Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Тарих 7410 0 пікір 3 Қазан, 2013 сағат 09:26

Қазақстан тарихы қазақ мемлекетінің тарихы тұрғысында жазылуы керек

 Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжановпен Baq.kz сайтының сұхбаты

Хангелді аға, Кеңестік ке­зеңде тарих «қазақ – тарихсыз халық, оларда бұрын-соңды мемлекет болмаған, қазақтардың санасы қараңғы» деген сыңайда жазылып келді. Одан кейінгі тарихымызда да көп дүниелер ашық айтылмады. Жалпы қазақ тарихы қалай жазылу керек?
– Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы маркстік-лениндік ілім тұрғысынан және таптық негізде жазылды. Қазақ даласындағы ерекшеліктер ескерілмеді. Ол қандай ерекшелік еді?
Біріншіден, таптық ілім бойын­ша қанаушы-қаналушы болып бірімен-бірі алысуы керек. Ал қазақ қоғамында, әрине, таптық жіктелу болды, бірақ тура Еуропадағыдай адамды қорлау, 17-18 сағат жұмысқа салу, жердің астындағы рудникке байлау деген сияқта қанаудың түрі болған емес. Екіншіден, біз рулық-тайпалық, қауымдық қатынастармен өмір сүрген халық едік. Қазақта «у ішсең руыңмен іш» деген сөз бар емес пе?! Ауыл-ауыл болып тұрғанда солар бір рудың балалары болғандықтан, бір атаның баласымыз деген ұғыммен жүреді де әлгі қанаудың сорақы түріне бара бермейді. Әрине, кедейлері бақуаттының малын бағады, шаруасын баптайды, соның айтқанымен жүреді. Еуропа мен қазақ даласындағы адамдардың қатынасына теңдік белгісін қоюға болмайды. Мінеки, осындай қате ұғымнан барып, біздің тарихымыз дұрыс жазылмады. Тарихымыздан таптық күрес іздедік, идеологиялық қайшылық іздедік, сондай ұстаным негізінде жүріп, деректерді де соған бейімдеп жинағанымыз рас. Ал қазір азаттықтың тұсында ұлттық тарихымызды жазуға ақиқат биігіне шығу үшін ұмтылып жатырмыз. Бұл жерде ендігі тарихты қазақтың ұлттық мүддесі тұрғысынан және қазақ мемлекеттілігі тұрғысынан жазуымыз керек. Сайын даламызда қазақтың мемлекеті болғаны шын. Қазақ деген халық осы мемлекетте өмір сүріп, өз заманының бәсекесіне төтеп бергені ақиқат. Егер қазақ халқы өз заманының бәсекесіне төтеп бере алмаған болса, мемлекет құра алмас еді, бүгінге жетпей, басқа біреудің құрамына сіңіп кетер еді. Тіл де, салт-дәстүр де, ән-жыр да сақталмас еді. Бізде бес мың күй бар екен. Жүз томдық бабалар сөзі шығып жатыр, қазақ тілінің түсіндірме сөздігі он бес том болып жарияланды. Осындай бай мұрасы бар халықты бәсекеге қабілетті деуге әбден болады. Біз Құдайға шүкір БҰҰ-ның мүшесіміз, әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орындамыз. Бұл бабаларымыздың ірі болғандығының, кеңестік қы­сымға да төтеп бере алғандығының дәлелі.
– Тарихқа зер салсақ, қазақ даласында ірілі-ұсақты 300-ден аса ұлт-азаттық көтерілістер болды. Дегенмен, қазіргі біздің қоғамдағы үдерістер осы көтерілістерді жоққа шығарып жатқан жоқ па? Бүгінгі жасалып жатқан түрлі реформалар елдің үдесінен шыға алды ма?
