Жұма, 29 Наурыз 2024
Дін 18731 0 пікір 27 Тамыз, 2014 сағат 12:50

БЕКЕТ АТАҒА СЫЙЫНУ - ШИРК

24 тамыз күні Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Борнабай Ғалиевтің «Бекет ата» атты мақаласы жарық көрген болатын (http://abai.kz/post/view?id=1489 ). Осы мақалаға қарсы Серік Боқан есімді азаматтан пікір келіп түсті. Мақаланы қаз-қалпынды жариялап отырмыз.

Abai.kz

 

Осы бірнеше күннің алдында ғана Абай.кз де «Бекет атадан шапаға тілеу арқылы  тығырықтан жол таптым» деген шағын мақаланы оқып  үнсіз қала алмай оған қарсы мақаламды әлеуметке ұсынып отырмын.

Кезінде Нұх  пайғамбар  қауымы өзінен бұрын өткен бес әулиенің әруағына сыйынып кеткендіктен Нұхқа қанша ескерту жасап «Аллаға серік қоспаңдар!» десе де  тыңдамайды,  кейін соның кесірінен  жойқын апатқа жолығып жойылып кетті...  Қазір өкінішке қарай бақытын Алладан емес, әруақтан сұрап жүрген адамдар тобы азаяр емес.  Бұрында еститінмін Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет деген ұлықтау сөзді .  «Жаратушы тұрып, жаратылғаннан не сұрайсың?» ( Абай).   Абайға неге жүгіне береміз дегенде, Абай сөзі құран мен хадистің өлең болып сөйлеген қазақша формасы.  Олай болса, жаратылғаннан сұрағанымыз ақылға сия ма?   Демек құран мен сүннетке жүгінбегендіктен ілімсіз сағым  қуалап жүргенімізді мойындайтын кез жетті!  Қай заманда да оң көзіміз Құран, сол көзіміз Сүннет болуы тиіс. Әйтпегенде әп-сәтте адасып кетуіміз мүмкін. Дәлірек айтсақ, Алла мен адам арасындағы рухани байланысқа әруақ кірісе алмайды.    Құран Кәрімнің, «Рағыд» сүресінің 28 аятында: «Жүректер Алланы еске алу арқылы жай табады, Естеріңде болсын! Жүректер Алланы еске алумен орнығады» дейді. Бұл аят Абайдың пайымында:

«Дененің барша қуатын,
Өнерге салар бар күшін,
Жүректің ақыл суаты
Махаббат қылса Тәңір үшін» – деп насихатталады. Осыларда бір әруақтан тілеу деген сөз бар ма? Жоқ!

 Демек, бүгінде санаға шіре салынып, бей опа саясаттың бейшара халінен құтылсақ та бейсаналы түрде бағытсыз адасушылық басым. Дін қайраткері Ғұмар Қараш Шәкәрімнің «ноқталы ми» ұғымын ерекше атап кеткен. Ілімсіз бір нәрсенің артынан түсіп адасушылыққа қатаң сын берген. Сол ғұламалардың бағдар шамын дұрыс пайдаланып өзімізге жол басшы қылуымыз керек. Олай болса, ақиқаттан алшақ  өзіміздің рухани танымымыздағы  кем­ші­лік­терді көруге әм түзеуге тиіспіз. Себебі «сын түзелмей, мін түзелмес» деген ұлы рухани таным таразысы бар.

Бекет ата 1750-1813 жылдары өмір сүрген хақ ислам жолындағы құрметті тұлға. Сондықтан ол кісіге әрбір қазақтың құрметі бар, бірақ сол сыйлауды сыйынуға жеткізіп,  шапағатшыға балап, жәрдем тілесек  не болдық?  Өлгенен кейін құдайлық сыйпатқа көтеріп әкету қандай бейшаралық. Біз қайта ол кісінің артында қалған өсиетінен нәр алуымыз керек емес пе еді. Құранда: «Білімсіз еш нәрсенің артынан түспе» дейді. Демек шәриғи ілім алмай көзсіз артынан түсу адасушылыққа апармай ма? Ілім ол – нұр, сол нұр арқылы ақиқатқа, бақытқа жеткізеді! 

Мақаланы жазуға түрткі болған Боранбай Ғалиевтің «БЕКЕТ АТА» атты (http://abai.kz/post/view?id=1489 ) abai.kz cайтында жазған мақаласы.

Бауырымыз мақаласының әлқисасын былай бастайды: «Жығылғанды жебеп, желіккенді жөнге салатын, дарқандығы мен батырлығы, жауласқанды достастырып, атан түйе өткел бермейтін өзенді кері ағызатын құдыреті туралы Маңғыстау халқы жыр етіп айтады», – дейді тамсанып. Ары қарай тағы былай дейді: «Бекет Ата арқылы дертіне шипа тауып, түтіндері түзу ұшып жатқан отбасылар қанша ма? Сөз  реті  келгенде айта кетейін, басына қиын іс түсіп, барар жер, басар тауы қалмаған кезде Бекет атадан шапағат тілеу арқылы тығырықтан жол тапқан  адамдардың бірі – осы жолдардың авторы», – деп өзінің қалай әруақтан жәрдем тілегенін ашып айтады.

