Әлеумет

БАҚ басынан тайған бақ

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

Қазір «көркем әдебиет кейінге ысырылып, жедел де жауынгер жанр – публицистика алдыңғы лекке шықты» дейтін пікір басым. «Ақын-жазушыларда баяғыдай бедел қалмай барады, бүгінгінің қаһармандары – журналистер ғой, шіркін!» деген секілді лепірген лебіздерді де естіп қаламыз. Қайдам, бір жағынан, рас та шығар. Бірақ сол «қоғамның алдыңғы легіне шығып», абыройы асқақтап тұрған БАҚ қайда?

Сөзде – сый, қаламда – қадір қалмады

Меніңше, керісінше, БАҚ-тың басынан да бақ тайып, қадірі қашып бара жатқан сияқты. Баспасөз өзінің пәрменінен айырылып, дәрменсіз күйге түскендей. Журналистің айтып-жазғанының бәрі далаға кетсе, билік басында оған құлақ қойып, көңіл бөлген, соған орай шара ойластырған ешкім болмаса, қадіріңнің қашқаны емей, немене? «Анадай салада мынадай былық бар!» деп айғай салып жазады журналист. Тиісті орындардан былқ еткен пенде болсайшы. «Пәлен мақсатқа бөлінген түген сома түп-түгел талан-таражға түсті, бұл не деген сұмдық?!» деп газет дабыл қағады. Мойын бұрмақ түгілі, жапанда жалғыз келе жатқан жолаушының «біреу бірдеме деп дауыстағандай болды ма осы?» деп елегізгеніндей де елең етіп, жан-жағына қараған жан көрмейсіз. Күйіп тұрған әлеуметтік мәселелер, қадам басқан сайын кездесетін әділетсіздіктер, әлдінің әлсізді көпе-көрнеу тонауы, таптауы – талай сұмдық айтылып-жазылып жатыр, нәтиже қайда?

Бұлардың өзі жауапсыз қалып жатқан соң, әлгі «Ауыл тозып, ұрпақ азып барады, мәдениетте – мән, өнерде – өре қалмады» деген сияқты «кәкір-шүкірлер» – күңіреніп айтып, күрсініп тарқасатын тек өз арамыздағы ғана уайым-зарға айналғаны қашан.  

Есіңізге түсіріңіз, 80-жылдардағы адуынды «Ара» журналының ащы фельетондары талай лауазымды шенеунікті жұмсақ орындығынан жұлып алып, лақтырып тастаған, кейбірінің үстінен іс қозғатып, жазасын берген жоқ па еді? Небір жебірлердің жегенін желкесінен шығарған-ды. Рас, күндердің күні сол журнал абайламай компартияның өз жуан ортасындағы обырларға ауыз салып еді, «Араның» өзіне арашашы табылуы мұң болды. Дегенмен, мойындайық, жалпы алғанда кеңес өкіметі газет-журналдарды өз идеологиясының басты қаруы ретінде сәтті пайдалана білді. БАҚ-тың қоғамда, қалың бұқара арасында пәрменді болуы партия үшін аса қажет еді. Журналист іссапармен қайда барса да, оны жұрт құрметпен қарсы алды, оның алдында бәрі қол қусырып тұрды. Оның көзінше аймақтың, ауданның, кәсіпорынның, шаруашылықтың, мекеменің абыройына дақ түсірерлік ештеме көрсетпеуге тырысты. Бәлкім, өз бастары үшін ғана қорыққан шығар, бірақ, түптеп келгенде, СӨЗДІҢ алдында тайсақтады, ҚАЛАМҒА құрметпен қарауға мәжбүр болды.

