) өткен халықаралық ғылыми конференцияның т.б. материалдарды пайдаланып және оларды жан-жақты дамытып зерттеу арқылы заманауи тұжырымдама дайындау;

- ХАИ (2013 ж.) ұсынған түрік халықтарына ортақ тілдік, ақпараттық және экономикалық кеңістік қалыптастыруды іске асыру (қосымша). Бұл ұсыныстың біраз баптары Ақорданың қолдауымен іске асуда;

- Еуроодақ үлгісіндегі түрік мемлекеттері мен халықтарының одағын құру;

В. Қазақстан этникалық және ұлттық мемлекет жағдайында ғана тәуелсіздігін сақтайды. Мысалы, түркінің тайпалары кидариттер мен ақ ғұндар билеген ұлы Құшан патшалығына (б.д.д. 134ж.-б.д. 395ж) Үндістанның 70% территориясы, Пәкістан, Ауғаныстан, Қытайдың Турфанға дейінгі жері, Орта Азия кірді. Осы патшалықтың ыдырауының негізгі себебі оны басқарған 16 діни конфессиялардың жан-жаққа тартуынан болды. Ал, Ноғай Ордасы (б.д. ХV-XVIғғ.) 20-дан астам тайпа мен рулардан (қыпшақ, найман, алаш, қаңлы, алшын,қоңырат, қатаған, ұйғыр, ткай, маңғыт т.б.) тұрған, мүдделері әртүрлі федеративтік қоғам болды. Елді біріктіріп, ұлт қалыптастырудың орнына ноғай кінәздері, «мынадай қаптаған малы бар, бай елге кім тиеді» деп, тұрақты әскер де құрмай, ұлт пен мемлекет құру емес, малдың артында кетті. Елді қорғайтын кезде олардың бастары бірікпей, әр тайпа өз қамын ойлап жан-жаққа тартты да, ол ел «өлдің Мамай қор болдыңның» кебін киді.

Сол ноғайлармен қатар құрылған Қазақ хандығы 46 ру-тайпадан тұрғанымен бір халық болып «Қазақ» («Алаш») идеясының айналасына топтасқандықтан 200 жылдық жоңғарлармен соғыста, үш ғасырға жуық отарлану кезінде бір ұлт болып бірігуінің арқасында тілін, жерін сақтап қалып, өз мемлекетін құруда. Қазақстанның болашағы – ол қоғамды біріктіретін Қазақ халқының елдегі барлық ұлт өкілдерін өзінің айналасына топтастырып мемлекетқұрушы Ұлттың (нация) миссиясын өз қолына алуымен тікелей байланысты. Бұл Қазақстанның сара жолын айқындайтын іс.

З. Бзежинский өзінің «Ұлы шахмат ойыны» (1996ж.) кітабында Қазақстан, ТМД елдері ішінде, оның іінде Орта Азияда саяси тұрақтылығы төмен ел деген баға береді. Оның негізгі себептері Қазақстан халқының полиэтникалық (жүзден астам диаспоралардан тұрады) құрамы мен геосаяси жағдайында еді. Ол кезде елдегі қазақтың үлесі 40% шамасында болса, қазір орташа 70%, 2030 жылдары тәуелсіз эксперттердің деректері бойынша 90% құрайды. Соңғы 20 жылда елдегі халықтың этникалық құрамы түпкілікті өзгерді. БҰҰ стандарттарына сай Қазақстан, мемлекетқұрушы қазақ халқының негізінде құрылған және этникалық құрамы бойынша толыққанды ұлттық мемлекет болды. Ол мемлекет құрылымының негізі болып табылады.

Ал, «Қазақстан көп ұлтты мемлекет», «көп конфессиялы ел» деген таяз, әрі солақай саясат, ол «ала қойды бөле қырқып», елді біріктірмей, оны көкпардағы ешкінің терісіндей жан-жаққа тартатын тірлік. Елді Конституцияға емес, коррупцияға билетіп қойған қоғамда болашақ болмайды. Оның баратын жері - ел мен жерді сату, Құшан мен Ноғай Ордасы сияқты мемлекетті құрту болып табылады;

Г. Бүгінгі Қазақстанның геосаяси жағдайында және тоталитарлық режимнен кетіп, толыққанды тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жатқан транзиттік қоғамның кезінде елдегі тұрақтылықты негізгі күштердің өкілдерінен тұрған коалициялық Үкімет және тікелей халық сайлаған Парламент басқару арқылы қамтамасыз етіледі. Жеке бастан гөрі ел мүддесі мен болашағын ойлайтын билік бұл қадамның тиімділігін түсініп, қоғамдық келісім арқылы соған сай шешім қабылдауы керек. Ол «араб көктемі» т.б. төңкерістерсіз, елді эволюциялық жолмен және тұрақты дамытып, жауапты кезде мәселені ел мүддесіне шешетін қадам болмақ;       

Д. Ұлт пен ұлттық мемлекет құрудағы кедергілер:

- ана тілі, дәстүрі мен өнерін заманға сай дамытуға немесе басқалардың озық жетістіктерін өзінікіне айналдыруға шорқақ, басқаларға еліктегіш ел, -ол «жаһанданудың құрбаны болуға дайын» қоғам;

 - өз тағдырын өз қолына алып шешуге қауқарсыз, өзіне сенімсіз халыққа шындық пен ақиқаттың қажеті жоқ. Ол азаттықтан гөрі бодан, биліктің құлы болуға жақын тұрады;

- ырымшыл және сауықшыл (тойшыл) ел бай болмайды;

-ұрпағын, ана тілі мен ұлт дәстүрінде тәрбиелей алмаған елдің болашағы жоқ;

9. Ұлттың рухы, намысы, ары, моралі, философиясы, әдебиеті, өнері мен мәдениетін жасайтын және дамытатын яғни ұлтты қалыптастыратын, оның жаны – ұлттың зиялылары. Ұлт зиялыларынсыз толыққанды Ұлт қалыптаспайды, ұлттық мемлекет дамымайды. Елдегі билік пен ұлт зиялыларының мүддесі бір болуы, - ол ұлттық мемлекеттің дамуының кепілі.

Қазақ өзгеріп, жаңа Ұлттық сапаға көшу үшін бір ұлы роман, ұлттық музыкалық туынды, не ұлы сурет (картина) қажет. Сонда, Қазақстанды аралап шыққан ағылшын саяхатшысының, «қазақтар жоғалып бара жатқан халық» деген ұстанымы іске аспайтын болады. Қоғамдағы қайта өрлеу содан басталады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2262
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553