Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Деп жатыр 7415 0 пікір 1 Тамыз, 2014 сағат 14:05

ОЛЖАС ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ: ДЕВАЛЬВАЦИЯ БОЛМАЙДЫ

ҚР Ұлттық банкі кейінгі кезде өршіп кеткен девальвация туралы алып-қашпа әңгімелерге қатысты мәлімдеме жасайды деп хабарлайды ҚазАқпарат Банк төрағасының кеңесшісі Олжас Құдайбергеновттің Facebook-тегі парақшасында жазған мәліметіне сүйене отырып.

«Ертең ешқандай девальвация болмайды. Ұлттық банк ресми мәлімдеме жасайды, кейін кінәлілер жазаланатын болады», - деп жазды Банк төрағасының кеңесшісі Олжас Құдайбергенов (суретте) Facebook-тегі парақшасында (https://www.facebook.com/khudaibergen.kz?fref=ts .)

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде тамыздың бірінен бастап теңге кезекті рет құнсызданып, девальвация болады деген сөз тарап жатыр. Осындай қауесет шығысымен валюта айырбастау пункттеріне ағылған жұрт қолда бар теңгесін дереу долларға айырбастап, ақша нарығында кәдімігідей қарбалас тудырып үлгерген болатын.

Тағы да еске салуға тура келеді, бұқара халықтың бұлайша қарбаласуында үлкен себеп бар. Себебі: Ұлттық банк осы уақытқа дейін бірнеше рет шұғыл шешім қабылдап, доллардың бағамын өсіріп жіберген еді. Содан аузы күйген жұрт девальвация мен инфляцияның алдын алудың осындай шараларын қарастырумен келеді. Мысалы,  2014 жылдың 11 ақпанында Қазақстанның Ұлттық банкі теңге бағамын ұстап тұрудан әдеттегідей аяқасты жалтарып, АҚШ доллары 155 теңгеден 183-185 теңгеге дейін өсіп кеткен-ді. Теңгенің осылайша құнсыздануы қарсаңында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов төлвалютамыздың тұрақтылығына халықты әбден сендіріп жүрген еді. Бұл жолы Келімбетов емес, Келімбетовтің кеңесшісі Олжас Құдайбергенов: «Ешқандай девальвация болмайды» деп отыр. Көреміз.

Abai.kz

 

 

0 пікір