Алашорда

АҚПАН РЕВОЛЮЦИЯСЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

Мемлекеттік думаның мәжіліс залы

Биыл Ресей империясындағы мемлекеттік және қоғамдық құрылысқа түбегейлі өзгеріс әкелген Ақпан революциясына 100 жыл толады. Отарлық езгіден азат болдық деп қуанған қазақ халқының көңілін Әлихан Бөкейханов: «Бостандық күні туды», – деп білдірді. Жер-жерде жұрт үлкен серпіліспен өздерінің басқару органдарын құра бастады. Ахмет Байтұрсыновтың жазғанындай, қазақ халқы Ақпан революциясын қаншалықты түсінушілікпен шаттана қарсы алса, содан жеті-сегіз айдан кейін болған Қазан төңкерісіне соншалықты түсінбеушілікпен  қарады. Езілген халық үшін патшаның тақтан құлауы өте-мөте қуанышты жаңалық еді. Монархияның тарих сахнасынан кеткеніне бір ғасыр болған осы датаға орай жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарихын баян еткен рисәләсінен шағын үзінді беріп отырмыз.

Орыс патшалығы іштен іріп келе жатты. Озбыр  самодержавиелік қасаң тәртіпке, халық мұқтаждықтарын қамтамасыз ете алмаған монархияның әміршіл режиміне  көнбеген наразылық ереуілдері бүкіл империяны жайлады. Майдан далаларында да абыройсыздық көбейді. Жауынгерлер соғыстан бастартып, елге қашуды жиілетті. Ұлы төңкеріс тақалып келе жатты. Ұлы төңкеріс қазанын Қазақ даласында Он алтыншы жылғы Маусым жарлығына мойынсұнбаудан басталып, халықтың ұлт-азаттық көтерілісіне ұласқан қарсылық ошақтарының от-жалыны  да шарпыды. Жәй шарпыған жоқ, революция өртін үстемелей түсті.

Әсіресе революцияшыл Петроград айрықша дүбірлеп-гуілдеп жатты. Астанада  ұшқын түссе болды, тез тұтанып, лаулай жанатын ахуал орнаған-ды. Азық-түлік тапшылығы көзге ұрды. Дүкендер алдында таң қараңғысынан кезек алып, күн ұзақ шұбатылып тұрған адамдардың ашу-ызасы кемерінен асып бара жатты. Олар үкіметтің биліктен кетуін талап ете бастады.

1917 жылғы аязды ақпанның 23-жұлдызында қаладағы тоқыма фабрикаларында істейтін жұмысшы-әйелдер ереуіл жасады. Күн бейсенбі еді. Ереуілдеуге тап сол күнді таңдап алулары тегін емес-тін. Содан жеті  жыл ілгеріде, социалист-әйелдердің Копенгагенде өткен екінші халықаралық конференциясында, осы күн әйелдердің халықаралық ынтымақтастық күні ретінде белгіленген еді. (Күнтізбенің ескі жүйесін – Юлий календарын 1918 жылғы ақпанға дейін қолданған Ресейдегі 23 наурыз бұл кезде Григорий календарын қолданатын батыс елдерінде 8 наурызға сәйкес келетін. Петроградтағы революциялық оқиғалар осы халықаралық әйелдер күні басталды. Біз Ақпан революциясы деп атайтын 1917 жылғы ақпан айының соңғы күндеріндегі ұлы төңкерістің болған уақытын батыста Наурыз революциясы дейтіні сондықтан.) Мереке болатын.   Сондықтан да олар жұмысты тастап, үкіметтен  азық-түлікпен қамтамасыз етуді «Нан бер!» деген жалғыз да ащы ұранмен  талап еткен қалыпта көшелерге шықты. Оларды ер-азамат жұмысшылар қолдады.

Ештеңеден  тарығып көрмеген патшайым халықтың дүкеннен әлдебірдеңе ала алмадық деп соншалықты буырқануына таңырқап:

– Бұларға не жетпейді? – десе керек.

Ұнжырғасы  түскен қызметшісі жағдайды:

– Нан аз, баршасына жетер емес, – деп түсіндіріпті.

Сонда патшайым:

– Онда,  дүкендерден жеткілікті мөлшерде табылып, тұрғындардың бәріне тиюі үшін, үлкен бөлке орнына шағын тоқаш пісірілсін, – деген ұсыныс айтса керек.

 Төрт құбыласы түгел патшайымның жоқшылықты  бөлке орнына тоқаш үлестіру арқылы жоя салмақ болған қылығы жайындағы мысқылды әжуа жұрт аузында күйінішке тұна айтылып жүрді. Патшаның ерік-жігерін әйелі билейтіні жөніндегі көптен белгілі сөздердің растығына талай мысалдар келтіріліп, адамдар ашынған үстіне ашына түсті. 

