Алашорда

АЛАШ ТҰЛҒАЛАРЫ – ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНДАРЫ

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

Сабыр Қасымовтың «Алаш» арыстарынын жүз жылдығына берілген Астағы сөйлеген сөзінде айтылған тұжырымдар және ұсыныстар.

«Өлі риза болмай, тірі байымас» дейді халқымыз. Бүгінгі Астың, арнайы дұға дәмінің орны бөлек деп есептеймін.

Бұл Ас – жай ас емес, мәртебесі де, тағылымы да, қадір-қасиеті де биік Ас.

Рас, жыл-межесін айқындағанда, бұл Ас «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысына, «Алаш» партиясын құруға, «Алаш Орда» үкіметін орнықтыруға – тікелей қатысқан тұлғаларға, соның ішінде ұлттың ұлы қайраткері, ХХ ғасырдың басындағы саяси және рухани көшбасшысы Әлихан Бөкейханға бағышталып отыр.

Бірақ, Астың терең тәлімі, қасиетті қисыны бар. Біз осыдан бір ғасыр бұрынғы ата-бабамыздың Ұлы рухани ерлігіне бас иеміз. Осы тарихи қозғалыс, партия, үкімет төңірегіне жұмылған нағыз азаматтарға алғысымыз бен құрметімізді арнаймыз.

Бұл – ғасырлық үлгі-өнеге ғана емес, ұлтпен мәңгі жасайтын, жаны мен арына медеу құбылыс. Біз арыстарымыздың шынайы адамгершілігіне, тазалығына, жауапкершілігіне, ұлтын сүйген жүрегіне, Отаны мен халқына адалдығына таңғаламыз және оны мақтан тұтамыз.

Заманның неше түрлі объективті қиындығына қарамай, демократиялық және халықаралық, еуропалық стандарттарға сай ұлтты қайта өрлету, қазақ мемлекеттілігі құрылысын жаңғырту идеясына халқын топтастырған зиялыларымыздың даналығына, биік интеллектуалдық деңгейіне, білім-білігіне ұрпақ алғысын мен ниетін осындай жолдармен жеткізуге тиіспіз.

Олар зиялылық пен ел алдындағы жауапкершіліктің эталонын қалыптастырды. Қазіргі зиялымын деп жүрген кейбіреулер өздерін Алаш тұлғалармен неге салыстырмайды екен?

Біз, Алаш зиялыларының жанқиярлық және азаматтық ерлігін аса жоғары бағалаймыз. Әрине, олар қарапайым пендешілікке салынып, жиған білімі мен лауазым-қызметін жан бағуға да арнай алар еді. Бірақ ол жолға түспеді. Оған ары да, халыққа деген адалдығы да жібермеді.

Сондықтан, алда неше түрлі құқай – отаршыл-тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргіні мен абақтысы, қақ маңдайға кезенген қаруы тұрғанын сезсе де, саналы түрде кейде ашық, кейде жасырын 20-30 жыл бойы туған халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін табанды түрде күресті.

Қаупі де расқа шықты: айдалды, отбасылары азапталды, атылды. Алайда, олар соңғы демі таусылғанша «елімнен, ұлтымнан, халқымнан жаным садаға» деп өтті. Мұны Әлихан Бөкейханның Бутырка түрмесінде атар алдындағы сөзі растайды.

Бүгінгі Ас ұлт қасиеті мен мәңгілік құндылығына арналып отыр деп санаймын.

Осы шараны ұйымдастырып отырған бауырламымызды тәңір жарылқасын! Сіздерді де сол Алаш рухы серпілтіп отыр.

Бүгінгі Ас арқылы тәуелсіздігіміздің бесігі Алматымызда Алаштың ғасырлық мерейтойының ізашар шарасы басталды деп сенемін. Ұлт дәстүріне адал «Қамшы» сайты намысты да, жауапкершілікті де қамшылай берсін. Одан тек ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Біздің үкімет, оның құрылымдары, ғылым, білім, мәдениет ордалары өздеріне тікелей қатысты елдік істен шет қалмайды деп үміт артамыз.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, Алаш бағытында маңдай терін төккен марқұмдар: академик Кеңес Нүрпейісов, профессорлар Әбу Тәкенов, Көшім Есмағамбетов, зерттеушілер Айтан Нүсіпхан, Бейсенбай Байғалиев рухтарына бас иеміз.

