Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 21977 0 пікір 17 Шілде, 2014 сағат 13:56

ҚАЗАҚ МЕДИЦИНАСЫ ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНАДАН КЕМ ЕМЕС

Бүгінгі таңда медицина саласы өте жоғары деңгейде даму үстінде. Әр халық өзінің дәстүрлі дәрігерлігіне де ерекше мән беріп, оны әлемдік медицина ғылымымен ұштасыруға барын салып отыр. Шыны керек қазір шығыс медицинансы деген атау науқасына шипа іздеген көптеген жанды өзіне тартып жүргені мәлім. Израиль, Германия, Қытай елдерінің медицинасы да жақсы сұранысқа ие. Қазақстан медицинасы да жүйелі даму жолына қадам басуда. Ал, қазақ дәрігерлігі қандай жағдайда? Оның қазіргі жай-күйі, нақты қолданысқа ие болуы қалай? Жалпы қазақ дәрігерлігі деген не? Бұл сұрақтарға жауапты медицина маманы, әмбебап дәрігер, қазақ дәрігерлігін нақты іспен, практикалық тұрғыда қолданып жүрген азамат Толқын Ақанұлымен болған сұхбаттан оқи аласыздар.

Толқын Ақанұлы: 

Қазақ медицинасы заманауи медицинадан еш кем емес

– Толқын мырза әңгімені алдымен өзіңізді қысқаша таныстыра кетуден бастайық, қайда білім алып, алғаш рет ақ халатты қашан кидіңіз?

–  Әуелі менің туып-өскен жерім Қытайға қарасты Тарбағатай аймағы, Толы ауданы деген жер. Қытай Халық Республикасы Шынжаң медицина университетіндегі Клиникалық емдеу факультетін бітірдім. Оқуды тәмәмдаған соң алғашқы еңбек жолын туған ауданымнан бастап, 20 жылдай медицина саласында дәрігерлік қызмет атқардым. Содан 2007 жылдың аяғына қарай «елім-айлап» ата жұрт, қара шаңырақ болған бүкіл қазақтың ордалы отаны – Қазақстанға қоныс аудардым, Астана қаласына ірге тептім. 

Келген соң әрине тірі адам тіршілігін жасайды ғой, екі қолға бір күрек ұстайтын мүмкіндігіміз бар болған соң өз мамандығым бойынша жұмыс істеуге кірістім. Екі жылға жуық түрлі қүжаттарды реттеп дайындаған соң 2009 жылы жекелік медицина орталығын ашып, халыққа қызмет көрсете бастадық.

2012 жылы жұмысымызды кеңейтіп, «Бақкелді» қазақ медицина орталығын ЖШС деңгейіне жеткіздік. Содан бері талай жанның науқасына шипа болу үшін білім-білігімізді аямай, өз хал-қадірімізше еңбектеніп келеміз. Тек Астанада ғана отырмай республиканың әр өңіріне барып, оңтүтік, батыс, солтүстік облыстарды аралап дәрігерлік қызмет көрсеттік.

 – Негізі, медицина салсының қандай мамандық түрін оқып едіңіз?

– Мен медицинаның бір түрін ғана оқыған жоқпын, мамандығым жалпы медицина деп аталды. Яғни, дәрігерліктің әр түрі бойынша мамандандым. 

Жалпы Қытайда медицина: алдын-алу медицинасы, клиникалық медицина және гигиеналық медицина деп үшке бөлінеді. Мен осы үшеуін де оқыдым. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң гигиеналық медицина бойынша еңбек еттім. Дәрігерлік мекеменің «әр бөлімге маман болу» дейтін белгілемесі бар еді. Ол бойынша көп бөлімдерде науқастарды емдедім. Мәселен, негізгі жұмысым терапевт болса, кейін хирург, балалар дәрігері болдық, жедел жәрдем бөлімінде де істедім. 

Сосын мамандарды тәжірибе жинап, шыңдалу үшін ауылды жерлерге жіберетін еді. Ал, кез-келген ауылдың клиникасына барсаң онда үлкен қалалардағы емханалардай жеке-жеке бөлім жоқ. Келген науқастың бәрін қарап, еңбектеген сәбиден, еңкейген кәріге дейін емдеуге тура келеді. Тіпті, акушер болып, екіқабат аналарды да босандыруға тура келеді. Осылай еңбек ете жүріп, барлық салада мамандануға мүмкіндік алдық.  Сосын, бұл білімімізге қоса тамыр ұстап, шөп дәрілермен емдеу ісін де қоса үйрендік. 

– Бұны сонда халықтық ем ретінде қарастыруға бола ма? 

– Жоқ, бұл халықтық ем емес. Осы бағытпен емдеуді халықтық ем деп түсіну кішкене жалаң ұғымға бой ұру дер едім. Бұл негізі қазақ дәрігерлігі. Мәселен, қытай дәрігерлігінде шөп дәрілер жайлы тереңірек айтылып, зерттелген. 

Ал, ХІV ғасырдағы Әз Жәнібек хан тұсында өмір сүрген қазақ шипагері Өтейбойдақ Тілеуғабылұлының «Шипагерлік баян» кітабына негізделе отырып, Шыңжаң қазақтары қазақ дәрігерлігін біршама зерттеді. Жиырма жылдан бері осы саланы терең қаузап, жан-жақты дамытып келеді. Нақтырақ айтсақ, қытай медицина саласында осы қазақ дәрігерлігін қытайдағы алтыншы медицина ретінде халықаралық деңгейде танытқан. 

– Қазақ дәрігерлігінің өзіне тән ерекшеліктері қандай?

– Қазір Қытайда қазақ дәрігерлігі бағытында жұмыс істейтін дербес клиникалар, олардың қарамағында дәрі-дәрмек жасайтын зертханалық орындары да бар. Арнаулы қазақ дәрігерлігі ғылымын оқытып жатқан медицина университеті білім береді. Ал, қазақ дәрігерлігінің өзіндік ерекшеліктері ұшан-теңіз дер едім. Бір сөзбен айтқанда қазіргі заманауи медицинадан еш кем емес, әуелі одан көп артықшылық тұстары бар. Қытай медицинасы, шығыс медицинасы, еуропалық медициналармен салыстырғанда тарихы терең деп ойлаймын. Тек соны жүейелі түрде, жоғары деңгейде зерттеуді кемелдендіру қажет. 

Қазіргі күні біз қолданып жүрген медицина тек нақты ғылыми негізде бағытталған, нақтыланған түрі деуге болады. Оның емдеу бағыты, укол-дәрі, не операция жасау, түрлі медициналық технологиялардың көмегіне жүгіну арқылы біржақты жүзеге асады. 

Сонымен қатар, бүгінгі таңда белең алып жүрген халық емшілігі деген ұғым бар. Оның негізгі емдау тәсілі рухани, психологиялық ұрғыны басымдыққа ұстап, ұшықтау, қасиет арқылы аурудың себебін анықтау, диагноз қою, бойға қонған ерекше бір тылсым арқылы емдеу болып келеді. Демек, заманауи медицина мен халық емшілігі бір-біріне қарама-қарсы ұғым десек артық емес. 

Ал, қазақ дәрігерлігі ғылыми медицина мен халық емшілігінің бағытын біріктіре жұмыс істейді. Екеуіне де қарсы көзқарас ұстанбайды, біреуінің ғылиым негізін алға ұстаса, екіншісінің халықтық негізін пайдаға жаратады. Яғни, екеуінің де адам баласының денсаулығы үшін қажет, науқасы үшін шипа болатын тұстарын алады. Жалпы адамды емдеу үшін екеуінің де қажет екенін дәлелейді, солардың арасынан өзіне тән емдеу жолын ұстанып шығады. 

Біздің орталықтың аты да қазақ емханасы. Осыған орай қазақ дәрігерлігін дәріптеуді алға қойып отырмыз. Шын мәнінде болашақтағы негізгі нысанамыз – қазақ дәрігерлігін биікке көтеру. Қазіргі күні біз науқас жандарға шипа көрсетуді шығыс емімен бірлесе жүргізудеміз. Өзім шығыс емшілігіне қоса қазақ дәрігерлігінен де білім алғанымды айттым. Шөп дәрі жасау, тамыр ұстау, ота жасау, қан алу т.б сан түрлі қазақ дәрігерлігінің емдеу жолдары бар. Массаж, ине салу әдістері де қазақ дәрігерлігінде кеңінен өріс алған. 

– 2007 жылдың аяғында елге оралдыңыз, ол жақтағы қызметті тастап, қоныс аудару шешіміне қалай келдіңіз?