Одан әрі Боранбай мырза аңыз, әфсана сияқты өз басындағы оқиғаларды баяндайды. Көз таныс бір баланың айтуымен  18 - ғасырда пір болып танылған Бекет атадан жәрдем тілесең, мақсатыңа жеткізеді дейді. Сонымен іштей жалбарына бастағаны сол екен, бүкіл базаршы тауарын алып, саудасы күсет болып байып кетеді.  «Суды қанша сапырсаң май болмайтыны сияқты» мақала бастан-аяқ баяғы аталмыш бағытынан таймай Бекет ата мазарына 3 рет барғаны, ондағы еш дәлелсіз ақпарлармен жұртқа пір туралы фантазиялық уағыз айтады. Ол бізді бүкіл қиындық атаулыдан құтқарады дейді. Бір байқағаным, жазба қисынсыз жазылған. Ақиқаттан аттағаннан кейін солай болады да.

Онда сараптап көрейік. Кезінде христиандар Иса пайғамбарға сыйынып адасты, діннен шықты, мәңгілік азапқа ұшырады. Пайғамбарға сыйынғандар Алланың ашуын алып келетін болса, жәй ізгі адам ретінде танылған Бекет атадан жәрдем тілеп, қолдау сұраған адамдардың жағдайы қандай болмақ?  Өйткені бұл Алла алдында кешірілмейтін күнә, Аллаға серік қосу. Оған дәлел, Бухари Алла оған разы болсын, жеткізген хадисте: «Кімде кім Алла Тағаладан басқа біреуге дұға етіп, жалбарынып жүрсе, ол тозаққа енеді» делінген. Ол аз болса, құранда Алла айтып жатыр: «Алламен бірге басқа тәңір шақырма. Онда сен де азапқа ұшыраушылардан боларсың»   (Шура сүресі. 213 аят).

      Адамдар өз нәпсісіне оңай болу үшін Алланың дінін өзінің қалауына бағындырғысы келеді. Демек, өлілер бізге мұқтаж. Әулие мен әруқтардан және ғайыптағы адамдардан күнәміз үшін кешірім сұрауымызға және жәрдем тілеуімізге болмайды.  Өкінішке қарай, қазіргі біздің қоғамымызда осындай шариғатқа қайшы жұмыстар  етек алып жатыр. Яғни, әулие ата-бабалардаң басына барып тілек тілеу, оларға құрбандық шалу, олардан көтермеген әйелдер немесе құрсақ көтермеген келіншектер барып солардан бала сұрап жатады. Бұлардың бәрі танымға жат, шариғат тыйған, исламға қарама қайшы тірліктер. Сондықтан бұндай амалдардан аулақ болуымыз керек.

Қабірге барғанда, яғни,  тек қана біз ақыретті еске алу үшін  ғана  қабірдің басына барамыз. Бір тілек тілеп, олардан жаңағыдай бір дұғаның қабыл болуын тілеу бұл шариғатқа қайшы, ширк амалына жатады. Мысалы, Бекет атаның қабірін үлкен алқалы сарай қылып салып, құлшылық орны қылып алды. Бұл шынында кешірілмейтін күнә. Оған далел:  Бухари мен Муслим жеткізген мына хадистте «Алла елшісі оған Алла Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын, қабірді сырлауға, үстіне отыруға, кесене тұрғызуға, топырағын биік етіп көтеруге, және оған бір нәрсе жазуға тиым салды.»,-делінген. Жәнеде Алланың сөзін келтіреміз құраннан: «Шынында, мен – Алламын. Менен өзге ешбір құдай жоқ. Ендеше, маған құлшылық ет және мені еске алу үшін намазды орында», – дейді(Таһа сүресі, 14 – аят). Демек бәрімізге жақсылыққа айтып, жамандықтан қайтару парыз.

Пайғамбар с.ә.у кезінде Мекке мүшриктері қолдан жасаған  пұтқа және Аллағада  құлшылық қылатын болған. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір бәдәуиге келіп: «Қанша Құдайға сыйынасың?», – дейді. Ол: «Жеті Құдайға. Біреуі аспанда, алтауы жерде», – дейді. «Қатты қысылғанда қайсысынан жәрдем сұрайсың?», – дегенде, «Аспандағысынан», – депті. «Онда жәй қиналғанда да соған сыйына бермейсің бе? Қатты қысылғанда жәрдем берген құдай жәй уақытта да құтқармай ма?», – деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) таухидті қарапайым адамдар ұғымында, тілінде  солай жеткізіп, Аллаға серік қосудан қайтарған. ИншаАлла бәрімізді мейірімді Алла тура жолға салсын!

Серік Боқан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3604