Сондай-ақ, бүгінгі алаштанудың қайнауында жүрген Мәмбет Қойгелдиев, Тұрсын Жұртбай, Сұлтанхан Аққұлұлы, Дихан Қамзабекұлы, Ғарифолла Әнесұлы, Тұрдығұл Шаңбай, Ербол Тілешов тағы басқа азаматтарға алғысымызды айтамыз.

Қазақта «Өшкен жанды, өлген тірілді» деген сөз бар. Егер біз өзімізді Алаш қаһармандарының ізбасарымыз деп есептесек, олардың биік рухани және азаматтық ерлігін бүгін мен болашақтың қасиетті қазынасына айналдыруға міндеттіміз. Отанға шынайы, адал қызмет етудің үлгісі – Алаш зиялылары!

Кеңестік-большевиктік тоталитарлық билік ұлттар арасында әлеуметтік-саяси теңдік орнатамыз деген коммунистік әдемі ұрандарды жамылып,  буржуазиялық-ұлтшылдыққа қарсы күресті күшейту керек деген желеумен «Алаштың» барлық басшылары мен белсенділерін құртты, «Алаш-Орда» Үкіметінің аймақтардағы барлық мүшелері мен жетекшілерін жаппай қуғынға ұшыратты.

           Сталиндік ОГПУ-НКВД-КГБ-ның қылмыскерлері Қазақстанға тағайындаған өз адамдарының күшімен «Алаш» қайраткерлері мен мүшелерін құртып немесе түрмелерге отырғызып қана қойған жоқ, «Алаш» рухы мен идеясының өзін қазақстандықтардың санасы мен қоғам өмірінде қалдырмай, түп орнымен жоғалтуға тырысты. «Алашты» жасанды жолмен қас дұшпанға айналдырғандықтан оның образы саналарымызда қорқыныш синдромын тудырып,  соның кесірінен алашордалықтардың ерлігін әділетті жолмен шыншыл бағалауға әлі күнге үлкен кедергі жасап келеді.  

          Осы ретте Алаштың жеті қайраткерін бүгін мен болашаққа үлгі болсын деп «Халық қаһарманы» атағына ұсынамын. Олар: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы. Әрине, басқа да зиялыларды болашақта тағы да ұсына жатармыз. Меніңше, бұл ұсынысқа Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев сынды қаһармандарымыздың аруағы да риза болар еді.  

Егер Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев кеңес-герман соғысында кеңес елі мен кеңес халқының мүддесі үшін арпалысқан болса, жоғарыда аталған «Алаш» қайраткерлері сталинизмге қарсы саяси соғыста Қазақстан мен қазақ халқының бостандығы мен азаттығы үшін алысып, қаза тапқандар. Сондықтан, мемлекеттік тәуелсіздігін алған Қазақстан моральдық және халықаралық стандарттарға сәйкес олардың ерлігін тиісінше бағалап, тарихи ерліктеріне тиісінше ұлықтауға міндетті.

          Осындай ұсынысқа қандай себептермен негіз бар? Яғни, осы тұлғалар халқымыздың алдында, тәуелсіз Қазақстанның алдында қандай аса көрнекті қызметтер атқарды:

Біріншіден, олар қазақ халқының саяси ой-жүйесінде ренессанс жасады.

Екіншіден, ұлт санасын халықаралық, еуропалық деңгейге көтерді.

Үшіншіден, Отан үшін, қазақ халқы үшін өмірлерін қиды.

Төртіншіден, Ресей империясының территориясына күштеп енгізілген қазақ жерлерін жинап, тұтастандырып өзімізге қайтарды.

Бесіншіден, бірінші рет өркениетті түрде партия, үкімет құрды.

Алтыншыдан, ұлтты ұйыстырды, елдік мүдде төңірегіне жинады.

Жетіншіден, заманына сай автономия формасында болса да, қазақ ұлттық мемлекеттілігін қалпына келтірді.