–  Қытайда, әсіресе біз тұрған өңірде дәрігерлік мамандығын бітірген адам үшін жұмыс жасау өте қолайлы, шарт-жағдайы да жақсы еді. Өзімізге тиесілі абырой-беделіміз, кәсіби дәрежеміз, қолда ұқығымыз да болды. Тіпті, қызметтік сатыда одан да жоғары өсіреміз деп тұрғанда мен аз да болса қазақтың еліне халқына, жеріне еңбегіміз сіңсін, бір тамшы тер төксек те өз мемлекетімізге арналсын деген ой-арманмен осылай қарай қоныс аудардым. Ол жақтағы қолайлылықты да, қызметтік жақсы жағдай мен мәнсапты да тастап атамекенге тарттық. Сол кезде алғаш шекарадан өтіп, ана отанның топырағын басқандағы жүрек толқынысынан бірнеше шумақ өлең туып еді, ақын емеспін, бірақ сонда да көңілден шыққан сөз болған соң оқып берейін:

Кеңдігіне сүйініп даласының, 

Бір еміне жарамақ боп жарасының.

Алыстан елін, жерін аңсап келген,

Қазақ деген атамның баласымын.

 

Бүгін боп тұр менің атым – оралман, 

Тілін, дінін, бұзбай аман оралған.

Бір күш мені жетектеді Отан деп, 

Сосын осы бетке қарай жол алғам.

Запы шегіп, сүйкімсіз боп келгем жоқ,

«Елім-айлап», «ұлтым-айлап» оралғам.

 

Атым қазақ, шетте туып, шетте өстім,

Тынысымды тарылтқан жоқ көп көшкін.

Жалтақтамай, жапақтамай ешкімге, 

Еркін жүріп, сөйлеп өстім кеп-кескін.

«Есі барлар елін аңсайд» деуші еді, 

«Ел іргесі бүтінделсін»  деп көштім..  

Елді сағынған, қазақ даласын аңсаған күйімізді осылай бейнелеген болып едік. 

– Бәрекелді, шалқыған көңіл-күйдің «диагнозын дәл тапқан» өлең екен. Ал, елге келген алғашқы уақыттарда аздап қиындықтар болған шығар, бұл «сынақтардан» қалай өттіңіз?

– Әрине, бір мемлекеттен екінші мемлекетке қоныс аудару оңай-оспақ іс емес. Алғаш келген кездерде осы ортаға үйреніп, сіңісіп кетуде аз-маз қиыншылықтар болмай қалған жоқ. Әсіресе, жұмыс бастауға қатысты құжат жинау, қытайдың жоғарғы оқу орнын бітірген дипломдарымызды анықтату дейтін мәселелердің өзі біраз уақытқа созылды. Күттік, соның бәрін жеңіп, мәселені рет-ретімен, сабырмен шеше білдік. 

Ал, мен медициналық орталығыма ешқандай жарнама жасаған адам емеспін. Ең алғаш жұмысқы кірісіп, дәрігерлік ем жасауды бір-ақ адамнан – өз көршімнен бастадым. Ол кісіге жасаған емім шипа  болып, жазылған соң айналасындағы басқа адамдарды өзі шақырды. Ем-дом сәтті жасалған соң олар өзге адамдарға айтты, сөйтіп сырқатына дауа іздеген жандар көбейе берді. Жалғыз жетіспейтін болған соң медбике қызметін атқарған келіншегімді қасыма алдым. Кейін басқа да қызметкерлерді жұмысқа тарттық. Осылай ақырындап орталығымыз ұлғая берді, Қарағанды, Тараз қалаларында филиалдарын аштық. 

– Қазір қанша адам жұмыс істейді?

– Орталықта 40-қа жуық адам қызмет атқарады. Барлық құжаттарымыз толық, мемлекетке ай сайын салығын төлеп, неше ондаған адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Ал, алыстан жұмыс іздеп келген мамандарды шамамыз келгенше жағдайын жасауға тырысамыз. Олар қашан жұмысқа тұрғанша жатын орын, ішер аспен қамдап жәрдем береміз, талай адамның разылығын алдық. 

Әрине, нарықтық заманда адамдар пайда табуды басты мақсат ететіні анық. Бірақ біздің негізгі қызмет көрсету бағытымыз тек ақша табудың соңына түсу емес. Ең алдымен дәрігерлік жауапкершілік пен сырқат адамның науқасына қолымыздан келгенше көмек көрсетіп, емдеу. Алдымызға қойған нысанамыз халықтың денсаулығы үшін қызмет  ету болғандықтан көптеген қиыншылығы бар адамдарға жеңілдіктер жасап, дертіне дауа сыйлауды ойлаймыз. 