Қазіргі Қазақстанда да, басқаша аталғанымен, сондай әлеуетті партия бар, үкімет бар. Олар да талай жылдан бері қазақ баспасөзін өз мүддесі үшін барынша тиімді пайдаланып келеді. Бірақ әлгіндей пәрмен, салмақ, күш беруді аса қажет деп санамайтын секілді. Өз мүдделері үшін болса да, сөздің сыйын, қаламның қадірін сақтаған жөн еді. Әлде абырой-беделді өзіміз дұрыстап қалыптастыра алмай жүрміз бе? Қалай болғанда да, ұлттық БАҚ-ты тек өз тапсырмасын бұлжытпай орындаушы қолбала ретінде ғана көретін биліктің оған сол өзіне бірдеңе қажет болған кезде барып назар аударатыны шындық. Ол өзінің (демек, мемлекеттің) саясатын халыққа жеткізіп, адал насихаттап отырған идеологиялық құралды (яғни, қазақ баспасөзін) тым болмаса, сол адалдығы үшін сыйлай білмеген жерде, оның ақпараттық-мәдени кеңістікте жетекші орынға шығуын қамтамасыз етуге ұмтылмаған жерде «ол, яғни, билік қазақ тіліндегі БАҚ-тың дамып кетуіне аса мүдделі емес-ау» деген күмән туатыны хақ.

Біле білсе, ұлттық БАҚ-тың нағыз қазақ мемлекеттілігін орнату үшін қажет компоненттердің бәрін өткен ғасырдың 90-жылдарынан бермен қарай тізіп көрсетіп, қайта-қайта құлаққағыс етіп келе жатқаны – билік үшін дайын компас емес пе еді? Ол өз бағытына сол бағдардың бәрін болмаса да, біразын үйлестіре алғанда, Қазақстан бүгінгіден әлдеқайда алда тұрар еді-ау...

Селт еткізер серкесөз сирек

Жарайды, мұның бәрі қазақ баспасөзінің тоқтаған судай тобарсып бара жатуына әсер етуші сыртқы факторлар дейік. Бізді етектен тартып келе жатқан кәсіби кемшіліктеріміз де бар шығар?

Біріншіден, кадрдың қадірі өтіп тұр дер едім. Бұрын бүкіл елге жалғыз журфак болса, кейін әр қаланың университеттерінде журналистика бөлімдері ашылды. Сонда да маманға қарық боп жатқан БАҚ байқалмайды. Мұның себебі – кадр дайындаудағы берекесіздіктен, жүйесіздіктен, жауапсыздықтан. Редакцияларға өндірістік тәжірибеден өтуге келген болашақ журналистің сөйлемді дұрыс құрай алғаны үшін ғана құшақтап, бетінен сүйгің келеді. Себебі, көпшілігі бойына ондай «талантты» да жұқтырмастан «таза» жүр. Жазуымен бірден жарқ етіп көзге түсіп, жұмысқа кіріскен бетте-ақ қамшы салдырмай кететін қабілеттілері некен-саяқ. Көпшілігіне ақпарат пен мақаланың, сұхбат пен репортаждың жанрлық ерекшеліктерін, қалай бастап, қай сипатта жазуды емес, сауатты сөз саптаудың өзін үйрету керек. Мұндай жағдайда оларға әлдебір жауапты жұмысты сеніп тапсырудың өзі ұят. Бәрібір бастан-аяқ өзің жөндеп, қайта жазып шығуыңа тура келеді.

Екіншіден, журналистердің көпшілігінде өзіндік ұстаным, азаматтық позиция қалмай барады. БАҚ атаулы бірсыдырғы, бірқалыпты, іш пыстырарлық сипат алып кетті. Серпілтер, селт еткізер серкесөз сирек. Басылымдарды мүлде қарамай қойсаңыз да, өкінбейтін апталар кездесіп қалады. Бәрі корпоративтік көзқараспен өлшенеді, ұлттық емес – ұжымдық, ар-намыстық емес – арналық амбиция жоғары тұрады. Телекеңістігімізді ой емес, ойын-сауық жаулап алғаны қашан. Журналистер әбден ұсақталып бітті (жоғарыдағы кадр дайындаудың сиқын ойлаңыз), өзіндік үні, көзқарасы барлары дауыл алдындағы екені, әлде дәрменсіздіктің дәлелі екені белгісіз үнсіздікті таңдады, ал жақ жаппай жарапазан айтушылардың қоғамдық ой-пікірге қосары шамалы боп тұр.