– Мәселе санда емес, сапада. Әрине, кейін сан-сапаға айналатын кездер болады. Біздің даламыз Ресейге толық бағыну үшін 130 жыл керек болды. 1731 жылдан 1965 жылға дейін қазақ даласы Ресейдің құрамына кіріп болды. Ал өзбек, қырғыз, тәжік, түркмендер 20-30 жылдың ішінде бағынды. Біздің бабаларымыз 130 жыл бойы шайқасты. Бұл бәсекеге қабілетті, азаттықты қастерлей білетін елдің қасиеті. Басқа халықтар қастерлемеді дей алмаймын. Бірақ олар қазақ халқы сияқты Ресей отарлаушыларына қарсы тұра алған жоқ. Елімізде қазір жүріп жатқан экономикадағы, саясаттағы, білім мен ғылымдағы реформаларды жаһандану кезеңіне сай деп тануға болады. Егер осы реформаларды осылай жүргізбесек, кей республикалар сияқты аяғымыздан тік тұрып кете алмас едік. Бізге нарыққа көшу керек болды. Ашық азаматтық қоғам орнатуға күш салдық. Біз қазір сол жолдағы кейбір мәселелерді шешіп жатырмыз. Әрине, мұның қазақ болмысына сай келмейтін тұстары да бар. Мәселен, эконо­м­икадағы нарықтық қатынас жайбарақаттықты, қонақ­жай­лылықты, салт-дәстүрді сақ­тап, уақыт өткізуді көтермейді. Оның тәртібі бойынша, қолға алған істі аяғына дейін жеткізу керек. Ең бастысы біз сондай нарыққа ілесе алған халықпыз. Әрине, кейде тіліміздің, салтымыздың кенже қалып жатқандығы жайында сөз болады. Түйіні шешілмеген түйткілді мәселелердің бары рас. Дегенмен, алдымен экономика сосын идеология деген қағидат нарықтың заңына дөп келеді. Бұл жерде экономикалық заңдылықтан тыс, басқа бір құндылыққа жүгініп отырсақ ұтылып, заманға ілесе алмай қаламыз. Кешегі Кеңестік саясат кезінде халқымыз ашаршылық зауалын бастан кешті, зиялыларымыз репрессияға ұшырады. Сол кезде еліміз әлемдік техникалық үдеріске ілесе алмай қалды. Енді осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Міне осы тұста батыл қимылдамасақ болмайды. Мұндай үрдіске қазақ халқы дайын болды, қиыншылықты жеңе білді. Қазір қарқынды даму жағынан әлемде үшінші орындағы мемлекетпіз. 21 жыл ішінде ішкі жиынтық өнім әрбір адамға 12 мың доллардан келді. Мұндай қарқын бірде-бір азат елде болмаған. Оны Елбасымыз дәйектеп берді. Және оны көзіміз көріп, қолымызбен ұстап отырмыз. Теңге алғаш шыққан кезде жоғары оқу орнындағы профессорлар 20 доллар алған болса, қазір мың доллардан кем жалақы алмайды. Ғылымға бөлініп жатқан қаржы көлемі соңғы екі жылда үш есеге артты. Осының бәрі Қазақстан экономикасының табысқа жеткендігін көрсетеді. Демек біз кешегі күннің жоғын жоқтап отырып бүгінгі заманға лайық бола алмаймыз. Кешегінің қарызын өтей отырып, бүгінгінің талабына лайық қадам жасауымыз керек. Қазіргі реформалар сол үдеден шығып жатыр.
– Елбасы биылғы Жолдауында «Қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтергенде ғана біз Қазақ мемлекеті атанамыз» деген еді. Бұл ретте ұлттық идеология, ұлттық патриотизм мәселесі бірінші кезекте тұрғаны анық. Қазақ мемлекеті атану жолындағы ұлттық идеология қандай болуы керек?
– Менің ойымша, бұл жерде басты екі шарт орындалса жетіп жатыр. Біріншіден, атқарушы, заң шығарушы, сот билігі қазақша сөйлесе, екіншіден, мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді бі­летіндер ғана қабылданса бар­лығы ертең-ақ қазақша сөйлеп кететініне күмәнім жоқ. Осы екі шарт орындалмай жатыр. Ұлттың тірегі де, негізі де, тамыры да оның тілінде. Бізде қазақ тілі мемлекеттік тіл деңгейіне іс жүзінде толық дәрежесінде көтеріле алмай келеді. Демек, ұлттық идеологиямызды күшейтуіміз керек. Тегімізде қосарланған «ов» пен «ев»-ті төлқұжаттан алып тастауға әлі бата алмай жүрміз. Оралмандар алты ай, бір жыл бойы төлқұжат ала алмай жүреді. Егер ұлттың тілі құрметтеліп, қоғамдағы рөлі басым болса сонда ғана ұлттық идео­логия туралы сөйлеуге болады. Ұлттық идеология ұлттық буржуа­зия барда жұмыс істей бастайды. Қазір елімізде қазақтан шыққан буржуазия қалыптасты деп айту қиын.
