Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Мәйекті 8110 0 пікір 20 Тамыз, 2014 сағат 11:29

ЖОҒАЛУҒА ҚИЯТЫНДАЙ ҰЛТ ПА ЕДІ ҚАЗАҚ ҰЛТЫ! (жалғасы)

ІІ

Қазір қазақы сөздің дәмі кетуіне тілдің дамуымен қатар жүріп отырған оның қасаңдануы да әсер етуде. Тұрмыс жаңарып, ел жаңғырған сайын сөздік қорымыз жаңа сөздермен толассыз толығуда. Оның көбін өз қорымыздан алып, сөзден сөз жасауға әрекет етудеміз. Ол да жеміссіз емес. Біраз сөзді шеттен алып, аудармай пайдалануға мәжбүрміз. Жаңа кәсіп түрлері пайда болды, жаңа қатынастар қалыптасты. Соның бәрі жаңа сөздерді қажет етуде. Мұндайда ертеден кәсіптік санаға бейім елдердің тілі алға шығады да, мәдени уызға бай қазақ тілі кәсіби салаға бірден бейімделе алмай, уақыттан ұтылады. Сондықтан да қазақ тілі әлі күнге аударма тіл деңгейінде қалып отыр.

Ал аударманың өз қиындықтары ұшан-теңіз. Аударылмайтын ұғымдар мен қайталанбас қолданыстар кез келген тілде болады. Қызуын келтіріп, көрігін баптап күтіп отыруға келетін заман емес, сондықтан асығыстықпен тілді иемін ден сындырып жатқан жағдайлар да аз болмайды. Бабын білмеген соң, баптануға жағдай жасалмаған соң, өкінішті салдар көп болады. Ойлануға үлгермеу қазір шектен тыс көп кездеседі. Мысалы, қазір не көп, жоба көп. Аудармашыларды аңдап қарасаңыз, «жобаны біреу жасамайды, жоба біреумен жасалады». Яғни «бұл жобаны мынадай мекеме жасады» демейді, «бұл жоба мынадай мекемемен жасалды» дейді. Адам қолымен жасалған емес, өзімен өзі жүзеге асып жатқан үдеріс секілді сөйлейді. Орысшадан ойсыз аударудың салдары осы. «Компьютерім сынып қалды» дейді біздің ауыл қазағынан-ақ шыққан әріптесіміз. Сынып қалатын ойыншық емесін, машина атаулының тек бұзылатынын ойдан шығарып үлгерген. Бұл да аударманың әлегі. Өткенде ғана теледидардан: «Тірідей кезекте тұрмын» дейді біреу. «Живая очередті» аударған түрі. «Квартира шешіп тұрамыз» деген сөзді алғаш естігенде мүлде түсінбегенмін. Сөйтсем, пәтер жалдап тұратынын айтқан екен ғой.

Ал енді аударма еңбектерді көрсең, қиянаттың талай түріне куә боласың. Алысқа бармай-ақ кәсіби ізденістерім барысында кезіккен мысалдарды келтірейін. Қазір дін саласына қатысты кітаптардың көпшілігі басқа тілдерден аударылады. Қай тілден аударылғаны сөз саптауынан-ақ көрініп тұрады. Жақында түрікшеден аударылған бір кітаптың тіліне түсінбей сарсаң болдым. Стильдік қатеден аяқ алып жүргісіз, сөйлемдер дұрыс құрылмаған, ой аяқталмаған, қазақ тіліне жат сөз тіркестері қалай болса солай қолданылған. Мысалы: «Мүминнің рухына нақыш болады», «қате жолдарға жолданбайды», «қатарлардан үйренілген», «әсем түсінген», «қиямет шақырушы», «тәблиғ етуші», «үсуәтүн хасәнә» секілді қай тілде екені белгісіз сөздермен жалғасып кете береді. Діни ұғымдар, жер-су аттары, жалқы есімдер қазақ тіліне аударылмай, түрік тіліндегі айтылу мәнерімен берілген әрі қате жазылған. Мұндай дүниелер діни мазмұндағы әдебиеттің сапасы мен сенімділігін төмендеткені былай тұрсын, оқырманды сарсаң етеді. Түсінгісі келген оқырман еріксіз санасымен қоса тілін бұрмалап, сол кітапқа бейімделуге мәжбүр болады. Сөйте-сөйте қатарымыздан есті, ойлы, талғамды оқырман жоғалады.

Сана иілгіш емес, сергек болуы қажет. Көрінгеннің қалыбына құйыла берсе, елдік санадан не қалады?