Газет көбейгенімен, неге мықты журналистер, талантты публицистер аз шығып жатыр? Әлде қазір жалаң ақпарат пен жадағай сенсацияның ғана заманы туып, салиқалы талдау мен салмақты ой кейінге ысырылып бара ма? Осының бәрі ойландырады. Және қазақ баспасөзінің бақытты дәурен кешіп жатпағанын аңғартады. Бұған ақпараттық тәуелділігімізді қосыңыз. Әлемде болып жатқан оқиғаларды негізінен Ресей ақпарат көздерінен алып отырғанымыз рас қой. Қазақ газеттерінің ең болмаса ТМД елдерінде тілші ұстауға мүмкіндігі жоқ. Бірнеше тіл білетін маман-журналистер өте аз. Сондықтан да шетел жаңалықтарын ойдағыдай әспеттей алмай жүрміз.

Үшіншіден, қазақ журналистикасының қоғамдағы екінші дәрежелі рөлі әлі сол күйінде қалып тұр. Өйткені, қазақ тілінің өзі – екінші дәрежелі. Оны елдегі ең басты тілге, Конституциядағы мәртебесіне сәйкес нағыз мемлекеттік тілге айналдыруға кереметтей құлшыныс та жоқ. Билік ақпаратты орыс тілінде алады, негізінен сол тілде береді де. Баспасөз мәслихаттары да көбіне сол тілде өтеді. Ондай жерде «байқамай» қазақша сұрақ қойып қалсаңыз, өзіңізді өте ыңғайсыз сезінесіз, өйткені, бүкіл зал сізге бөгдепланеталықты көргендей тесірейеді. Бізде мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі мемлекеттік тілді меңгермеген. Олармен сұхбаттасарда, амал жоқ, сұрақтарды алдын ала орысшаға аударуға мәжбүр боласыз, ал сосын, яғни, әңгімелесіп болған соң, оны газетке дайындау үшін қазақшаға қайта қотаруға тура келеді. Ал орыстілді журналист мұндай қосымша «аудармашылық» жұмысқа тіпті бас ауыртып әуре болмайды. Ол кез келген жерде өз тілінде сөйлеседі. Осыған қарап кейде: «Қазіргі қоғамда қадір кетсе қазақ журналисінен кеткен болар, ал орыс журналисін билік әлі де алақанына салып, әлдилеп отыр-ау», – деген ойға қаламын.

Ал қазақ баспасөзі әзірге биліктің ауылдағы қазақ халқымен арадағы байланыс көпірі ретінде ғана қосымша қызмет етіп тұр. Қазақ елі тұтастай қазақ тілінде өмір сүруге көшпей, көрген күніміз осы болатын сияқты...

Газет тауарға айналғанда ғана өтімді болады

ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы қазақ журналистикасы қандай еді! Сол кезеңдегі баспасөзді парақтап отырсаңыз, әр санынан, әр бетінен күйіп тұрған тақырыптарды табар едіңіз. «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Ана тілі» секілді газеттердің әр санын жұрт құр жібермеуге тырысатын. Таралымы 70-80 мыңды маңайлап, тіпті 100 мыңнан асып кеткен басылымдар болды. Тәуелсіздіктің бағасын біліп, соны баянды ете түсу мақсаты әр қазақтың жүрегін нұрландырып тұрған сол шақты билік дұрыс пайдалануы керек еді. Елдің сол кездегі өзін-өзі тануға, құлдық бұғаудан арылуға, нағыз қазақ мемлекеттін қалыптастыруға деген қызу көңіл-күйі мен соны оятуға зор күш-жігер жұмсаған ұлт баспасөзінің ерекше белсенділігіне сүйенуі керек еді.

Қазір де жұртты жазылуға үндеуден жалықпаймыз. Бірақ жазылып жатқандар шамалы. Өйткені, жазылушылар кімдер? Мұғалімдер, дәрігерлер, т.с.с. бюджеттің бүйіріне телміріп отырғандар. Ал олардың ең бірінші кезекте қай газеттерге жазылатыны, дәлірек айтқанда, «жазылдыратыны» мәлім: «Егемен Қазақстан», облыстық газет, аудандық газет. Осы үшеуі-ақ байғұс мұғалімнің (дәрігердің) әжептәуір ақшасын шығындайды. Бұдан кейін оның басқа қай газетке жазылғысы келсін...