Қазір бәрімізге белгілі: Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін советтік империя, сталиндік тоталитарлық идеология бұлардың аталған және басқа ерліктерін бұрмалап, қылмысқа теңеп жоққа шығарды, өздерін халық жауы деп атып тастады, аттарын, қалтырған мұраларын халқымыздың санасынан өшіруге көп жұмыс жасады.

Өкінішке орай, қазіргі күнде де «әттеген-ай» істеріміз бар. Мысалы, ширек ғасырдан бері мемлекеттік деңгейде Алаш қайраткерлеріне лайықты саяси баға бере алмай келеміз. Ал, осы қозғалыстың өңірлердегі қайраткерлері мен қарапайым мүшелері туралы жүйелі түрде айтылмайды. Олардың біразы ұлтшыл, «халық жауы» қалпында қалып отыр, заң тұрғысынан ақталмаған, халық пен отан үшін істеген ерліктері жаңаша бағаланбаған.

Отаршылдық және тоталитарлық кезеңдерде Қазақстан тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күресте құрбан болған тұлғаларды жүйелі түрде зерттеп, ақтап және олардың ерлігін ұлықтау мақсатында біз – Мәмбет Қойгелдиев, Оралбай Әбдікәрімов, тағы басқа азаматтармен бірігіп, республикалық «Қаһармандар» атты қоғамдық қор құрдық.

Қордың кеңейтілген Концепциясы, мақсаты, қызметінің бағыттары мен міндеттері интернетте жарияланды. Жарғысы да қолымызда бар.

«Қаһармандар» – бостандық пен тәуелсіздік үшін күрескерлерді жоқтаушы әрі бүгінгі Алаштың мұрагерлері мен жанашырлары арасындағы сабақтастыққа дәнекер қор.

Қазақстан тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескендер туралы жадымыздың жаңғыруы, олардың батырлығын ұлықтау – аса көкейкесті.

Осы аса маңызды да күрделі жұмысқа немқұрайлы қарамайтын азаматтар болса, ісімізге нақты көмек білдірулеріңізге шақырамыз.

Мемлекеттің қауіпсіздігі мен даму заңдылығына бейжай қарамайтын біздер Қазақстан Тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтауға мүдделі жұртшылықтың азайғанын, шын отаншылдықтың әлсірей бастағанын сеземіз.

Осы күнге дейін біздің заңнамамызда «Патриотизм» деген ұғымға орын табылмаған.

Тарихқа, қаһармандарға, елдің елдігін көрсететін тарихи фактілерге немқұрайлы қарайтындар көбейгендей.

Бұл жағдайда, тәуелсіздігімізді жан-жақты қорғауға біз әруақытта дайын болуымыз керек. Қауіп төнгенде қапы қалмайық, ағайын!

Сондықтан, ерлік-қаһармандық істер – бүгінге де, ертеңге де, болашаққа да өнеге.

«Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін» – деп қаһарман-ақын Мағжан аманат етіп кеткендей, әрқайсымыз ел тәуелсіздігін нығайтатын жұмысқа бірлік көрсетіп, белсенді кірісуге шақырамын.

Сабыр ҚАСЫМОВ, «Қаһармандар» Қорының Президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

 

28 пікір 566 рет оқылды Қосылған: 10.03.17
    • #1
    • Серік Алматыдан
    • жм, 10/03/2017 - 10:21

    Əлі де кеш емес , Қазақ үшін жанын қиған Алаш азаматтарының есімдерін мəңгі есте қалдыру үшін, орысша аталған , ауыстыруға уақыты келген қала елді мекен аттарын осы Алаш көсемдерінің атымен атау керек ,сосын БАҚ арқылы үлкен- кіші бүкіл халыққа бұл асылдарымыздың осы Қазақ мемлекетін құрудағы орасан зор еңбектерін жаппай құлақтарына құю керек . Біздің халық əлі де ұйқыда , осы Алаш арыстарын қудалаған басқыншылардың атындағы көшелерді (жаңа ат берілсе де) əлі де бұрынғыдай атап жүр . Бұл нені білдіреді , біздің қазақ əлі құлдық психологиядан арыла алмай жүр , өткен тарихымызды білмейді. Істеріңізге сəттілік тілеймін !!!!!