Экономикамыз ұлттың бур­жуазиясының қолына өткенде ұлттық идеология да жандана бастайды. Мінеки, ұлттық буржуазия қалыптастыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатуда көптеген мәселе шешімін күтуде.
– Ұлттық буржуазияны қалып­тастыру үшін не істеу керек?
–Ұлттық буржуазияны қалып­тастыру үшін халықтың байлығы халықтың қо­лында болуы керек. Ал біз жекешелендіреміз деп біраз дүниені шетелдіктердің қара­мағына 10-20 жылға жалға беріп қойдық. Енді мерзім аяқ­талуға жақындағанда олардың барлығын ұлтымыздың қалталы азаматтарының меншігіне өт­кізуге жұмыс істеуіміз керек. Егер өзімізден шыққан қалталы аза­маттар өз байлығын халықтың мүддесіне жаратса, онда ұлттық буржуазияның ұлтына істеген қызметі болар еді.
– Біз Алаш қайраткерлері арманда­ғандай мемлекет құра алдық па?
– Біз Алаш қайраткерлері армандағандай мемлекет құра алдық деп айта аламыз. Құра алдық дегеніміз – алаштықтар қазақтың азат мемлекет болғанын қалады. Біздің азаттығымыз да, мемлекеттігіміз де бар. Алаштықтар Қазақ мемлекетінің парламенттік-президенттік респуб­лика болуын қалады. Ал біз қазір президенттік билік нысанындағы республикамыз. Айырмашылық осында. Енді 2007 жылғы мамыр айын­дағы Коституциялық реформа бойынша біздің Парламентке біраз өкілеттілік берілді. Біз қазір президенттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға көшуге қадам жасап жатырмыз. Міне, Алаштың арманы жүзеге асты. Ертең қазақ халқына тән демократиялық құн­дылықтар орныққанда, үш ғасырдан кейін құрылған мем­лекетімізді басқаруға бүкіл халық араласатындай биікке көтерілгенде, Алаштың арман­даған парламенттік респуб­ликасына да жетеміз деп ойлаймын. Ал 1991 жылы қалай мемлекет болатынымыз шешілмей, айналамыздағы экономикалық байланыс құлдыраған тұста бір кемелдің қолына екі тізгін, бір шылбырды бергеніміз өте дұрыс болды. Қай мемлекетте болсын қиын қыстау сәтте мемлекеттің тағдырын қолына алатын тұлға шығады. Ол тұлға біздің елде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Нұрсұлтан Әбішұлы алғаш Конституцияны қабылдады. Онда парламенттік-президенттік респуб­лика болып тұрды. Осыдан кейін өмірдің өзі бізді президенттік республикаға алып келді. Пре­зиденттік республика өзін ақтады. Біздің жиырма бір жылдың ішіндегі табысымыз біріншіден, халықтың жанқиярлық еңбегі, халқымыздың толеранттылығы. Екіншіден, осындай Президенттің болғаны. Мен бұл еңбекті елу де елу деп айтар едім. Елу пайызы халықтың, елу пайызы Елбасының еңбегі. Президент халыққа сенді, халық Президентке сенді. Осы екі сенім елімізді өрге сүйреп алып шықты.
– Азаттығымыздың қа­дірі мен қасиеті еліміз үшін ерек­ше ғой. Тарихшы ретінде мемлекетіміздің жүріп өткен жолына көз жіберсеңіз…
– «Мен – қазақпын мың өліп,
мың тірілген.
Жөргегімде таныстым
мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім
күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен
түн түрілген»