Ерте ме, кеш пе, қазақ баспасөзі де өкіметтің қамытынан құтылар. Сол кезде олар қалай жан бақпақ? Ол үшін басылым өтімді болуға тиіс. Газет идеологиялық құрал немесе рухани байлық сипатында ғана емес, сонымен қатар сатып алушыны қызықтырып-еліктірер кәдімгі тауарға айналғанда барып өтімді болады. Газет сатуға ең тиімді жер – қала. Ал қалалардағы бүкіл ақпарат кеңістігін орыс тілі жаулап алғандықтан, қазақ газеті қаншалықты қызық әрі сапалы болса да, орысша басылымдардан өтімді болуы қиынға соғады-ау. Өйткені, қала халқының көбі орысшаға бейім: өзімізден шығатыны бар, Ресейден келетіні бар, мыңдаған басылымға миы ашып, арбалған да қалған.

Кейде әрқайсысы 10-15 мың таралыммен ғана шығатын, ары кетсе 20 жылдық қана тарихы бар 5 газетті біріктіріп, қазақтың үлкен бір газетін ашса деп қиялдаймын (тарихы тереңге кеткен көне басылымдардың орны, әрине, бөлек). Бәрінің күшін, мүмкіндігін, кадрлық потенциалын бір арнаға тоғыстырса. Бүкіл облыстардан, алыс-жақын шетелдерден тілші қосындарын ашса. Қоғам өмірінің бүкіл саласын қамтитындай пәленбай беттік ауқымды басылым жасаса. Сонда оның таралымы да, демек, ықпалы да күшті болар ма еді... Ал қазір әрқайсысы жеке күн көруде. Тақырыптары, көтеретін мәселелері өзара үндес болғасын бір-бірінің оқырмандарын тартып алып, санаулы қазаққа таласып отырғандары сол. 11 миллион қазақтың қаншасы қазақша оқи алады, қаншасы жалпы газет оқуға ынталы дейсіз...

Оның үстіне, қазір ел қаптаған қалың арналы теледидарға, сосын ғаламторға арбала бастады. «Интернет-ресурстардың көбеюі баспасөздің қоғамдағы рөлін бәсеңдетеді» деушілер аз емес. Кеше ғана бірнеше газет жабылып, порталға айналып үлгерді.

Әйтсе де, меніңше, дәл қазір біздің елде жаппай сайттарға көшу мүмкін емес. Өйткені, Қазақстанда интернет түгілі компьютері, компьютері түгілі электрі жоқ, бар болса да тұрақсыз жерлер аз емес. Ноутбук, айфон, планшет деген бұйымдар да екінің бірінің қолына көшті дей қою қиын. Оның үстіне, бұл құралдардан жылт еткен шағын ақпарат, жедел хабар қарамасаңыз, ауқымды сұхбат, сүбелі мақаланы тұшынып оқи қоюыңыз неғайбыл.

Демек, енді газеттер жылдам ақпар беру жөнінен интернетке, радиоға, телеарналарға ілесе алмайтынын ұғынып, болған оқиғаның лезде себеп-салдарын анықтап, жай-жапсарын зерттеп, сараптап жазуға көшуі керек. Сонда ғана ақпарат кеңістігіндегі өз орнын сақтай алады. Бүгінгідей екі күн бұрын болған жайтты ақпарат сипатында беріп қойып, қарап отыруға болмайды. Материал көлемін шектеп, аз сөзбен көп мағына жеткізуге тырысқан жөн. Көсіліп жазуға құмар қазаққа бұл да – бір сын. Осы тұрғыдан келгенде, қазір қазақ журналистикасы өтпелі кезеңде тұр деуге болады.

Сәкен Сыбанбай

Парасат журналы.

15 пікір 5505 рет оқылды Қосылған: 02.09.14
    • #1
    • Журналист
    • сс, 02/09/2014 - 16:43

    Дұрыс құрылған сөйлемдерді қарабайыр деңгейге түсіретін, надан, топас "түзегіш" журналистер көп. Олар жазылған мақалаңның оқырманға дұрыс жетуіне бөгесін қояды. "Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса да". Басылымда отырғансын ойына келгенін істейді. Бірақ олар не ұққандай... қазақтың керемет сөз орамдарын танымағансын айт, айтпа бәрібір.