Ал енді жақында «Он бір айдың сұлтаны – Рамазан» деген кітап қолыма түсті. Авторы айды аспанға бір-ақ шығарып, рамазанды он екі айдың емес, он бір айдың сұлтаны деп санауды жөн көріпті. Сонда ғасырлар бойы «Сұлтаны он екі айдың – Рамазан» деп жырлап келген қазақ айналдырған он екі айды дұрыстап санай алмағаны ма?! Бір топтың ішінен біреуді сұлтан деп таныр болсаң, оны сыртына қойып есептемейсің ғой. Өз ішінен шықпаса, ол солардың сұлтаны болып қалай саналмақ! Осылай қарапайым қазақы қисыны жоқ адамдар да қазақша кітап жазып немесе аударып, өзін ешкімнен кем сезінбей жүріп жатыр. Иә, тілінің мүкістігін, ойының қисынсыздығын, сөйлеу мәдениетінің жоқтығын кемшілік деп санамай, соған еті үйренген, қалыпты жағдай деп ұғынған тұтастай қоғам қалыптасып келеді!

Бірлі-жарым болса білінбес еді, сөзге деген жауапсыздық жаппай белең алып бара жатқан соң, елдің ертеңі не боларына еріксіз алаңдайсың. Қорлауға қиятындай тіл ме еді қазақ тілі! Жоғалуға қиятындай ұлт па еді қазақ ұлты!

Осы жерде шегініс жасап айта кетейін, қандай кемдігі көп ұлт болсақ та, біздің қазақтай жаны жайсаң, ойы таза, қиялы ұшқыр, сезімі сұлу халық дүниеде жоқ! Бір ғана мысал – Утопия идеясына еуропалықтардың дамыған орта ғасырларда, яғни ХV ғасырда ғана санасы жетті. Жер бетіндегі жұмақты арман еткен Томас Мордың «Утопия» кітабы, Томмазо Кампанелланың «Күн қаласы» еңбектері туралы бәріміз орта мектеп оқулығынан оқыдық. Ал біздің қазақ бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген сонау ғұндардан бастап, «Жерұйық» идеясының жетегінде ел болып келеді!

Өз бойындағы барлық күш-жігерді бейбіт мемлекет құрылысына бағыттағысы келген ғұндардың атақты көсемі Аттила (Еділ патша) ешкіммен соғыспау үшін Алтынжал атын босатып қоя береді. Баласағұн қаласы маңынан бау-бақшалы, күміс хауізді Шу қаласын салдырған, жау қолымен айқаста қалың елдің азаттығын сақтап қалған Шу батыр да бар күшін мамыражай тұрмыс үшін жұмсайды. Көне түркілерден қалған «Көк бөрі», «Ергене кон» дастандары да – халықтың бейбіт өмірін, абат тұрмысын аңсар еткен туындылар. «Күлтегін» және «Білге қаған» жазбаларын да түгел түркінің Жерұйық мекеніндегі бақытты тұрмысын аңсау сарыны көктей өтіп жатады.

«Жерұйық» идеясын ғылыми тұрғыдан әл-Фараби бабамыз VІІ-ІХ ғасырларда-ақ өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» атты еңбегінде негіздеп берді. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» Күнтуды патша мен Айтолды уәзір басқарған Жерұйық мемлекеттің әдеби бейнесі сомдалған. Осы аңсарды жалғастырған қазақ ақын-жыраулары Асан Қайғыдан бастап, ғасырлар бойы Жерұйықты аңсар етіп, жырға қосты. Асан Қайғының желмаяға мініп, Жерұйық іздеп, жер кезгені туралы аңыз әр қазаққа мәлім. Осы аңыздарға назар салсаңыз, «Жерұйық» аңсары тек мамыражай, абат тұрмысты ғана емес, иманға, ізгілікке, адалдыққа толы өмірді аңсаудан туғанын аңғарасыз. Яғни «Жерұйық» идеясы – «күнәсіз мекен» идеясы.

Жерұйық – күнәсіз мекен идеясын жасаған, оны сүйген, оған сенген, тіпті жерұйықты іздеп жабыла көшкен қазақтан басқа ұлт дүниеде болмаған! Әлі де біздің аңсарымыз Жерұйық – күнәсіз мекен! Әлі де біз оны ұлт болып армандаймыз, жырға қосамыз, аңыз етеміз, шындыққа айналдырғымыз келеді, мақсат етеміз. Астанасының төрінен «Жерұйық» деген саябақ ашып, «күнәсіз мекен» идеясына ескерткіш орнатқан да осы халық.

Жерұйық идеясын жасаған халық өлмеуі тиіс! Жүрегінде жерұйығы бар әрбір қазақ ақырына дейін сол идеяны жасаған елге, жеткізген тілге адал болуы тиіс.

Айнұр Әбдірәсілқызы,

ҚР Дін істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі

филология ғылымдарының кандидаты

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір