Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 6536 1 пікір 24 Ақпан, 2017 сағат 12:40

ТАЛАПБЕК ТЫНЫСБЕКҰЛЫ. АТАУКЕРЕ

 Мінездеме

 Қылығымды сынайтын көп,

Жыры ұғымды ақын деп.

Руымды сұрайтын көп,

Түбі кімге жақын деп.

 

Адам ата арғы жағым,

Бергі тегім Алаштан.

Тақымымда арғымағым,

Белгі төрім ағаштан.

 

Жасырмадым бар шынымды,

Бас ұрмадым ешкімге.

Аллаға аян жан сырымды,

Адам ұқпас бес күнде.

 

Тұлпар мініп, ту ұстаған,

Сөз ұстаған бабамды.

Ұрандасам ұлыс далам,

Ұйқысынан оянды.

 

Алтай айтып аңызымды,

Ертіс қайғы кешеді.

Адамзатты, бәрімізді,

Өсірген жер осы еді.  

 

Аламойнақ

 Тәңіріме тәубә етіп тұрам күнде,

Қиянатын ғаламның қиям кімге?!

Тірлігімде татитын мың әлдиге,

Әжем айтқан есімде бір әңгіме:

 

– Әй құлыным, дәл сенің бір жасыңда,

Арда Алтайдың Сарықамыр жылғасында.

Сөткесіне сел үдеп құйды асыға,

Көз жасы күзгі аспанның құрғасын ба?.

 

Жанарыңа сыймаған жасыл аймақ,

Ғажабыңа қарт Алтай ғасыр айғақ.

Меңдетіпті даланы жасын ойнап,

Селдетіпті таулардың тасын айдап.

 

– Еске аламын сол шақтың әр уағын,

Тағдырыңның тентегім таны мәнін.

Отын етіп атаңның шаңырағын,

Аспан оғы атылды налымадым.

 

Иман айтып құшақтай бердім сені,

Тырс-тырс тамып төсіме көздің селі.

Сенің аман қалғаның сөздің соңы,

Ит өліпті іргеде көрдім соны.......

 

Әжем сөзін айтпады ары қарай,

Қинамадым, қарт жаны налымағай.

Ажал оғы мені атқан тегі қалай,

Ала мойнақ итіме дарығаны-ай?.

 

Ит болмаса бұл күні мүрдемінбе,

Кім әкелер жөргектен жырды өмірге?.

Ренішім жоқ менің кім де кімге,

Аламойнақ ғұмырын сүргеніме.

 

Сартап болған сыры бар сұлбасында,

Тегін өлмей тентек ой туласын да.

Көмілердей тағдырын тыңдатуға,

Тегі мендей ұл керек бұл ғасырға.

 

Қарашоқы

Тамыздың желі бетіме өбетін,

Таң ата анам мосы керетін.

Бишігін әкем беліне алғанда,

Саркідір саулық мекіренетін.

Қоралы отар сосын өретін.

 

Шатқалда өскен шұғұнығыңнан,

Шаттықтың шексіз сырын ұғынғам.

Сурлы сайдың самалы желпіп,

Сезбедім қырдың суғын ұрған.

 

Жылқылы жұртқа ұнағасынба,

Арсылдайды арлған түн арасында.

Тұсамысымен тықыршып тұрар,

Тұмарлы торым тұма басында.

 

Тілсімі санмың таудың ұқтратын,

Ұларлар салған ән құнықтратын.

Сарқымыз бөккен сабаның даусын,

Сабаудың үні жаңғырықтратын.

 

Төрт түлік түгіл ғашық аңдарда,

Күреңше күлген жасыл аңғарға.

Қоснауа басын қорыс қылатьын,

Бұғы бейбақтар ашылағанда.

 

Әр кезең сайын арлы ауыл қонған,

Асырған шыңы арманыңды айдан.

Жеңгелер алған бармағы балдан,

Сарыатан шөккен сарықарын майдан.

Айраның қайран, қаймағың қайран.

 

Тауын жыр етіп, тасын жыр етіп,

Әз жанын өтер ақын жүдетіп.

Шекілдеуікшіл шауқарғалардан,

Балқарағайдың басын күзетіп.

 

 Майқабырға

 Еске алмайды егіліп бал шақты кім?

Сонда екен ғой селкеусіз бар шаттығым.

Көшкен елге кеселеп көтертетін

Ақ айранын анамның аңсап тұрым.

 

Күргейлетіп, қозы,лақ күнгейлетіп,

Тал таяқты тақымда зір меңдетіп.