    • #2
    • Жарқын
    • жм, 10/03/2017 - 11:05

    Жетіншіден, заманына сай автономия формасында болса да, қазақ ұлттық мемлекеттілігін қалпына келтірді.
    ----
    Алашордалықтар Алаш автономиясын жариялай алған жоқ. Сондықтан жоғарыда айтылған пікір шындыққа жанаспайды.

    • #3
    • Қамбар
    • жм, 10/03/2017 - 11:09

    Нағыз қаһарман - Амангелді Иманов.
    Амангелді батыр алаштықтар қолынан қаза тапты.

    • #4
    • Студент
    • жм, 10/03/2017 - 11:17

    ТЕЛЕГРАММА ТУРГАЙСКОГО ОБЛАСТНОГО КОМИССАРА А. БУКЕЙХАНОВА МИНИСТРУ ВНУТРЕННИХ ДЕЛ ВРЕМЕННОГО ПРАВИТЕЛЬСТВА УРУСОВУ С ПРОСЬБОЙ О РАЗРЕШЕНИИ НА АРЕСТ АМАНГЕЛЬДЫ ИМАНОВА
    г. Оренбург

    23 мая 1917 г.

    В 1916 году в связи набором киргиз на тыловые работы часть киргиз Тургайского уезда восстали с ноября до марта [1917 г.]. Карательная экспедиция разоряла мирную часть уезда, которую грабили и восставшие. Во главе последних стали профессиональные конокрады Абдулгафар и Амангельды. Они амнистию и отмену набора рабочих поняли как свою победу над государственною властью. Сторонники Абдулгафара продолжали свои грабежи после амнистии. Один из них — Бегежан убил киргиза Сеиля Кабакова 6 марта. Желая прекратить грабежи, я созвал в гор. Тургай стариков обеих сторон и предложил им ликвидировать взаимные гражданские претензии мирным путем. Абдулгафар с Амангельды, не желая принять участия в совещании, выехали из Тургая. Успокоение уезда требует ареста их. Из-за них я держу в уезде четыре сотни казаков. Прошу вашего разрешения арестовать Абдулгафара и Амангельды впредь до разъяснения его сторонникам смысла амнистии и свободы занятия, для чего мною будут командированы особые лица в Тургайский уезд. После ареста Абдулгафара и Амангельды казачьи сотни будут возвращены на фронт. 797.

    Тургайский комиссар Букейханов

    • #5
    • түсінбеген
    • жм, 10/03/2017 - 13:32

    Бұл суретке Сәкен мен Тұрар неге қосылған? Олар алашордада болған жоқ, керісінше оған қарсы болды, тіптен Сәкен алашорданың Колчакка ұстап беруімен атаман Анненковтің азап вагонында жапа шекті, лагерьде отырып, қашып шыққан ол Омбыдан Семей, Баянауыл арқылы еліне алашордадан тығылып, басқа құжатпен әрең жеткен. Бұл Сәкен мен Тұрарды мазақ ету ме сонда?

    • #6
    • Жанар
    • жм, 10/03/2017 - 13:44

    Жоғарыда берілген суреттің ішінде Сәкен Сейфуллин де тұр ғой! Сейфуллин алаштықтарды жақтырмаған еді ғой! Оның"Тар жол, тайғақ кешу" деген кітабын оқыған қазақ мұны біледі ғой!

    • #7
    • Мәлік
    • жм, 10/03/2017 - 14:08

    Ақгвардияшылар - Колчак, Анненков және Дутов қазақтарды қан қақсатқан. Осы ақгвардияшылардың жақтастары қатарында алашордашылар болған. Сонда қаһарман деген...

    • #8
    • Алдар көсе
    • жм, 10/03/2017 - 14:31

    Байқасаңыздар мемлекеттік істерге əйел адамдарды қоспаған Алаштықтар.
    Бүгінде Бахыт сияқты квн əртістеріне дейін депутат болып жүрді, коржовасы да бар.
    Бір қатының президентті қатты сүйемін деп те жайып салды тауып жатқан табысы қуанышына симай)))
    КПСС идеологиясымен өскендерден құтылмай екіжүзді саясаттан құтылмаймыз.