    • #2
    • БАҚ емес, бақа
    • сс, 02/09/2014 - 18:46

    Өкіметтің жел жағына тұрып алған өтірікші, мылжың, жағымпаз БАҚ қоғамдық ойдың дамуына қаншама зиян келтірді десеңізші! БАҚ емес, бақа... /Жұматай Сабыржанұлы, ""Өкпелесең, өзің біл. 169 бет/

    • #3
    • Тікен
    • сс, 02/09/2014 - 20:07

    Қазақ БАҚ-тары алдымен саудадағы таратушыларымен қатынасын жөндеу керек.Өткен күзден бері Союзпечать киоскілерін басқа бір бай сатып алғаннан бері қазақша газет-журналдар еш жерде сатылмайтын болды.Қазақстанда неге өз тіліндегі басылымдар сатылмайды деген сұраққа сатушылар/көбі орыс/олар ешкімге керек емес, ешқашан өтпейді деп, қуана мазақ қылады.Әр редакция неге осы мәселемен өзі айналысып, оқырманға тікелей шықпайды?Қазақ тілі екінші сорт деп жылауды ғана білеміз.Мына мақала да сол сорттан.

    • #4
    • даулет
    • сн, 08/10/2014 - 13:34

    AES өзінің Қазақстандағы еншілес кәсіпорынына 35 пайыздық өсіммен несие беріп келген http://www.shyn.kz/article/view?id=928 мақалаға пікір жазыңыздар. Халықты қыста қатырып тастамаса болғаны енді !

    1997 жылы «AES» корпорациясы мен оны еншілес кәсіпорыны «AES Қазақстан» ЖШС-нің арасында инвестициялық бағдарламаларды және кері капитал бағдарламаларды қаржыландыру бойынша келісім шарт-жасалады. Түсінікті тілмен айтар болсақ, «AES» энергокорпорациясы табысты жасыру үшін ең жетілдірілген тәсілдерді пайдаланды. Міне, компания өзінің бас фирмасынан 20 пайыздық өсіммен валюталық несие алады, ал бір жылдан соң жылдық өсім 35% болады. Одан әрі қарыздың мөлшері өсімге қарай өзгеріп отырды. Ақырында табыстың көп бөлігі несиені жабуға кетіп, жоғары кірісті кәсіпорын өзінің бас фирмасының алдында дебиторлық қарызы болғандықтан шығынды мекемеге айналып шыға келді. Ал мемлекеттік бюджет таза табыстан түсетін арнайы салықтан қағылды.

    Тариф түзу жөніндегі немесе электрэнергетика бойынша арнайы маман болмасақ та, «AES» үшін аталған еншілес кәсіпорын шығынды, масыл болмауы тиіс еді деп сенімді түрде айта аламыз. Біздің түсінбейтініміз мынау – қолында аса қуатты энергетика кәсіпорындары тұр, әрі оларды салуға бір тиым жұмсамаған, уәде еткен инвестицияны толық құймаған, электр энергиясының бағасын өзіндік құнынан 10 есе жоғарылатқан «AES» энергокомпаниясы өзіне шығынға қалай жұмыс істеген? Демек, «AES» корпорациясы капиталды біртіндеп шетел асырып отырған деп шамалауға болады.

    • #5
    • шалбай
    • жм, 24/10/2014 - 17:35

    мен бір облыстық БАҚ-қа соғыс кезі туралы өлең бергем, сонда
    "...Құмашта, әскер үйінде
    Май ма еді,әлде үйүн бе
    Қара қағаз ап жатты
    Күңіреніп дүйім ел..."-деген жолдарды
    "...Құмашта, әскер үйінде
    Мамыр ма,әлде маусым ба
    Қара қағаз ап жатты
    Күңіреніп дүйім ел..."- деп түзетіп басыпты. Осыдан кейін не дерсің?
    Соғыс көрген адамдардың қалай сөйлейтінін мен естіп өскем, ал, мені "жөндеген әдебиетшіге" айтар жоқ

    • #6
    • http://molottora.gu.ma
    • дн, 02/02/2015 - 20:06

    Всю жизнь почти не пил, совсем не курил, много спортом занимался. И все это – за ради «мужского здоровья».
    Да вот после сорока стало ясно, что этого недостаточно. По совету пьющего и
    курящего друга попробовал капли «Молот Тора». И знаете, эффект получше,
    чем от здорового образа жизни.