Ақшағылдың шыңынан арман қуған,

Жылдарымды жібергем кімдерге ертіп?.

 

Сыйпаған кекілімнен желі еркелеп,

Жүрегім жұртымды айтсам неге өртенеп?.

Қарашал қайыс өрген қайран мекен,

Апамның өресіне көлеңкелеп.

 

Майқабырға мыңғырып түлік өрген,

Жарысатын бұлақтар күліп өрден.

Бейтті кезең басында кім қалды екен,

Молаларға мұң шағып күңіренген?!

 

Таңғы нүр

Жаз жайлауға бармағалы көп болған,

Көшті көрші, көшті ауыл, көшті арман.

Қобыраған қозы үйшікте бос қалған,

Менің балғын бала ойыным бастаған.

 

Ертегідей елестейтін ескі өмір,

Төржайлауым мен шыңдалған төс темір.

Шу қалаға шерін шертіп шетті жүр,

Тар жықпылда тай құлақтап өскен ұл.

 

Бәрі қиял, бәрі ертегі секілді,

Өткенімді есіме алдым, не тынды?.

Рухыменен, ғұрпыменен өшкенін,

Жұртыменен жүрегіме көшірді.

 

Таңғы нұрға жон арқасын жылтып қыр,

Шыққа оранған ширығады бүрдік гүл.

Кезең асып күлімдеген күн кербез,

Қарашаүйдің түңілігін түртіп тұр

 

 Алтай мұңы

 Төрт бөлінген тұранымның тұрағы,

Алтайымда аспан жылап тұрады.

Кең далаңды кернейлетсе көк бөрі,

Ер бабамның естілгендей ұраны.

 

Тәңірімдей тәу ететін текті ием,

Жасыныңдай жарқылдасам көк тілем.

Асан жортқан алып құрлық төсінде,

Алтайымдай аңыз мекен жоқ білем.

 

Жатсынбассың жұмағыма баласам,

Шамырқансам шуағыңа таратам.

«Ағажайды» шырқағым кеп тұрады,

Қарағайлы қойнауыңа қарасам.

 

Қаным сіңді самырсынды жотаңа,

Тарихыңды тұмшалама тасаңа.

Сырыңды ұқтыр, шыныңды ұқтыр ботаңа,

Сақтан қалған сыбағалы босаға.

 

Селеулі қыр, сенен дүбір естідім,

Жон жараңды жырымменен тепшідім.

Қарақатты, қызылқатты қолаттан,

Қызыл қанның исі аңқиды, бек шыным.

 

Қайыңды өзек, тобылғы сай, ұшқатты,

Қиялымды, жыр әнімді ұштапты.

Тау сұңқардың қанатына мінгізіп,

Тал тұлпардың тізгінін де ұстатты.

 

Көңілімнің айтығанда бір әні,

Күмбез кеудем күңіреніп тұрады.

Алтай қайғым ортймасын ойласам,

Ертіс жасым етегімді жуады.

 

Мұнарыңдай мұң арылмай жүген ем,

Бұлағыңдай сыңғырласын сырлы өлең.

Шынарыңдай жақпар жарып шыңда өнем,

Қырыныңдай құзда туғам, құзда өлем!

 

Қабаның қысы

Қабада өткен қайталанбайды еш тағдыр,

Үкілі орманды сыңсытар дейсің кеш қайбір?.

Сілкінетіндей сезілуші еді аспан дүр,

Оқырын тарпып оқыранғанда бесті айғыр.

 

Қамыққанымен қараша үйдің қамы үшін,

Қиялап турап қаусайды шопан қазысын.

Аянмен аңдап алдағы күннің аңысын,

Тәтті қиялмен таң асырады тазысын.

 

Үскірік аяз, шымшылап бетті қарып тұр,

Ақжорға жүріп алқынып жатыр алып қыр.

Сүркейлі күннен әлде бір сұмдық бағып сыр,

Дәу қара төбет қыңсылап шиге сарып тұр.

 

Бұлғынды мекен, із қудыма екен бір тентек?,

Бозала таңда сырғақты мұзда бүрсектеп.....

Өмірдің жолын омбылап келем бүлкектеп,

Ақтазы қиял бала арманымды тірсектеп.

 

Тобылғы бүрлеп келеді...

Тобылғы бүрлеп келеді төлдеуліктегі,

Тербеліп тегі шіркіннің көзді еліткені.