    • #9
    • Алжыған шал
    • жм, 10/03/2017 - 14:53

    Алаш қайраткерлері мен Сәкен Сейфуллин, Амалкелді Имановтар бірін бірі жақтырмаған деп тақырыпты қозғаудың қажеттілігі жоқ. Сол заманда олардың әрқайсысы қазақ мемлекеттілігі үшін күресті бірақ әртүрлі жолдармен. Бұлардың да өз жолдары болды. Сондықтан жазғыру керек емес. Олар нағыз батырлар. Қазір солар арамызда бар ма. Парламентте осындай тұлғалар бар ма. Бізде қазір сауысқандар мен бұлбұлдар, тотықұстар отыр

    • #10
    • Алдар көсеге Шалдар көсе
    • жм, 10/03/2017 - 14:56

    Баяғыда осыдан отыз жыл бұрын өліп кеткен КПСС идеологиясында нең бар? Қазіргінің көпшілігі сауда идеологиясымен, мен - саған, сен - маған. жаппай ұрлық, коррупция, пара алу , рушылдық идеологиясымен қаруланғандар. КПСС идеологиясы кінәлі деп қашанғы сарнайсың? Қазаққа әйтеуір қашанда біреу кінәлі, өзі емес.

    • #11
    • Ережеп
    • жм, 10/03/2017 - 14:58

    «Алаш» қайраткерлері сталинизмге қарсы саяси соғыста Қазақстан мен қазақ халқының бостандығы мен азаттығы үшін алысып, қаза тапқандар.
    ----
    Амангелді батыр не үшін қаза тапты? ... Сталиннің дәуірінде ҚазақССР-і құрылды. Қазіргі еліміз соның мұрагері.

    • #12
    • Ережепке
    • жм, 10/03/2017 - 15:36

    Қазақ ССР-нің құрылғаны, жеріңді Ленин, Жанкелдин, Досов, Сейфуллиндер біріктіріп бергені тақияңа тар келіп тұр ма? Алашорда емес, Қазақ ССР-н құрып Берген Ленин мен Сталин, тоқсан бірінші жылы жеке мемлект болып шыққанда кезінде сол Сталин құрып берген отыз алтыншы жылғы одақтас Қазақ ССР-нің территориясымен бүгін мемлекет болып отырсың. Сол Ленин мен Сталин болмағанда, Аманкелді сол Қазақ АССР-і үшін қаза болмағанда бүгін көршілерің өзбек, орыс, қырғыз, түркімендермен мынау менің жерім деп, бір-біріңмен таласып, соғысып жатар едің. Ол Қазақ Совет Автономиясын құруға алашордашылардың еш қатысы жоқ, Аманкелдіге құран оқытып, Лениннің ескерткішіне гүл қой. Алашорданы ағартушылар, оқымыстылар деп мақта, бірақ шектен шықпа. Алашорда небәрі Ресей империясының құрамында мәдени автономия /территориялық/ сұрап, Колчактың қолтығына кірген. Бірақ Колчак "какая может быть автономия киргизам" деп, жеркенішпен алашорданы қуып жіберген. Сонан кейін ғой, алашорда Торғайға келіп, Жанкелдин мен Аманкелдіге жалынып, біз қызыл өкіметті мойындадық деп жүргені. Жанкелдин сонан кейін Москваға Ленинге барып, Казревкомды құрғызды, Қазақ совет Автономиясын дайындап, жариялатты. Сонда Аманкелді қазақ халқының бостандығы үшін-БАЙ МЕН БОЛЫСТАРДАН,ПАТШАНЫҢ ӘКІМДІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТІП, ҚАЗАҚТЫ ҚАНАҒАН ҚАЗАҚ САТҚЫНДАРЫНАН азат болу жолында қаза тапты. Қазақ қоғамының бүйтіп бөлшектенуіне алашорда көп "еңбек сіңірген". Алашорда болмаса өмірге Көлбай Төгісов басқарған "Үш жүз" партиясы келмес еді. Көлбай да қазақтың азаттығы үшін қаза тапты, бірақ алашорда мен Колчактың қолынан. Сонда қазақтың азаттығы үшін кім қаза болған? Кімнің қолынан? Сталиндік репрессия ол бөлек тарих, онда совет қызметкерлері де қаза болды.