Ақпанның соңына қарай тәртіпсіздіктер тіпті күшейді. Толқуды басуға қарулы күштер жұмсалды. Оған ыға қояр жұмысшы қауымы жоқ, қарсы сезіммен дүр сілкініп, көшелерде бекіністер орнатты. Ал атты казактар мен қарулы солдаттар көтерілген халыққа ашық іштартты. Ереуілді күшпен басып-жаншу мүмкін болмай қалды. 27 наурызда революцияның шырқау шыңына беттегенін танытқан солдат бүлігі орын алды.

Патша үкіметінде еш бедел қалмады. Үкімет жағдайды билей алмады. Билік оның уысынан шығып кетті.

Тіпті ақ патшаның өзінің абыройы айрандай төгілді: оның елді тыныштандыру ниетімен берген пәрмендері орындалмай қала берді!

Бір кездері ол халыққа өкілдерін таңдап сайлап астанаға жіберу арқылы заң шығаруға атсалысу құқығын сыйлаған еді, бірақ сонау өзі туғызған өкілдік мекемені, тым еркінсіп бара жатқанын көрген сайын, өзі тұншықтырып отырды. 

Бірінші Мемлекеттік Думаны, депуттардың Дума қабырғасында заңмен көзделген бес жыл мерзім бойына жұмыс істеуі түгіл, алғашқы сессиясын аяқтауына мүмкіндік берместен қуды. Екіншісін де шапшаң тарқатып жіберді. Өзі тудырды, өзі өлтірді. Думаның даму бағытын державалық пәрменді қолымен өзгертті, ұлы орыс мемлекетінің жарқын болашағы үшін байырғы да сенімді арнаға бұрды – Үшінші Думадағы император десе ішкен асын жерге қоятын самодержавиешілдер осылай пайымдады. Солардың басымдығы нәтижесінде үшінші шақырылымға сайланған депутаттар заңды бес жылдық мерзімді бөтен у-шусыз толық атқарып шықты. Патша олардың байыпты мемлекеттік іске қызмет ету жолына түскеніне разы болған.

Алайда Төртінші Дума олай етпеді. Әуелі соғыс мәселесіне сұғынды. Сонысын көргенде оны патша былтыр қуды да жіберді. Бірақ біржола тарқатқан жоқ, қашан аяқталары белгісіз ұзақ мерзімдік каникулға айдады. Содан Думаны күзде, шет аймақтардың дүрлігуін басарлық, майдан тағдырына ықпал етерлік  күш ретінде, жаңа сессиясына шақырған. Бекер шақырыпты. Дума елді тыныштандыруға тырыспады, қайта, бүліктерге жел бере түскендей болды. Дума төрағасы Родзянко төніп келе жатқан қауіп-қатер мен патша тарапынан жасалуы тиіс шара жайында қыңқылдауды үдетті. Сонда патша Думаны біржолата тарқатуға пәрмен етті.

Масқара! Мемлекеттік Дума Мемлекет басының әмірін елең қылмады! Патша пәрменіне қасақана, ол, монарх заңымен заңсыз дәрежеге түсірілген Төртінші Мемлекеттік Дума, пәрмен шыққан күннің ертеңіне заңсыз мәжіліс өткізді. Өткізді де, депутаттар ішінен мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті жөнге келтіруді ұйымдастыруға тиіс деген желеумен Думаның Уақытша комитетін құрды.

 Солдаттар топ-топ болып қала кезіп жүрді. Біреулер ұнамсыз полицейлерді іңір қараңғылығымен де, тіпті тапа-тал түсте де, тұп-тура телеграф бағандарына асып қойды. Қаланың әр тарабынан талай генералдар мен биік әскери шенділер тұтқындалды. Олар жүк машиналарымен тасымалданып, Таврия сарайы қақпасы арқылы төңкерісшілер ұясына кіргізіліп жатты.

***

Осылай ретті де, ретсіз де сапырылыса тулаған революция толқыны, ақыры, Екінші Николайды тақтан түсуге мәжбүрледі.

Майдандағы жағдай мәз емес еді, жоғарғы бас командашы ретінде оған оқиға тетіктері шоғырланған орында – Могилев қаласындағы Ставкасында ахуалды сараптап, стратегиялық нұсқауларын беруге тиіс-тін.

Генерал М.В. Алексеев

Могилевте жоғарғы бас командашының штабын генерал Алексеев басқарып отырған. Оның майдандардан тездетіп алып тұрған ақпараттарымен танысу қажет, уақыт талап ететін қажетті шешімдер жасауы керек. Сондай жоспарымен  ақпанның аяғына қарай алтын самұрықты көгілдір пойызына мініп, буырқанған майдан жағдайымен тікелей танысуға бет алған-ды.

Генерал Н.В. Рузский

Наурыздың бірінде пойыз Псковқа келді. Қала түбіндегі елеусіз бекетке тоқтады. Қалада Солтүстік майданның штабы орналасқан болатын. Оның вагонына  майдан қолбасшысы генерал Рузский келді.