Өкініп тұрған кезімде есіме алған,

Кекілік қуған күндерім кезбелікпе еді?.

 

Төрт түлік болған күйбеңі күн көріс деген,

Өзгеше баққа жұрт едік үйренсіпеген.

Жамырып жетер кешкілік көген басына,

Қозы-лақпенен қырқада бірге өрістегем.

 

Балғұмыр өткен ақшағыл жаңбыр аптаған,

Өізңдей құшақ ашады қай жұмақ маған?.

Шоғырлы жұрттың шулатып аламойнағын,

У тақым ұлды ұмытпас тай құлақтаған.

 

Атамның жортқан жонында айтөбел кері,

Тұратын аңсап секілді әр төбе мені.

Жеңгелер барған бастаудан шоқыраңдатып,

Атамның атын сурару мәртебе еді.

 

Атасыз жүрмін алақан айға көтермей,

Ертегі күннен не белгі айғақ етердей.

Құрық түспеген құлындай кекілді шағым,

Тобылғы сайда адасып қалған екен ғой.

 

Ескіжұрт

 

Үһілесем үн қосқан ырғайлы шың,

Жыр қайғысын ақынның тыңдаймысың?.

Сағынышым санамда ұлғайды шын,

Ақ бөркіңді алыстан бұлғаймысың?.

 

Жұпар лебі жұбытып аршылы қыр,

Алқабыңда адасып қанша әнім жүр?.

Жете алмадым, шаршадым, аңсадым құр,

Жұрт ойды екен жоныңнан қай сағынғыр?!

 

Тәңірімнен енші алған төсін еміп,

Егілтесің ескіжұрт есіме еніп.

Кербестіге мінетін кекіл өріп,

Кербез күннің кетсемші көшіне еріп.

 

Жақпарыңды жаңғыртып тошалалы,

Қайда қалды қалқаның қосар әні?.

Жылдарымның жетелеп жоталары,

Жаңбырың ғой жанымның босағаны.

 

Төрт түлігі мыңғырып ен жайлаған,

Елді ойлағам, сағынып жерді ойлағам.

Келмес күннің керуені-ай көз байлаған,

Енді ол заман сағымдай белде ойнаған.

 

Күй жылатты көңлімді ән жұбатпай,

Сезілуші ең серіңе мәңгі бақтай.

Ескі жұртқа елеңдеп тұрам ылғи,

Атағашын айналған арғымақтай.

 

Тауларды жалғап тағдрымменен

Өлеңмен өрмей өршіл үнімді,

Елегізбеуім ерсі бүгінгі.

Қырқаның лебі қалаға ұшады,

Қытығы кернеп кеңсірігімді.

 

Бәйшешек қырда бүршік атады,

Даламның гүлдеп тұрсын атағы.

Бөктердің желі әредігінде,

Көктемнің исін бұрқыратады.

 

Алты айлық қыс жоқ Алтайымдағы,

Қайғысын айтам қай таңымдағы.

Жылғалар жырлап сай сайымдағы,

Алатау абыз ән сағынбайды.

 

Тілдесем үнсіз таңғы нұрменен,

Арман ұрлайды әр күнім менен.

Қауышар екем қай қырыңменен,

Тауларды жалғап тағдырымменен.

 

Атаукере

 

- Алашым деген қаптаған месқарындарды көргенде аштан өлген қалың қазақ еске оралады екен...

 

Аштан өлген дейме тәйір көп қазақ,

Өзегімде өртке орайды кекті азап.

Сарарқаның самалынан зар ұққан,

Ағажайда жүрген атам оқ қарап.

 

Еміс, еміс құлағымда ертегі,

Неге естідім, неткен сұмдық дерт еді?.

Ағажайым Алашымның бөлшегі,

Шемен елдің шежіресін шертеді.

 

Бей, ағайын, басымыздан бәрі өткен,

Өксімейін өткенімді санап мен.

Қаңыраған қорасынан көк жалап,

Төрт түліктің тулағына зар еткен.

 

Тағдрыңды түршігеді тыңдап ұл,

Жаратқанның жазымышы бұлда бір.

Аңы өрмей қалған дейме тумағыр,

Құсы ұшпай қалған дейме шулағыр.

 

Жарты әлемде еншім ортақ, ен бірге,

Тұрған кезде есе бердім мен кімге.

Санамызға саңлау салып сөз бүрге,

Азғын қоғам ағайыннан бөлді ірге...

 

Уа, жаратқан, жылатпа енді жебесең,

Ойқой далам, құндағыңа бөле сен.