    • #13
    • 12-ге Ережептен
    • жм, 10/03/2017 - 16:02

    Білімді екенсіз! Осы білгендеріңізді маған емес, «Қаһармандар» атты қоғамдық қор құрғандарға түсіндірсеңіз дұрыс болар еді.

    • #14
    • 12-ші 50/50-ге
    • жм, 10/03/2017 - 16:29

    Сіздің сөзіңіздің 50 пайызы дұрыс, 50 пайызы қате. Дұрысы, 20-30 жылдардағы қазақ қайраткерлері халыққа жау емес. Коммунистредің біразын айтамын. Қатесі, Алаш ешқандай да сатқын емес. Алаш сатқын болса, қазақ хандарының бәрі сатқын. Олай болса, солардың арқасында ел болған, сауат ашқан сен де "сатқынсын". Тарих туралы сөйлегенде, нақұрыс болмайық!

    • #15
    • Алдар көсе #10 ға
    • жм, 10/03/2017 - 23:54

    Шалдар көсе кəзір сол комунисттер идеологиясымен өскендер. Оған сол қазақтар кінəлі өздері уланып қалған өтірік идеологияға. Мысалға Есенғали Антакиядан не ол сол кезде өмір сүрмеді дейсіңбе?? Сол қазақтарың əлі жүр кпсс тілінде сөйлеп рф на жалтақтап айтқандарынан шықпай.

    • #16
    • Алдар көсе
    • жм, 10/03/2017 - 23:55

    Керек десең ата заңға кпсс тілін енгізіп қойған.

    • #17
    • аңқау көсе
    • сб, 11/03/2017 - 1:57

    Алдар көсе аңқау көсені сөйлетпеске қоймады. Қазіргі қоғамымызда орысфобия дегеніңіз өршіп тұр. Неліктен қазақтар орыс тіліне үйірсек болып кетті деп ойланып көрдіңіз бе? Өйткені, айтары мол әдебиеті бар. Сол әдебиетімен танысып, ойға ой қосып, өзімізді жетілдіріп, дамытып жатсақ жаман ба? Өзі қазақ болып тұрып, қазақша сөйлемеген адамдарға кпсс тілі ешқандай кінәлі емес. Ол әлгі шүлдірбайдың ар-ұятына ғана байланысты әңгіме. Іш құрылысын фобияға толтырып алған адам сыртқа тек фобия беретінін, бумеранг заңы ретінде ол сол адамның шекесіне қазақфобия боп тиетінін ендігі түсінетін уақыт болды ғой.

    • #18
    • Алдар көсе
    • сб, 11/03/2017 - 8:04

    Кінəлі емес кпсс тілін шорт етіп кесіп тастасақ (атазаңнан алып тастасақ ) олардың ар ұятары қызықтырмас қазақты.

    • #19
    • Зейнет
    • сб, 11/03/2017 - 10:14

    Алаштықтар туралы Сәкен Сейфулиннің жазғандары дұрыс па, әлде қате ме?

    • #20
    • Алдар көсе
    • сб, 11/03/2017 - 12:07

    Зейнет олардың арасында жасырын келісім болған.
    Мен болмасам сен боласын дегендей.