    • #7
    • Асем
    • бн, 19/03/2015 - 11:33

    Қосыламын

    • #8
    • наурыз
    • жб, 22/03/2015 - 14:00

    ат шаба ма бақ шаба ма немесе бақ шаба ма бап шаба ма деген қазақтың әдемі айтылған сөзі бар емес па сол себептен бұл жерде де, қонған бақты ұстап қалу керек деп ойлаймын

    • #9
    • эльмира темирбаева
    • жм, 22/05/2015 - 22:17

    Копко

    • #10
    • ханым Елена
    • жм, 21/08/2015 - 2:36

    Құрметті Қарыз баспана !!!

    Егер сіз кез келген қаржы қиындықтар ма? Егер сіз өз бизнесін бастауға немесе қарыздарын төлеуге келе ме? Бұл несие компания кедей және өмір қаржы қиындықтарына адамдарға көмектесу жалғыз мақсатында бүкіл әлемде адам құқықтары ұйымдары құрылды. Егер сіз несие үшін қолданғыңыз келсе, электрондық пошта төменде егжей-бізге қайта оралу: elenanino07@gmail.com

    аты:
    Қарыз сомасы талап:
    Қарыз Ұзақтығы:
    Мобильдік телефон номері:

    Сізге рахмет және Құдай батасын
    ханым Елена

    • #11
    • Шынәділ Салтанат
    • бн, 04/02/2016 - 23:33

    Журналистикада шен-шекпенге, "бір көрініп, жарқ етсем" деген жалаң үмітке елтігендер көбейіп кетті. Халықты ақпарат көздерімен таныстырып, елдік мұратты сөз етіп, қазақты сусындататын бірегейлер де бар, әрине. Қоғамда хан-қараның арасындағы көпір қызметін атқаратын тілшілерге деген құрмет аласармауы керек. "Сөз қадірі - өз қадірің" деген аталы сөзді ұмытпайық.

    • #12
    • Игілік Серин
    • сн, 02/03/2016 - 22:51

    Қазір экономикалық цензура деген пайда болды ғой. Әр алты ай сайын әкімдік баспасөзге мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін зорлап жаздыру үшін разнарядка түзеді. Ол разнарядкада тек мемлекеттік газеттерге ғана басымдық беріледі. Жекеменшік газеттерді жаздыртпауға күш салады. Сонда кәсіпкерлікті қолдау, қуаттау Заңы қайда қалды? Түсініксіз.

    • #13
    • Сәлімкерей
    • сс, 10/05/2016 - 17:23

    Қазір газеттерді көп адамдар оқымайды. себебі, ол құралдардың күні өтті. Сол, қырғын газеттерге кететін қағазды, басқа қажеттіліке пайдалансақ жақсы болар еді. Өздеріңіздің іштерің сезіп отыр ғой, қай қажеттілік екенін. Бұл, енді бір жағынан объективті шындық, ғаламтор, ғарыштық теледидардағы "жартыкеш хабарлар" - басты айналдыруға жетіп жатыр ғой.

    • #14
    • Гулбеддин Хекматияр
    • сс, 10/05/2016 - 17:29

    Орталықтан шығатын газеттерді, мекемелерде адамдарға зорлап алғызу, бұл енді озбырлық!, оңбағандық! Құдайға шүкір әжетханалық қағаздар қазір көп және сапасы да жаман емес. Ал, енді тағы да зорлап газеттерге жаздыру, сорақылық. Позор болмай, тиражын азайту керек емес пе! Орталық газеттерді әр облысқа 200- данадан таратса да жетпейме. Сонда республикалық тиражы шыға келеді.

    • #15
    • Болат Төре
    • дн, 07/11/2016 - 22:33

    "Ел газеті "Егемен", Жазылмайын неге мен?!"

    Азаматпын ЕГЕМЕН:
    Бума-бума қағазға
    Жазылайын неге мен?!
    Жазыл деген сабазға
    Бағынайын неге мен?!
    Бола тұра ЕГЕМЕН
    Өз ақшама неге мен
    Бола алмадым ЕГЕ мен?!

Пікір қосу

  • 2 + 23 =

Кіру