Қарғыс атсын соңғы атаукеремді,

Ағайынмен бірге бөліп жемесем.

 

 Ой өргізу

 Оңаша қырда отрам ой өрістетіп,

Құйғытып келет қу жалған өр, еңістетіп,

Жайланғаныммен жанымды желеміктетіп,

Пәниден сонда барамын не көріп кетіп.

 

Бір ауыз сөзбен тігіліп бәс тоғанағы,

Асығым алшы түскен күн еске оралады.

Көкдөнен көңлім тықыршып шідер үзеді,

Оқырға ойым кісінеп бос қорадағы.

 

О. Тайыр, қайдан сыңсыйды кеш самал әлі?

Желбіреп сонау жастықтың кесте орамалы.

Аһ ұра берем алданып түлкі арманыма,

Аңшыдай болып сыпырған кеш томағаны.

 

Бабалар рухын келемін бақ санап әлі,

Тәңірі көрген әмірі хақ тағаланы.

Қиялдың құсы мезгілсіз ойдан ұшады,

Айдынын аңсап арманның ақ шағалалы.

 

Жан едім жалқы мәңгі, ай тұмарлы

 

Ел едік ен даланы еркін жортқан,

Болғанмен сертің мақтан, дертің батпан.

Тоналып толқып жатқан көл сымбаттан,

Шыңдарым шежірелі шер шыңжатқан.

 

Атпайды баяғыдай таң шырайлы,

Жондардан жусан исі аңқымайды.

Жан едім жалқы мәңгі ай тұмарлы,

Күрсінсем көзден жасым тапмшылайды.

 

Тұманды тіршілігім қалың өрмек,

Жүргесін әбігер боп, бәрі меңдеп.

Самалды сарыжайлауын сағынар көр,

Жататын жалбызымен жанын емдеп.

 

Көрмейді-ау, енді ұрпақ көш керуенін,

Қырқанын қызықтамас ескен желін.

Көтерер күрсініспен бос белбеуің,

Көк түтіннің ішінде көк шөлмегін.

 

Аластау

 Ойқой,   менің кездерім ай керімсал,

Келмес күнге кеберсиді көңіл сәл.

Мақамына болмағасын мойынсал,

Өгейлігін ойлайды екен өмір шал.

 

Жолаушыдай жорық асын бөктерген,

Ешкімге де емексімей өскем мен.

Жан жарасын жалап жазып кектенген,

Арландардай айға ұлығам бөктерден.

 

Ұлар даусы естілетін шың құздан,

Шаттығым да оралмады шыл қуған.

Сағақ ойым сетінейді шылбырдан,

Мұң өртейді жамалымды шық жуған.

 

Жұмақ далам жұбанушы ем көркіңмен,

Ауырамын дертіңменен еркіммен.

Әр тасыңды аластайын көз тиген,

Күбір, күбір, сыбыр, сыбыр жел тілмен.

 

Аңсау

Көгеннен қозы ағытар, желіден құлын,

Төрт түлігінің оқыған көзінен мұңын,

Құтпаны келер өрістен өзінен бұрын,

Қарт шопан көрсем қайғысын сезінем бүгін.

 

Құрақтан сыбдыр естіліп, бұлақтан сыңғыр,

Жұбатқан жылдар жаныңнан сынаптай сырғыр...

Есіме алсам егілтіп жылатқан құрғыр,

Жұмақтай дәурен екен ғой, ұзатқан бұл бір....

 

Еншімді алған сан ғасыр ен жайлағанда,

Төлдеулік қайда?

                         Күтеулік,

                                  Төржайлау қайда?

Жетелегенмен жанымды армандар айға,

Сол күнге зар боп қалдым-ау сор қайнағанда.

 

Құрт ұрламайды өреден, құтыңда азайды,

Қойшыда келмес босаға сықырламайды.

Қарағай, қайың мосыда шытырламайды,

Тұманды таусыз қолқаны түтін қамайды.

 

Атан қомында өсекемін, асау жалында,

Осы-ау барымда сол шақтар, осы ау бағым да.

Тосам жауынға жонымды, тосам дауылға,

Бөрілі қаным тулайды қашан қанымда?

 

Келіспесе көңілдің күйі кейде,

Кінә тағып жүреміз дүйім елге.

Бірі төрге сүйрелеп бірі көрге,

Сүйінем де қоямын күйінем де.

 

Алақанмен тосқандай жүзін күннің,

Жаба тоқып жасырам мінін кімнің?