– Ұлы Мәртебелім, – деді ол, – солдаттар революциялық бұзылу үдерісінің ықпалына түсіп алған, әскери тәртіпке мойынсұнбайды. Маған соғысқа кіруден  қашқан жүздеген жауынгерді трибуналға беруге тура келді. Біздің Солтүстік майданның соры Рига мен Двинск болып тұр. Әбден насихатпен уланған осы екі құзғындар ұясын мен, командашы ретінде, біздің әскеріміздің шабуылға беттеген жолында жатқан кедергі деп білем. Бұл тарапта бірінші кезекке саясат шықты, Ұлы Мәртебелім, соғыс мақсатын мұнда ойлауды қойған...

Инфантерия генералы Николай Владимирович Рузский алпыстың үшеуіне келген, орыс-түрік соғысына да, жапон соғысына да қатысқан, байырғы әм тәжірибелі әскери адам болатын. Дүниежүзілік соғыс басталғалы да алғы шепте. Әуелі Оңтүстік-Батыс майданда үшінші армия қолбасы болды, одан Солтүстік-Батыс майданды басқарды, соңғы кездері – Солтүстік майдан қолбасшысы.  Ол әскербасылардың бірқатары  тәрізді, патша тұлғасына наразы сезімде еді.  Елдегі жаппай жайлаған келеңсіздік үшін, әсіресе Сібір мұжығы Распутиннің  Сарай ішіне билік жүргізуіне жол бергені үшін оны іштей кінәлап, ұнатпайтын. Көңіліне Мемлекеттік Дума тарапынан шыққан өкімет билігінің дәрменсіздігін доғару жайындағы үндеуі жағып жүрген-ді.

ІІ Николай

Императорға жалпы жағдайды баяндап болып, майдан ставкасына оралысымен ол Петроградпен сөйлесті...

Патша пойызы Псков түбіндегі Дно (атауы әлдененің түбі, табаны, асты ұғымын білдіретін сөзбен мағыналас) теміржол бекетінде тұрған. Таңғажайып та үрейлі сәйкес келушілік... Тағдырдың өзі алып империя қожайынының биік тақтан аяқ астына құлдырап құлайтынын  осы тылсым сәйкестікпен – оның асыл темірмен шегенделген, бес қаруы бойына асулы таңдаулы жасақпен қорғалған, жайлы да сенімді көлік-тұрағы келіп тоқтаған осы бір бекет атымен мегзеген секілді. Бекеттің   атына ә дегенде ешкім мән бермеген-ді, өйткені аса маңыздысы – сонда орын алған тақтан бастарту сынды  тарихи оқиға болатын...

Наурыздың екісі күні таңертең император вагонына майдан командашысы генерал Рузский кірді. Төте желімен Петроградтағы Дума төрағасымен сөйлескен екен, ұзын таспадан патшаға соны оқып берді. Байыппен өз пайымын қоса айтты.

4-ші Мемдума төрағасы Михаил Родзянко

Родзянко қаладағы жағдайдың асқынып тұрғанын хабарлапты. Шиеленіскен ахуалды Дума шеше алар емес. Өйткені социал-демократтар партиясы құрған жұмысшы комитеті төбеге шығыпты. Олардың қай заманнан көтеріп келе жатқан ұраны императорға әбден мәлім, солардың азғыруға тұнған үгіт-насихаты бүткіл елді жайлап алған, қазір бар кемшілікке бас айыпкер ретінде патшаны атамайтын адам жоқ.

Осындай қиын жағдайдан елді аман алып шығу үшін Ұлы Мәртебелі патша ағзамның тақтан бастартқаны өте қажет болып тұр.

Рузский мұны бүкпелемей, қысылып-қымтырылмай, императормен бетпе-бет, көзбе-көз тұрып-ақ атап айтты.

Міне не дейді ол! Зор қоңыр дауысы үшін Мемлекеттік Думаның төрағасы болуын патшаның өзі қалаған Родзянко! О Құдайым менің! Екінші Николайдың өзі дүниеге келтірген  халық өкілдігі мекемесінде заңнамалық-шығармашылық жұмыс істеуге өз пәрменімен ел ішінен таңдап сайлатқан депутаттарға өз ықыласымен басшы еткен Родзянко! Міне сол осылай дейді! Ал мына Солтүстік майданды басқаруға тағайындаған генералы үнінен де, жүзінен де қынжылыс танытпай, сазарған түрмен соны қолдап отыр. Қалыптасқан жағдайда тек солай еткен жөн дейді. Және осы бір опасыздық ұсынысты еш қиналмастан, қобалжымастан, жаны ауырмастан  мақұлдайды...

Патша ауыр сезіммен біраз ойға шомып отырды. Сосын іштей әлдебір шешім қабылдады да, алдындағы шағын қалыпты көкшіл параққа әлдебір жазба түсіріп, Рузскийге қарай жылжытты. Жазған мәтінін төте желімен ставкаға тездетіп жолдауға әмір етті.