Тіпті, кейбір мүлде жағдайы жоқ науқастарды бүтіндей тегін емдеп, сол адамдардың сауығып кетуі мен қуанышы үшін игілікті іс істеген кездеріміз де көп. Сонымен қатар қолдан келгенше қайырымдылық шараларын да жасауды естен шығармаймыз. Дініміз мұсылман, Пайғамбардың үмметі болған соң Алла жолындағы адамдардың мұқтажына қарай жәрдем береміз. Мәселен, Астанадағы қыздар медресесіне ай сайын 200 АҚШ доллар көлеміндегі көмек атап тұрамын. Және Құрбан айт, Ораза айт секіліді мерекелерде ас-тамам беріп, хал-қадірімізше дастарқан жаятынымыз да бар. Әрине, бұның бәрін мақтан ретінде айтып отырудан аулақпыз, мұсылман баласы болған соң сауапты іс істеуді ұмытпайық деген ойдан туындаған дүниелер ғой. 

– Әңгімеңіздің басында еліміздегі әр аймақтарды аралап емдеу жасағаныңызды айтып қалдыңыз, бұл сапар қалай туындап еді, әлде жергілікті орындар арнайы шақырды ма?

–  Бұл Астанадағы дәрігерлік орталығымызға келіп емделген адамдардың ұсыныстары бойынша жасалған сапар еді. Өздері сәтті дауаланып, ауруынан жазылған кісілер «ауылымызда емделуге қолы жетпей, үлкен қалаларға келе алмай жүрген талай адам бар, мүмкін болса сіз барып соларды қарап берсеңіз, біз бәрін жинап, бір жерден емделуге жағдай жасасақ» деп шақырды. Содан аймақтарға арнайы бардым. 

Алғашында Қызылорданың Арал ауданына он күндік емдеу сапарын жоспарлап барған едім. Алайда ол жердегі дертіне дауа іздеп ағылған халықтың көптігі сондай, он күн емес, 6 ай бойы Аралда қалуға тура келді. Құдайға шүкір, жасаған еміміз шипа болған адамдарды көргенде қиып кете алмайсың, солардың ауруынан айыққанын көріп қуанасың. 

Қазірге дейін біздің орталықтан  Ресей, Германия, Украина секілді Еуропа елдерінен тартып, 17 мемлекеттен келген адамдар емделген екен.  Бір айта кетерлігі біз жақын күндерден бері осындай алыстан келіп емделетін адамдарға ыңғайлы жатын орындар дайындадық. Кейбір ерекше жағдайдағы науқастарға мәселен, көлік апатына ұшыраған немесе ұзақ уақыт төсекке таңылып жатқан адамдарды тегін емдеп, тамақтандырып отырған күндеріміз болды. Ал, Қазақстанның әр өңірінен, аудан, ауылдарынан бізге келіп емделген адамдарды көптеп кезіктіруге болады. Осыған қарап еңбегіңнің еш кетпей, жасаған қызметіңнің, қолданған емдеріміздің дімкас жандардың науқасына шипа болып жатқанына шын қуанасың, тәубе дейсің. 

– Қазіргі күні Қытайдан келіп, медициналық емдеу орындарын ашып жатқан әріптестеріңіз туралы не айтасыз. Олармен қарымқатынастарыңыз қалай?

– Өз еліне келіп, медицинамен шұғылданып жатқан әріптестеріміздің қатары баршылық. Бұлардың біразы құжат жағынан қиындықтар көріп отырғаны да жасырын емес. Бірақ, олардың көбі өз мамандықтарын ел игілігіне жаратып, медицина саласында, халықты емдеу бағытында нәтижелі жұмыстар атқаруда. Әр кім өз шамасынша еңбек етіп жатыр. Иә, кейде «қытайдан келгендердің бәрі дәрігер болып кетті» деген пікірлер айтылып қалады. Бірақ мен олай демес едім. Себебі, дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе беретін жұмыс емес. Ол ең бастысы адам өмірін арқалайтын үлкен жауапты қызмет. Сондықтан бұл салада өзіне сенген, білім-білігі бар маман ғана жұмыс істейді. 

Мен осы салада қызмет етіп жатқан өз әріптестеріме қолдау көрсеткім келеді. Егер олардың жұмысы елдің көңілінен шығып, халықтың денсаулығын түзеуге атсалысып жатса оларға неге дем бермеуіміз керек? Әр дәрігер өз алдына келген науқасты емдейді. Және біз бір-бірімізбен бәсекелестік орнатпай, өзара қолдау бағытында еңбек етуіміз тиіс. 