    • #21
    • 19 Зейнетке қазақ
    • сб, 11/03/2017 - 18:16

    Сәкеннің "Тар жол, тайғақ кешуі"1921 жылдың соңынан бері жариялана бастады. 1927 жылы кітап болып шықты. Бірінші басылымында Бөкейханов, Байтұрсыновтардан бастап бәрінің суреті берілген. Кейінгі отыз алтыншы жылғы басылымында ол суреттерді кеңестік идеология цензурасы алғызып тастаған. Сәкен кітабының кіріспесінде мен біреуді мұқату үшін жазған жоқпын бұл оқиғаларды, тек қалай, сол революция мен азамат соғысы кезінде кімнің кім болғанын, оқиғалардың қалай болғанын ғана жаздым дейді.Сол алашордада болғандардың біразы қазір жоғары қызметте жүр деп ескертеді. Алашордашылар Сәкен Қазақ АССР үкіметінің төрағасы болған 1922 жылдан бастап оның соңына түсіп, Москваға оның үстінен арызды төпелеп жазған. Тіпті "Азия" деген өлеңін 1923 жылы жолма жол орысшаға аударып, Москваға жіберіп, Оренбургке конференцияға келген большевиктер партиясының хатшысы Емельян Ярославскийге беріп, бұл барып тұрған ұлтшыл деп айыптаған. Кейін Троцкийшіл деп айыптап, отыз жетіде ол соңынан қалмай қойған сол айыптаулар негізінде ұсталып, отыз сегізде атылды. Архивтегі оның тергеу ісінде тұр осының бәрі.

    • #22
    • Зейнет
    • сб, 11/03/2017 - 20:46

    Сонда қалай, қаһарман деп жүрген алаштықтар Сәкеннің соңынан түсіп, оның көзін жоюға атсалысқан ба? Мұны бұрын естімеппін.

    • #23
    • Окымысты
    • сс, 14/03/2017 - 13:14

    Бугiнгi шекара - кезiгде Абылайхан бекiтiп, орныктырган шекара. Алаштын да, Сакендердiн де устазы, онегелi косемi - Абылайхан!!

    • #24
    • Мақсат
    • сс, 14/03/2017 - 21:43

    Мынау Асты өте жоғары және жақсы бағалапсыз, тарихта қалатын сөз. Тәуелсіздік үшін өздерін, күшін беріп Алаштын көшбасшыларына Қазақстан баға беру керек еді. Өкінішке орай Қазақстаннын билігінін денгейі, жауапкершілігі осыған детпеді. Сондықтан сіз Каһарман дәредесін беруге ұсынысты дұрыс жасадыныз.,Ә.Бөкейхан және басқа аталған Алаштын тұлғалары нағыз Каһармандар!

    • #25
    • 5-ШІ ДҮМБІЛЕЗГЕ, ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚАЛАРҒА.
    • жм, 24/03/2017 - 8:38

    Ей, білімсіз алаштанушысымақтар! Доғарыңдар, Сәкен мен Тұрар Алашорда үкіметінің құрамында болмаса да, олар алаштықтарды жақтырмады, қарсы болды деген ғылымисымақ дәлелдеріңді ортаға салыңдар, көрейік. Керісінше болып жүрмесін! Әлихан Бөкейханов Ресеймен өлсек бір шұңқырдамыз, оларсыз күніміз қараң деген қайта, осы ма қазаққа азаттық аңсау? Егер осылапй айта берсек бүкіл арыстарымызды қараларсыңдар, сондықтан өнетін дауды қуыңдар, балдар.

    • #26
    • Елдос.
    • жм, 24/03/2017 - 8:40


    Басқа басқа, Бейімбет Майлинге сенесіздер ғой? Ендеше, Амангелді мен Алашордалықтадың нақты "қарым-қатынасы" туралы жазғанын оқыңыздар. "

    • #27
    • 6 шы жанарға
    • жм, 24/03/2017 - 8:44

    Айнанайын Жанар, алдымен тарихты біл, сосын әдебиетшілігіңе жол бере бер, сонда адаспайсың.

    • #28
    • 25 туройға
    • жм, 24/03/2017 - 13:56

    Сәкеннің "Тар жол, тайғақ кешуін" оқы, сонда алашорда дегенге өзің де кіжінесің, атарға оғың болмай. Сәкен шындықты жазған. Сәкеннің Қазақ Республикасының үкіметін басқарған совнарком кезінде Москвада әлдеқалай Бөкейхановты көрдім, ол менің бетіме қарады, ал мен оның төбесінен қарадым дегені оның қандай азамат болғанын дәлелдейді.

Пікір қосу

  • 5 + 35 =

Вход