ІІ Николайдың тақтан бастарту манифесі

Могилевта Жоғарғы бас қолбасшы штабын басқарып отырған генерал Алексеев майдан далаларындағы барлық командашылардың пікірін телеграфпен шұғыл сұрастырсын. Патшаның қағазға түсірген  тапсырмасы осыған саятын. Қарсысында отырған майдан командашысы жазбаны папкасына салып алды да, Псковтағы ставкасына кетті.

Генерал  Рузский түс ауа оралды. Могилев тікелей байланысының аяқталғаны сол екен. Ставка штабының бастығы  генерал Алексеев барлық орыс армиялары мен соғыс-теңіз флоттарының командашыларын телеграфпен сұрастырып үлгерген көрінеді. Шамамен сағат екі жарым шамасында күллі сұрау салған әскери басшылар жауаптарын беріп болыпты. Рузский патшаға соның нәтижесін хабарлады.

– Ұлы Мәртебелім, қолбасылардың баршасы Сіздің тақтан бастартқаныңыз дұрыс деп санайды. Тек Қара теңіз флотының командашысы адмирал Колчак қана қалыс қалды.

Адмирал Колчактың таққа берген антына адалдығы ІІ Николайдың жүрегіне жылы тиді.

Бірақ ол жалғыз еді...

Бәрі, тіпті. Жоғарғы бас қолбасшы штабының бастығынан бастап, мына тура өзінің императоры әм биік әскери бастығының алдында мәселені төндіре баяндап тұрған майдан командашысына дейін, бәрі-бәрі бір жақ болатын. Мұны патша терең түйсінді. Рузскийдің бейтарап сарынды сөзіне құлақ сала тұрып, баршасының өзара сөз байласқандай бір ауызды болып бара жатқанына көзі жете түсті.

Думаның дуылдап тұрғаны анау. Самодержецтің, ел басшысының пәрменіне пысқырмай, қоғамды жаңаша қоздырып тұр...

Патша тақтан бастартқан сәтке куә болғандар: император сарайының министрі граф В.Б. Фредерикс, солтүстік майдан әскерлерінің командашысы генерал Н.В. Рузский, патшаны тақтан мұрагер пайдасына бастартуы үшін үгіттеуге келген Дума депутаттары В.В. Шульгин мен А.И. Гучков, сарай коменданты В.Н. Воейков, II Николай

Император свитасының гвардиялық экипажының командирі контр-адмирал   Ұлы Князь Кирилл Владимирович, не түлен түрткенін,  күні кеше ғана өзі және өзіне сеніп тапсырылған  гвардиялық экипаж жаңа үкіметті қолдайды деп жария етті. Онысы аздай, Император Үйінің осынау мүшесі Патша Ауылы (Патша Селосы, Царское Село, қазіргі Пушкин қаласы) гарнизонының барлық бөлім бастықтарына өзінің  гвардиялық экипажды бастап жасаған қадамын қолдайтындықтарына сенім білдірген хат жолдады, сосын кеудесіне қызыл бант тағып, гвардиялық экипажды Дума төрағасы Родзянконың қарамағына тікелей өзі алып келді. Бұл жайындағы алып-қаштылау хабар ұшығы Дно бекетінде вагонда отырған ІІ Николайға да жеткен.

Демек, бұл да жалғыз...

Патша мұңды жанарымен  Рузскийге қадала қарап:

– Жағдай түзелуден кетті ме деймін, Николай Владимирович, – деді.

– Сіз қазіргі ахуалды айқын пайымдап отырсыз, Ұлы Мәртебелім, енді бекем шешімге келгеніңіз дұрыс, – деді  Рузский сеніммен, – қазіргі сәтте Сіздің тақтан бастартуыңыз біздің көп қасірет шеккен сүйікті отанымызды құтқаруға бағытталған игі  шара болмақ. Тәуекел етіңіз!

Солтүстік майдан командашысы бүкілресейлік патшаны – осынау жаһанды шарпыған зор соғыста Жоғарғы бас қолбасшылық лауазымды өзі атқарып отырған императорды – күллі билігінен бастартуға шақырды. Жаға ұстатарлықтай батылдық. Әлде өзіне-өзі сенімді сатқындық... Император ойға батты. Генералы биік әміршісін қорғауды ойына да алар емес, ол оны өзін-өзі жоюға итермелеп тұр. Алдында басқалардың пікірі жайында хабар жеткізуші секілді көрінсе, енді, тіпті, патшаны өздерінің сол ортақ ойларын орындату жолына ашық үгіттей бастағаны айқын аңғарылды.

– Түсінем, генерал, – деді ІІ Николай ұстамды сөйлеп. – Россияны күйреу қатерінен аман сақтап қалу үшін, армияны майдан далаларында ұстап, солдаттарды сабырға шақыру үшін, соғысты жеңісті шыңына жеткізу үшін мен осы қадамға тәуекел етуім керек. Мен келісемін. Солай деп хабарлаңыз.