Қазір де бір-бірімізде жоқ дәрі-дәрмекті толықтырып, науқастардың жағдайына қарай басқа орталықтағы әріптестерімізге жіберіп, өзара селбестік тұрғыда жұмыс атқарып жүрміз. Кейде тәжірибе алмастыру үшін бас қосып, кеңесеміз, мереке-мейрамдарда бейресми кездесулер ұйымдастырамыз, қысқасы өзара қолдау көрсету бағытында тығыз қарым-қатынастамыз. 

– Сіздерге келген науқастардың жай-күйіне қарап, Қазақстан халқын көбіне қандай ауру түрі мазалайды деген сұраққа жауап табуға болатындай. Емдеудің қандай түрлерін жиі қолданасыздар?

– Бізде емдеу түрлері біршама кең.  Соның ішінде созылмалы аурулар, қан қысымынан кейін инсульт алып жатып қалған науқастар, қан қысымы түспейтін адамдар, қантты диабет, асқазан аурулары, өт толу және екі адамның бірі ұйқы безі аурулары халық арасында өте көп. Және бұндай науқастардың денін құдайға шүкір сәтті емдеп жатырмыз деп ұялмай айтуға болады. 

Сонымен қатар ішкі құрылыс, бауыр, бүйрекке тас толу, асқазан жаралары, буын аурулары, сал болып қалған, белінің шершеуі (грыжа) өскен науқастарды, мидағы қан тамырлардың жіңішкеру, созылу арқылы келген нерв характерлі аурулар көп емделеді және оларға жасаған шипаның өнімі де жасқы болып жатады. 

Операция жасалуға тиіс ауру түрлерін ешбір пышақ жүзін тигізбей ине қою, шөп дәрі беру, массаж арқылы емдеп шығарамыз. Сондай-ақ бізде қойылатын системаны өзіміз құрамын байытып, жаңаша жасаған система деуге болады. Ол көбіне қаны қоюланып, қан құрамындағы түрлі элементтердің тепе-теңдігі бұзылу салдарынан келіп шыққан жүрек ауруларын дауалаймыз. 

– Шөп дәрілерді қалай дайындайсыздар?

–  Шөп дәрілердің дайын түрлерін арнаулы сатып аламыз да, оны әр науқастының жағдайына қарай дозасын теңшей отыра пайдаланамыз. Негізінен біз тамыр ұстау арқылы диагноз қоямыз. 

– Осы тамыр ұстау туралы сәл кеңірек айта отырсаңыз, оның қандай артықшылықтары бар? Кейде тамыр ұстап ауруды айыруға сенбей жататындар болады?

– Тамыр ұстау терең ғылым деуге болады. Тамырдың соғуының өзі бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, тез соғу, баяу соғу, екпінді соғу, артқа тартып соғу дейтін түрлері бар. Және тамырды ұстағандағы оның орнын дәл анықтау бар. Яғни, тамырды әр тұсынан ұстағанда олардың белгі беруіне қарап ішкі құрылыс ағзаларының қайсысында қандай ауру барын, қай ағазаның жұмысы қандай деңгейде екенін білуге болады. 

Тамыр арқылы диагноз қоюдың тағы бір артықшылығы келен науқас кезекке тұрып түрлі анализ тапсырып жүрмейді, арнаулы аппаратқа түсіп, қан тапсырып әуреленудің де қажеті жоқ. Көптеген арбаға таңылып, таяқ ұстап келген адамдардың ауырған жеріне, жансыз дене мүшелеріне ине шаншып, укол қою арқылы оларды тез тұрғызып жібереміз. 

Жалпы істеп жатқан жұмыстың реті осындай, ауру жандардың еміне шипа болып, аз да болса өнімді жұмыс істеп жатқанымыз бабаларымыз жолын салып кеткен қазақ дәрігерлігін ұштастыра жұмыс жасағанымыздан деп ойлаймын. Біз осы саланы терең зерттеп, бүгінгі медицинамен қатар толықтырып, дамытуға назар аударсақ мемдицинамыз жақсы нәтижелерге жетеді деп сенемін. 

Сондықтан Қазақстанда да қазақ дәрігерлігі үшін арнаулы зерттеу орталығын ұйымдастырып, жоғарғы оқу орындарында мамандар дайындайтын бөлім, тіпті келешекте қытайдағы секілді жоғарғы оқу орнын ашса да артық болмас еді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жүйесін табады деп үміт етеміз және өз басым соған атсалысуға дайынмын.

–  Әңгімеңіз үшін рахмет!

 Сұхбаттасқан Мұрат Алмасбекұлы, Астана  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3558