Әләуләйі әлдилеп бүгінгінің,

Сөзін айтам сандырақ бұрынғының.

 

Жылау көрген кезім көп, шыдам жеңген,

Шежіресін шертеді жырау кеудем.

Өтіп жатқан өмір ай бұғаулаумен,

Жауабы жоқ зымырып сұраулармен.

 

Жуындыңды аңдыйды ел, жырындыңды,

Сырың кімді толқытар, жырың кімді?!

Үйім гүлді болғанмен, миым мұңлы,

Ғұмыр құнды болмады-ау, тиын ғұрлы!!!!

 

Қоңылтақсу

Жанымда отырғанда жарым, балам,

Мен неге алақызып жарымдалам?.

Әлдебір жоғым бар ау табылмаған,

Әлдебір еншім бар ау алынбаған?!

 

Қарадай қоңылтақсып құлазыдым,

Қаңырап қара қосым, құба дүзім.

Адастым әуенінен бір әнімнің,

Құрышын кім қандырар құлағымның?.

 

Асан кешкен өмір бұл, Қорқыт қашқан,

Жерортаға келіппіз онша ұқпастан...

Сәттерімде ұйқымды талтүсте ашқан,

Жосылады жолдарым жортып басқан...

 

Көптен бері жүргені көңіл масаң,

Мойында екен бар қамыт мойындасаң.

Өткелегі өмірдің жолымда сан,

Түгенделер екен бір жоғым қашан?.

 

Мінез

Жылдарымның жиналып жең етегі,

Көңілімнің қоздайды көне шері.

Жақыныма жалбақтап жүргеніммен,

Жыртығынан қосымның жел еседі.

 

Жақының да жыныңды сынай бағып,

Күйзеледі жарың да жылай налып.

Жатқа жасым көрнібей, жырға өртеніп,

Шақша басым жүремін шыр айналып.

 

Иек артып келемін қос мүшелге,

Кенде емес өмірім дос, түселге.

Дегенімді жасадым жалтақтамай,

Тағылымын талайдың естісемде.

 

Мейлі, мейлі сынасын, қыңыр десін,

Мен өзге үшін сүрмеймін ғұмыр көшін.

Арқа қағып жүргендер қалта бағып,

Аулақ салып бұл күні жүр іргесін.

 

Ақын еткен болса егер тәңірім шын,

Бес күндіктің алданыш, бәрі құрсын.

Жоқшылыққа телінген тірлігімді,

Боқшылыққа сатпаймын соны ұғынсын!

 

Ертеңімде келеді ертеп атын,

Туылғанда тұл жалған дерт болатын.

Өтеді екен өмірі өртке жақын,

Жуасымай жалғаннан өткен ақын.

 

Өлең

Том, том тарту бермесемде мен елге,

Ес білгелі егіз екем өлеңге.

Шумақтары шұбатылып төбемде,

Тармақтары тарқатылып төменде.

 

Секілдентіп сетерлеген ұяң қыз,

Жаздым өлең, андыз, андыз, тым андыз.

Тірлік жолы тарам, тарам тұманды із,

Өлің үшін өкінбейміз бұған біз.

 

Көңілімнен астаң, кестең сең жүрді,

Тағдырымнан көкпар тартып, теңге ілді.

Өр рухымды бастырмаған ешкімге,

Өз ырқына өлең ғана көндірді.

 

Ат жетелеп, атан қомдап , бөзді алған,

Атамыздан айта жүрер сөз қалған.

Дұғамда осы, дуамда осы бар болған,

Әр өлеңім әр қазаққа көз маржан.

 

 Сырласу

 

«Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ!»

                                    Қасым Аманжолов

 

Бақыттымын,

Бостандыққа жеттім мен,

Кешегіме тіл қатамын кекті үнмен.

Тыңдатамын Ер түріктің рухын,

Көкбайрағын көккке ілген.

 

Бақыттымын,

Тілім азат –тірегім.

Дінім азат – тәңірімнен тіледім.

Ерім азат,

Елім азат – білерім,

Көгім азат,

Жерім азат – киелім.

 

Бақыттымын,

Алашымның қорғаны-

Қасиетті Қазақстан ордалы.

Еркін жортқан жолбарыстай жондағы,

Айбарлы елім аман болса болғаны.

 

Бақыттымын,

Еркіндігім елес ең,

Жаратушым, жылатпа енді жебесең.

Ақыны азат ғасырымның жырымын,

Қасымы жоқ демесең.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610