деп келетін Жұбан ағамыздың өлеңі бар ғой. Әрине, өлген адам тірілмейді. Бұл қазақтың басындағы қасіретті бейнелеу үшін қолданған тәсіл ғой. Діни сеніммен айтсақ, қазақ Құдайдың рахымына іліккен халық екен. Әйтпесе сонша ашаршылық, қуғын-сүргін, әді­летсіздіктен кейін қазақтың жер бетінде қалуы мүмкін емес еді. 1959 жылы Қазақстандағы қазақтың үлесі 29-ақ пайыз болған. Яғни жойылудың аз-ақ алдында болған. Сөйтсе де таспен атқанды аспен ат дегенді ұстанды. Таңғы ас тәңірден деп ертеңгі күнге оптимизм­мен қарады. Имани қасиетін бұзба­ды. Қонақжайлылық бұрынғы қалпында қалды. Әділеттілік бар екен. Қазақтың маңдайы ашылды. Бірақ өткенге өкпелемейік. Тарихтан тағылым алуымыз керек. Сол арқылы отансүйгіштікті қалыптастыруымыз керек.
– Біз сол бабалар аманатын орындай алдық па?
– Бабалар аманатын орындау үшін жиырма жыл аздық етеді. Әлі де болса еңбек етуіміз керек. Алда шешетін мәселе көп. Бүгінгі жеткен азын-аулақ табысқа тоқмейілсуге болмайды. Қазір тоқмейілситін уақыт емес. Мәселен, Оңтүстік Корея мемлекеті кеше ғана кедей мемлекет болатын, қазір технологияның маңдайалдысына айналды. Біз де сондай биікке көтерілуіміз керек. Бір арнаға түсіп алсақ, өзіміз де бәсекелесе беретін боламыз. Табысқа жеттім деп тойлата берсек қателескеніміз.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш бол­уы керек» деп зиялы қауымның қоғамдағы рөлін айқын көрсетті. Ендігі жерде біздің қазіргі және болашақ интеллигенциямыз қандай қадамдар жасауы тиіс?
– Қазақ халқы кеше отар ел болғанда, үш топқа жіктеліп еді. Оның сипатын Абай да айтып кеткен. Бірі жақсы мен жаманды айырудан қалған қара халық. Екіншісі анау отарлаушылардың сойылын соққандар. Үшіншісі халқының осындай халге түскенін түсіне білген зиялылар.
Біздің зиялылар мемлекет құруда, басқа да шаруада алдымен өзінің ұлттық негізін ойлау керек. Әлемдік тілді білсе де табаны ұлттық топырақта тұрып, жан дүниесі осы ұлттық болмыспен астасып жатуы керек. Ол Америкада жүрсе де «Елім, қазағым» деп жүруі тиіс. Біз әлі осыған жеткен жоқпыз. Бізде «қазақ тілінің болашағы жоқ» деп жүрген зия­лыларымыз бар. Әрқайсысы өзінің ұстанымы бойынша сөз сөйлейді. Олай жасауға болмайды. Біз ұлттық тұтастыққа, бірлікке жетіп алуымыз керек. Сонда біз басқаларға үлгі болып, айналамызға топтастырып, басқалардың бәрінің тағдырын да шеше алатын боламыз. Біздің зиялыларымыз ең алдымен ұлтты ұйыстыратын идеялардың көшбасшысы болғаны абзал. Қазақ елі екенімізді тіл арқылы, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жан-жақты көрсетуіміз керек. Менің ойымша бүгінгі ұлттық идеологияның формуласы қазақ елі, азаттық, бірлік деген идеологиямен сипатталады. Осындай үдеден шыққанда, біздің зиялыларымыз шынында да мемлекетіміздің күш-қуатын арттырады. Елбасымыздың бастамаларын жүзеге асыруға толықтай атсалысады. Халқымыздың ал­дыңғы шептегі тобы болады. Сонда ғана еліміздің болашағы баянды, іргесі берік болады деп бағамдаймын.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

 

Тапсырыс беруші:

Мәдениет және ақпарат министрлігі. Орындаған "Абай-ақпарат" қазақ интернеті кеңістігін дамыту қоры" қоғамдық қоры. 2013

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3531