***

А.Ф. Керенский

Мемлекеттік Думада айналадағы астан-кестен оқиғаларға император тарапынан жағдайға сай әрекет жасауға тырысушылық байқалмайтыны қынжылыспен әңгіме болғанда, Думадағы революцияшыл партиялар өкілі депутат Керенский:

– Ежелгі  Римде Брут не істеген болса, бізге де соны жасау керек! – деді.

Мұны айтып тұрған – заңгер, адвокат, Төртінші Думаға трудовиктер тізімімен өткен депутат, трудовиктер фракциясының төрағасы, социал-демократ, кейінгі кездері – социалист-революционер, Петросовет (Петрокеңес, Петроград жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі) төрағасының орынбасары Александр Федорович Керенский. 

Шошынатын сөз. Мемлекеттік Думаның оңшыл және либерал мүшелерінің көбі іштерін тартты.

Рас, оның екінің бірі біле бермейтін құпия қызметі де бар еді. Ол Ресей масондығының жетекшілерінің бірі болатын. Самарада Әлихан Бөкейхановпен де сол масон ложасындағы бауырлас ретінде табысқан. Кейін ол Россия масондары жоғарғы кеңесінің мүшесі боп  сайланды. Жалпы, ложадағы бауырластық оны жастай биік лауазымдарға жетектеп бара жатқан-ды. Ал осынау халық өкілдігінің мүшелері ішінде ложалас ықпалды бауырлар едәуір еді...

Дума мүшелерінің осынау жас та қызба әріптесі шешендікке салынып, алыс заманда астыртын сөз байласқан қырық төрт республикашының диктатор Цезарьге қарсы шығу тарихын еске алды. Көпшілікке мәлім, сондағы астыртын сөз байласқандарды ұйымдастырушылардың бірі болған Марк Брут бар билікті бір қолға шоғырландырып, жеке билеушіге айналған монарх  Цезарьге бірінші болып қанжар салыпты делінетін аңыз бар-ды. Міне сол аңызды жадта ояту арқылы бұл депутат халық өкілдері мекемесін биік дәрежелі қылмысқа итермелеп тұрғандай болды.

Кезінде түрлі буындағы мемлекет қызметіндегілерге қастандық жасауымен бірден-бір терроршыл ұйым ретінде танылған эсерлер қатарына осы революция күндері кірген, әрі әлемдік құдайсыз, дінсіз бауырластық құруды аңсайтын таңдаулы «тас қалаушы шеберлердің» құпия ұйымы жетекшілерінің бірі, жоғары дәрежелі масон Керенский Ресей императорын өлтіруге әріптестерін ашықтан ашық шақырып тұр. Жоқ, бұл демократиялық өзгерістер сипатына келіңкіремейді. Патшамен заңды арна ауқымында келіссөз жүргізу керек.  

 ІV Мемлекеттік Думаның Ақсақалдар кеңесі құрған Уақытша комитет жағдайды талқылай келіп, Екінші Николай аялдамастан тақтан бастартуға тиіс деп шешті. Тақ мұрагері жайындағы заңды ескеріп, патша өз орнына таққа отыруға он төрт жасар ер баласы Алексейді қалдырады деп ұйғарды. Ал патшазада әлі жас болғандықтан, оның жанында ІІ Николайдың туған інісі ұлы князь Михаил регенттік қызмет атқаратын болсын. Революционер Керенский Уақытша комитеттің бір мүшесі ретінде оған амалсыз көнді.

В.В. Шульгин

Патшаның тақтан бастарту манифесі мәтінінің жобасын Уақытша комитеттің мүшесі Шульгин жазды. Алайда Петросовет мәтінге ескертпе жасады. Революцияшыл социал-демократиялық ұйымдар кеңесінің атқару комитеті патшаның биліктен ешқандай қосымша шарт жасамай, біржолата кеткенін қалады. Дегенмен мәселе Уақытша комитет белгілеген заңды ауқымда қарастырылуға тиіс, бұлай болуын талап етуге қалалық революциялық органнан гөрі жалпыхалықтық Дума әлдеқайда құқылы. Думаның Уақытша комитеті осылай ұйғарды.

Содан туындайтын жалпы нұсқаумен Комитет қазір патша пойызы аялдап тұрған Псковқа делегация жіберуді қош көрді.

Делегация құрамына екі адам тағайындалды.

А.И. Гучков

Бірі – елу бес жасар Мемлекеттік Кеңес мүшесі Александр Иванович Гучков. Ол «17 қазан» партиясының құрылғалы бергі тұрақты серкесі. Родзянкоға дейін үшінші Дума төрағасы болған  саяси қайраткер. Соғыстың  екінші жылынан бері орталық әскери-өнеркәсіп комитетінің төрағасы.

Гучков елдегі жоғарғы билік азды, азғындады деп санайтын. Солай санағандықтан да – патшаны әулеттік төңкеріс жасау жолымен тақтан тайдыру жоспарын құрған. Былтырдан бері соны пысықтаумен және қайткенде жүзеге асыруды ойлаумен жүрген. Биыл соның ретін құдайдың өзі келтіре салды. Мемлекеттік Дума мүшелерінің ішіндегі аға ұрпақ санатындағылар дүрлігіңкі шақтағы ел басқару жұмысын реттеу үшін сайлаған Уақытша комитеттің құрамына оны да қосты. Ол Комитетке ықыластана кірді. Өйткені өзінің ел тағдырына игілікті әсер етуді көздеген ойын жүзеге асыруға тікелей мүмкіндік туды деп есептеді. Сондықтан да патшамен көзбе-көз сөйлесіп, келіссөз жүргізу жайындағы тапсырманы өзінің отан алдындағы парызын сезінгендік кейіппен қарсы алды.

Комитет делегациясының оған серік болған екінші  адамы Думадағы бірқатар фракциядан құралған Прогрессивті блок мүшесі, ұлтшылдар фракциясы серкелерінің бірі, жазушы, журналист Василий Витальевич Шульгин еді. Ол  әзірлеген мәтін – патшаның тақтан тусуі жайындағы манифест жобасы – императорға алдын ала таныстырылуы үшін, телеграфпен ставкаға жөнелтілді.

Делегацияның мақсаты –  Комитетте келісілген мәтін мазмұнын патшаның қабыл алуына, сөйтіп, қол қоюына қол жеткізу. Сол  үшін бұл екі өкіл  оның тікелей өзімен Дума Комитеті атынан келіссөз жүргізбекке және бастарту манифесіне қол қойғызып, сонау құнды құжатты өздерімен бірге алып қайтпаққа міндеттенді. Тапсырма айқын. Екеуі шұғыл жолға шықты.

***

Псковқа келген делегацияны әуелі генерал Рузский қабылдады. Патшаның бүгін түс ауа майдандардағы әскербасылардың да беделді әм ықпалды ойларын естігендігін, жағдайды іштей әбден саралағанынан шығар, биліктен бастартуға келісіп отырғанын хабарлады. Ставкадан түскен бастарту мәтінінің жобасын патшаға бергенін айтты.  Содан соң император пойызы тұрған бекетке Дума Комитеті өкілдерін өзі бастап әкелді. Дума делегациясының келгенін патшаға мәлім етті. Делегация мүшелері Гучков пен Шульгиннің қол қоюға дайындап, өздерімен бірге ала келген тақтан бастарту манифесінің мәтінін жеткізді.

Император оңаша ойланды. Көп кешіктірмей оларды әңгімелесуге шақырды. Думада болған соңғы жаңалықты сұрастырды. Осы өткен түнде Дума Комитеті мен Петросоветтің атқару комитеті үкімет басына лайық делінген кандидатураларды ұзақ талқылаған. Патша сол мәжілісте үкіметті басқаруға Родзянко мен Львовтың бірін таңдауға тура келгенін естіді. 

Патшаның алдында отырған депутат Шульгин Дума төрағасы Родзянконы үкімет басынан көргісі келді. Алайда кадеттер көсемі Милюковтың табанды түрде қатты тартысты. Тамағы жыртылғанша айтысты. Думалық комитет пен қалалық кеңес аткомы мүшелерінің бірлескен отырысына қатысушыларды, түптің түбінде, өз иланымына жыға білді. Сөйтіп, жақтастарының көпшілікке айналуы нәтижесінде, премьер лауазымы князь Львовқа тиіп тұр. Таңдау осылай Рюриковичтер тұқымының бүгінгі ұрпағына  түсті. Бұл шешімді патша да қолдаса, оңды болар еді...

Сосын патша тағы да оңаша қалды.

Делегация қабылдау бөлмесінде сарылып ұзақ отырды. Олар  императордың соңғы шешімі мен әрекетін күтті. Кабинетке  патшаның көшпелі кеңсесінің қызметкерлері әлсін-әлсін кіріп-шығып жүрді.

ІІ Николай  патшалық ғұмырында қол қоймақ соңғы манифесінің мәтінін терең күрсініспен тағы бір оқып, ақырғы түзетулерін енгізді.

Не керек, түн ортасы шамасында, делегация ішке шақырылды. Гучков, Шульгин, Рузский бастаған бірқатар жоғары дәрежелі лауазым иелері кабинетке кірді. Міне олар Екінші Николайдың  алдында тұр.

Патша жүзі жабырқау болғанмен, сабырлы және жинақы көрінді. Шағын үстел жанында түрегеп тұрып, әуелі өзінің мемлекет ісін басқарудағы сабақтастықты жоғалтпай, оның ырғақты жұмысының жалғаса беруін  қамтамасыз етуді көздейтін шешімдер шығарғанын хабарлады. Сол  мақсатына орай князь Львовты министрлер кеңесінің төрағасы және ұлы князь Николай Николаевичті жоғары бас қолбасшы лауазымдарына тағайындау туралы пәрмендерге қол қойғанын айтты.

Сосын үстел үстінде жатқан телеграф бланкіне ұқсайтын шағын қағаздардың бірін қолына алып, соның бетіндегі машинкаға бастырылған мәтінді ақырын дауыспен оқып шықты:

– Ставка. Штаб бастығына. Біздің отанымызды үш жылдан бері басып алуға тырысуға ұмтылып келе жатқан сыртқы жаумен ұлы күрес жүргізіп жатқан күндері Құдай-Тағала Россияға жаңа да ауыр сын жіберді. Басталып кеткен ішкі халық толқулары тегеуірінді соғысты одан әрі жалғастыруға қатты залалын тигізетін түрі бар. Россияның тағдыры, біздің қаһарман армиямыздың абыройы, халық игілігі, біздің қымбатты Отанымыздың күллі болашағы соғысты қайткенде де жеңісті шыңына дейін жеткізуді талап етеді. Қатыгез дұшпан ақырғы күшін күшене жұмсауда, біздің айбынды армиямыз өзіміздің даңқты одақтастарымызбен бірге қимылдап, жауды біржолата тұқыртатын сағат тақау қалды.

Ол бұл жолдарды сеніммен оқыды. Тыңдаушылар жоғарғы бас қолбасшының өз Ставкасына жолдап отырған хатының мазмұнын түсіністікпен тыңдап отырғандай еді. Бірақ сол жолдардан кейін хат мәтіні бұлар күткен бағытқа ауысып, бойларын бір дір еткізді. Патша екінші тілікше қағаздан мыналарды оқыды:

– Россия өміріндегі осы шешуші күндерде Біз халқымыздың тығыз бірлесуі мен барлық халықтық күштердің  жеңіске тезірек қол жеткізуі жолында топтасуын жеңілдетуді өз арымыздың парызы деп санадық та, Мемлекеттік Думамен келісе отырып, Біз Россия Мемлекетінің Тағынан бастартуды және Өзімізден Жоғарғы билік тұтқасын босатуды игілікті іске баладық.

Бастарту рәсіміне куә болып тұрған делегация мүшелері де, генерал Рузский бастаған өзгелер де жеңілдене тыныстады. Ең басты шаруа шешілді. Самодержец тақтан кететінін аян етті.

10 сағат император болған князь Михаил Александрович

Патша қолына үшінші бөлтек қағазды алды:

– Біз Өзіміздің сүйікті Ұлымыздан айырылуды қаламағандықтан, – осылай дегенде ол даусы сәл дір етіп бір күрсінді де, артынша қатайыңқыраған үнмен оқуын жалғастыра берді, – Өз  мұрамызды Біздің Бауырымыз Ұлы Князь Михаил Александровичке береміз және Оның  Россия Мемлекетінің Тағына отыруына ризашылығымызбен оң батамызды береміз.

Уақытша комитеттің отырысында патшаның тақтан түсу реті мұрагерлік заң тұрғысынан егжей-тегжейлі әңгіме болған. Сол мәслихат естерінде тұрған делегация мүшелерінің басына: «Бірақ бұл заңсыздық қой», – деген ой келді. Дегенмен мәселенің басқа қырлары да бар еді. Мәселен, көпшілік ІІ Николайды билік ісіне тым араласқыш әйелімен қоса соншалықты жек көріп тұрған қазіргі мезгілде, тақтың оның ұлына берілуі заңды болғанмен, өте ұнамсыз қабылданар еді. Мұрагердің әрі денсаулығы нашар, әрі жасы жетпеген. Егер ол заңды жолмен таққа отырса, онда кәмелетке толмаған  патшазаданың қасында әке-шешесі жүреді, демек, бүгінгі биліктің түрі мен бағыт-бағдары сол қалпы қала береді деген сөз емес пе...

Өзіне дайындап ұсынылған мәтін жобасын ІІ Николай тақ ізбасары жайындағы заңға кереғар етіп неге бұлай өзгертті? Шынымен, өзі айтып тұрғандай, баламнан ажырап қалам деп қорықты ма? Әлде басқа астыртын есеп болды ма? Оны енді біліп болмайды. Тарихи сәтке куә болып тұрғандардың кейбірі мұны іштей ғана ойлады. Қазір тақтан түскелі тұрған патша өзінің ізбасары мен халқына арнаған тілегін аян етуде:

– Өзіміздің Бауырымызға заң шығарушы мекемелердегі халық өкілдерімен олардың ант ішіп бекіткен бастаулары негізінде толық және бұлжымастай біріге отырып, мемлекеттік істерді басқаруын парыз етіп тапсырамыз.  Отанның барлық адал ұлдарын оның алдындағы өз борыштарын ыстық ықыласпен жақсы көретін атамекен үшін орындауға, жалпыхалықтық басқа күн туған ауыр минутта Патшаға бағынуға және халық өкілдерімен бірге Оған көмектесуге, сөйтіп Россия Мемлекетін жеңіс, рахат және күш-қуат жолына алып шығуға  шақырамыз.  Ылайым Жаратқан Құдай Россияға жәрдем берсін...

Көтеріңкі пафоспен айтылуға тиіс сөзін, әсіресе соңғы сөйлемін басыңқы үнмен естіртті. Тарихи оқиғаны көз алдарында өткеріп, өзіне қадала қарап тұрған жандардың жанарлары астында, асықпай орындығына барды. Отырып, мәтінді оқыған қағаздарын үстелге  қойды. Толқып біраз тұрды. Генерал Рузский алға шықта да, бір қолымен оның қолынан ұстады. Екінші қолымен ІІ Николайдың тақтан бастарту туралы манифет мәтінін жазған қағазын үстелге бастырып ұстаған қалпы, енді бұлтарудың мүмкін еместігін, қол қоюы қажеттігін айтып, патшаны жігерлендірді. Патша қысылған әрі еңсесі түскен жүзбен айналасына қарады. Баяу қимылмен қаламсауыттан қарындаш алды. Сосын әлгі қағазды өзінің алдына жылжытып, мәтін астына өз қолымен есімін жазды... 

***

Бәрі кетті. Екінші Николай жалғыз отыр. Соңғы сәттегі оқиғаларды, бодандарының қылықтарын іштей біраз саралады. Зілмауыр сезім еңсесін басты. Көзін жұмып, қолымен маңдайын тіреді.

– Айналам толы опасыздық, сатқындық, қорқау қорқақтық пен жалғандық, өтірікке тұнған алдап-арбаушылық! – деп күбірледі.

Патша пойызы үшінші наурызға қараған түннің сағат тілі бірді көрсеткен  кезінде орнынан қозғалды. Алайда экс-императорды абыржыған отбасына қосуға асыққан жоқ. Псков түбіндегі тылсым атаулы бекеттен Могилевке қарай жүріп, сондағы Жоғарғы бас қолбасшы Ставкасында әскерінің жай-күйімен таныстыруға бет алды.

Тақтан бастартқан императорды 3 наурыз күнгі ымыртта штаб бастығы қызметіндегі генерал Михаил Васильевич Алексеев пен Ставкадағы өзге генералдар мен офицерлер қарсы алды. Кешкісін Родзянконың Алексеевке жеткізген хабарын естіді.  Ұлы князь Михаил Александрович Ресей Тағынан түскен ағасы Николай Александровичтің өзіне мұра етіп отырған биік лауазымынан бастартыпты.

Ертеңіне генерал Алексеевпен әдеттегісіндей мәжіліс құрды. Сосын Алексеев Уақытша үкіметке оның тілегін жеткізді. Император Патша Ауылына оралуға, балаларының денсаулығын түзегенінше сонда бола тұруға, содан соң Мурманск арқылы Англияға отбасымен кетуіне рұқсат сұрапты. Үкімет өтінішін қанағаттандыруды мақұл көрген.

 Ал Алексеев Уақытша үкіметтен де, ІІ Николайдың өзінен де бір жәйтті бүгіп қалған-ды. ІІ Николай інісі таққа отырғысы келмеген соң, шешімін өзгертіп, тақты баласына бергісі келген екен. Тиісті жеделхатты Уақытша үкіметке жіберуді штаб бастығы генерал Алексеевке тапсырған. Алайда Алексеев мұны тым кешіккен шешім, енді ештеңе жасау мүмкін емес деп санап, жасырып қалған көрінеді... 

Могилевке Уақытша үкімет комиссары басқарған арнайы комиссия келді. Олар генерал Алексеевке Уақытша үкіметтің экс-патшаны тұтқынға алу туралы қаулысы шыққанын айтады. Генерал Алексеев комиссарларға он солдат қосып беріп, императорды пойызбен Патша Ауылына аттандырады.

Император Екінші Николай бұдан былай полковник Романов қана еді...

Алда тағдырына жазмыштың трагедиялық соңғы нүктесі қойылғанға дейінгі шындап тұтқындалу, отбасымен үйқамақта болу, басқа қонысқа көшірілу сынды сынақтары тосып тұрған...

(Басы. Жалғасы бар)

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

2 пікір 418 рет оқылды Қосылған: 02.03.17
    • #1
    • Нұржан Тағайбек
    • жм, 03/03/2017 - 15:57

    жалғасынжалғасын асыға күтеміз

    • #2
    • түсінбеген
    • жм, 03/03/2017 - 18:27

    Мынау белгілі тарихты қайталау ғой, орыстар өздері баяғыда мұны жариялаған. Қайталап керегі не, майы шығама, жоқ олар тіріліп келеме?

Пікір қосу

  • 10 + 23 =

Вход